• Cұхбаттар
  • 06 Мамыр, 2021

Бейсен ТӘЖІБАЕВ: ТҮРКІСТАН ҰЛЫ ІСТЕРДІҢ ҰЙЫТҚЫСЫНА АЙНАЛДЫ

Бейсен ТӘЖІБАЕВ,  «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары: 

Бүгінде Түркістан қаласы алып құрылыс алаңына айналды. Қаланың даму қарқыны тоқсаныншы жылдардың соңындағы елорданың құрылыс барысын елестетеді. Көнеден сыр тартқан шаһардың тыныс-тіршілігіне терең бойлау үшін «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық ­филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихаттағы «Nur Otan»  фракциясының жетек­шісі Бейсен Тәжібаевпен сұхбаттасқан едік.

– Түркі әлемінің рухани астанасы атанған ­Түр­кістанды бала күніңізден біліп, танып өстіңіз ғой. Бұл өңірдің рухани, мәдени діңгегі не деп санайсыз?

 – Әрбір қазақ баласы үшін Түркістанның орны ерекше. Бұл шаһар XVI ғасырдан бастап Қазақ хандығының астанасы болды. Екі ғасырдан астам уақыт бойы қазақ тарихындағы тағдырлы шешімдер осында қабылданған. Алаш баласы текті ұлдарын киелі шаһарда хан көтерген. Қаланың рухани және мәдени діңгегі – оның тарихының тым тереңдігінде, осында ұлттық болмысымыз бен дәстүріміздің сақталуында деп білемін. Біздің ұлы хандарымыз бен батырларымыз, билеріміз, қайраткерлеріміз шаһарда өмір сүріп, азаттығымыздың іргетасын қалаған. Екіншіден, осы аумақтағы Қожа Амет Ясауи, әл-Фараби бабаларымыз ғылым мен білім шамын жағып, күллі Орта Азияға жол сілтеген. Тарихымыз да, дініміз де, болмысымыз да, ұлтты біріктіретін қуатымыз да осы шаһармен біте қайнаған ұғымға айналды десек, қателеспейміз. Түркістан туралы тарихи дерек көп. Бүгінде Күлтөбе қорғаны маңындағы археологиялық жұмыстар қаланың тарихы өте тереңде екенін дәлелдеп жатыр. Профессор Жамбыл Артықбаев зерттеу мақаласында Ташкент, Ходжант, Қашқар, Табат және өзге де қалалардың Түркістан билігіне бағынғанын сөз етеді. Түркістан аймағында қалалық өркениет ­неолит дәуірінде пайда болған шағын қоныстардан басталатынын, қазір Түркістан кішкене қала болғанымен, ертеде үлкен қалалық аймақтың орталығы, Тұран өркениетінің алтын бесігіне айналғанына тоқталған.

Бірнеше ғасырдың куәгері – Қожа Ахмет ­Ясауи кесенесі талай сыр мен шежірені бүгіп жатыр. Қолбасшы Әмір Темірдің ұлы ғұлама, дін қай­раткері Қожа Ахмет Ясауи бабаға кесене тұрғызып, Түр­кістанға тәу етуінде бір тылсым сыр мен үлкен мән бар секілді. Қытай үшін Конфуций қандай қас­терлі болса, Алаш жұрты үшін Ясауидің жөні бөлек.

Түркістанда қазақтың 21 ханы, 56 батыры, 21 биі мен 8 сұлтаны және өзге де қайраткерлері мен тарихи тұлғалары мәңгі мекенін тапқан. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі ұйымдастырған ғылыми кеңесте тағы да он екі тұлғаның Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен маңына жерленгені туралы тарихи деректер анықталды. «Түркістанды түмен бап жатқан киелі қабірстан» деп атайтыны да сондықтан. Түркістан – өткеніміз бен бүгінімізді, болашағымызды жалғап тұрған алтын көпір секілді.

– «Екі дүние есігі, көк түріктің бесігі» болған Түркістанның бүгінгі мың бояулы келбеті күллі түрік баласын біріктіре ала ма? Шаһардың мәдени-тарихи, рухани келбетіне реңк беретін, тамырын те­реңдете түсетін ғылыми-зерттеу жұмыстары, сол жұ­мыстарды көрсететін орындар жергілікті халық пен қала қонақтарының сұранысы мен қажеттілігіне сай ма?

– 2018 жылдың 19 маусымы күні Елбасымыз, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Түркістан облысы құрылып, облыс орталығы ретінде Түркістан қаласы таңдалып алынған еді. Талай ғасырды артқа салып, Түркістан тарихи мәртебесін қайта иеленді. Жаңа даму кезеңіне аяқ басты. Бұл өңірдің жандануына ғана емес, ұлтымыздың қанаттануына, уақыт атты ұлы көштен қалмай, рухтануына айрықша жол ашты. Елбасының: «Түркістан тарихы – күллі қазақтың тарихы. Сондықтан қасиетті қалаға деген мақтаныш сезімі әр қазақтың жүрегінде ұялаған. Түркістан бізге ғана емес, Түркі жұртына ортақ қасиетті мекен» деген сөзі қасиетті бабаларымыздың рухы қонған, кешегі тарлан тарихтың тамырлы ордасы Түркістанның тың серпін алып, түлеуіне түрткі болды.

Тұңғыш Президентіміздің Түркістанды дамытуға деген жоспары тереңде жатыр. Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы болып қызмет атқарған Нұрсұлтан Әбішұлы 1985 жылы Әзірет Сұлтан кесенесіне арнайы келіп, оның жай-күйімен танысады. Тұңғыш Президентіміз еліміз тәуелсіздік ала салысымен Түркістанда 1991 жылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің негізін қалады. Түркиядан инвестиция тартуға, еліміздің түкпір-түкпірінен профессор-оқытушылар мен студенттердің келуіне мұрындық болды. Қазір сол лекпен келген азаматтар шаһардың дамуына үлес қосып жатыр. Сонымен бірге түркі мемлекеттерінің президенттерімен Түркістанда кездесуінің өзі осы шаһардың мәртебесін арттыруға деген қадам екені анық.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ­Мемлекет басшысы ретіндегі ең алғашқы жұмыс ­сапарын қасиетті Түркістаннан бастады. «Түркістан – сан ғасырлық адамзат шежіресінің куәгері және өркениет жауһары» деді Президентіміз. Мемлекет басшысы осы қадамы арқылы Қазақ тарихындағы іргелі істерді Түркістаннан бастау дәстүрге айналғанын көрсетіп берді.

2018 жылы Қырғызстанның Шолпан-Ата ку­рорттық аймағында өткен Түркі тілдес мемле­кеттердің ынтымақтастық кеңесінің VI саммитінде Елбасы бауырлас мемлекеттердің басшыларына Түркістанның облыс орталығы болғанын жеткізді. Түркістан төрінде мағыналы іс-шаралар өткізіп, рухани-мәдени байланыстарды нығайтуды сөз қылды. Міне, Елбасының сол бастамасы негізінде 2021 жылғы 31 наурызында бейнеконференция арқылы «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» тақырыбында Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті өтті. Түркі мемлекеттерінің Президенттері қатысып, «Түркістан декларациясын» қабылдады, қала түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы атанды. Яғни, сіз сөз еткен түркі интеграциясын жүзеге асыру бағытында Түркістанда нақты жұмыстар атқарылып жатыр.

Түркістанның тың тыныс алғанына үш жыл толғалы отыр. Осы аралықта Түркістан облысында алға қойған мақсат пен жоспардың бірқатары жүйелі түрде жүзеге асты. Қала рухани және мәдени астана ғана емес, жаңа заманның талабына сай, тұрғындардың өмір сүруіне жайлы әлеуметтік-экономикалық мүмкіндіктері бар шаһарға айналып келеді. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамашылдығы мен іскерлігі, ұйымдастыру шеберлігі нәтижесінде құрылыс өз деңгейінде жүріп жатыр. Кейде осында тұрсақ та, қаланың кейбір тұстарын танымай қалып жатамыз. Себебі жұмыс өте қарқынды.

Шаһардың мәдени-тарихи, рухани келбетіне реңк беретін, тамырын тереңдете түсетін ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Үш жылдан бері Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңында археологиялық зерттеу жұмыстары жалғасып келеді. Тарихшы-ғалымдарымыз өте тың деректер тапты. Сол жәдігерлерді зерттей келе Түркістан қаласына 3000 жыл толғаны дәлелденіп отыр. ­Жуырда Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде шетелдік ғалымдар мен археологтардың қатысуымен «Түркістанға – 3000 жыл» атты дөңгелек үстел өтіп, аса маңызды деректер сөз болды. Жиында тарих ғылымының докторы, ҚР ҰҒА академигі, Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының бас ­директоры Бауыржан Байтанаев 2000 жылы Түркістанның 1500 жылдығын атап өткен кездегі мәліметтер кеңестік дәуір деректері екенін айта келе соңғы жылдары табылған жәдігерлер қаланың тарихы одан да тереңде екенін дәлелдей түскенін жеткізді. Түркістанға арнайы келген Дүниежүзілік мұра ұлттық комитеті төрағасының орынбасары Дмитрий Воякин және АҚШ пен Еуропадан келген беделді ғалымдар бұл ойды нақтылай түсті. Қаланы зерттеуді жалғастыру керегін айтты. Түркістан қаласы аумағында табылған тарихи жәдігерлердің қола дәуіріне жататынын растайтын тұжырымдамаға АҚШ, Әзербайжан, Ресей, Өзбекстан және Қазақстан ғалымдары қол қойып, бұл тұжырымдама ЮНЕСКО-ның Парижде орналасқан бас кеңсесіне жіберіледі. Осы тұжырымдама бойынша Түркістан қаласының ­тарихы осыдан 3000 жыл бұрын басталғаны туралы декларацияға құжаттар әзірлену үстінде. Мұның бәрі Түркістанды түркі әлемінің мәдени-рухани ор­та­лығына айналдыру бағытындағы нақты қадамдар.

– Түркістан – туризмнің бірнеше түрін дамытуға мүмкіндігі бар өңір. Осы күні бұл өңірге ағылған ­туристер санының артуы да сол мүмкіндікті дәлелдей түссе керек. Туризмнен түскен пайданы арттыру, шаһар келбетін көркейту үшін қандай іс-шаралар атқарылып жатыр?

– Өте орынды сұрақ. Түркістан облысы, негізінен, ауылшаруашылығы мен туризм, жеңіл өнеркәсіп арқылы тұрғындарды жұмыспен қамтып отыр. Осы ретте Түркістан қаласында туризмді дамытудың маңызы зор. Түркістан облыс орталығы бола салысымен қаланың даму тұжырымдамасы бекітілді. Қала әкімшілік-іскерлік орталығы мен рухани-мәдени орталығы жүйеленіп, еліміздегі алпауыт компаниялар мен облыс әкімдіктерінің демеушілігімен нысандар бой көтерді.

Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің» аумағы да абаттандырылып, жаңара түсті. Түркістан қаласының тарихи орталығында жергілікті халық пен ­туристерге облыстың туристік нысандары, оның ішінде тарихи-мәдени, емдік-сауықтыру, табиғи орындары бойынша «Бір терезе» қағидасымен ақпарат ұсынатын «Қабылдау орталығы» ашылды. Орталықта туристер тек қана ақпарат алып қана қоймай, өңірдің тарихымен, қаладағы орналас­тыру, тамақтану орындары бойынша ақпарат ала алады. Қ.А.Ясауи кесенесінің айналасында ашық аспан астындағы мұражай, амфитеатр және мәдени демалыс орындары ашылды. «Ұлы Дала елі» орталығы қазірдің өзінде елімізге таны­лып үлгерді. Әуенді субұрқақ, халықаралық деңгейдегі кітапхана, драма театры, неке сарайы, ҚР Тұңғыш Президенті саябағы сынды нысандар да саяхатшылардың сүйікті орнына айналып келеді.

Қазақстандағы туризм саласындағы кадрлардың қажеттілігін және қалада көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруды ескере отырып, Түркістанда Халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті жұмысын ­бастады. Жуырда Түркістан қаласының ­тарихи орталығының аумағында жеке инвес­тициялар есебінен республикада теңдесі жоқ көпфункционалды «Керуен сарай» туристік кешені пайдалануға берілді. Қазір осы нысанға еліміздің барлық өңірінен саяхатшылар келіп жатыр. Аталған кешенде қолөнершілер және шығыс базары, сауда орталықтары, қайықтардың жүзуіне арналған су арналары, ойын-сауық орталығы жұмысын бастап кетті. Сондай-ақ халықаралық стандартқа сай «Rixos Turkistan», «Hampton by Hilton Turkistan» қонақүйлері толық аяқталды. Өңірдің әлеуеті мен туризм саласын көтеретін бірден-бір ірі жоба Түркістан қаласының халықаралық әуежайы да тұрақты жұмыс істеп тұр.

Әкімшілік-іскерлік орталығы маңында жаңа қала салынып жатыр десек қателеспейміз. Атап айтсақ, оқушылар сарайы, 7 мың орындық стадион, аттракциондар саябағы, бассейні бар спорт кешені, басқармалар мен департамент үйлерінің құрылысы толық бітіп, ел игілігіне беріліп үлгерді. Халыққа қызмет көрсету орталығы, «Ақжайық» музыкалық мектебі, Олимпиадалық резервке арналған спорт мектебі, «Алатау» медиа орталығы мен Нұр-Сұлтан алаңы да қаланың сәнініе сән қосты. Қазіргі таңда халықаралық «Turkistan» телеарнасы халыққа қызмет көрсетіп жатыр. Мұның бәрі Түркістанның туристік, мәдени және рухани әлеуетін көтеретін жобалар екені анық. «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасында 2025 жылға дейін Түркістан облысында 214 туристік нысан салынады деп жоспарланған. Ал 2025 жылы Түркістан қаласына келуші туристер саны 3,5 миллионға жетеді деген болжам бар. Бүгінде осы бағдарламаны орындау бағытында Жол картасы бекітіліп, жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл ретте қала әкімі Рашид Аюпов та әрбір нысанның басы-қасында болып, жұмысын екшеп, инфрақұрылымды жақсарту жобаларын бақылауында ұстап келеді.

– Түркістанның ауа райы ыстық әрі желді. Өмір сүруге қолайлы қала атану үшін жасыл желек пен саялы бақтардың маңызы зор. Қаланы көгалдандыру бағытындағы жұмыстар қалай жүріп жатыр?

– Өңір басшысы Өмірзақ Естайұлының бастамасымен Түркістан қаласында «Жасыл белдеу» құрылды. Бас жоспарға сәйкес, облыста алғаш рет 7700 га аумаққа жасыл белдеу құрылып, 2020 жылы 2400 га аумаққа 1 миллионнан аса көшет отырғызылды. Ал биыл «Жасыл белдеу» жобасының жалпы аумағы 2 есе ұлғайып, 13500 гектарға жетті. Жыл соңына дейін оның көлемін 20000 гектарға жеткізу жоспарланған.

Бір замандарда Ақ Орда ұлысының астанасы Сауран мен Қазақ елінің бас қаласы болған Түркістанның іргесінен өзен ағып өтіпті. Бұл қала төңірегінің климатын жақсартып, көгалдандыру мен суландыру арқылы елордаларды мәуелі баққа айналдырыпты. Кейін су аңғарынан аунап кеткен соң қуаңшылық басталып, жазы +50 градус аптап ыстыққа ұласқан деседі. Түркістанның аумағын табиғи, тарихи қалыпқа келтіру үшін суландыру жобалары маңызға ие. Дәл қазір шаһардың шығыс бетіне жүздеген гектар аумаққа жаңбырлатып суару техникалары орнатылды. Жасыл қалаға айналу үшін алдымен суландыру жүйесі жолға қойылуға тиіс. Осы мәселені ескерген өңір басшысы сәулетшілер мен арнайы мамандарды жұмылдырып, жоспар құрды. Түркістандағы кіші каналдар күрделі жөндеуден өткізіліп, су тартылды. Жерасты сулары зерттеліп, тік ұңғымалар реттеліп жатыр. Жүздеген су арналары пайда болды. Рухани-мәдени және әкімшілік-іскерлік орталық пен қалада 100 шақырымға созылған арықтар қазылды. «Түркістан магистралды каналын күрделі жөндеу» жобасы, «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасын салу, «Машиналық әдіспен су беру», «Жетікөл көлдер жүйесін жаңғырту» жұмыстары басталды. Жуырда шаһардағы ең үлкен жасанды көлдің құрылысы аяқталды. «Тұңғыш Президент» саябағында салынған су айдынының сыйымдылығы – 100 мың текше метрге жуық. Тереңдігі – 4 метр. Мұнда ­серуендеуге арналған қайықтар әкелінеді. Жақында Түркістан қаласында бірнеше жаңа саябақтың құрылысы аяқталып, ашылу салтанаты өтеді. Дендросаябақта сыйымдылығы 200 мың текше метрден асатын жасанды көл болады. Бұл көлге су Арыс-Түркістан каналы арқылы жеткізілмек. Түркістанда олимпиадалық стандартқа сай ескек есу каналы салынып жатыр. Халықаралық дәрежедегі орталықтың көлемі – 100 гектар. Су айдынының ұзындығы 2,5 шақырым болса, ені 125 метрді құрамақ. Каналдың тереңдігі – 4 метр.

Түркістан қаласында бүгінде 400 гектар аумақта 11 саябақ, 5 жасыл аймақ, 25 аллея мен гүлзар және 29 көше бар. Қала көшелерін жарықтандыру және көгалдандыру жұмыстары өте қарқынды. Мысалы, Түркістан әуежайының аумағында 140 мың жасыл желек, 200 мың қара өрік отырғызылды. Қысқасы, қаланың климатын өзгерту, жасыл қалаға айналдыру бағытында жұмыс тоқтаусыз жүріп жатыр. Бұл тынымсыз еңбек өз жемісін беріп, Түркістан жасыл қалаға айналатын кез жақын.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан

Қарагөз Сімәділ

Суреттерді түсірген Антон Лещенко

5004 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №21

22 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы