• Тарих
  • 16 Маусым, 2021

БИЛІКТІҢ ҮРЕЙІН ҰШЫРҒАН СУРЕТ НЕМЕСЕ ЖАЗАЛАУ ДА БАҒАЛАУДЫҢ БІР ЖОЛЫ

Бұдан отыз төрт жыл бұрын Желтоқсан қаһармандарына ресми түрде жаза кесілді. Сол соттан түсірілген суреттерді жариялағаны үшін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері де қатаң жазаланды

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Биыл әйгілі Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толады. 1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде Тәуелсіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні зор. Бұл орайда, азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек» деуі арқылы Желтоқсан қаһармандарының азаттық алудағы рөлін айқындап бергендей.  
«Ана тілі» газеті алғашқы күнінен бастап Желтоқсан оқиғасына айрықша назар аударып келеді. Сол ұлы оқиғаға қатысты талай материал жариялады. Соның бірі – осыдан отыз жыл бұрын жарық көрген белгілі қаламгер ­Мамадияр Жақып ағамыздың «Үстемдікті үркіткен» деген сұхбаты. Сұхбатты жүргізген сол кездегі бас редакторымыз Жарылқап Бейсенбайұлының өзі еді. Оның бір себебі: сол тұста желтоқсандықтарға сот болып, өздеріне өлім жазасы, ұзақ мерзім кесілген қаһарман жастарымыздың қатаң жазаны қасқайып қарсы алғаны бейнеленген суретті Жарылқап ағамыз сақтап қалған екен. Екі қаламгер соған қарап отырып ой өрбітеді. Бұл сұхбат сонда жұртшылық арасында үлкен пікір тудырған еді.
Бүгін сол Желтоқсан оқиғасына орай және ел назарын аударған сұрапыл сурет туралы Мамадияр Жақыптың мақаласын жариялап отырмыз.

Сірә, сол тұстағы билік Жел­тоқсан оқиғасының қаһарман­дарына сотты 1987 жылдың 17 маусымында өткізуді әдейі ойластырған болар. Бұл – сол ұлы оқиғаға тура 6 ай толған күн. Сонда да осынау атақты оқиғаны есте қал­дыруды емес-ау, жұртты тағы да бір қорқытып қою ойларында болғаны анық. Елдің ресми ақпарат орга­ны ҚазТАГ-қа ғана Желтоқсан оқиға­сын барынша қаралаған, оған қатыс­қан­дарды барынша ғайбаттаған материал дайын­дап, соттан сурет беру тапсырылды. Басқа БАҚ өкілдерін бұл сотқа шақырт­пады. Әркім әртүрлі көрсетер, өз деге­німіздей бола қоймас деген де болар.
Сөйтіп, сот процесіне тек ҚазТАГ қана қатысты, оның шағындау ғана қаралау хабары мен түсірткен суреті ақпарат құралдарына ұсынылды. Сот үкімімен Қ.Рысқұлбеков – ату жазасына, Т.Тәшенов пен Т.Тайжұманов – 15 жылға, К.Күзембаев – 14 жылға, Е.Көпесбаев – 4 жылға кесілді. Сол жазаны жарнамалап, жұртты тағы бір қорқытпақ болған билік қатты қателескен еді. Сол әділетсіз ­жазадан қаймықпай, басқа түскен қиындықтан тайсақтамайтынын білдіріп, қасқайып тұрған Жел­тоқсан қаһармандарының суреті алдымен көпшілік жұртты емес-ау, биліктің өзінің үрейін ұшырды. Сонда билік өздері бергізген суретті неге бердіңдер деп байбалам салды.

Алдымен сотқа оралайық. Тарихта тағылым бар – кейде жазаның өзі жазаланғандарға бағадай көрінетін де кезі болады. Адамзат үшін, әділдік үшін, ел үшін, жер үшін, Отан үшін арпалысқандар қатаң жазаланса, олардың ісінің елеулі болғаны. Бұл жаза сол қаһармандарды бағалауға, оны ұмытпауға көмектеседі. Тарихқа жүгінейікші, осыдан жеті ғасыр бұрын француздың 18 жасар қызы ­Жанна д’Арк басқыншы ағылшындарға қарсы халықты күреске бастап, керемет жеңістерге жетті. Сатқындардың көмегімен ағылшындардың қолына түскенде, шіркеу оны құдайсыз деп жариялап, отқа өртеп жіберді. Жан түршігерлік жаза. Бұл жаза оның атын бүгінге дейін өшірмей келеді. Жалғыз француздар ғана емес-ау, оны бүкіл әлем халқы біледі. Ондай қатал жаза болмаса, бәлкім, оны жұрт дәл бүгінгідей білмес еді-ау дейсің. Әйтпесе, Джордано Бруноны алайықшы: ақын, философ, астроном. Жерден басқа да ғалам бар және ол шексіз деді. Сол үшін оны да өртеді. Сол жаза арқылы оның аты әлемдік тарихта қалды. Өшпейді. Тарих олардың алдында бас иеді, тағзым етеді. Өзімізге оралсақ, кешегі 1937-38-дің зұлматында 103 мың адам тұтқындалып, оның 25 мыңы атылды. Жазықтары – қазақ дейтін халықтың бетке шығар қаймағы болғандығы. Қазір оларға тағзым етеміз. Осыдан отыз жыл бұрын Желтоқсан қаһармандарына да сот болды. Қатал да қатыгез сот Қайрат Рысқұлбековты ату жазасына кесті. Әлдебіреу оның соққысынан қаза тауыпты деген жай сөз. Мұны соттағандар да жақсы біледі. Басты айып – Тәуелсіздігіміз жолындағы үлкен оқиғаға белсене қатысқандығы.

Біздің біразымыз Желтоқсан оқиға­сына әлі әділетті баға берілген жоқ деп көп айтамыз. Сөйтеміз де көбіне сол оқиғаның барысына көбірек жүгі­неміз.Тіпті кейде сол оқиғаға қанша адам қатысқанынан, қанша адам жараланғанынан көбірек іздейміз. Оның да жөні бар шығар-ау. Сөйтсе де, сол тұстағы билік Желтоқсан қаһармандарынан неге қорықты, неге үрейленді – бағаның бір ұшы сонда жатқанын ескерейік. Тіпті арада жарты жылдай уақыт өткенде оларды бас көтерместей еттік дегенде, сол жазаланғандардың қаймықпай қасқайып тұрған ер бейнесі билікте­гілердің зәресін ұшырғаны да баға, олардың ерлігінің бір дәлелі, мойындату.
Сол сурет, Желтоқсан қаһарманда­рының соттағы тұрысын бейнелеген сурет үш-ақ газетте жарияланды: ­Алматы облыстық «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттерінде, «Коммунизм туғи» газетінде жарияланғанын билік сол тұста білмей де қалған. Алып бара жатқандай да еш нәрсе жоқ сияқты. Таралымы да онша көп емес. Сөйтсе де, бұл биліктің үрейін ұшырды. Соған бола Республикадағы ең үлкен билік орны – Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің төтенше бюро мәжілісі шақырылды. Күн сенбі болатын. Соған қарамай, биліктің бас штабына ақпарат құралдарының басшылары шақырылды. Ондағы мақсат – Желтоқсанға іш тартудың неге соқтыратынын басқаларға мықтап ескерту еді.
Мұндай дүрбелеңнің «нәтижесі» қалай боларын пайымдау да қиын емес еді. Сөйтсе де, сол ОК-те қызмет істейтін Сауытбек Абдрахманов бір қалтарыста ескертіп те үлгерді: «Мәке, бұлардың ниеті жаман, тосын шаралар болуы мүмкін. Дайын болыңыз» деді. Оның бұлай ескертуінің де жөні бар еді. Бұдан шамалы бұрын инфаркт алған жайымыз бар болатын. Кездейсоқ шешімнің қатты әсер етуінен сақтандырғаны ғой. «Атып тастамаса, басқасына шыдармыз» деп күлдірген болдым.
Облыстық газеттерде жарияланған бір сурет үшін демалыс күні Орталық Комитет бюросының мәжілісін шақыру ақылға онша сыя қоймайтындай да жай. Ертеңде де күн бар емес пе, дейсің. Оған билік шыдайтын емес. Желтоқсан оқиғасы кезінде де осындай болған: 1986 жылдың 18 желтоқсаны күні түнгі сағат 2-де республика партия активінің жиналысы өткен. Сол жиналысқа да қатысқанбыз. Бұл жолғы бюро мәжілісіне енді айыпталушы бас кейіпкердің бірі ретінде қатыстық. Бюро мәжілісі ұзаққа созылды. 11-де басталған ол 14.30-да бітті. Үш жарым сағат сілкіледі. Күн тәртібі – «Кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында ұлтаралық қайшылық туғызуға соқтырған материалдардың жариялануы туралы». Кейін ҚР Президентінің архивінен сол бюро мәжілісі қаулысының көшірмесін алдық. Өкінішке қарай, стенография­сы жоқ болып шықты. Жасалмаған ба, жоқ кейін құртылған ба, белгісіз. Болғанда ғой, шіркін, талай адамның бетпердесі ашылар еді! Тек құрғақтау қаулы ғана. Сол №36 бюро қаулысында мәселеге қатысты адамдардың тізімі бар. Келтірген жөн сияқты: «Устинов, Ысмағұлов, Крупинев, ­Венгловский, Жақыпов, Скороходов, ­Шалахметов, Құлмаханов, Ефимов, Демин, ­Мирошник, Камалиденов, ­Мещеряков, Мұқашев, Давлетова, ­Назарбаев, ­Рыбников, Меңдібаев, ­Колбин». Альберт Устинов – мәселені бюроға әзірлеген топтың басшысы, бас айыптаушы. Одан кейінгілер – айыпталушылар, соңындағылар – бюро мүшелері.
Стенография болмағанмен, тікелей өзімізге қатысты болғандықтан да біраз жай көңілде қалған. Соған жүгінуге тура келеді. Сөйлегендер көп болды. Айыптаушылар, айыпталушылар, төрелік айтушылар сөйледі. Көп сөйлеген, әрине, Колбин. Сол үш жарым сағат тізгінді жалықпай өзі ұстады. Өзі сөйледі, басқалармен жарысып сөйледі, жұрттың бәрінің сөзін қақпақылдап, бір бағытқа бұрып отырды. Мықтылардан тағы да Мирошник, Камалиденов, Мещеряковтар айрықша белсенділік көрсетті. ҰҚК-нің басшысы Мирошниктің Желтоқсан оқиғасына көзқарасы белгілі. ­Камалиденов – идеология жөніндегі хатшы, бүгінгі мәселеге оның тікелей қатысы бар және басқалар соның сөзіне тоқтайды. Бәрімізге жеке-жеке тоқталып, ­сипаттама берді. Өзімізге қатыстысын айтсақ, Зақаш ағамыз «Жақыповтың тәжірибелі журналист екенін», зиянды суреттерді білместікпен емес, әдейі, «Желтоқсан оқиғасына қатыстыларға іш тартып» бергенін «дәлелдеп» шықты. Мещеряковқа келсек, аудандық комитет хатшылығынан ОК хатшылығына бірден секірген сол бір партиялық функционер ұлтаралық мәселеде ерекше белсенділік танытып, қазақтарға қатты тиісетін. Бұл жолы да жаңылмады.
Бәріміз де сөйледік. Айыпталушы­лардың алды болып, «бас айыпкер» ҚазТАГ директоры, үлкен ғалым, парасатты азамат Жұмағали Ысмағұлов ағамыз сөйледі. Айтылар сөзді айтты. Соттағы жайдан нақты ақпарат берілгенін, тек құжаттық деректілікке ғана сүйенгендіктерін, еш нәрсенің қосып-алынбағанын алға тосты. Бірақ оны билік басшыларының ешқайсысы түсінгісі келмеді. Уәжге тоқтамағандық қиын екен. Бетпақтықпен жоқты бар деп, түкіріктеріне шашалып, бақырған Колбинге сөз өтпеген.
Қисынға салса, сол суреттерді жариялаған газеттерде титімдей де айып жоқ. Сол тұста барлық ақпарат құралдары ҚазТАГ берген ­материалды жариялауға міндетті, бұл – заң. Соны алға тосып, бізді құртқан мына ҚазТАГ деп ойбайласақ, бәлкім, жазамыз жеңілденер ме еді, бірақ онсыз да ауыр айып арқалаған әріптестерімізге, Жұмағали ағамызға бар кінәні арта салуға арымыз бармай, біраз «кінәні» өзіміз көтеруге мәжбүр болдық. Көтергенде, ұсынған мойынды қылыш кеспейдіге жүгініп, «қателігімізді мойындап», кешірім сұрауға көбірек бардық. Ұсынған мойынға қылыш сілтемеу де мәрттің ісі екен. Колбин одан мақұрым болып шықты. Менің уәждерімді естігенде: «Мынау Жақыпов дегенді идеологиялық жұмыстың маңына жолатпау керек» дегеннен кейін-ақ тағдырымыздың қалай боларын аңғарғанбыз. Менің сөзім тағы бір ұнамаған кезде сол Колбин: «Ертең студенттер демонстрацияға шығатын болса, сені советтік сот жолымен жазалаймыз» деп өрекпіген. Колбиндер шын қорықты ма, жоқ біздің жазамызды күшейткісі келді ме, бұл сурет халықты көтеретіндей үрейде болғаны анық.
Ертең демекші, сол күні, 21 маусымда елде жергілікті кеңестердің сайлауы өтпек-тін. Алдын орап айтайық, сол күні бүкіл Қазақстанда бір ғана №34 сайлау округінде сайлау өтпей қалды, бұл округтен «Жетісу» газетінің редакторы М.Жақыпов облыстық кеңестің депутаты болып сайлануға тиісті еді. Обкомның партия бөлімінің бастығы Д.Зуев түнгі 12.30-да үйіне келіп, М.Жақыповтан сайлауға түспейтіні жөнінде арызын жаздырып алып кеткен.
Колбиндердің сөзі сондай болды, енді құжаттарға сөз берейік. ОК ­бюросы қаулысының кіріспесінде ­былай делінген: «ҚазТАГ-тың кінәсінен үстіміздегі жылғы 19 маусымда облыстық «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттерінде 1986 жылғы 17-18 желтоқсанда ­Алматы қала­сындағы қоғамға қарсы әрекеттерге белсенді қатысқандарға, кісі өлімі және бассыздық көрсеткені үшін ең жоғары жазаға және түрлі мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталған топқа болған сот процесінен түсірілген фотосуреттер берілді. Суреттердің бірінде қылмыскерлер ірі етіліп, ерекшелендіріліп көрсетілген, астындағы жазуда аттары аталған. Бұл ұлтаралық қарым-қатынаста қажетсіз көңіл күй тудырды».
Бұдан кейін қаулыда ҚазТАГ директоры  Ж.Ысмағұловқа партиялық жолмен есеп карточкасына жазылған қатаң сөгіс берілгені, қызметінен босатылғаны, ал ҚазТАГ-тың бас фотоақпарат редакциясы бас редакторының орынбасары М.Венгловскийдің партиядан шығарылғаны көрсетілген. Қаулының үшінші тармағында: «Жіберілген саяси қателіктері үшін «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттері редакцияларының басшыларын Қазақстан Компартиясы Алматы обкомы қатаң жазалағаны еске алынсын» дегені біршама жаңсақ. Бәлкім, «жазалайтыны» десе жөн болар еді. Өйткені бізді обком бюросында талқылау және жазалау әлі алда еді.
Ал обком аянған жоқ. Тіпті Қазақстан КП ОК бюросының қау­лысында «ҚазТАГ-тың кінәсінен» деп атап көрсетілгеніне қарамай, күннің демалыс екеніне қарамай, түн қатып отырып, бізді жазалауға мықтап кірісті. Тағы да қаулыға жүгінейік: «Қазақстан Компартиясының обкомы қалыптасқан жағдайда облыстық «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттерінің редакциялары 19 маусым күнгі санында Алматы қаласындағы қоғамға жат әрекеттердің белсенді қатысушылары тобына болған сот процесінен ҚазТАГ әзірлеген фотоматериалды жариялап, лайықты деңгейде бола алмағанын айрықша атап көрсетеді. Бұл идеялық тұрғыда зиянды, арандатушылық сипаттағы, ұлтаралық қарым-қатынас мәселелерінде қолайсыз қоғамдық пікір тудыруға итермелейтін материал.
Бұл ретте, «Жетісу» газетінің редакторы М.Жақыпов жолдас саяздық танытып және қырағылық көрсете алмай, сот процесінің мәнін ашып көрсететін «Бұзақылық зауалы» атты мақаланы жариялауға рұқсат етпеген, өзінше тек қылмыскерлердің суреттерін көлемді етіп берген, бұл олар ауыр қылмыстары үшін емес, тек Желтоқсан оқиғаларына қатысқаны үшін ғана жазаланғандай қоғамдық пікір қалыптастырады. ­Сонысымен ол облыста ұлттық және ұлтаралық қарым-қатынас бойынша жүргізіліп жатқан жұмысқа қарсы ­саяси қадам жасап, теріс элементтердің ыңғайында кетті». Мұндай айыптауға орай жаза кесілді. Бюрода бұл жаза былай тұжырымдалды: «Саяси қырағылықтан айрылғаны және газетте оқырмандардың ашу-ызасын қоздырған идеялық зиянды фотосуреттерді жариялауға апарып соқтырған саяздық көрсеткені үшін «Жетісу» газетінің редакторы М.Жақыпов жолдас КПСС мүшелігі қатарынан шығарылсын және қызметінен босатылсын». Мұндай тұжырым кейінірек облыстық партия комитетінің қаулысында да қайталанды. Партия жарғысы бойынша, обком мүшесі болғандықтан мені партиядан шығару тек обком пленумының құзіретінде еді. Г.Колбин қатысқан пленум да бюро шешімін бірауыздан бекітті.
Жазаның қаталдығы сол Желтоқсан оқиғасына сол тұстағы биліктің көзқарасына байланысты еді. Билік Желтоқсан қаһармандарына, оларға іш тартатындарға қатты шүйлікті. Билік дегенде, сол тұстағы жүйені айтамыз. Сөйтсе де, ондағы белсенді көзге түскен адамдар болды емес пе? Біразын: Колбинді, Мирошникті, ­Камалиденовты, Мещеряковты, ­Устиновты жоғарыда атадық. Оған қосатын да біраз мықтылар болды. Обкомда оның бірінші хатшысы М.Меңдібаев, бөлім бастығы, қазақтарға қабағы ашылмайтын Д.Зуев дегендер болды. Маған әдетте нақты жаза қолдану жөнінде (партиядан шығару, жұмыстан қуу) кім ұсыныс жасады деген сұрақ көбірек қойылады. Жауап беруге қиналатыным бар. Қиналғанда, сонда З.Қадырова обкомның идеология жөніндегі хатшысы болып жұмыс істеді. Мәскеуде жоғары партия мектебінде бірге оқыдық. Ұсынысты сол адам жасады деп өкпелеуге бола ма? Оның орнында кім болса да, сондай ұсыныс жасар еді. Сөйтсе де, менің жазықсыз екенімді білетін адам, сол жазалауға белгілі дәрежеде қатысы болған адам, кезінде бірге оқыған адам кейінірек хабарласып, тіпті менің жұмыссыз жүргенімде жұмыс табуыма көмектеспей-ақ қойсын, жағдай сұрасса, бәлкім, болған жағдайға өкініш білдірсе, маған емес-ау, оның өзіне жарасар еді. Бірақ Зәуре Жүсіпқызы ондай мүмкіндікті пайдалана алмады. Енді оны сол кісінің арына жүктегеннен басқа не айтарсың.
«Мынау Жақыпов дегенді идеология­лық жұмыстың маңына жолатпау керек» деген Колбиннің нұсқауынан кейін бізге расында, жұмыс табу қиын болды. Газет-журналдардың есігі жабылды. Жолдас-жораларға, сыйласқан адамдарға қолқа салуға зиянымыз тиіп кетпесін деп өзіміз де тартындық. Ақырында облыстық газеттің редакторына Қаскелең қаласында Күрті аудандык газетінің корректоры деген қызмет табылып, бір жылдан аса күн сайын Алматыдан сонда қатынап жұмыс істеуге тура келген. Өзімізге катысты әңгімені сол тұстағы биліктің әділетсіздігіне мысал, куәлік ретінде ғана келтіріп отырмыз.
Желтоқсан оқиғасына баға бергенде, оған биліктің көзқарасына, оған қарсы қолданған шараларына, оған қатысқандарға берген жазаларына қарап та біраз пайымдар жасауға болар еді. 1986 жылдың 18 желтоқсанында түнгі сағат 2-де партия активін шақыру да бұл оқиғаға берген бағаның бір көрінісі. Сонысымен де билік бұл оқиғаның ұлылығын мойындады. Таң атқанша шыдауға қорықты. Әдетте, күштілерден қорқады. Енді содан алты ай өткенде, сол Желтоқсан қаһармандарына сот болып, сол сотта олардың өздеріне әділетсіз жаза кесілгенін қасқайып тұрып қарсы алған бейнесін көріп те биліктің үрейі ұшты. Бұл да баға! Көп те емес, тек облыстық газетте ғана жарияланған олардың фотосуреттері билікті тік тұрғызып, демалыс күннің өзінде арпалысқа түсірді. Олар ертеңге шыдауға қорықты. Сірә, биліктің Желтоқсан қаһармандарының бейнесінен қорыққан сол күнді (1987 жылдың 20 маусымын) әр кез еске алып отырсақ та артықтығы жоқ-ау.
Еске алғанда, ең алдымен, сол билікті қорқытқан Желтоқсан қаһармандары бейнеленген фотосуретті сол күні үнемі жариялап отыруды дәстүрге айналдырсақ жөн болар еді-ау дейсің. Осы жерде көптен көңілде жүрген бір ойды да сыртқа шығарғымыз келеді. Сол суретті көп айтамыз, соған көп жүгінеміз. Ал сол фотосуреттің авторы кім? Ілуде біреу болмаса, оны ешкім де білмейді. Тіпті сол атақты фотосуретті жариялағанда, оның авторын көрсетуді міндет те санамайды. Ал осынау Қазақстан фото­журналистикасындағы мазмұны­мен де, құжаттық құндылығымен де ең айшықты туындының бірі, әсіресе Желтоқсан оқиғасына қатысты бірегей туындының авторы – Юрий Беккер. Осыдан отыз жыл бұрын ол да таяқ жеді. Соған төзді, шыдады. Қазір «Казахстанская правда» басылымында еңбек етіп жүр. Ардагер. Сол атақты фотосуреттің ­авторы басқа бір алаөкпелеу біреу болса, қазір көкірегін қағып, қоғамнан да, биліктен де құрмет сұрар еді. Ал Юрий ­Зельманович ешкімнен атақ та, құрмет те сұраған емес. Оның бұл суреті қандай да марапатқа лайық. Ол ел тарихындағы айтулы оқиғаның бір өшпес құжаты ретінде тарихта қалады.
Осыдан біраз жыл бұрын осынау керемет туындыны үлкейтіп, Алматының Желтоқсан көшесінің бойында іліп қою жөніндегі ұсынысымызды сол кездегі қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов құптағандай да еді. Бірақ оны жүзеге асыруға үлгермеген сыңайлы. Кімдерге ескерткіш қоймай жатырмыз? Басқа елдің әншілері тобының мүсіндері көрнекті жерде тұр. Желтоқсан қаһармандарының өздеріне шығарылған қатыгез үкімді қасқайып тұрып қарсы алған сәтін бейнелейтін ескерткіш Желтоқсан көшесінің бойына қойылса, жарасар еді ғой. Оған сол тұстағы биліктің үрейін ұшырған фотосурет негіз бола алар еді...
Тарихтың тағлымы көп. Жақсыдан да, жаманнан да тағлым алуға болады. Осыдан отыз жыл бұрын сол тұстағы билік Желтоқсан оқиғасын, оған қатысушыларды қаралаған үкім шығарып, өздерінше оларды мансұқтағандай болса, уақыт керісінше, басқаша тағлым ұсынып отыр. Биліктің сол жосықсыз әрекеттері бүгін де Желтоқсан оқиғасының, оған қатысқандардың шын бағасын бағамдауға көмектеседі. Сондықтан мұны да ұмытпауымыз керек екен. Болашақ ұрпақ одан тағлым алуы үшін...

Мамадияр ЖАҚЫП, 
Қазақстанның құрметті 
журналисі,  «Жетісу» газетінің 
бұрынғы редакторы

2545 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы