• Мәдениет
  • 24 Маусым, 2021

БІЗДІҢ БІР ҒАНА ОТАНЫМЫЗ БАР

Симузар КУРБАНОВА, 
Алматы облыстық сотының судьясы 

Тәуелсіз Қазақстан Республикасы. Осынау қасиетті де қастерлі сөзді айтқан сайын кеудемді ерекше қуаныш сезімі билеп, өзімді ең бақытты жан санаймын. Әсіресе ашық аспан астында Көк Туымыз қалықтап, әсем Әнұранымыз шырқалып, жас ұрпақтарымыз Елтаңбада бейнеленген әрбір бейнеге асқан жауапкершілікпен көз салғанын көрген сәтте бақыттан төбем көкке бір елі жетпей қалатындай сезімге бөленемін. Мұның өзі түсіне білген адам үшін зор бақыт. Меніңше, бақыттың мәні, бақыттың кілті – азат елде бар арман-тілегіңнің орындалып, баянды ғұмыр кешу. Біздің кең байтақ жерімізді мекен еткен әрбір ұлт бақытты. Себебі олар Тәуелсіз Қазақстан Республикасында өмір сүреді. 

1991 жылы азаттықтың ақ таңы атып, баршамыз көзімізге жас алып, қалпағымызды аспанға лақтырып, ерекше қуанған едік. Тәуелсіз, азат жас мемлекеттің алға қойған мақсаты мен міндеті Алатаудан биік, мұхиттан терең еді. Ғасырлар бойы арман еткен егемендікті қазақтың басына қонған бағы, астына орнаған тағы деуге болады. Қазақ елі талай белестерді бағындырды. Желтоқсанда жарқ еткен жалынды жастар қазаққа азаттық таңын сыйға тартқандай болды. Осылайша, күллі жаһанға қазақтың қайратын, айбынын танытты.

Қазіргі тәуелсіз Қазақстан – ата-бабаның орындалған шұғылалы арманы, сарғайып күткен сағынышы. Тәуелсіздік таңын аңсаған ата-бабаларымыздың  асқақ арманы орындалды десек қате­леспейміз. Сондықтан да тәуелсіздік тарихы арнайы әңгімеге үздіксіз тиек боларлықтай ұлы тақырып екендігін қазіргі ұрпақ ешқашан естен шығармауы керек. Тәуелсіздікке ынтымағы жарасқан, ауызбірлігі берік халық қана қол жеткізе алатынын өткеніміз нақты дәлелдеп берді. Сондықтан о бастан-ақ рулар тайпаларға, тайпалар одақтарға, ал тайпалық одақтар елге, халыққа айналу үшін үздіксіз күресті, жан алысып, жан берісті. Өйткені халық болып қалыптаспай, тәуелсіздікті баянды түрде қолда ұстап тұру да мүмкін емес еді. Осынау ауыр күшпен келген егемендіктің қадірін бәріміз барынша терең сезінсек екен деймін.    

Отыз жылды артқа тастап көзді ашып-жұмғанша алға қойған мақсаттардың біразын бағындырып үлгердік. Бұл біз бағындырған белестің бір парасы ғана деп қабылдауымыз керек. Дамыған мемлекеттермен тереземіз теңеліп, керегеміз кеңи түсу үшін ең бірінші ішкі тұрақтылығымыз бен береке-бірлігіміз мықты болуы тиіс. Әрбір адам рухани тұрғыда бай болса деймін. Ал осы тұрақтылық пен бірліктің берекесін арттыратын бірлігі жарасқан мемлекетте өмір сүріп жатқан өзімізге байланысты. Сондықтан да біз ең әуелі қазақ тіліне зор құрметпен, асқан жауапкершілікпен қарауға міндеттіміз. Бұл біздің азаматтық парызымыз. Татулықты ту етіп, кішіміз үлкенді сыйлап, үлкендер кішіге ізет көрсетіп, бір шаңырақ астында тұрақтаған жүздеген өзге этнос өкілдері бір-бірінің салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, мәдениетін ең бірінші ана тілін сыйласа бірлік те, береке де, татулық та біздің елде ұзақ уақыт салтанат құратыны заңдылық.

Бірлігі жарасқан, берекесі артқан еліміздің болашағы зор. Алар асуы биік, бағындырар белесі көп. Ол үшін тағы да қайталап айтамын жас ұрпаққа ең әуелі жақсы тәрбие беруіміз керек. Ол үшін үйде ата-ана, балабақшада тәрбиеші, мектепте ұстаз жас өрендерге түзу жол көрсетіп, кемел елдің келешегінің тізгінін ұстайтын ұлағатты ұрпаққа тәрбие беруде еш күш аянбай еңбек етсе болғаны. Еліміздің өркендеп дамуы жолында қызмет етіп жүрген әрбір адам қазақ тілін меңгеруді өзінен бастауы керек. Өйткені осынау қасиетті жерде өмірге келіп, ауасын жұтып, суын ішіп, арман-мақсаттарға қол жеткізіп жатқан елде тұрып оның ана тілін сыйламағанымыз өз-өзімізді сыйламағанымыз деп айтар едім. Сол үшін де Қазақстан деген мемлекетімізді сыйлау – қазақ тілін меңгеруден басталады.

Менің арманым – елдің тыныштығы, халықтың бейбіт өмір сүруі үшін тәуелсіз еліміздің өркендеп, дамуына үлес қосу. Өйткені мемлекетті қалыптастыратын халық. Ол халық миллиондаған адамдардан тұрады. Ал адамдар өздеріне артылған жауапкершілікті, ар алдындағы адалдықты ешқашан да ұмытпауы тиіс. Заң ­саласында, оның ішінде сотта қызмет еткендіктен біз темірдей тәртіпке бағыну керектігін айтудан шаршаған емеспін. Егер тәртіп болмаса мемлекеттің болашағы бұлыңғыр болатыны ақиқат. Қазақтың маңдайына біткен жауынгер ұлы Бауыржан Момышұлы «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деп тасқа таңба басқандай етіп жазып қалдырды. Заң біздің осынау Тәуелсіз еліміздің айбыны екенін ұмытпаса деймін. Оған жас та, жасамыс та бағынуға міндетті. Жасампаздықтың жаңылмас жарғысы болған Конституция біздің барша жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды. Қастерлі құндылығымыздың қағидаттарын бұлжытпай орындаудың нәтижесінде біз қысқа мерзімде мызғымас мемлекетімізді орнатып, Тәуелсіздігімізді тұғырлы еттік. Ата Заң тәуелсіздігіміз бен тұтастығымыздың кепілі ретінде біздің бірлігімізді бекемдеп, елдегі тұрақтылық пен татулықтың берік тұтқасы болды. Тұғырлы, айбынды болған Ата Заңға деген құрмет бәрінен биік болса деген тілек бар.

Отыз жылда орда бұзған, қаншама алпауыт мемлекеттермен терезесі теңелген жап-жас мемлекетіміздің ертеңі жарқын, болашағы кемел болуы үшін бәріміз бір кісідей атсалысуға міндеттіміз. Сонда ғана біз бірлігі жарасқан, аспаны ашық Тәуелсіз мемлекетте бай-қуатты өмір сүре аламыз. Ең бастысы Тәңірдің бізге берген ең тәтті сыйы – Тәуелсіздіктің қадірі мен қасиетін терең түсінейік.

1604 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы