• Cұхбаттар
  • 24 Маусым, 2021

ТҰЛҒАЛАР МЕН СҰЛБАЛАР

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби 
сыйлығының лауреаты Жанболат АУПБАЕВ «Ана тілі» газетінің бас редакторы 
Қали СӘРСЕНБАЙДЫҢ сұрақтарына жауап береді

Жанболат Әлиханұлы Аупбаевтың өмірі мен шығармашылығы, бейнелеп айтқанда, қазақ журналистикасының тұтас бір дәуірін қамтиды деуге болады. Себебі ол бүкіл ғұмырын бір ғана салаға – отандық баспасөзге арнап келеді. Өткен 50 жылға жуық уақыт ішінде кәсіби журналист еліміздегі өзіндік тарихы, дәстүрі және орны бар республикалық «Ленинишіл жас», «Ақиқат», «Халық кеңесі», «Егемен Қазақстан» секілді газет-журналдарда жұмыс істеп, көптеген оқиғаларға куәгер болған жан. Содан соң ол аталмыш басылымдарда студент-стажерден бастап бас редакторға дейінгі аралықтағы қызметтік 12 баспалдақтан өз ретімен өтіп, БАҚ саласындағы меритократия үлгісін көрсеткен адам. Мұнымен қатар аға әріптесіміз қай редакцияда жүрмесін, жазу мәселесін ұмыт қалдырмай, өз шығармашылығын белгілі бір тақырыпқа ғана құрып, ­сонымен жұмыс істеудің нақты мысалын іс жүзіне асырған кәсіби маман. Атап айтқанда, бұл – Қазақстандағы сирек мамандық иелерінің өмірі, соғыстағы қандастарымыздың таңғажайып тағдыры, республикамыздағы табиғат әлемі, оның бұрын көп сөз болмаған құпиялары.
Жанболат Аупбаев сөз жоқ, классикалық, дәстүрлі журналистиканың аса көрнекті өкілінің бірі. Әдетте журналистер елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, түрлі тағдырлар, өзге туралы өзінен бетер қуанып, қалам тартады. Сол журналистің өзі де бір ашылмай жатқан арал, қазына. Бір өзі бір мектепке айналған журналистің пікірі, көзқарасы, ой-толғаныстары қай кезде де маңызды. Айтпағым, Жанболат Әлиханұлымен біраз уақыттан бері екеуара сұхбат жүргізіп келеміз. Бүгінде ең жүрдек, интеллектуалды жанр – сұхбат. Кісі болмысын ашуда, тануда, сұхбаттасушылардың биік деңгейін байқатуда  бұл жанрдың мүмкіндігі зор.  Бүгінгі өмір ағысы, түрлі толғақты мәселелер төңірегінде қолдан жасалған қайраткерлер емес, жұрт мойындаған тұлғалардың  сөзі уәлі ­болса керек. Осы тұрғыдан келгенде Жанболат Әлиханұлымен алдағы уақытта жалғаса беретін сұхбаттың тақырыбы да әр алуан. Бүгінгідей блогер мен журналистің аражігін айыра алмай бара жатқан қоғамда осындай бір жоба тізгінін қолға алдық. Бүгін сол сұхбаттың хабаршысын, яғни кітаптық  нұсқасын баспасөз күніне орай оқырманға ықшамдап ұсынып отырмыз.

АТАМ САЛДЫРҒАН МЕКТЕПТЕ ЖҮСІПБЕК ҚОЖА ШАЙХЫСЛАМҰЛЫ

БІР ЖЫЛ САБАҚ БЕРГЕН

– Жанболат Әлиханұлы! Сіз өмір бойы тың тақырыптарға түрен салып келе жатырсыз. Көбі өзіңіздің іздеп тауып, жазуыңызбен баспасөз бетінде тұңғыш жарық көрген таңғажайып тағдыр иелері. Осыларды білетін былайғы жұрт сізді де: «Ол кісінің өзі ше?.. Иә, өзі де жазылмаған жұмбақ жан, «ашылмаған бір арал» ғой дегенді жиі айтады. Оған анықтамалық кітаптардағы өмірбаяныңызда кездесетін «Қытайда туған» немесе интернеттің әлеуметтік желілерінде айтылып қалатын «фамилиясы өзінікі емес» іспетті сөздер де себеп болып жүр-ау деп ойлаймыз. Айтыңызшы, сіз бұған не дейсіз?

– Бұл былай. 1928 жылғы 27 тамызда Қазақ АССР-інің билік орындары өз халқына қиянат жасаған бір құжатты өмірге әкелді. Негізі Мәскеуде ойластырылған ол саяси науқан Қазақстандағы ірі байларды тәркілеп, жер аудару туралы декрет еді. Ел аузында кәнпеске деген атқа ие болған оған республикамыз бойынша 696 отбасы ілікті. Оның 562-і феодал, жартылай феодалдар деп аталған дәулетті жандар да қалған 134-і әлеуметтік артықшылықтары бар топ деген хандар мен сұлтандардың, би-болыстардың және ірі дінбасылардың тұқымдары еді. Осындай ұйғарыммен тәркіленетіндер өздері тұратын жерлеріне қарай көшпелі, жартылай көшпелі, отырықшы деп аталды да оларға төмендегідей талап қойылды.

Ол көшпелі өңірлерде малдарының саны ірі қараға шаққанда 400, ал жартылай көшпелі аудандарда 300 басқа ие отбасылардың кәмпескеге ұшырағандығы болатын. Осылайша, өз шаруашылығын ғасырлар бойы дала заңына мықтап бейімдеп, сол арқылы ауыл-аймақ адамдарына істейтін жұмыс тауып беріп, дүйім елді аман-есен асырап келген дәулет иелерінен өкімет төрт түлікті түгелдей тартып алып, олардың өздерін күштеп жер аудара бастады. Солардың қатарында менің туған атам Абиыр Дәркембаев атты ел ағасы да бар еді.

Кеңестік билік қатарларында біздің әулеттен басқа Алматыдағы атақты көпес Қали Ордабаев, Қапалдағы меценаттар тұқымының өкілі Махмұтбек Маманов сияқты Жетісудың бетке ұстарлары бар 50-ге жуық отбасын Ресейдің Астрахань облысына айдайды. Содан жарты жыл өткен соң олардың тең жартысын қайтадан өзіміздің Орал өңіріне әкеліп, Жымпиты іргесіндегі Былқылдақ ауылында жұмыс істеткізеді. Сол жерде олар 1933 жылға дейін жазаларын өтеп елге келмей ме? Сондағы шолақ белсенділерден естігендері: «Тап жауларын табу жоспары орындалмай жатыр. Сондықтан сендерді қайтадан тізімдеп, Сібірге айдаймыз» деген қоқан-лоқы еді. Мынадай сөзден кейін Кеңес өкіметінен не үміт, не қайыр? Осы себепті атам мен әжем сол кезде 12-ге жаңа толған әкем Әлиханды жетектеп, Қалжат-Нарынқол шекарасы арқылы Қытайға өтуге мәжбүр болған.

...Халқымызда: «Шөп шығатын жеріне ғана шығады» деген сөз бар ғой. Арғы бетке барып ес жиған соң атамның отбасы еңбек, тек қана еңбек етуге  көшеді. Тірлікке қажет нәрсені ысырап етпей үнемдеп, бірді екеу етудің нәтижесінде оларға қайтадан бақ қонып, дәулет бітеді. Сөйтіп, Текес бойындағы байырғы жұртқа сіңісіп, сол өңірдің бұйығы өміріне жақсылықтың жарық сәулесін түсіре бастайды. Оның нақты бір белгісі бұрын ешқандай білім ұясы болмаған түпкірге 1935 жылы атам Абиыр Дәркембаевтың демеушілік етуімен салдырған екі жылдық сауат ашу мектебі. Оған атақты фольклоршы, ХІХ ғасырдың аяғында «Қыз Жібек», «Алпамыс» эпостық жырларын ел аузынан жазып алып, Қазан қаласынан жеке кітап етіп бастырған, кейін Түркістан төңірегінен Жетісуға келіп, 1916 жылғы Қарқара көтерілісіндегі үркіншіліктен соң Қытайдың Күнес жағына қоныс аударған Жүсіпбек қожа Шайхысламұлы бір жыл сабақ береді.

Сөз орайында мына жәйтке де тоқтала кеткен жөн ғой деп ойлаймын. Ол 1944 жылы КСРО мен Германия арасында соғыс жүріп жатқанда, Қытайдағы қазақ ауылдарына Құлжа қаласындағы кеңес консулдығы қызметкерлерінің келуі. Олар 1917-1932 жылдар аралығындағы аласапыранда Шыңжаңға қоныс аударған жандардың кеңес азаматтары болып табылатынын, сондықтан осы уақытқа дейін қолдарында ешқандай құжаты жоқ бұлардың КСРО паспортын алуы керек екенін айтады. Жұрт ол ұсыныстан ат-тонын ала қашады. «Бір кезде бізді қаңғытып жіберіп, енді қамқорсығаны несі? Көрмегеніміз Кеңес өкіметі болсын» деп өкілдерге қатты-қатты сөздермен жауап қайтарады. Ал олар болса: «Қазір орталық Қытайда Чан Кай Ши мен Мао Цзедун үкіметтері іштей тіресіп жатыр. Ертең олардың біреуі билік басына келген жағдайда босқын боп жүрген барлығыңызды тізімге алып, қысым көрсетуі мүмкін. Сонда не істейсіздер? Егер қолдарыңызда Кеңес паспорты болса, онда сіздерге ешкім тиіспейді» дейді. (Ашығын айту керек, ол кезде мұның астарында басқа сыр бар еді. Ол кеңес-герман соғысы аяқталған соң, бір кездегі шетелге кеткен жандарды елге қайтарып, оларды майданда опат болғандардың орнын толтыратын еңбек күшіне пайдалану-тын. – Қ.С.) Жоғарыдағыдай түсіндіру жұмыстарынан соң жұрт консулдық қызметкерлерінің ақылдарына көніп, айтқандарын істей бас­тайды. Солардың қатарында біздің әулет те бар еді. Бірақ 1928-1932 жылдардағы зобалаңнан әбден зәрезап болған атам ертеңгі күніміз тағы қалай құбылады деген сақтықпен балаларының бір бөлігін өзіне, екіншілерін әжемнің қыз кезіндегі фамилиясына жаздырыпты. Сол, яғни нағашымыздың атымен төлқұжат алғандардың бірі менің әкем Әлихан екен.

Осы оқиғаны еске алғанда ойыма В.Г.Белинскийдің: «...Халдің тағдырға уақытша бойұсынған кезі» деген сөзі оралады. Өзіңнің Отаныңнан кету, жат жерде өмірге келу, басқа фамилияға көшу дегенге, міне, осы ұғымдағы пайымдау жауап берсе керек. Мұның бәрі қиын кезеңнің қыспағымен, сондағы тағдырдың жазуымен болған іс қой. Және бұл жағдайда біз жалғыз емес сияқтымыз. Атақты жиһанкез дәрігер, Мәскеудегі «Киносаяхаттар клубының» жүргізушісі Юрий Сенкеевичті алып қарайық. 1937 жылы Моңғолия астанасы Улан-Баторда туған ғой. Ал Ресей «1» телеарнасының шолушысы, көрнекті публицист Владимир Познер ше? 1935 жылы Францияда өмірге келіп, АҚШ-та ержетті емес пе? Фамилия мәселесіне келсек, есімізге жазушы Борис Полевой түседі. Оның о бастағы тегі Кампов болатын. Қазақстандық қаламгер Дмитрий Снегин де солай. Ол кісінің ата-бабасынан қалған фамилия Поцелуев еді. Айта берсек, мұндай мысал көп...

 

Қоғам қайраткері Ж.Қалиев, ақын О.Сүлейменов, журналист Ж.Аупбаев. Астана. 2018 жылҚоғам қайраткері Ж.Қалиев, ақын О.Сүлейменов, журналист Ж.Аупбаев. Астана. 2018 жыл

 

– Сіз ата-анаңызбен шекарадан бергі бетке қашан өттіңіз? Ол кезде қанша жаста едіңіз?

– 1957 жылы. 6-да болатынмын.

– Сондағы кейбір сәттер есіңізде ме? Жоқ, әлде, одан бергі 63 жылда олар мүлде ұмытылды ма?

– Екі көрініс көз алдымда. Біріншісі – Құлжа қаласы. Кеңес консулдығының атшаптырым ауласы. Ондағы қаз-қатар тігілген әскери жорық шатырлары. Бұл КСРО-ға өтетін отбасылардың баспанасы еді. Мұнда олар қашан шақыру қағазы қолдарына тигенше қысылып-қымтырылып тұрып жатты. Сондай кезек күткен күндердің бірінде консулдық қақпасынан шығып, әке-шешеммен базарға барғаным есімде. Дүкенге кіргенде сөредегі арба айдаған бала бейнесі бар мозайканы көріп қатты қызықтым. «Әпер, – деймін әкеме. – Бұл ойыншық емес, – дейді ол кісі. – Үйге қою үшін тастан қашап жасаған кәдесый. Қолыңнан түсіп кетсе сынады да қалады. Қайтесің оны». Мен көнбеймін. Өстіп  тұрғанда төңірегім дабыр-дұбыр болды да кетті. Бұрын-соңды көрмеген адамдар. Ашық, зор дауыстар. Ақсары өңді олардың кескін-келбеті мен киген киімдері де бөлек. Еркектері бойшаң, әрі сұсты. Ал әйелдері нәзік, сымбатты. Бәрі шыттай дерлік ақ киім киген. Ер адамдардың фуражкалары, китель, шалбарлары, қыз-келіншектердің қол шатырлары мен жиегіне шілтер ұстап бүрмеленген көйлектері, бәрі-бәрі аппақ. «Бұлар кім?» деп сескене сыбырладым әкеме. «Е, орыстар ғой» деді ол кісі мені жетектеп бара жатып. Кейін білдік емес пе, сөйтсек олар 1918-1920 жылдарғы Азамат соғысынан соң шетелге өткен, Құлжа мен Үрімшіде тұрақтап қалған ақгвардияшы офицерлердің отбасылары екен. Сөйтіп, сол уақытта өзіміз күнде көріп жүрген бәкене бойлы қытай, қайыстай қатқан дүнген мен ұйғырдан басқа, дүниеде орыс деген халықтың бар екенін тұңғыш рет көріп-білгенмін.

Жадымда қалған тағы бір жәйт, ­шекарадан өту үшін Құлжадан қозғалып, Сүйдін қаласы маңына келгендегі оқиға. Ұзынынан ұзақ созылған автомашиналар керуеніне бас-көз болып келе жатқан колонна жетекшісі аталмыш елді мекен шетіне жеткенде көліктен түсіп, аяқ жазуға рұқсат берді. Жұрттың біразы асхана жаққа кетті. Қалғандары жол жиегіндегі көлеңкеге беттеп, жолқоржындарындағы тамақтарын шығара бастады. Біз осы топтың ортасындамыз. Менің сонда ­шешем ұстаған шәугімнің шүмегінен су ішіп тұрып, жан-жағыма қарағаным есімде. Көзіме өзіміз көлеңкелеп отырған беткей түсті. Одан жоғарырақта зәулім қорған, топырақ үйілген ұзын дуал тұр. Ал олардың қабырғаларының ұшар басында өзен жағасындағы жарқабаққа үңгіп салған құс ұяларына ұқсас тесіктер көрінеді. «Бұл не?» деймін шәугім шүмегінен аузымды ала беріп апама. «Мұны жамбы деп атайды. Былайша айтқанда бекініс. Жау келгенде төңіректегі ел осының ішіне кіріп кетіп, жандарын сақтаған» деді оған анамның орнына жауап берген әкем. Бұл жерде айтайын дегенім мынау. Мен көрген жоғарыдағы бекініс 1921 жылы атаман Дутовтың әскерлері паналаған жер екен. Оны кейін, 1967-1968 жылдары жазушы Жүсіпбек Арыстановтың «Сұңқар да жерді мекендейді», отставкадағы полковик Григорий Миловановтың «Көрінбейтін майдан» атты деректі кітаптарынан оқып, кинорежиссер Шәкен Аймановтың «Атаманның ақыры» фильмінен білдік қой.

– Солай деңіз. Енді мына мәселе төңі­регінде бірер сөз... Сіз оқыған мектеп. Ол білім ұясының өзіндік тарихы мен дәстүрі. Онда жүрген кезіңіздегі болашақ маман­дыққа байланысты ұстанған белсенді өмірлік бағдарыңыз. Бұл жөнінде не айта аласыз?

– Бұл сауалға мен бұрынғы бір ­сұхбатта жауап бергенмін. Ол «Заман-Қазақстан» газетінің 1996 жылғы 9 тамызындағы сұхбат. Қайталау болмасын, қажет болса содан тауып оқуыңызға ­болады.

− Осы арада бір сұрақ, ағасы... Әңгімеңіз оқырманды жалықтырмай, оларға қызықты тартымды болу үшін айтыңызшы... Өзіңіздің тырнақалды туындыларыңыз баспасөз бетінде тұңғыш рет қашан жарық көрген еді? Олардың шыққан жылы, айы, тақырыбы және мазмұны есіңізде ме?

− Иә, есімде. Ол Нарынқол аудандық «Советтік шекара» газетінің 1967 жылғы 27 тамыз күнгі нөмірінде жарияланған табиғат туралы өлең болатын. Арада 54 жыл өтсе де ұмытқаным жоқ, оның алғашқы шумағы былай басталған-тын. «Сай-сала сағым басқан қыр төбені. Заңғардан далаға күн нұр төгеді. Қоңылтақ қоңыр желі табиғаттың. Қаңғып кеп жусандарға сүйкенеді». Ал республикалық баспасөзде көрінуім 1969 жылғы 12 қараша. Онда «Лениншіл жас» газетінде «Туған жерге туыңды тік» атты суреттемем шыққан-тын. Менің газет-журналдарға автор ­болуым, міне, сол уақыттан ­басталды.

Ж.Аупбаев. Ұлыбритания.  Лондон. 2013 жылЖ.Аупбаев. Ұлыбритания. 
Лондон. 2013 жыл

 

ЕГЕР ШАЙХУДДИНОВ  БОЛМАҒАНДА

 

− Рақмет! Енді сізден сұрайық дегеніміз – Алматы атты арман қаладағы абитуриенттік шақ. Иә, бұл университет пен институтқа келіп үмітін үкілеген әр қазақ баласының қарбалас пен жанталасқа толы кезі ғой. Сондай қиын сәттегі «Одиссей оқиғалары» туралы біздің жазушы ағаларымыздың қалам тербемегені кемде-кем. Әсіресе ол қарасөздің хас шебері Қалихан Ысқақовтың «Келмес күндер елесі» атты естелік кітабында жеріне жете жазылған. Сіздің өміріңізде ше? Абитуриент боп жүргенде кездейсоқ оқиғалар болған жоқ па?

– Бұған қатысты оқиғаны да кезінде «Жас Алаш» газетінің 1994 жылғы 4 қазанында жарық көрген «Аға» атты мақаламда айтқанмын. Бірақ сұрақтан қашқандай болмайын, абитуриент кезімдегі одан басқа екінші «Одиссей оқиғасын» айтумен жауап берейін. 1 тамыз күні шығарма жазудан алғашқы емтихан басталды. «5» деген баға алдым. 8 тамызда қазақ тілі мен әдебиетінен ­ауызша емтихан болды. Одан да сүрінбей өтіп, тағы бір «5-ті» қанжығама байладым. 14 тамызда шет тілінен тапсыру керек. Қиындық, міне, осы жерде басталды. Себебі бұл пәнді біз мектеп бағдарламасы көлемінде толық оқымаған едік. Мұғалім болмаған. Сондықтан сегізінші сыныппен шектелгенбіз. Алматыға аттанарда мектеп ­директоры бізге арнайы анықтама жазып беріп: «Мұны жоғалтпаңдар. Қиындық туып жатса керек болады» деген. Шет тілінің емтиханы жақындағанда аталмыш пәнді толық оқымаған 12 ­абитуриент жиналып, факультет комиссиясына жағдайымызды айтып едік, үндемеді. Содан сынақ басталуға 2 күн қалғанда: «Қолдарында анықтамасы бар талапкерлер Оқу министрлігіне барса, шет тілі емтиханынан босатылатыны жөнінде қағаз береді. Соны университетке әкеп тапсырсын» деген сөз сарт ете түспесі бар ма?! Мен бұл хабарды өте кеш естідім. Жатақханаға жүгіріп келіп, одан жолқапшығымдағы анықтаманы алып, Жамбыл көшесіндегі 25-үйге жеткенше сағат тілі түстен кейінгі 4-тен асып кеткен еді. Асығып-аптығып басқарма бастығына кірдім. Жұмабаев деген ағай екен, жылы қабақ танытып, тиісті қағазды жазып берді. Содан ҚазГУ-ге қарай жүгірейін. Үлгере алмадым. «Университеттегі қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Е.Шайхуддинов» деген жазуы бар бөлмеге жете бергенімде: «Жұмыс күні аяқталды. Ол кісі жоқ» деген дауысты естідім есікті кілттеп жатқан қазақ апайдан. Мына сөзді естігенде көз алдымдағы жер дөңгелене көшкендей болып теңселіп кеттім. «Бітті, – дедім тағы да ішімнен. – Ертең демалыс. Бүрсігүні емтихан. Босатылатын тізімге іліге алмадым-ау...»

− Әй, не болды қарағым, – деген дауыс естілді, осы сәтте жаңағы апай жақтан. – Өңің бозарып кетті ғой тіптен. Сон­шалықты қиналатындай не нәрсе еді өзі?

Есеңгіреп тұрған мен жоғарыдағы жағдайды айттым. Қолымдағы рұқсат қағаз бен емтихан парақшамды аударып-төңкеріп қараған ол кісі бөлмені қайта ашты да тілдей қағазға бір-екі сөйлем жазып, оны менің анықтамаммен бірге жауапты хатшының үстелі үстіне қойды. Сөйтті де: «Ертең күн демалыс болса да бәріміз осында бір соғып кетеміз. Іздеп келген ағаңның көзі түссе көмектесіп қалар бәлкім» деді.

...Түнімен ұйықтай алмадым. Көрер таңды көзіммен атырдым десем де болады. Күн шыға жүрегім дүрс-дүрс соғып университетке жеттім. Одан қорқасоқтап өзіме таныс дәлізге келсем, жауапты хатшының есігі ашық екен. Рұқсат сұрап, имене кірдім. Іздеп келген адамым сұр костюм-шалбары бойына керемет жарасқан, ақсары өңді, сымбатты кісі екен. Сәлемімді алды да: «Білемін, рұқсат қағазыңды көрдім, айналайын, – деді. – Мәселе мынада болып тұр. Осында Шварцман деген шет тілдері кафедрасының меңгерушісі бар. Жеңілдік тізімін, яғни үшінші емтиханды тапсырудан босатылғандардың аты-жөнін кеше түстен кейін біз сол кісіге өткізіп қойып едік. Енді одан кешігіп қалған сені не істейміз? Міне, соны ойлап отырмын. Сұрап көрейін. Көнсе, жолыңның болғаны! Көнбесе... Менің үміттеніп отырғаным, емтихан парақшаңдағы екі «бестік» бағаң. Ол да адам баласы ғой... Мүмкін соны көріп илігер. Сыртта күте тұр».

Осылай деген ол кісі бөлмеден менімен бірге шықты. Сөйтті де дәліздің екінші жағына бет алды. Біраз аялдап қайта келді де тағы кетті. Содан соң... Үшінші рет барғаннан кейін бөлмесіне кірді. Мені шақырып: «Алаңдама, бала. Сынақ тапсырмайтындардың тізіміне кірдің. Енді 18 тамыздағы төртінші емтиханға бір-ақ кел. Тарих пәні ғой. Жатпай-тұрмай ­дайындал. Жарай ма?» деді.

Не деген қамқорлық?! Адамгершілік! Құдай-ау... ол кезде бұл туған әкемнің де қолынан келмейтін жақсылық қой. Үлкен лауазым иесі оның бұрын өзі білмеген, көрмеген қазақтың қара баласына көмек қолын созуы деген... Бұл енді адамның адамының ғана түзу ниетінен туатын нәрсе шығар деп ойлаймын қазір.

− Ғафу етіңіз. Сіз сөз етіп отырған кісі Еренғайып Шайхуддинов қой. Қазір бұл ағамыз өзінің сүйікті қаласы осы оңтүстік астанада тұрады. Құрметті адам. Сұрайын дегенім, сіз кейін, сол оқиғадан соң Ерекеңді көріп, кездестіңіз бе?

− Иә! Жүздестім. Бірақ ол кейіндеу, осы бертінде болды. Мұны әріптес досым, ақын Қорғанбек Аманжол жақсы біледі. Екеуміз сәлем беруге барғанымызда: «Сол кезде қолұшымызды бермегенімізде, «Егемен Қазақстанның» бас редакторының алдында ұятты болғандай екенбіз» деп риясыз күлді. Сөйтті де: «Үлкен азамат болғаныңа қуаныштымын, қарағым. Ұмытпағаныңа рақмет! Жұмысыңа сәттілік тілеймін» деген жылы сөздерін айтып, батасын берді. Жалпы бұл өзі жеке бір жазылатын тақырып. Өмір болып жатса, асыл аға алдындағы ол парызымды да орындайтын шығармын деп ойлаймын.

Т.Сегізбаев  пен Ж.Аупбаев  Алматыдағы "Егемен Қазақстан"  газеті бөлімшесінде.2003 ж.

 

− КазГУ-дегі қызық шақ. Қимас кез. Думанды күндер. Дүбірлеп келіп, дүрілдеп өткен сол уақыттардан қазір есіңізде не қалды?

− Ол күндерден ынтызарлықпен еске алатыным шетел әдебиеті пәні бойынша жүргізілген курстар және содан дәріс берген ұстаздар. Мұны біз үш жыл оқыдық. Сол мерзім ішінде сабақ өте жүйелі әрі сапалы жүргізілді. Оқытушылар тарапынан қойылған талап та жоғары еді. Ауылдан келген қаракөз біз қатаң талап-тәртіптен қиналған да жайымыз бар. Бірақ көндік. Шыдадық. Өйткені сол кездері алдымыздан мүлдем бөлек, бейтаныс әлем есігі ашылған болатын. Ол дүниежүзіндегі антикалық ежелгі заман әдебиет елестері, Еуропадағы ортағасырлық ренессанс деп аталатын қайта өрлеу кезеңінің нұсқалары, сосын әлемдік руханият үшін алтын дәуір болып есептелген ХІХ-ХХ ғасырлардағы көркем туынды үлгілері. Осыларды оқып-тоқу үшін І, ІІ, ІІІ курстарда бізге ­Морозова, Сагалович, Мадзигон және Железнев деген оқытушылар дәріс берді. Алды 1940-1950, соңы 1960 жылдары Мәскеу мен Ленинградта оқыған бұл аяулы жандардың телегей-теңіз білімі өз алдына, олар өте мәдениетті адамдар еді. Асықпай-аптықпай сөйлеген сөздері, талғаммен ­киген киімдері, бәрі-бәрі аудиториядағы қыз-жігіттерге үлгі болатын. Сөзімнің тоқетерін айтар болсам, егер біз шетел әдебиеті атты руханият Монбланынан бірдеңе білеміз десек, тікелей осы кісілерге қарыздармыз. Өйткені адамзаттың VII-XX ғасырлар аралығындағы ой қазыналары қақпағын ашқан да, әрі оның озық үлгілерін бойымызға сіңірген, құлағымызға құйып берген де осы педагог-ғалымдар болатын. Қазір ҚазҰУ мен ЕҰУ-дегі журналистика факультеттерінде шетел әдебиеті пәнінің курстары оқылмайды дейді. Өкінішті. Болмайтын тірлік. Ұрпаққа обал жасайтын әрекет.

 

«СИМОНОВ КЕЛЕ ЖАТЫР»

 

– Осы сұхбатымызда ұстанған логикалық жүйеге сүйенер болсақ, онда қазір сіз «Лениншіл жас» газеті мен «Қазақстан коммунисі» журналына қалай келіп, жұмыс істеп, нендей тәжірибе жинақтағаныңыз туралы сөз қозғауыңыз керек еді. Бірақ біз одан саналы түрде бас тартамыз. Себебі бұл тақырыпты ғалым Бауыржан Омаров кезінде өзінің «Ақ парақ» портреттік эссесі мен «Бас редактор...» атты сұхбатында егжей-тегжейлі жеткізе жазған. Сондықтан қайталау болмас үшін біз оған тоқталмай, керісінше, жоғарыдағы редакциялар жолдамасымен одақтағы ірі де іргелі ақпарат көздеріне барып тағлымдамадан өтуіңіз туралы сөз қозғасақ дейміз. Олар – «Комсомольская правда» газеті мен «АПН», «ТАСС» секілді атақты агенттіктер ғой. Сонымен... Бұл «Мәскеу мектебі» сізге не берді деп ойлайсыз?

– «Комсомольская правда» газеті мен «АПН»-ға Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің кепілдемесімен бардым. Бұл 70-жылдардың ортасы, сосын 80-жылдардың басы еді. Ал «ТАСС»-қа жолымның түсуі республика Компартиясы Орталық Комитеті бөлімдерінің ұйғаруымен 1985 жылғы қайта құрудан  кейінгі кезеңде болған жәйт. ­Ойымды ­шашыратып алмас үшін ондағы тәжірибелерді топтап-топтап былай ­баяндайын.

Бірінші, жоғарыдағы одақтық үш алып ақпарат орталықтарынан байқалған басты ерекшелік ол мұндағы журналистердің белгілі бір салаға мықтап маманданғаны еді. Ал біздің Қазақстанда бұл жоқ, мүлде ойластырылмаған шаруа-тын. Сол кездегі С.Бердіқұлов, А.Сейдімбеков, Ж.Бейсенбаев секілді ағаларымыздың «Топжарған», «Күмбез», «Аққу» айдарлары арқылы спорт, этнография, эстетика тақырыптарына деген жеке энтузиастық ұмтылыстарын айтпағанда, қалған әріптестеріміздің тірлігі қандай еді дейсіздер ғой. Газет-журнал беттері қыста қар тоқтату, көктемде жер жыртып, жаз бен күзде шөп шабу және егін ору науқандарына үндеу немесе шопан, механизатор, сауыншы еңбегін әспеттеуге толы болатын. Ал Мәскеуде... Мұны «Комсомольская правда» ұжымындағы нақты мысалмен айтар болсақ: В.Песков – табиғат әлемі, Г.Бочаров – өмірдегі мүлдем күтпеген, кездейсоқ экстремальды жағдайлар, Я.Голованов – ғарыш, космодром, ғарышкерлер тұратын жұлдызды қалашық, Л.Репин – спелеолог, ихтиолог, метеоролог сияқты сирек кәсіп иелері, И.Руденко – мораль... Осылай кете береді. Үйренетін нәрсе ме? Иә.

Екінші, газет, агенттік басшыларының қызықты тақырыптарды тауып, өз ­басылымдарына абырой әперетін керек ­материалдарды оқырманға ұсынардағы ұйымдастырушылық ерекшеліктері. Олар егер өте маңызды әрі сирек, елде үлкен пікір тудырады-ау деген дүниелердің дерегін тауып, ести қалса, оны орындау­ды өз қызметкерлеріне бірден бере салмайды екен. Қоғамда орны, салмағы бар тұлғаларды редакцияға арнайы шақырып: «Мұны жазу сіздің ғана қолыңыздан келеді. Осы тілегімізді орындасаңыз, бізге үлкен мәртебе болар еді» деп өтініш айтатын болып шықты. Ойлап қараңыздаршы, іссапар шығынын басылым өзі көтеріп алса, мақаланың жарық көруіне кепілдік берсе, қаламақысын төлесе, Юлиан ­Семенов, Виль Липатов секілді мықты авторларға бұдан артық не керек?! Сөзім құрғақ болмас үшін бұған сол «КП»-дағы өзім куә болған оқиғамен жауап берейін. Өндірістік тәжірибеден өту күндерінің бірінде жетекшіміз, жауапты хатшы Кира Лаврова: «Жазушы Константин Симонов келе жатыр» деді. Сөйтті де: «Көріп қалыңдар» деп коридорға алып шықты. Алыстан байқадық, үстінде қара былғары күртесі бар еңкіш денелі ақ шашты адам бас редактор Лев Корнешовтің кабинетіне кіріп барады екен. Ертеңінде... иә, ертеңінде ол кісінің «Сенің он жеті жасыңда...» («Твой семнадцать лет...») атты мақаласы жарқ етіп шыға келгені. Сөйтсек, редакция басшылығы содан 15 әлде 20 күн бұрын Константин Симоновты шақырып алып, Рязань облысындағы жан толқытарлық бір оқиғаны айтпай ма? Онда өрт болады. Оның алапат жалыны егінжайға жақындайды. Сонда таяуда ғана кәсіптік-техникалық училищені бітіріп, трактор руліне отырған Анатолий ­Мерзлов деген жеткіншек өрт шыққан жер мен егінжай арасындағы ашық алқапты жанкештікпен жыртып, тосқауыл қоюға тырысады. Қояды да. Бірақ ең соңғы айналымда трактор тұмсығына жалын ұшқыны тиіп, кабинадан шыға алмай отқа оранған жеткіншек қыршынынан қиылады. Бұл жерде біз жазушының осындай мақала жазғанын, ондағы оқиғаның жоғарыдағыдай болғанын сөз етейік деп отырған жоқпыз. Айтпағымыз, оны аты мен заты бар адам – Социалистік Еңбек Ері, Лениндік сыйлықтың лауреаты ­Константин Симоновтың жазғанында. Екінші дүниежүзілік соғыстың отты күндерінде патриотизм идеясын ту еткен қаламгердің бейбіт заманда сол тақырыпты қалай, қай деңгейде пайымдап толғағанында. Және аталмыш мақалаға автор болу арқылы «Комсомольская правда» газетіне қандай абырой әпергенінде. Елеп-ескерерлік тәжірибе ме? Әрине.

Үшінші, «АПН» мен «ТАСС»-та сол 80-жылдардың өзінде бір ерекше құрылым болды. Ол «Лингвистикалық-ономастикалық және географиялық атауларды бақылау» бөлімі еді. Одақтас республикалардағы ешбір газет-журнал редакцияларында жоқ оның қызметі төмендегідей жұмыстарды атқарудан тұратын. Аталмыш агенттіктердегі жүздеген репортерлер мен корреспонденттер, шолушылар бар емес пе? Міне, солар жазып, дайындаған хабарлар, мақалалар мен сұхбаттар және кеңейтілген фототекстік мәтіндер бәрі-бәрі бас редактор тарапынан оқылып, қолы қойылғаннан кейін былайғы қызметкерлер өздері «ақырғы аялдама» деп әзілдейтін жоғарыдағы бөлімге келіп түседі. Ондағылар бұл дүниелерді өңдемейді. Жөндемейді. Мазмұны мен көркемдік деңгейіне, тіпті жанр талаптарының қалай сақталғанына да қарамайды. Іздейтіндері үлкенді-кішілі мақала сөйлемдеріндегі пунктуациялық белгілер грамматикалық ережеге сәйкес дұрыс тұр ма? Жер-су атаулары, атақты адамдар аты-жөні ше? Оларда энциклопедиядағы бірізділік сақталған ба? Әлемдегі, одақтас республикалардағы географиялық тізімге еніп, бекіген теңіз, көл, бұғаз, арал, мүйіс, өзен, шығанақтар өз мағынасында ма? Міне, осылардың бәрін тексеріп, қарау жоғарыдағы бөлімнің міндеті екен. Сонда қате де кетпейді. Сауат­тылық сапасы да «АПН», «ТАСС» секілді алып ақпарат агенттіктерінің аттарына сай жоғары деңгейде болады. Осын­дай үлгілі үрдістің үйретері көп пе? Әлбетте.

Төртінші, Мәскеуде сол кездері осы қалаға слет, симпозиум сияқты түрлі іс-шараларға қатысуға келген адамдарға арналып, ұйымдастырылған кештер өте көп еді. Олар меймандардың сол өздері орналасқан «Юность», «Орленок», ­«Москва» сияқты қонақүйлердегі концерт залдарында болатын. Көрермен, міне, сол жерде суретші Илья Глазунов, ғарышкер Валентина Терешкова, көз дәрігері ­Святослав Федоров секілді атақты адамдармен кездесіп, фотоға түсетін. Қолтаңба алып, әңгімелерін тыңдайтын. Айтайын дегенім, осындай үрдістің сол уақытта мен өзім тағылымдамадан өткен «АПН» мен «ТАСС» агенттіктерінде де бар екендігі еді. Біреуінде «Дәрісхана» («Аудитория»), екіншісінде «Тәжірибе» («Опыт»)  деп аталатын ондағы шығармашылық клубтардың мақсаты – көзі тірі тарихи тұлғаларды шақырып, ұжым мүшелерімен жүздестіру, айтқан ақыл-кеңестері мен өмірлік тәжірибелерін тыңдау-тын. Ол кезде одақтас республикаларда бұл қалай еді? Украинадағы Шелест, Қазақстандағы Оңдасынов немесе Тәшенов билік аренасынан қалай кетеді, ол кісілерді ешкім еске алмай, бәрі сонымен бітетін. Ал Мәскеуде олай емес екен. Мемлекет алдында аса зор еңбегі бар тұлғаларды баспасөз басшылары редакцияға шақырып, мұндай жандармен пікірлесіп отыру дәстүрі бар болып шықты. Әлде бұл қайта құрудың жылы лебі ме? Кейде аптасына, болмаса жарты айда бір рет ұйымдастырылатын осындай іс-шаралар барысында Ереван, Кишинев, Сахалин мен Алматыдан жиналған қыз-жігіт біз сол жерде Папанин, Молотов, Аджубейді көрдік. Аты аңызға айналған алдыңғы адамды жұрт жақсы біледі. Ол – кеңестік кезеңде Солтүстік Мұзды мұхиттағы Поляр шеңберін бағындырушы ізашар топтың жетекшісі ғой. Ал соңғы екеуі болса, біреуі 1957 жылы Хрущевтың қаһарына ұшырап, екіншісі 1965 жылы Брежневтің қырына іліккен, сөйтіп, талантты ұйымдастырушылық қабілеттерін тоқтатып, қоғамнан тыс қалған тұлғалар-тын. Осыны көргенде шеттен барған біз: «Мәскеуде демократия бар екен-ау. Бізге неге осындай кездесу ұйымдастырып, қолға алмасқа?!» деген ой келген. Сөз орайында айта кетейін, Алматыға оралған мен жоғарыдағы жәйтті әріптестеріме ­баяндамаймын ба? «Қой, – деді «Қазақстан коммунисі» журналындағы қариялар. – Молотов баяғыда марқұм болған жоқ па?». Мына сөзге қатты қысылып не дерімді білмедім. Іле-шала «Аргументы и факты» апталығына Молотовтың қайта құруға байланысты өзінің көзқарасын білдірген мөлтек сұхбаты шыға келгені. Біраз жұрттың, міне, осыдан кейін барып Ленинді көрген, Сталинмен 38 жыл қызметтес болған, соғыстың алдында Үкімет төрағасы, одан кейін Сыртқы істер министрі міндеттерін атқарған қайраткердің сол кезге дейін тірі екеніне көз жеткізгені бар. Бұл 1986 жылдың көктемі еді. Сонда ол кісі 96 жаста-тын. Содан 7-8 ай өткен соң оның қайтыс болғанын «Правда» газетіндегі қазанамадан оқып білгенбіз.

Жә, айта берсе әңгіме көп. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Мәскеуден көріп-білген жоғарыдағыдай жәйт менің толыққанды кәсіби журналист болып қалыптасуыма мықты көмегін тигізді. «Адамды орта тәрбиелейді» дейді ғой. Тегінде сол рас сөз. «Комсомольская прав­да», «АПН», «ТАСС»-та болуым­ның арқа­сында баспасөздегі белгілі бір салаға бейімделуге берік шешім қабылдадым. Ондағы атақты адамдармен сөйлесіп, тарихи тұлғаларды көру, макет, баспахана мамандарының бізде жоқ жаңа жұмыс әдістерін үйренуге тырысу көңіл көк­жие­гімді кеңейтті. Ал бұл жаңаша ойлау ма­шығы еді. Соны меңгердім. Соған тәубе деймін.

 

ҚОНАЕВПЕН

КЕЗДЕСУ

 

– Газеттегі 46 жылдық қызметіңізде сіз көп адамдармен кездесіп, жүздестіңіз. Оларды портреттік очерк, сұхбат, эссе түрінде жаздыңыз. Сондай жандардың ішінде есіңізде ерекше сақталып қалған кейіпкер, оның әсерлі әңгімесі деп кімді айтар едіңіз?

– Димаш ағаны. Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты айтамын. Бұл жүздесу былай болды. Еліміз тәуелсіздігін енді алған елең-алаң шақ еді. Өзім бес жыл бойы табан аудармай жұмыс істеген «Қазақстан коммунисі» журналынан қайтадан «Лениншіл жас» газетіне ауысып баруыма тура келді. Өйткені іші де, сырты да сірескен жоғарыдағы басылымда қызмет істеген мен обком, партком хатшыларының атынан материал дайындап, әбден қажыған едім. Осы себепті сол кезде «Жас Алаш» атын иеленіп үлгерген «Лениншіл жасқа» оралып, шығармашылық еркіндігін қайтадан сезіне бастадым. Барған бетте редакторымыз Уәлихан Қалижанов ағамызбен бірге алдағы жарық көретін материалдар тізімін, жоспарын жасауға құлшына кірістім. 20 әлде 25 күннен кейін болу керек, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың 80 жылдығы жақындап келе жатқан болатын. Неге екенін білмеймін, қазақ халқына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның мерейтойын өткізуге жоғарғы жақ асыға қоймады. Мүмкін, елде болып жатқан түрлі өзгерістер себеп болды ма, әйтеуір, бұл жөнінде әңгіме қозғала қойған жоқ. Ал «Жас Алаш» газетінің редакциялық алқасы тәуекелге бел буды. Сөйтіп, Димаш аға туралы көлемді материал жариялауға шешім қабылдады. Көрнекті тұлғамен сұхбат алуды мен өз мойныма алдым. Ұзақ жылдар бойы СОКП Орталық Комитеті Саяси бюросының мүшесі, Қазақстан Компартия­сы орталық комитетінің бірінші хатшысы болған мемлекет қайраткерімен сұхбаттасу – үлкен мәртебе. Алдын ала сұрақ әзірлеп, ақсақалдың үйіне қоңырау шалдым. Қазіргі шенеуніктер телефон нөмірлерінің ерекше болуын да шен көреді ғой. Димекеңнің пәтерінікі жай ғана сан екен. Ол менің блокнотымда әлі күнге сақтаулы. Мұның өзі үлкен кісінің кішіпейілдігі мен қарапайымдылығын аңғартса керек. Тұтқаны өзі көтерген Дінмұхамед Ахметұлы бәлсініп жатпай, сұхбат беруге бірден келісімін берді. Белгіленген уақытта бардым. Ақсақалды жақыннан көргенім осы. Еңсегей бойлы, түр-келбеті келіскен сымбатты кісі. Мәдениеттілігіне, кішіпейілділігіне, адамға деген мейірімді көзқарасына ерекше тәнті болдым. Өмірде көрген-түйгені мол, парасатты жан екені әр сөзінен аңғарылып тұрды. Бір әңгіменің шетін шығарса, оны міндетті түрде нақты мысалдармен түйіндеп отырады. Димаш ағаның осы қасиеті кейін маған үлкен сабақ болды. Журналистік жазбаларыма да көмегі көп тиді. Жақсы адаммен әңгімелессең, жаның жадырап шығады. Сұхбаттың жақсы болуы кейде кейіпкеріңе де байланысты. Димекеңмен кездесуден мен осылай ерекше әсермен қайттым.

Біраз күн өткен соң материал да ­дайын болды. Елге сыйлы ағамызды аттап өтпейін деп, оны қарияға бір қаратып алғаным бар. «Газетке жібермес бұрын өзіңіз көріп шықсаңыз» дедім жай ғана. Сол кезде өңі нұрланып, риза болғаны әлі көз алдымда. Осындай көңіл күймен сұхбат мәтініне үңілді. Бәрін асықпай оқып шыққан соң сәл ойланып отырды да: «Рақмет, қарағым! Жақсы жазыпсың. Тек бір жерге түзету, ал мына екінші тұсқа қосымша дерек қосайық. Жарай ма?» деді. Сөйтті де алғашқысына: «Рокфеллердің аты-жөнін Дуайт Эйзенхауердің фамилиясымен ауыстыр. Қалай болғанда да ол мемлекет басшысы, президент қой» деді. Ескерте кетейін, бұл сұхбаттағы: «Сіз түрлі сапарлармен қанша елде болдыңыз? Қандай қайраткерлермен кездестіңіз?» деген сұраққа қатысты жәйт болатын. Ал одан кейінгі қосымша деректі қосуға байланысты Димаш аға: «Арада 70 жыл өтсе де мен өзім оқыған мектеп пен сондағы ұстаздарымды ұмытқаным жоқ, – деді. – Білім алған алтын ұям қаладағы №14 мектеп еді. Ол қазіргі кондитер фабрикасы тұрған жерде болатын. Сондағы мұғалімдерім: физикадан сабақ берген А.Астраханцев, математиканы үйреткен Соколов деген кісілер еді. Сөз орайында мені тіл, грамматикаға сауатты жаздырып, жатық сөйлеуге өлшеусіз үлес қосқан Анна Павловна мен Любовь Александровнаның есімдерін де ерекше атап айтқым келеді. Жүрегіне ізгілік шуағын ұялатқан осы ұстаздарымның біреуі Анна Павловнамен кейін мен арада көп уақыт өткен соң кездескенім бар. Бұл 1955 жылы еді. Онда мен Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы болатынмын. Қат-қабат қарбаласқа толы жұмыс күндерінің бірінде маған қарт әжей телефон соғып: «Аты-жөнім – Анна Павловна. Ұмытпасаңыз, бір кездері №14 мектепте сабақ берген ұстазыңызбын» деді де, мүмкін болса қабылдауымды өтінді. Неге ұмытайын ол кісіні... Мекенжайының қайда екенін сұрап алдым да, дереу көлік жіберіп, жұмыс күнінің аяғына таман шақыртып алдым. Сол кеште шашы аппақ қардай боп ағарып, кәрілікке мойынсұнса да жинақы жүрісінен, таза киім киісі мен жоғары мәдениетті сөзінен жаңылмаған зиялы қарт ұстазыммен ұзақ отырып әңгімелесіп, сырласқаным бар. Ол кісі қайтарында өзінің пәтер мәселесіне байланысты қиналып жүргенін айтып, қолұшын беруімді өтінді. Мен Анна Павловнаның бұл келісін ең алғашқы әрі ең соңғы жолығысу деп қабылдадым да өтінішін көп кешікпей-ақ қанағаттандырдым».

Ақсақал мақалама осындай түзетулер айтып, қосқызған соң: «Ал, інішек, шаруаңды айт! Бұйымтайың бар ма?» дегені. Түсінбей қалдым. Содан соң көз алдыма сонау 70-жылдар келе бастады ма қалай, ойланып қалдым. Ол оқуды жаңа бітіріп, қиналып жүрген кез еді. Үй жоқ. Пәтер жалдап тұрамыз. Отын ­тауып, көмір түсіру... Оның өзі бір азап. Ол үшін Сексеуіл базасына барып, таң атпай ­кезекке тұру керек. Жұмыстан кешіксең, кәсіподақ ұйымы белсенділерінің маңдайыңнан сипамайтыны тағы бар. «Үлкен кісінің: «Ал, інішек, шаруаңды айт» деген жаңағы сөзі шіркін, сонда айтылғанда ғой. Енді...» Осы пендешілік ой санамда жылт ете қалды ма білмеймін, сәл жымиғандай болдым. Мұнымды ­Димаш аға басқаша түсініп қалды-ау деймін. Дереу есімді жинадым. Сөйттім де: «Аға, сізде неге шаруам болмасын?! Шаруам бар, әрине. Бұйымтайым – мына кітабыңызға қолтаңба жазып берсеңіз. Димаш ағамен кездесіп, сұхбат алғанмын деп мақтанып жүрейін» деп өзіммен бірге ала келген «Советтік Қазақстан» атты 1980 жылы жарық көрген кітабын ұсындым. Ақсақал қуанып, көңілденіп сала берді. «Балам, Жанболатқа! Қонаев. 9.1.1992 жыл» деп жасыл фломастер қаламымен тайға таңба басқандай қолтаңба жазып берді.

Көп ұзамай, яғни 11 қаңтар, 1992 жылы сұхбат «Жас Алаш» газетінде жарық көрді. Бұл сол кездегі қазақ газет-журналдарында Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың 80 жылдығына арналған жалғыз көлемді материал еді.

 

«ЕТЖЕҢДІ»

ҚАЛАЙ ШЫҚТЫ?

 

– Сіздің соңғы 20 жыл өміріңіз «Егемен Қазақстан» газетінің тыныс-тіршілігімен тікелей байланысты болғанын көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Бұл аз уақыт емес. Осы күзде басылымда жұмыс істеген кезіңіз, газет, ұжым мүддесі жолында жүзеге асырған істеріңіз туралы не айтасыз?

– Мен аға басылымдағы қызмет жолымды 1998 жылы 24 желтоқсанда бастадым. Сол күні 47 жасқа толған едім. Ол кездегі лауазымым бас редактордың орынбасары болатын. Арада бес жыл өткенде бас редакторлыққа тағайындалдым. Одан кейінгі сегіз жылдан соң акционерлік қоғам жарғысының тәртібіне байланыс­ты вице-президент лауазымын қосып атқаруға тура келді.

Жоғарыда айтып өттім, «Егеменге» 1998 жылы келдім деп. Ылғи болмаса да, ара-тұра ойыма салмағы ауыр бір сұрақтың оралатыны бар. Ол: «Содан кейінгі 20 жыл ішінде күнделікті газет шығаруға қатысудан басқа бас басылымға жеке өзің нендей үлес қостың? Атқарған жұмыстарыңның ішінен қандай творчесвтолық ізденісті бөле-жара айтуға болар еді?» деген сауал.

Сондай сәттерде көз алдыма ең алдымен мына жәйт келеді. Газеттің табалдырығын аттаған күннің ертеңіне Жаңа жылға байланысты жарық көретін арнаулы нөмірдің жұмысына жегілдім. Онда оқылатын ойлы, қызықты мақалалар болуы қажет. Газеттің макеті мен фотосуреттері тартымдылығымен ерекшеленіп тұруы керек. Айналасы төрт-бес күндік уақыт ішінде жанұшырып жүріп солай жасадық та. Нәтижесінде оқырман басылымның 1999 жылғы 1 қаңтарда жарық көрген сол санындағы дүниелерге өздерінің ерекше ризашылығын білдірді. Соның ішінде менің «Халық ала алмаған қамал» атты мақалам бар еді. Онда атақты Рейхстаг қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың ерен ерлігі республикалық баспасөз беттерінде 60, 70-ші жылдары әлденеше рет көтерілсе де билік тарапынан қолдау таппағандығы, енді еліміз тәуелсіздікке ие болған кезде әділеттің салтанат құруы қажет екендігі айтылған-ды. Материал республика жұртшылығы арасында үлкен қоғамдық пікір туғызды.

Сол кездегі Мемлекеттік хатшы Әбіш аға Кекілбаевтың алға жылжытуымен ол биліктің назарын өзіне аудартты. Нәтижесінде Елбасының Жарлығымен 1999 жылғы 8 мамырда Рақымжан Қошқарбаевқа Халық қаһарманы атағы берілді. Газетке абырой әперген осы іске өзімнің азды-көпті қатысымның бар екендігі есіме түскенде кеудемді мақтаныш сезімі билейді.

...2000 жылдың жазы еді. Редак­циядағы кезекті лездемеде газеттің оқылымдылығын қайтсек көтереміз, басылымның қызғылықты болуы үшін не істеу керек деген мәселе көтерілгені бар. Сонда бас редактордың орынбасары ретінде пікір айту кезегі маған келгенде: «Айына 16 беттік бір нөмірдің 1-2-ші беттен басқасына ресми материалдар араластырмай, тек қызықты мақала, танымдық дүниелермен шығарып отырсақ, оқырман көңілінен шығар едік» деген ой білдіргенім әлі есімде. Сол жерде бұл бастама бірден қолдау тапты. Бас редактор Ержұман Смайыл ағамыз оған «етжеңді» деп ат қойып бергені де бар. Ол: «Жақсы дүниелер көп сиятын етек-жеңі мол нөмір болсын» деген тілек еді. Содан бастап газеттің осы саны елдің асыға күтетін жан серігіне айналды. Кейін жұртшылық тарапынан: «Егеменнің» «етжеңді» нөмірін жиірек шығарсаңыздар» деген өтініш те айтыла бастады. Осыны ескеріп біз 2014 жылдың сәуірінен 2016 жылдың қарашасына дейін айына екі реттен шығарған да кезіміз бар.

«Егемен Қазақстан» газетінің қабырға­сындағы жүрген жылдардағы менің бұл басылымға өзімнің қосқан үшінші бір үлесім деп 2004 және 2009 жылдарда жарық көрген «Жәдігер» мен «Егемен­қазақ­стандықтар» жинағын жасап, құрастырып шығаруым дер едім. Бұған бастамашы болған, идея берген акционерлік қоғамның президенті ­Сауытбек ­Абдрахманов пен сол кездегі вице-президент Ержұман Смайыл ағамыз еді. Олардың айтуынша, жоғарыда көрсетілген уақытқа дейін редакцияда оның кешегісі мен бүгінгісінен ­хабар беретін анықтамалық еңбек өмірге келмеген екен. Осындай дүниені жасау керек деген ұмтылыс талай рет болғанымен, түрлі себептермен ол жүзеге аспай қалған. Енді соны қолға алуға тура келді. Ақылдаса келе жұмысты «Жәдігер» жинағына қажет құжаттарды жинақтаудан бастадық. Нәтижесінде «Естеліктер ешқашан ескірмейді», «Сарғайса да газеттің ақ парағы, өткен күндер тарих боп сақталады», «Тізімдерде... тұнған сыр!», «Ақындар арнауы», «Басылымның беймәлім беттері», «Сирек суреттер сөйлейді», «Бір адалдық – мың асыл...» деген жеті тараудан тұратын шежіре анықтамалық өмірге келді. Ал содан кейін бес жылдан соң жарыққа шыққан «Егеменқазақстандықтар» жинағы 1919 жылдан 2009 жылға дейінгі аралықтың әр кезеңінде осы газетте жұмыс істеп, еңбек еткен аталарымыз бен ағаларымыздың, замандастарымыздың жүрекжарды сөздері мен пікір, лебіздерін қамтиды. Олардың бұл естеліктері өздерінің ғана емес, газеттің де тарихы мен тіршілік-тынысынан толық хабар береді. Оны жинақтағы «Бастау» (1919-1939), «Даму» (1939-1959), «Өсу» (1959-1989), «Кемелдену» (1989-2009) деген тарау аттарының өзінен-ақ байқауға болады. Бұл жинақтар бүгінде көпшілік сұранысына ие еңбектерге айналды. Оларды «Егемен Қазақстанның» шежіресі, энциклопедиялық анықтамалығы десе де болады.

Өткен 20 жыл ішінде газеттің күнделікті нөмірін шығаруға атсалысудан басқа, жоғарыдағы атап айтқан істерге бастамашы болып, жүзеге асырудан өзге менің аға басылымға төртінші бір қосқан үлесім ол – қаламымды қолымнан тастамай, «Егеменнің» атақ-абыройын арттырар жақсы мақалалар жазуым дер едім. Ойлап отырсам, осы газетке келгелі бері 150-ге жуық дүниені өмірге әкеліппін. Солардың ішіндегі «Шахматтағы Уфимцев қорғанысы», «Балуан Шолақтың келіні», «Диссидент», «SOS белгісі», «Номад», «Тянь-Шанның ковбойы», «Контр-адмирал Комратов», «Автоматтың атасы», «Сарыарқаның Сетон-Томпсоны», «Ас!», «Мойынқұмдағы Гулливер», «Ресейдегі қазақ батырлары», «Жат елде» және басқа туындылар газеттің имиджін көтерген мақалалар болды.

...Ойды ой қозғайды. Қазір жоғарыдағы сұраққа жауап беріп отырғанымда, көз алдыма бұдан көп жыл бұрынғы көрініс келді. 1973 жылдың 23 қыркүйегі еді. КазГУ-дің журналистика факультетіндегі бесінші курс студенттері біз баспасөз кабинетіне жиналып, ұстаздарымыздан келесі жылдың көктемінде қорғайтын диплом жұмысымыздың тақырыбын бекіттіріп алып жаттық. Кезек маған келгенде, профессор Тауман Салықбайұлы Амандосов: «Сен «Публицист Ұзақ Бағаевтың өмірі, творчествосы және журналистік шеберлік ерекшеліктері» деген тақырыпты аласың» деді. Сөйтті де бұл жұмысқа жетекші өзі болатынын айтып, алғашқы тапсырмаларын беріп те тастады.

Сол күннен бастап мен Ұзақ Бағаев редактор болған «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетіне, оның кітаптары сақталған А.С.Пушкин атындағы орталық кітапханаға, марқұмның Шевченко мен Төлебаев көшелерінің қиылысында орналасқан үйіне жиі барып, қажетті деректерді жинастыруға бел шеше кірісіп кеттім. Соның нәтижесінде 1974 жылдың ­маусым айында диплом жұмысым дайын болды. Комиссия төрағасы, өзі де бір кездері «Социалистік Қазақстанның» редакторы болған Кеңесбай Үсебаев ақсақал талқыға түскен жұмысыма өте жақсы деген баға берді де, сәт сапар тіледі.

Содан мен республикалық «Лениншіл жас» газетіне орналасып, онда 14 жыл, «Қазақстан коммунисі» журналында 5 жыл, парламенттік «Халық кеңесі» газетінде 5 жыл, «Астана ақшамы» басылымында 1 жылға жуық жұмыс істеп, «Егемен Қазақстан» газетінің табалдырығын бас редактордың орынбасары болып аттаған 5 жылдан кейін 2003 жылғы 23 қыркүйекте аға басылымның бас редакторы лауазымына тағайындалдым. Бұл бір кездегі «Социалистік Қазақстан» газетінің редакторы Ұзақ Бағаевтың орны ғой. 1973 жылғы 23 қыркүйек және 2003 жылғы 23 қыркүйек... Арада 30 жыл өткенде болған оқиға бұл. Сәйкестілік пе, сабақтастық па, жоқ әлде сәттілік пе... Үшеуінің де әсері бар сияқты. Осыны ойлағанда таңданамын. Таңданамын да тәубе деймін! Қазақ баспасөзінің маңдайына басқан өзіндік тарихы, бет-бейнесі бар төрт басылымында абыроймен жұмыс істеп келіп, бесінші – аға басылымға ат басын тірегенде еңбегім жанған мен бақытты адаммын. Иә, нағыз бақытты адаммын!

 

ҚАТАРЫНА КІМДІ АЛЫП,

КІМДІ ҚОЮДЫ ҚАРИЯ

ТАРИХТЫҢ ӨЗІ ҒАНА БІЛЕДІ

 

– Қазіргі журналистика туралы ойыңыз...

– Бұл бүгінгі ақпарат құралдары деген сөз ғой. Иә, оның дамуы мен беталысы ғаламат. Мұны осы медиа әлемінің техникалық жарақтандырылуынан-ақ анық байқауға болады. Мысал керек пе? Айтайын. ХХІ ғасырдың табалдырығын ­аттар алдында журналист біздің қолымызда қалам мен фотоаппарат, жұмыс бөлмелерімізде «Ятрань» жазу машинкасы мен магнитафон ғана бар еді. Ксеркөшірме аппараты мен компьютер кешені бір-екі ғана, оның өзінде ол редакцияның баспаханасымен байланыс жасайтын арнаулы кабинетінде ғана тұратын. Яғни бұлар газеттің шығармашылық ұжымына қолжетімді емес еді.

Ал одан бергі 19 жыл ішінде ше? Керемет! Тілші, репортерлер алдымен диктофон, пейджер келді. Іле-шала оларды өзінің дыбыс жазып, суретке түсіретін құрылғысы бар «Kcell» жүйесіндегі ұялы телефондар алмастырса, қазір бұларды айпад, айфон, уатсап басып озды. Осының нәтижесінде жаңалық атаулыны қас-қағым сәтте естіп, ол ақпаратты редакцияға кез келген жерден сол мезетте жіберу жылдамдығы артты. Иә, бүгінгі БАҚ тез әрі ұшқыр-ақ.

Бірақ осыған қарамастан бәрібір ол дәстүрлі журналистика талаптары жағынан алып қарағанда мықтап ақсап жатыр. Оны бүгінгі медианың «бел баласы» әлеуметтік желі жұмысынан байқауға болады. Бірінші, бұлардағы өнімдердің бәрі тақ-тұқ еткен құрғақ ақпарат. Талдау, сараптама жоқ. Екінші, олардың сайт парақшаларына қойған «туындыларындағы» қате сөздер мен сауатсыз сөйлемдерден аяқ алып жүре алмайсың. Үшінші, әлеуметтік желі авторлары өз материалдарындағы мәліметтерді қайдан алып отырғанына сілтеме жасамайды. Демек, жауапкершілік жоқ деген сөз. Төртінші, мұндағы эрудициялық әлеует өте төмен, этикалық принциптер сақталмайды. Бесінші, бәрінен де ең қорқыныштысы жасанды, бұрмаланған негіздегі фейк жаңалықтардың жандануы. «Оның қауіптілігі сондай, – дейді саясаттанушы Андрей Бузаров, – әлеуметтік желіге түсіп кеткен фейк жаңалықтар жұртшылыққа өмірде болған шын, нақты оқиғалардан бұрын өңі өзгертіліп жетіп үлгеретінінде».

– Ал дәстүрлі журналистика ше?

– Мұндағы мақалаларда сараптама мен талдау бар. Қажет десеңіз, зерттеу де қоса жүргізіледі. Содан соң бұл саладағы редакция қызметкерлері қажетті деректерді көлденең көк аттыдан емес, мемлекеттік органдарға арнайы хат жазып, мәліметтерді солардан алады. Сөйтіп, олар өздері жазған материалға ерекше ұқыптылық танытып, жауапкершілік үлгісін көрсетеді. Мұнымен қатар дәстүрлі журналистика өкілдері сауаттылыққа керемет мән береді. Газет-журналдан қате жібермеу – олардың өмірлік ұстанымы, басты кредосы. Сондай-ақ кәсіби журналистер қандай жағдайда болсын, өзгелерден өзінің білім деңгейі, мәдениеттілігі мен адамгершілік қасиеттері жағынан ерекшеленіп тұрады. Ал бұл қазіргі қоғам жағдайындағы ең керек, қажет өлшемдердің бірі. Дәстүрлі журналистикаға қатысты соңғы айтар ойым – мұндағы әріптестерімнің адамға деген құрметі. Олар журналист – өмір барлаушысы, журналистика өмір мектебі екенін терең түйсінген жандар. Бұлар өздерін дұрыс жағынан көрсеткен отандастарымыздың бәріне сүйіспеншілікпен қарайды. Қамқорлық танытып, қажет жерінде қол ұшын да беріп, жақсылықтарына қуанып, жетістіктерін жұртшылыққа көрсетеді. Әділетсіздіктен қорғайды. Біреу осылай деді екен деп ешкімді қараламайды. Құдай бізге, міне, осындай ізгі миссия­ны орындауды жазған. Содан талмай, адаспай жүрсек екен деймін.

– Бәрекелді! Енді соңғы сұрақ. «Ана тілі» көп уақыттан бері тұлға, оның қоғамдағы орны, мұндай деңгейдегі отан­дастарымыздың ұрпаққа берер үлгісі туралы жүйелі түрде әңгіме қозғап келеді. Сізден сұрайын дегеніміз, осы мәселенің екінші жағы. Қалай ойлайсыз, телеарналарда көрсетіліп, газет-журналдарда жазылып, тойларда таныстырылып жүргендердің бәрі жоғарыдағыдай атқа лайық па?

– Тұлғаның аты – тұлға. Ол – «личность». Бұлар жұртқа о бастан-ақ белгілі болып тұрады. Оны дәлелдеудің қажеті жоқ. Сонымен қатар өмірде сұлбалар да бар. Мұндайлар «силуэт» делінеді. Айтайын дегенім, міне, осылар туралы. Бұлар әдеп дегенді білмейді. Обал-сауапқа қарамайды. Ұят туралы айтып отырып, ұятсыздық жасайды. Олардың насихат технологиясы − телеарналардағы жарқ-жұрқ еткен ток-шоу, газет-журналдардағы ақылы негізде жазылған мадақ мақалалар. Ойлары – жалған жарнама арқылы елге танылу, тарихта қалу. Бірақ тарихтың сахнасы тар ғой. Оған көп ешкім сия бермейді де. Қатарына кімді алып, кімді қоюды қария тарихтың өзі ғана біледі. Осыны ұмытпайық.

– Әңгімеңізге көп рақмет!

– Мархабат.

7946 рет

көрсетілді

11

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы