• Руханият
  • 22 Шілде, 2021

Жұбановтардың жалғасы

Асқар ағай туралы айтқанда балаларының соңы, немерелерінің алдының жасындағы біз сияқты институт жастарының санасына «қазақ тіл ғылымының қолданбалы лингвистика саласының негізін қалаушылардың бірі, атақты профессор Құдайберген Жұбановтың ұрпағы, заманымыздың ірі ғалымы» деген ой бірінші болып оралады. Ағайдың тіл ғылымындағы тұтастай бір саланы қалыптастырып, дамытуға сіңірген еңбегін  бір мақала көлеміне сыйдырып айту мүмкін емес. Оның үстіне өзінің барлық шығармашылық даму жолы қазақ қолданбалы лингвистикасының даму ­жолымен қатар жүрген ағайымыздың еңбегін талдап, терең көрсету осы салада енді ғана білімін жетілдіріп жатқан біз үшін қолдан келе қояр ма екен?

Институтқа алғаш аспирант болып келген 70-жылдардан  бастап алқалы жиындар мен талас-тартысы қызық өтетін диссертациялық қорғауларда, семинар, дөңгелек үстел, ғылыми конференцияларда әрбір аға ғалымымыздың ғылымның қай саласын зерттеп-зерделеп, қай тақырыппен «ауырып» жүргенін баяндамаларынан, пікірталастағы сөзінен біліп, санамызға түйіп жүретінбіз. Сол кезден есімде мықтап жатталып қалыпты, Асқар ағайдың көтеретін мәселелері үнемі төмендегідей үш үлкен тақырып төңірегінде өрбитін: қазақ сөздерінің картотекалық базасының негізінде автоматтандырылған сөз қорын жасау, қазақ тілінің статистикалық мәліметтерін сөздіктер түрінде шығару, қазақ тілінің ұлттық корпусын жасау.

Компьютерлік техника мүлде жоқ, мүмкіндігі қазіргіден әлдеқайда шектеулі электр есептеуіш мәшинесінің енді ғана тілтанымдық мәліметтерді өңдеудің құралы болып танылып келе жатқан сол тұста Асқар ағайдың бұл идеялары тіпті жастардың өзі үшін де «утопия» сияқты көрінетін, қанша нанымды болса да, алыс болашақтың еншісіндегі мәселе сияқты қабылданатын.

Осы арман-мақсатына жету үшін кезінде ұстазы Қалдыбай аға Бектаев негізін қалап кеткен, өзі табан аудармай еңбек етіп жүрген бөлімінде маман тапшылығы мәселесін шешіп, техникалық базасын жасақтап, қолданбалы тілтаным мамандарын даярлау ісін жолға қоюды ағай үнемі «шырылдап», Ғалымдар кеңесінің әрбір отырысы сайын айтып жүретін. Тіл ғылымы деген ұшы-қиырсыз терең теңіздің жағалауына жаңа келген біз үшін сол кезде ағайдың айтып жүргендерінің мәнісі қазіргідей түсінікті емес еді. Жасыратыны жоқ, осы кісі неге бір мәселені қоя береді деп таңғалатынбыз, «не деген табандылық» деп кейде тамсанатынбыз да.

Сөйтіп жүріп, ағайдың қаншама ғылыми еңбегі мен оқулық, оқу құралы тұсаукесерлерінің, қаншама шәкіртінің ғылыми жұмыстары қорғауларының, қазақ тілінің картотекалық қорын сандық жүйеге түсірген жобаларының, әзірлеп шығарған жиілік сөздіктерінің, қазақ тілінің ұлттық корпусының алғашқы жобасының куәсі болғанымызды байқамай да қалыппыз.

Өткен ғасырдың  90-жылдарынан бері, қарап отырсақ, ағай өз алдына қойған мақсаттарына бірте-бірте жетіп отырыпты. Сөйтіп, өзі сүйсіне айналысқан, зерттеген ғылым саласын да жетектеп жүріпті. Барлығын айта алмасым анық, бірақ мыналарды ерекше айтқым келеді.

Біріншіден, Ахмет Байтұрсынұлы өзі құрып, тұңғыш төрағасы болған халық ағарту комиссариаты жанындағы Академиялық орталықтың (1921-1922 жж.) кезінен басталып, бүгінге дейін жалғасқан қазақ сөзін жинау, жүйелеу, хатқа түсіру, сандық жүйеге ауыстыру ісін Тіл білімі институты үзбей жүзеге асырып отырса, осы сөздік қорды электрондық форматқа түсіру жұмыстарын атқарған ғалымдардың жетекшісі Асқар ағай болды. Бүгінгі күні институт жанындағы Ұлттық сөздік қордағы 5 миллион карточкадан тұратын қағаз базаның жартысынан астамы Асқар ағайдың жетекшілігімен электрондық жүйеге көшірілді.  Терминологиялық түсіндірме сөздіктер мен екі тілді терминологиялық сөздіктерін, қазақ тілінің біртомдық, онтомдық, екітомдық сөздіктерін, онбестомдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігін», т.б. еңбектерді автоматты пішінге келтіру істерін басқарды.

Екіншіден, Асқар ағайдың кандидаттық, докторлық диссертациялары мен ғылыми еңбектері қазақ тіл біліміндегі қолданбалы тілтанымдық саланың бірнеше бағытының дамуына теориялық негіз жасады: ол – статолингвистика, инженерлік лингвистика, тілтанымдағы математикалық ­модельдеу, корпустық лингвистика, сөздік қорды автоматтандыру жүйесі, т.б. Ғалым лингвостатис­тика саласын компьютерлік лингвистика саласымен ұштастырып, формалды модельдеу мәселесі ­бойынша докторлық диссертация қорғап, осы бағытта бірнеше монография мен оқу құралдарын шығарды. 2002 жылы А.Жұбановтың «Основные принципы формализации содержания казахского текста» атты докторлық монографиясы қазақ қолданбалы лингвистикасының болашақ дамуына қосылған елеулі үлес ретінде саналды.

Үшіншіден, Асқар ағай Жұбанов қоғамға қажетті тілтанымдық өнім беріп отырған институтымызда беделді деген бөлімнің жас кадрларын дайындау, қалыптасқан кадрлардың біліктілігін жетілдіру ісін талай жыл ғылыми ізденісімен қатар алып жүрген ұстаз-ғалым. Ағайдың төл шәкірттерін былай қойғанда, басқа салада жүріп, қолданбалы тілтанымға қызығып, осы салаға бет бұрған институттың жас мамандары аз емес. Сондай қатарластарымыз қазіргі Қолданбалы лингвистика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымының докторы Айман Жаңабекова, грамматика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымының докторы Орынай Жұбаева сынды біз де ағайдан статолингвистика, статолингвистикалық лексикография, корпустық лингвистика, ұлттық тілдің корпустық ресурстарын жасау, корпусық белгіленім жүйесі ­туралы құнды білімдер алуға жарағанымызды мақтан тұтамыз, ол кісіні қолданбалы тіл ғылымындағы ұстазымыз деп санаймыз.

Төртіншіден, Асқар ағай –  педагог-ғалым. Ол кісі профессор Элеонора Сүлейменованың мұрындық болуымен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де алғаш ашылған Қолданбалы лингвистика мамандығы бойынша осы пәннің ғылыми курсы оқулықтарын жазған, өзі дәріс оқыған Қазақстандағы тұңғыш профессор. Асқар ағайдан дәріс тыңдап, дипломдық жұмыс алып, қорғап келген бітірушілер бүгінде еліміздегі ғылыми-лингвистикалық орталықтарда қолданбалы лингвистика саласының мамандары болып жұмыс істеп жүр. Институтымыздың бөлімін де ағайдың өзі тәрбиелеп оқытқан бұрынғы студент, бүгінгі жас мамандар толтырып отыр.

Бесіншіден, профессор Асқар Жұбанов ұстазы Қ.Бектаевтың ісін жалғастырушы, қазақ лексикографиясындағы статолингвистикалық еңбектерді жасаушы алғашқы ғалымдардың бірі, бірі емес-ау, бірегейі десек қателеспеспіз. Себебі алғашқы жиілік сөздіктерді ұстазы Қалдыбай аға Бектаевтың жетекшілігімен шығарып жүріп, ағай олардың заманға қарай жетілген, кеңейген түрлерін әзірлеуді, бұл істі үзбеуді, сол үшін шәкірттер тәрбиелеуді қолға алды. Табандап жүріп, бір өзі қанша жиілік сөздіктің авторы болды, жиілік сөздіктің қоғамға қажет еңбек екенін түсіндіре алды және қажеттілікті тудыра білді, бір қызығы, сол қажеттіліктен туған жиілік сөздіктер шынымен де қоғам үшін таптырмас құралға айналды, тіл үйретуге, тіл зерттеуге пайдасы мол қаншама құнды мәліметтерімен жұртшылықты қуантты.

2016 жылы Асқар ағайдың арнаулы ғылыми редакторлығымен шыққан «Жалпы білім берудегі жиілік сөздік» те бүгінгі жұртшылықтың сұранысына жарады.

Институттың ғалымдар ұжымы 2016 жылы «Қазақ  тілінің ұлттық корпусын жасау және әзірлеу» ғылыми бағдарламасының нақты міндеттерімен қатар аталған жиілік сөздікті әзірлеудің, сонымен бірге оның негізінде  қазақтілді  емес  мектептердегі қазақ тілінің лексикалық-грамматикалық минимумын, минимум бойынша бастауыш деңгейде тіл үйренушілерге арналған «Дуолингво» типіндегі қолтелефонға арналған интерактивті қосымша мен бүлдіршіндерге арналған белсенді лексикалық бірліктерді жаттатып меңгертетін интернет желісіндегі ойын қосымшасын әзірлеу сияқты көп міндетті қоса орындап, аталған өнімнің бәрін әзірлеп көпшілік игілігіне ұсынды. Бұл өнімдерді жасау барысында басқа ұжымнан бірге орындаушы мамандар да іске тартылғанымен негізгі күш институттағы ғалымдарға, әсіресе жас мамандарға түсті.

Бір жағы, бұл зерттеулер қоғам алдындағы мемлекеттік тілдің қолданыс аясы мен ­сапасын жақсартуға қатысты мәселелерді шешуге септігін тигізетін маңызды еңбектерді жарыққа шығаруға мұрындық болса, екінші жағынан, ұжым жастарының жаңа салаға төселіп, біліктіліктерін шыңдай түсуге зор мүмкіндік жасады, басқаша айтқанда институттың кадрлық құрамының әлеуетін тағы бір деңгейге арттыра түсті.

Аға ғалымдардың тәжірибесі, олардың бастан-аяқ жастардың жанында жүріп, кеңес беруі мен ғылыми жетекшілігі, міндеттері көп бұл істің жемісті аяқталуына жеткізді. Сол ғалымдардың ішіндегі бірегейі – профессор Асқар Құдайбергенұлы Жұбанов болды.

Ағайдың тәжірибесіндегі осы жаңа еңбекті жасауға институт ұжымының жастары ерекше ынтамен, құлшыныспен қатысты. Жұмыс барысында Сөздігіміз бұрынғы тәжірибеге сүйенбесе, ойымыздағыдай мұншалық сапалы болмайтынына көзіміз әбден жетті. Қазақ тілінің бұл үлкен жиілік сөздігінің әзірленуіне тілтанымдық теориялық негіз лингвостатистика саласының қалыптасып, дамуы арқылы жасалды. Қазақ тіл білімінде ХХ ғасырдың 70-жылдары осы саланың дамуына ғалым Қалдыбай Бектаев, ал жетілуіне, заманға ілесіп, жаңғыруына ерекше еңбек сіңірген профессор Асқар Жұбанов болды.

 Қазіргі кезде жаһанданумен байланысты ұшы-қиырсыз ақпарат ағынын игеру мақсатында шетел және орыс тіл білімінде орасан зор нәтиже беріп отырған тілдік корпустар сияқты қазақ тілінің ұлттық корпусын жасау қажеттігі туды. Ұлттық корпустар құрастыру мәселесі шетел тіл білімінде ХХ ғасырдың 60-жылдарынан, орыс тіл білімінде ХХ ғасырдың 80-жылдарынан бастау алса, қазақ тіл білімінде мәтіндер корпусын жасау ісі соңғы жылдары ғана арнайы зерттеле бастады. Бұл ретте де қазақ тілінің корпустық лингвистика мәселелері тағы да А.Жұбановтың бастамасымен көтерілді.

А.Жұбанов тілдік корпустар құрастырудың қиындығы мен күрделілігін айқын тани отырып, қазақ тілінің ұлттық корпусын құрастыруды орталықтандыру, яғни мемлекеттік дәрежеде жұмыла кірісу қажеттігін алғаш айтып, бұл ойын 2014 жылы «Ана тілі» газетінде жариялаған болатын. Ғалым былай дейді: «Ұлттық тіл мәтіндерінің компьютерлік корпусын құру жобасы бір ғана ғылыми ұйымның шешетін мәселесі емес және ол зерттеу жұмысы 3-5 жылда аяқтала қояды деуге де болмайды. Себебі бұл аса күрделі және оның нәтижелері әлемдік дәрежедегі аса маңызды ғылыми жұмыс болып саналады. Зерттеу жұмысының мақсатына сай орындалатын міндеттері де сала-салаға, кезең-кезеңге бөлініп, тек қана ғалымдар қауымдастығын құру арқылы ғана ауқымды нәтижеге ие болары сөзсіз. Қазақ тілінің тілдік корпустарын жасау – көп болып жұмылып атқаратын ұлттық құндылығымыз. Сондықтан Қазақстанның әр жерінде бір-бірінен дербес атқарылып жатқан корпус жасау ісін орталықтандыру керек. Оған Қазақстанның әр жерінде ғылыми-педагогикалық қызмет атқарып жүрген ғалымдардан арнайы лингвистикалық топ құру керек. Өйткені тілдік бірліктерді модельдеу – өте күрделі мәселе. Сондай-ақ тілдік корпустар құрастырудың өзі ең алдымен лингвистикалық белгіленім талдамасын жасауға тіреледі. Осы кезге дейін жасалып жатқан корпус жасау тәжірибесіндегі нәтижелерді бір орталыққа жинақтау керек. Кітап, газет-журнал шығаратын баспалармен шартқа отырып, олардан мәтіндердің электронды нұсқаларын алу қажет».

Асқар ағай көтерген Қазақ тілінің ұлттық корпусы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында орындалған ғылыми жобалар негізінде қазақ әдеби тілінің әртүрлі стильдерін қамтитын (көркем проза, поэзия, ғылыми және ісқағаз мәтіндері, публицистикалық мәтіндер) аннотацияланған мәтіндер корпусының алғашқы нәтижесі ретінде компьютерлік бағдарламамен жұмыс істейтін корпус сайты (qazcorpus.kz) жасалды.

«Қазақ тілінің ұлттық корпусы»  мәтіндік базасының көлемі – 30 миллион сөзқолданыс. Оның ішінде көлемі 14 миллион сөзқолданыстан тұратын мәтінге 16-21 параметрлік метабелгіленім (мәтіннің авторы, автордың жасы, мәтін тақырыбы, жазылған стилі, жанры, мәтін типі, дереккөзі, т.б.) енгізілген.

Корпустан қажет сөзді іздеу барысында төмендегідей компьютерлік бағдарламалар жұмыс істейді:

–      Іздеген сөз кездесетін сөйлемдер легін шығару (конкорданс);

–      Конкорданстағы кез келген сөзформаны түбір мен қосымшаға автоматты түрде бөлу (лемматизация);

–      Лингвистикалық белгіленімдер енгізу бағдарламасы:

а) морфологиялық белгіленім;

ә) сөзжасамдық белгіленім;

б) лексикалық белгіленім (мағына);

в) фонетикалық белгіленім (дыбыстар сипаттамасы және автоматты буынға бөлу);

г) морфо-семантикалық белгіленім;

– Аталған метамәтіндік және лингвистикалық белгіленімдер бойынша іздеу жүйесі.

Тілдік корпустардың тіл білімінің барлық салаларында қолданылу мүмкіндігі бар. Нақты айтқанда, әртүрлі сөздіктер (жиілік, түсіндірме, аймақтық, фразеологиялық, этнографиялық) құрастыруда, ғылыми грамматикалар жазуда, оқыту жүйесінде және оқулықтар құрастыруда, әдістемелік құралдар жазуда, аударма жұмыстарында, т.б. Тілдік корпустар компьютерлік базаға салынып, бір орталықты басқару жүйесі бойынша жұмыс істейтіндіктен, тілдік зерттеулердің барлығын дерлік нақты фактологиялық материалдармен қамтамасыз етеді.

Ал осындай еңбектердің әзірленуіне өмірін, ғылым жолын арнаған филология ғылымының докторы, профессор Асқар ағай Құдайбергенұлы Жұбановтың тұлғалық, ғалымдық қасиеті қазақ тілтанымы, болашақ қазақ тілтанушылары, жалпы қазақ ғылымы үшін әрқашан да үлгі тұтатын тағылымы мол өнеге болып қала бермек.

А.ФАЗЫЛЖАНОВА,

А.Байтұрсынұлы атындағы

Тіл білімі институты директоры,

филология ғылымының кандидаты

А.ЖАҢАБЕКОВА,

 А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты

 Қолданбалы лингвистика бөлімінің меңгерушісі,

филология ғылымының докторы

1977 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы