• Тарих
  • 22 Шілде, 2021

«КӨШПЕНДІЛЕР» ТУРАЛЫ ӨТКЕН ЖАСЫРЫН ЖИЫН

Кенесары батырдың тарихи жырлардағы бейнесі

Өзім көп жыл ұстаз болып қызмет еткен соң, осы уақытқа дейін ел деп еңіреп өткен батырларымыздың өмір тарихын, ерлігін мектеп оқулықтарында жарытып жаза алмағандығымыз қатты өкіндіреді. Олар жайында ақын-жырауларымыз қаншама тамаша дастандар қалдырды. Олар: «Исатай-Махамбет», «Бекет батыр», «Жанқожа», «Еспембет», «Сұраншы батыр», «Бекболат», т.б. да толып жатқан жыр-дастандарды қазіргі жастарымыз біле ме. Әй, қайдам?! Қалта телефонын шұқылап, шетелдің әнсымағын тыңдап, ұрыс-керіс фильмдерді ғана көретінін бәріміз күнде көріп жүрміз. Ата-ана оған қайтіп «қой» десін, елді ерлікке шақыратын батырларымыз туралы өздері білмесе. Өйткені қазір ҰБТ деген оқушыларымызға сандарды ғана жаттатып, миларын қуыс қалдырды. Ол қуыс ми шетелдік ақпараттармен ғана толығуда (ұлттық идеология бір жүйеге түспеген соң, көрген күніміз сол дағы).

 

Соңғы жылдары ұлт көшбасшысы болған Кенесары Қасымов туралы баспасөзде көп жазылып жүр. Бұл орынды да. Бір кездері тарих беттерінен сызылып кете жаздаған батырымызды ұлықтау – қасиетті парызымыз.

Мақсатымыз – «Ана тілі» газеті көтеріп отырған Қордай асуының ең бір көрнекті жеріне Кенесарыға арнап ескерткіш қою мәселесін біз де құптай отырып, батырдың тарихи жырлардағы бейнесін қайта тірілтіп, ел игілігіне жұмсау. Ел білсін, жастарымыз білсін!

Тарихи  жырларымыздың біразы Кенесары мен Наурызбайдың ерлігіне арналған. Олар Қоқан хандығы мен орыстың қазақ жерін отарлауына қарсы күрес ашып, осы жолда екеуі де мерт болды. Бірақ халық олардың ерлігін ұмытпай, жырларына, дастандарына арқау етіп, кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырды. Ол – қос батырдың қанды көйлек досы болған, жаужүрек сарбаздарының бірі Нысанбай жырау. Ол батырлардың ақылшысы да болған. Сондықтан да батырлар жіберген кемшіліктерді де көзден таса қылмайды. Ақынның:

«Кенесары ер болды,

Ел ішінде бір болды.

Жұртқа тиіп кесірі –

Әркімдерге сор болды.

Ақылменен іс қылмай,

Ақырында қор болды» деуі, батырды табалауы емес, өкініші, күйініші іспетті. Олардың батырлық іс-әрекетіне келгенде тасқын судай таса да біледі, ескен желдей есе де біледі

«Кенесары – Наурызбай

Атағы шықты аңқылдап.

Жауды үркітіп қашырды

Ақ алмастай жарқылдап.

Зәресін алды дұспанның

Найзағайдай шартылдап.

Қасына ерген төлеңгіт

Олжаға батты қарқылдап» деуі жоғарыдағы сөзімізге дәлел бола алады.

Ақынның кейде тарихи шындықтан алшақтау кететін кезі де жоқ емес. Ақынның: 

«Бір күндері болғанда

Тортөбел атын ұрлатты.

Бас себебі сол болып,

Қырғызға қарай жол тартты» деуінен тарихи шындықты жеке бастың тұрғысынан бағалайтынын аңғару қиын емес.

Ал тарихи шындық не дейді? Соған тоқтала кетейік.

«Бөліп ал да билей бер!» деген ежелгі сұрқия саясатты берік ұстаған Ресей патшалығы Абылайдан кейін берекесі кете бастаған қазақ елін бөлшектеп, тіліктеп алып, өз империясына қосып алуға бел шеше кіріседі. Уәли хан, Бөкей хан сияқты ноқталы хандардың аузын майлап, Еділ, Жайық, Тобыл, Есіл, Ертіс бойындағы бекіністерін күшейтіп, ел ішіне дендей кіріп алып, басқыншылық жорықтарын үдете түсті. Орыс патшасының қолшоқпары болған Қоңырқұлжа, Ахмет, Арыстан, Баймағамбет, т.б. сұлтандар Кенесарыға қарсы шығып, ел-жұртты оған ермеуге шақырды. Олардың бұл сатқындық әрекеті өз нәтижесін берді де, соның салдарынан батырдың қолы 12 мыңнан аспады. Оның үстіне Қоқан хандығы да орыс патшасының итаршысына айналып, қырғыздарды да өз айтқандарына көндіре білді.

 «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен алып», жоңғарлықтар шабуылы кезінде қырғыз ағайындар: «Жайлауымыз Алатау, қыстауымыз Талас, Шу болады» деп, осы өңірді басып алған еді. Кенесары бекініс салуын, қазақ жеріне ендей кіруін тоқтатуды талап етіп, Ресей патшасына қанша рет хат жазса да, жауап ала алмады.

Енді тек «найзаның ұшына, білектің күшіне» ғана сенуіне тура келді. Қоқандықтар мен қырғыздарға талай рет достық қолын созды. Ресейге сүйенген олар Кенесарыны менсінбеді. Үшеуі де суқиты әрекетін жалғастыра берді. Үштік одаққа жалғыз күресуге тура келді. Кенесарының алған беттен қайтпайтын қайсарлығын, бірбеткейлігін осыдан-ақ білуге болады. Басқа батыр болса, ойланар еді. Өйткені күш тең емес. Нысанбай жырындағы ­«торала ат» оқиғасы жай сылтау ғана еді. Сондықтан батырдың қырғызға аттануының сыры тереңде жатыр. Нысанбай мұны («торала ат» оқиғасын) жыр оқиғасын әрі қарай өрбіту үшін ғана алғаны көрініп тұр.

«Кекілік» тауында болған соғыста Кене қолы қырғыздарды кері шегінуге мәжбүр етеді. Қатты сасқан қырғыз қолбасшыларының бірі Кәрібоз шарасыздық танытып, Наурызбайға жалынғандай да болады:

«Ей, Наурызбай, ер төрем

Қарайып жүрмін қаныма.

Аза-қорлық көрсетіп,

Қатты баттың жаныма.

Не жазығым бар еді

Кенесары ханыңа?!»

Батыр оған өздеріне не себепті аттанғанын ­былайша түсіндіреді:

«Жақсы айтасың, Кәрібоз

Тату едім сенімен.

...Он екі кісі жібердім

Бекбатырдай еріммен.

Бізге қоныс берсін деп.

Екі ай жатты тұтқын боп,

Жанқараш, Жантай бегіңнен.

Аулыңыз баса қонған соң

Азар шыққан өлімнен:

Жаманқараңды өлтірдім

Өзіңнің салған жолыңмен».

Бұл сөзден Кенесары, Наурызбайдың қырғыздарға өктемдікпен келіп тұрмағанын аңғарамыз. Ұсынған достық қолды кері серпіп, күш көрсетуге шыққан өздері екенін айтады батырлар. Жекпе-жекке жұлқынып шыққан қырғыздың Бидері атты батырын ер Наурызбай найзамен түйреп, атынан төңкеріп жерге түсіреді. Қырғын соғыс тау басында өтеді. Жау – жоғарыда. Кене батыр қолын атқылауға, байқастап соғысуға қолайлы жерде. Тас домалатса да мүмкіндіктері бар. Оның үстіне қырғыздар:

«...Қызықсын деп асуға

Қазына төкті жайнатып.

Асуға төкті тайғақ қып,

Қазанға суды қайнатып».

Қиындық енді басталады. Кене зеңбірегі ойда. Таудағы жауға оғы жетпейді. Түйеге сүйеп қойып атты. Түйелердің белі үзіліп, одан да пайда болмады. Арқан жалғап зеңбіректерін құз басына шығаруға мәжбүр болады. Жау жағы бұл көзсіз ерлікті күтпеген еді.

Бұғыбай, Байұзақ батырлар бастап, отыз жігіт тау басына осылай айламен шығып:

Зеңбіректі бір-екі рет атқанда

Күңіреніп кетті жан-жағы

Қырғыздың шықты дал-далы». Ақын осы соғыс кезіндегі Кененің ақыл-парасатын, айлакерлігін, өлімнен қорықпайтын қайсарлығын:

«...Хан Кене мұны көрген соң

Қалмады сабыр қарары.

Қиын болды батырға

Таудан, шығып барады.

Наурызбайды көрген соң

Өлімнен кетті хабары.

 Шыдай алмай хан Кене

Жауға атой сап барады» деп суреттейді.

Қырғыздар да қарап жатпады. Олар да айла ойлады. Батырды батпақты өзенге қамап, айламен қолға түсіреді. Есіл ер осылай қапыда қаза табады.

Доскей ақын жырлаған «Кенесары» поэмасында Нысанбай айтқан жайларды, оқиғаларды қайталайтындықтан, Нысанбай жырының бір тармағы іспетті. Бірақ біз эпизодта Омбы шаһарының губернаторы Клумзинмен кездескен сәті өте тартымды суреттеледі. Клумзин Кенеге шіркеу басындағы кресті атып түсірсе (садақпен) тілегін орындайтынын айтады.

... «Атсын, – деді, – көрейін,

Мергендігін білейін.

Кресін шіркеу құлатса,

Қалағанын берейін» дейді.

Кенесары:

 «Әруақтарға сыйынып:

Тағы тартты садақты

Басына шіркеу дәл тиіп,

Кресін жұлып құлатты».

Сөйтіп, өзі талап еткен, бұрын Клумзинге қарап келген Ертістің бойын, ел жайлауын қайтарып алады. Доскей ақын бұл жерде Кененің асқан мергендігіне елді тәнті етеді. Есте қалатын қызықты да, мәні зор оқиға.

Жүсіпқожа Шайхысламұлының «Қиса ­Наурызбай төре» дастанында Наурызбайдың ақылдылығы, парасаттылығы, алған беттен қайтпайтын қайсарлығы, жомарттығы, мөлдір таза махаббаты, қайғысы (Ханышайым өлген соң) – бәрі нанымды сүреттеледі: Келінінің сұлулығына сұқтанған Кененің көзі тиіп, Ханышайым қайтыс болған-ды. Батыр өзінің осы әбес қылығына қатты өкінеді. Наурызбайдан бетер қайғырады. Бұл жай – батырдың туған-туысқандарына, келіндері мен бала-шағаларына деген сүйіспеншілігін, мейірімділігін аңғартса керек. Кене хан жұрт айтатындай тасжүрек емес, онда да мол мейірім мен ыстық жүрек, ішті елжіретер бауырмалдық, т.б. адами қасиеттердің бәрін бір басына жинаған жан екендігі тамаша суреттелген. Ақын оқырманның көзін осыған жеткізеді.

Ал, енді жазба әдебиеттегі көркем шығармалардағы Кене бейнесі ауыз әдебиетіндегідей емес, коммунистік идеологияның «Қанішер Кенесарының» бейнесін жасауға зорланып барғанын көру қиын емес. Оған мысал І.Есенберлиннің «Қошпенділерінің» үшінші кітабындағы «Хан Кене». Кенесарының сайын далада жалғыз тұрып: «Мен шешемнен қорқақ болып туған жоқпын. Егер осы мақсаттағы жолымда алдыңғы мақсатымды орындау жолында қорқақтық танытар болсам, өз қанымды өзім ішуге ант етемін!» деп, қылышын сүюі осы кітаптың лейтмотиві іспетті.

Жазушы Кенені қанша қатыгез, қанішер етіп көрсетуге тырысса да, оның сайын далада сағымша ойнап, орыс офицерлерін әбден титықтатуы, олардың жүйкесін тоздыруы, сатқындық жасап, орыстар жағына шыққан жігіттердің бір түннің ішінде бауыздалып кетуі, бұл әрекеттің қалай, кім жасағанын білмей де қалуы – Кенесарының қайтпас қажырын, айлакерлігін, алған бетінен қайтпайтын өжеттігіне дәлел. Жазушы бұндай шындықты аттап өте алмайды. Кенеге қанша күйе жаққысы келсе де, алтынды тот баспайтыны секілді, Кене бейнесі жазушының еркінен тыс жарқырай түседі.

Кененің Жанайдар батырдың өлім мен өмір арасында жатқанда оны аман алып қалу үшін жасаған әрекеттеріне жаның сүйсінеді.

Жазушының Кене ханға іштартып отыратынын әр тараудан-ақ көруге болады.

Мына бір жағдай әлі есімде. Өткен ғасырдың 80-ші жылдары осы «Көшпенділерді» қаралап жазған бір сыншының салақұлаш мақаласы «Социалистік Қазақстанның» бетінде жарық көрді. Жұрт сүйсіне оқитын бұл шығармаға теріс баға берілді. Ел – аң-таң. Бұл қалай? Жұрт сол кездегі әдет бойынша жоғарыда отырған лауазымдыларға жалтақтауда. Олар не шара жасар екен? Не деп қорытынды шығарар екен? Сол мақала Жазушылар одағында талқыланады деген хабар газеттерде жарияланған соң, өтетін күні Жазушылар одағының үлкен залы мен іші-сырты халыққа толып кетті. Сыймағандары шыдамсыздана сыртта «не болар екен» деп, тістерін қайрап, кіжініп жүрді. Жиын мезгілінен кеш ­басталды. Жұрт «сыншыны» қарауылдауда. Есіктен тосып жүр.

Көре қалса, оған қол жұмсауға да кейбірі ­дайын тұр. «Сыншы» сыртқы жасырын есіктен кіріп кетіпті. Сірә, жұрттың зәрінен қорыққан болар. Ол кіргенде зал гулеп қоя берді. Жиынды басқарып атырған Әнуар Әлімжанов жұрттың гуілін әрең басты.

«Адамдар залға сыймай, көбі далада тұр. Басқа уақытта, басқа кеңірек жерде өткіземіз. ­Газеттерде хабарландыру болады» деп, жұртты әзер көндірді. Бірақ ешқандай хабарландыру болған жоқ. Кейін білгеніміздей, жиын «жасырын» өтіп, өгіз де өлмейтіндей, арба да сынбайтындай етіп, «жоғарғы» жаққа қаулы жіберген көрінеді. Бұл жайлы кейін Әнуар Әлімжановқа басқа бір мәселемен кіргенімізде, асықпай отырып, осы жөнінде әнгімеледі. Өзінің қөзқарасы – оң. «Жоғарғы» жақ қана түртпектеуін қоймайды екен. Осы турашыл мінезінің арқасында кейін І.Есенберлинмен бірге өзі де Лениндік сыйлықтан құр қалды. Грузиндер Думбадзені қолдап Мәскеуге ұшақ жалдап,  гүл жіберсе, біз қазақтар Есенберлинге сыйлық берілмесін деп, екінші ұшақпен «арыз-хат» жолдаппыз. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, ұстарасыз аузыңа түсті мұртың» деп зарланған Абай сөзін көзге де ілмедік.

Қорыта келе айтарым, Кене ханның жұрт іздеген басы табылсын, табылмасын, оның өз халқына деген ерлік істері – бәрімізге үлгі-өнеге болуы тиіс. Иісі қазақ тұрғанда Кене ханның рухы ешқашан да өлмейді. Мен осыған сенемін.

Тұрсынбек ЕШЕНҚҰЛОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

жазушы, Қазақстан халық

ағарту ісінің үздігі

 

1726 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №21

22 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы