• Руханият
  • 22 Шілде, 2021

«НАМЫСТЫ АЛА КЕТІҢДЕРШІ МЕНДЕГІ!»

Нұрболат Сұлтанғазиев         
«Ana tili»

Осы кезге дейін Олимпиада ойындары бірнеше мәрте болмай қалған. Бәрінің себебі бір – соғыс, қақтығыс. Кәрі тарих былай дейді: 1916 жылы Бірінші дүниежүзілік соғыстың, 1940 және 1944 жылдары Екінші дүниежүзілік соғыстың кесірінен Олимпиада ойындары өтпей қалған. 1980 жылы КСРО-да өткен Олимпиадаға Кеңес әскерінің Ауғанстанға енуіне қарсылық ретінде әлемнің 65 мемлекеті қатыспаған. 1984 жылы АҚШ-та өткен Олимпиада ойындарына ҚХР, Югославия мен Румынияны қоспағанда, социалистік елдердің барлығы барған жоқ. 
Міне, содан кейінгі уақытта Токио олимпиадасы бір жылға кері ысырылды. Себеп – күллі әлемді «бір тарының қауызына сыйдырған» пандемия. Бұл пандемия күллі адамзат баласының құндылықтарын қайта қарауға себеп болды, дүниежүзін адамзаттық, салауатты өмір салты, бейбітшілік, татулық мақсатында біріктіретін түрлі басқосуларды кейінгі күнге қалдырды. 

Пандемияның кесірінен күллі әлемді өлім көбірек әлдилеп кеткендей көрінді. Шекаралар жабылды, карантин режимі талай көңіл жұбататын орындардың есігін тарс бекітті, әлем күлуден қорқып қалғандай көрінді. Пандемияның кесірінен талай жақынымыздан айырылдық, қимасымызды жер қойнына тапсырдық. Талай адам екі дүниенің қақ ортасына барып келді. Жазылып тұрғаны да түрлі ауру жамап, қорқыныштың көрпесін бір жамылып үлгерді. Енді, міне, дәрігерлерден бөлек, психологтар адам баласының үрей жетегіне жиі кетіп қалып жатқанын айтып дабыл қаға бастады.

Осындай алағай да бұлағай уақытта татулықты, салауатты өмірді, достықты, денсаулықты насихаттайтын, елдің еңсесін аздап болса да көтеретін рух – көк тудың көкте желбірегені, әнұранның асқақтағаны емей, немене? Ендеше осы жағдайда әлемнің барлық елінің де, біздің де Олимпиададан күтетініміз көп. Карантин жағдайын қатаң сақтап, үй-үйден алысқа ұзамай қалған осы күндері Жапон аралдарынан жеткен сүйінші хабар біздің де жүрегімізді тербейтін, көңілімізді көтеретін болады. Спортшыларымыз бағындырған биіктер бізді де сүйсінтеді. Ал мына жабыққан бүгінгі әлемде әрбір сүйініш көңілге медет. Спортшыларымыз күллі елдің намысын ғана емес, көңіл-күйін де, мақсат-мұратын да өздерімен бірге Жапон еліне ала кеткенін біледі. Олардың жеңіске жақындаған әр қадамы мына жақта үйде «тақымын қысып» отырған әр адамның мерейін асырады. Біз де Тұманбай ақынша «Намысты ала кетіңдерші мендегі» дейміз спортшыларға қарата. Біздің ­намыс, олардың өз бойындағы намыс пен ерік-жігер үлкен шыңдарды бағындыратынына сеніміміз мол. Осы уақытқа дейін қазақ қатысқан Олимпиаданың өкініші болған емес...  

Сонымен, сегізінші тамызға дейін созылатын төртжылдықтың басты додасында Қазақстанның жүзге жуық спортшысы спорттың 27 түрі бойынша ел намысын қорғайды.

Бұған дейінгі Олимпиадалар тарихына көз жүгіртсек, Қазақстан тәуелсіз ел ретінде бірінші мәрте қатысқан 1996 жылғы Атланта Олимпиадасында 96 спортшымыз спорттың 14 түрі бойынша бақ сынаған болатын. Одан кейін 2000 жылы Сиднейде спорттың 17 түрінен 130 спортшымыз ел намысын қорғады. 2004 жылы Афинада да спорттың 17 түрінен 119 жеңімпазымыз Олимпиада жүлдесі үшін сайысқа түсті. Ал одан кейінгі, 2008 жылғы Бейжің Олим­пиадасында 132 спортшымыз спорттың 22 түрі бойынша бақ сынаған болатын. 2012 жылы Лондонда 20 спорт түрінен 115 спортшымыз жарыс жолына шықты. Одан кейінгі Рио Олимпиадасында 17 спорт түрінен 104 олимпиадашыларымыз қатысты. Осы алты Олимпиадада жерлестеріміз жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Мәселен, Атлантада 3 алтын, 4 күміс, 1 қола, барлығы 11 медаль олжаласақ, Сиднейде 3 алтын, 4 күміс, барлығы 7 медаль алған болатын. Афинада 1 алтын, 4 күміс, 3 қола, барлығы – 8 медаль. Бейжіңде 2 алтын, 2 күміс, 4 қола, барлығы 8 медаль алды. Лондондағы додада 11 медаль, 3 алтын, 1 күміс, 7 қола олжалады. Риода жерлестеріміз жалпы саны 18 медаль иеленді. Ал қазақстандық спортшылар Бразилияда 3 алтын, 5 күміс және 10 қола медаль алды. Бұл жолғы додада да спортшыларымыз олжалы оралады деп ел күтіп отыр. 

Каратэ бойынша лицензияны ұтып алған Дархан Асаділов, Нұрқанат Әжіқанов, Данияр Юлдашев пен Мөлдір Жаңбырбай, Софья Берульцева, ал құзға өрмелеуден Ришат Хайбуллин Олимпиадада жүлде үшін таласады.

Сонымен қатар жеңіл атлет Ольга Рыпакова Қазақстанның биылғы олимпиадалық құрамасының көшбасшысы болатыны анық. Бұл дода Ольганың төртінші ­Олимпиадасы. Бүгінде оның қоржынында Олимпиа­да медальдарының толық жиынтығы бар. Осыған дейінгі қатысқан барлық Олимпиада ойындарында ол елге абыройлы оралған болатын.

Су добынан Қазақстанның ерлер құрамасы қатысады. Ал Қамшыбек Қоңқабаев бастаған бокстан ерлер командасы Олимпиадаға толық құраммен, яғни сегіз салмақ бойынша бақ сынайды. Қыздар құрамасы болса бір ғана жолдамаға ие болды.

Гимнаст Милад Карими жеті жолдаманы еншілеп, нағыз шебер екенін көрсетті. Енді Олимпиадада бағы жансын деп тілейміз.

Спортшыларымыз жүзу ­спортынан үш жолдама алған болатын. Оның екеуін Рио Олимпиадасының чемпионы ­Дмитрий Баландин иеленген еді. Ал ­Руслан Құрбанов Халықаралық семсерлесу федерациясының жеке рейтингі бойынша құрлықтық квотаны жеңіп алған алты спортшының қатарына енді.

Еліміздің үш велошабандозы топтық жарыста бақ сынайды. Мұндай нәтижеге қол жеткізуге команда көшбасшысы Алексей Луценко үлкен үлес қосты. Ол Қазақстанға жалпы алғанда Азия құрлығының бірде-бір мемлекеті еншілемеген ұпайды жинады. Тректегі велоспорт бойынша үш лицензия жеңіп алды. Садақ атудан Қазақстаннан үш садақшы олимпиадада командалық жарысқа қатысады.

Палуандарымыз 11 жолдаманы жеңіп алды. Токио төрінде белдесетін ­татами шеберлерінің арасында тәжірибелі ­палуан Елдос Сметов те бар. Жанкүйерлер олардан Олимпиададан да жүлде күтеді. Бұл жолы жеңіл атлеттеріміз де ерледі. Олар да 11 лицензия жеңіп алды. Теннисшілер 7 лицензия иеленді. Байдарка мен каноэде ескек есуден 6 жолдама бар. Дзюдошылар да 6 жолдама алған болатын. Үстел теннисінен Қазақстан құрамасының еншісінде 2 жолдама бар. Таэквондо мен слаломды есу бойынша да спортшылар 2 лицензия алды.

Токио Олимпиадасын ұйымдастыру комитетінің айтуынша, Олимпиада Токионың 13 ауданында орналасқан спорт кешендерінде өтеді. Онда әлемнің әр түкпірінен жиналатын спортшылар 33 спорт түрінен 339 медаль жиынтығын сарапқа салады. Бұл жолғы додаға әлемнің 206 елінен 11 090 спортшы қатысатыны белгілі болып отыр.

Жапония Олимпиаданы осымен екінші рет қабылдайды. 1964 жылғы додада әлемнің 93 елінің спортшылары бақ сынаған болатын. Бұл жолғы Олимпиаданың бір ерекшелігі спорт кешендеріне көрермен кіргізілмейді. Жанкүйерлер көгілдір экраннан ғана тамашалай алады. Алғашында ұйымдастырушылар ойынды тамашалауға мыңдаған адамға рұқсат беру мәселесін қарастырған-ды. Алайда уақыт өте келе әлемде індеттің жаңа түрлері пайда болып, жұқтырғандар саны көбейген сайын Олимпиада ойындарын көрерменсіз өткізу шешілді. Жапонияның премьер-­министрі Ёсихидэ Суга өткен аптада Токио Олимпиадасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барын салуға уәде берді.

«Мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қолдан келгенді жасаймын, соның ішінде шекарадағы бақылау шаралары да назарда болады. Бұл ойындарды қауіпсіз өткізу Үкіметтің мойнында екенін бірнеше қайтара айттым» деді премьер-министр Суга.

Токиода 22 тамызға дейін кезекті төтенше жағдай жарияланды. Бұл – елдегі пандемия басталғалы төртінші төтенше жағдай. Kyodo агенттігіне сұхбат берген тұрғындар арасында індеттің тағы өршіп кетуіне алаңдап, қатаң шараның қаншалықты тиімді екенін сұраққа алғандар бар. Десе де, билік өкілдері о­тандастарын түсіністік танытып, бірлесе әрекет етуге шақырып отыр.

Халықаралық Олимпиада комитетінің басшысы Томас Бах Токио-ны пандемия салдарынан туындаған қиын жағдайға қарамастан, Олимпиада ойындарын өткізуге «дайындығы ең мықты» ұйымдастырушы қала ретінде атап өтті. Ол өз сөзінде жапон халқын іс-шараның барлық қауіпсіздік шарасын сақтай отырып өтетініне, сондай-ақ індетпен күресте ең қатаң шаралардың қабылданып жатқанына сенімді болуға шақырды.

«Біздің ортақ мақсатымыз – ойынды қауіпсіз өткізу, сол жолда бірлесе әрекет етеміз» деді ХОК басшысы.

Жапонияның Денсаулық сақтау министрі тұрғындарға жарыстарды үйден тамашалау қажеттігін ескертті.

Ойындардың көрерменсіз өтуі – маңызды шешімдердің бірі екені сөзсіз. Оған Еуропадағы футбол жарысынан кейін коронавирустың «Дельта» штамын жұқтырғандар санының көбейгені туралы хабарлар да әсер еткені анық. Себебі Дания, Финляндия, Ресей, Шотландиядағы науқастардың осы жарыспен байланысы бары анықталған. Осылайша, Үндістанда табылған жаңа штамм әлемге тарап кетті. Алайда оның қайда, кімнен, қалай жұққанын зерттеп отыру мүмкін емес. Сол себепті, жапон билігі халықтың денсаулығына қауіп төндірмес үшін төрт жылда бір келетін ірі жарысты барынша қатаң жағдайда өткізуге шешім қабылдады.

Сонымен, алдағы уақытта Жапон елінен сүйінші хабар күтеміз. Жүзге жуық спортшымыздың бірі алтын, келесісі күміс, енді бірі қоланы еншілеп, ел мерейін арттыра түсетініне сенеміз. Жүзге жуығы барса да, миллиондардың үкілеген үміті екенін олар да біледі, сезеді. Ендеше, бар күш-жігерін сарқып Олимп биігін бағындыруға тырысады. Ылайым солай болғай!

1597 рет

көрсетілді

7

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы