• Тіл
  • 10 Наурыз, 2011

Түргеш-Алаш егемен елі

logotip-tauelsizdikТарихымызда жиі жазылатын, бірақ елдің бәріне түсініксіз болып келе жатқан этнонимдер аз емес. Солардың бірі және бірегейі – «Түргеш» атауы. Осындай атпен орта ғасырларда біздің бүгінгі тәуелсіз Қазақстан аймағында жеке қағанат өмір сүргенін әлемдегі барлық тарихшылар толық мойындап отырса да, «Түргештердің өздері кімдер?» деген сауалға жауап беруге келгенде, олардың этникалық жағынан кейінгі қазақтарға тікелей қатысы барлығын айтуға бара бермейтініміз бар.

Мұның басты себебі, біздің ойымызша, дәстүрлі тарихи деректерге жеткілікті мән бермеуімізден. Сондықтан да Түргеш қағанаты тарихын жазуға атсалысқан академик В.Бартольд бұл этнонимнің мән-мазмұнын түсіндіруден қашқақтаса, ал ежелгі түркілер тарихын қалпына келтіруде қыруар еңбек сіңірген Л.Гумилев Сары түргештерді мукрийлерден, ал Қара түргештерді аварлардан, яғни жужандардан шығарып шатасты. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» десек те, мынаны ескеруіміз керек: ХVІІ ғасырдағы шежірелік деректерде Үйсіндердің үшке – Сарыүйсіндерге (Сары түргештерге), Қара үйсіндерге және Қызыл үйсіндерге бөлінетіндері белгілі. Кейініректе олардың ықпалымен батыстағы көршілері Қаңлылардың бір бөлігі Сары қаңлылар аталса, арада екі ғасырдан соң шығыстан көшіп келген солтүстіктегі Қыпшақтардың бір бөлігі де Сары қыпшақтар аталып кетті. Егер Сары үйсіндерге, қосымшада көрсеткеніміздей, Түргештер жатса, ал соңғы екеуіне – Қара және Қызыл үйсіндерге Бес түрік Дулу бірлестігін құраған қалған төрт тайпалық әскери-әкімшілік бірлестік екіге бөлініп қараған. Олардың қытай жылнамасында көрсетілген аттары – Қойлау, Шимуген, Шыти, Шаныш. Бұлар Шу өзенінің батысындағы Қаңлылар ықпалындағы аймақтарды әскери-әкімшілік тұрғыдан біріктірген бес Нүшбе одағымен бірге «Он оқ елі» деп те аталатын. Жоғарыда айтылған деректерді талдаған, байырғы тарихымызды Қытайда тұрып жазып кеткен, әйгілі зерттеуші Нығмет Мыңжан: «Түргештер – Батыс Түрік қағанатындағы бес арыс ел Дулудың белді тайпасы» деген тұжырымға келген еді. Мұның тарихи шындық екенін қытай деректерімен дәлелдеп Ә.Дәулетхан бауырымыз осы мәселеден диссертациялық еңбек те қорғады. Тағы бір назар аударарымыз: VІІІ ғасырдағы Бес түрік Дулу құрамындағы Түргештерді Алаш атты тарихи тұлғаның басқарғаны. Дулу бірлестігінде және жалпы Түркі қағанатында қабылданған саяси жүйеге сәйкес, жергілікті тайпа бірлестіктерін басқаратындар «чор» деген лауазымға ие болатын. Сондықтан да бұл этносаяси бірлестік қытай жылнамаларында «Түргеш-Алаш-чор ұлысы» деп те көрсетілген. Қорыта келгенде айтарымыз, «Алаш» атауы VІІІ ғасырда «Түргеш» этнонимінің синониміне айналса, ал ХV ғасырдан кейін «Қазақ» этнонимі «Алаш» этнонимінің синониміне айналды. Батыс түрік қағанаты күшті мемлекет ретінде нығайған VІІ ғасырда Түргештер Тарбағатайдың батысынан Іле мен Шу өзендері аралығына дейінгі аралықта өздеріне туыстас Кергештермен бірге көшіп-қонып жүрді және олардың рубасылары біртіндеп Батыс түрік қағанатындағы билікті басып алды. Түргештердің дербес қағанаты 699 жылы негізделді. Оның алғашқы билеушісі Үшелік (Л.Гумилевте – Учжилэ) қаған еді. Ол туралы және оның қаған тағына қалай отырғаны туралы қытай жылнамаларында төмендегідей түсініктеме берілген: «Түргеш Үшелік – Батыс түріктің басқа бір бұтағы. Ол бұрын Құжыраның (Н.Мыңжанда – Ашына Құслы – Т.О.) қол астында Баға тарқан болған еді. Кейінірек Құшыра жазаның рақымсыз түрлерін қолданғандықтан, бұқарасы одан бойын аулақ салды. (Үшелік) өз ұлысына ерекше жанашыр болғандықтан, алыс-жақындағы Хулардың (қытайлықтар түркітілдестерді ұнатпай, осылай атаған – Т.О.) бәрі оған берілді. Оның қол астында әрқайсысы 7000 сарбазға қолбасшылық ететін 20 тұтықтық құрылды. Бұлар Суябтың солтүстік-батысына ірге теуіп, кейінірек бірте-бірте Суябты басып алып (қытай жылнамалары бұл оқиғаның 691 жылы болғанын айтады – Т.О.), ордасын сол жерге көшірді. Шекарасы солтүстік-шығыста Түрікпен, оңтүстік-батыста Ху мемлекеттерімен тұтасып, оңтүстік-шығыста Шижоу, Тиңжоу дуандарына дейін созылды. Елі әбден әлсіреген Құшыра патшайым У (Зэтян) билігі тұсында сарайға бағынды да, өз жұртына қайта баруға батылы жетпеді. Үшелік оның жер-суын өзіне қосып алды». Көріп отырмыз, Ашына әулетінің соңғы тұяқтарының бірі болып табылатын Құшыра қаған шын мәнінде беделден жұрдай болып, ақырында өзінің еліне сенбей, қашып кетіп, Қытайдың әйел патшайымына барып паналады. Мұның өзі Түргеш Үшеліктің мемлекет билігін өзінің қолына алуына толық жол ашты. Біздің ойымызша, осы Үшеліктің бұрынғы чор лауазымында Түргештерді басқарып жүрген тұстағы аты Алаш болған. Үшелік есімі оған қаған тағына отырған соң қосымша берілген деуге негіз бар. Үшеліктің бұрынғы Алаш екендігіне тағы бір дәлел – Алаш чор Бес түрік Дулу құрамындағы Түргеш ұлысын билеп тұрған кезде, осы Бес түрік Дулуға кіретін көрші Қойлау ұлысын Күл чор басқаратын. Үшелік Түргеш хандығына қаған болған тұста осы Күл чорды өзіне аламан сардар етіп алды. Бірақ Үшелік қайтыс болып, орнына баласы Саға (кейбір деректерде – Сақал) қаған тағына отырғанда Күл чор опасыздық жасап, оның көзін жою туралы қытаймен келіссөздер жүргізді. Жергілікті жерде, Сары түргештер арасында аса беделді Күл чор Түргештердің Сағадан кейінгі қағаны Сұлуға (Сүлікке) да қолбасшы ретінде қызмет жасап, оның арабтарға қарсы күресін басқарды. Мұның бәрі қытай жылнамаларында нақтырақ жазылған. Үшелік басқарған жаңа Түргеш қағандығының аумағы оңтүстік-шығыста Шаш (Ташкент) қаласынан Шығыс Түркістандағы Бесбалық, Турфан қалаларына дейін созылып жатты. Үшелік қаған өзінің мемлекетін оң қанаттағы және сол қанаттағы екі ордаға Бес Түрік Дулуға және Бес Нүшбеге) бөліп, бұрынғы Шу өзені бойындағы Батыс Түрік қағанатының астанасы Суяб қаласын негізгі астана жасаса, екінші кіші астана Қойлықты (Күнгітті) Іле бойына орналастырды. Қаған мемлекеттегі ең жоғарғы билеуші болды. Жоғарыда көрсетілгендей, 20 әкімшілік аймақтың әрқайсысында сақадай-сай болып, соғысқа даяр тұрған 7 мың адамдық әскерлер ұсталды. Соғыс жағдайында түргештер 150 мыңнан астам әскер шығара алатын еді. Түргештер Түрік түкюлардан шыққандықтан о бастан-ақ дулу рулар бірлестігіне туыстас жақын еді, сондықтан да олардың билікті иемденулері алғашқы кезде Дулу (Қара түргештер) рулары тарапынан қарсылыққа кездесе қойған жоқ. Бірақ кезінде Батыс түрік қағанатын өздеріне басыбайлы еткен қытай билеушілері о баста Түргештердің хандығын мойындай қоймады және оны өздерінің ықпалынан шығармауға күш салды. Осы мақсатпен Таң сарайы 702 жылы Бесбалық басқақтығын құрған кезде Түргештердің астанасы Суябты әкімшілік тұрғыдан соған бағындырды және Үшелікті өздерінің уысынан шығарып алмау үшін оған «Алтынқол арда ханы» деген атақ берді. Кейініректе қытайлықтар Үшеліктің баласы Сағаны да қасақана көтермелеп, оны «14 оқ (тайпа) қағаны» деп марапаттады. Алайда ата жау Таң империясымен саяси жақындасу Түргеш хандығын әлсіретпесе, нығайта қойған жоқ. Ал енді Шығыс түріктеріне келсек, олар өздеріне қандас Түргештердің бөлініп, дербес хандық орнатуларын ашықтан-ашық жаулықпен қабылдады. 708 жылы Үшелік қаған өлгеннен кейін оның баласы Сағаның тұсында Түргештердің Шығыс Түрік қағанатымен қарым-қатынастары ерекше шиеленісіп, ол ақыры ашық қарсы тұруға ұласты. Осының салдарынан Шығыс түріктерінің Түргештерге жасаған екі соғыс жорығы белгілі. Орхон жазуларында Бөгі чор (Қапаған) қағанның тұсында түріктердің Алтай жотасынан асып түсіп, Қара Ертіс арқылы өтіп, Түргештердің ханымен Болчу өзенінде 711 жылы шайқасқаны және осында түргештердің ханы Сақа­ның өлтірілгені, ал оның әскерінің талқандалғаны туралы айтылған. Мұның алдында ғана елдің көпшілігінің, дәлірек айтқанда, Сары түргештердің қолдауына сүйенген туған ағасы Сақаның беделін көре алмаған Үшеліктің кіші ұлы Жану Бөгі чордың жағына шығып кеткен еді. Сатқындықты кешірмейтін Бөгі чор оны қолдай қоймай, опасыздығы үшін басын алған болатын. Осы жеңілістен соң Түргештер мен Нүшбелер батысқа қашты. Оларды тоқтату үшін Күлтегін бастаған шығыс түркілерінің әскері жеделдете аттанып, Қара түргештерді (Аз тайпасы басқарған Дулу руларын) өздерінің атамекені Тараз өңіріне қайтарды. Бірақ Сары түргештер (Сары үйсіндер) мен Нүшбелер (Сары қаңлылар) шығыс түріктеріне бәрібір бағынбай, батыстағы елдің ішіне тереңдей еніп кетті. Осы жерде түсінікті болу үшін айта кетер бір нәрсе, Қытайдың арандатуымен және Түргеш билеушілерінің өзара тартыстарының әсерінен түргештердің тайпалық одақтары екіге бөлініп кетті. О бастан-ақ билікте отырған Сары түргештердің әскери әкімшілік бірлестігінен Аз тайпасы басқарған Дулу рулары бөлініп шықты. Олар биліктен тысқары жергілікті халықты құрағандықтан Қара түргештер деген атау алды. Қытай жылнамаларындағы деректерге қарағанда, түргештердің жоғарыда әңгіме болған ханы Сақаны (708-711 ж.ж.) жақтайтындар Сары түргештер деп аталса, ал Сақадан соң таққа отырған Түргештің Сұлу (қытай деректерінде – Сүлік) қағанына (711-738 ж.ж.) ілескендер Қара түргештер делінетін болды. Сұлу билікте болғанда оның мемлекеті Қара түргеш хандығы деп аталды. Дегенмен де ішкі саясатта кешірімпаз Сұлуға Сары түргештер де және жалпы Он оқ елі біртіндеп түгелдей бағынды. Олардағы халық саны 200 мың адамға жетті. Оның сыртқы саясаты негізінен алғанда Қытаймен де, Тибетпен де бейбіт қатынасты нығайтуға бағытталды. Ал Шығыс түрік қағанатымен жауласу тоқтатылып, туыстық байланыс­тар жолға қойылды. Рас, мемлекеттің экономикалық жағдайын нығайту үшін ол көршілерге жорықтар жасаудан бас тарта қойған жоқ. Бірде ол Тибетпен одақтасып, Қытайдың төрт қаласын да тонап қайтты. Алайда ол көп кешікпей қытаймен қайтадан бейбіт қатынастар орнатты. Мұндай саясатты мақұлдаған қытай императоры оған өзінің қызын ұзатты және оған 715 жылы «Адал қаған» деген құрметті лауазым берді. Қытайдың Сұлуды бұлай қошеметтеуі дипломатиялық қатынастардың нығая түсуінен туындаған еді. 717 және 734 жылдар аралығында ғана Сұлу Қытайға жеті рет елшілер аттандырып, оларды тарту-таралғыға қарық қылды. Түргештер осылайша өздерінің мемлекетінің Шығыс түріктерімен терезесі тең, егемен ел екендігіне қытайдың көзін жеткізбек болып әрекеттеніп бақты. Жалпы алғанда, Сұлудың бейбітшілікке негізделген саясаты негізгі қарсыластарын қанағаттандырды. Оған қытай императоры тәрізді Тибеттің де, Шығыс түріктің де билеушілері өздерінің қыздарын ұзатты. Сұлу да өз кезегінде оларды алаламай үш елден алған әйелдерін тең ұстап, бәріне бірдей «мәртебелі қатын» лауазымын берді. Алайда Шығыс түркілері Түргеш мемлекетін бәрібір менсіне қойған жоқ. Мұны қытай жылнамаларындағы мынадай деректен де аңғара аламыз: қытайлықтар бірде өздерінің астанасы Чананьда елшілерге арнап қонақасы берді. Дастарқан төріне кім отырады деген мәселеде шығыс түріктері түргештердің төрлеуіне қарсы болды: «Түрік елшісі: «Түргеш кіші ел, тегінде, Түріктің боданы болатын, төрге отыратын жөні жоқ» деді. Сүліктің (Сұлудың – Т.О.) елшісі: «Бүгінгі дастарқан мен үшін жайылып отыр, біз босағада отыруға тиіс емеспіз» деді. Нөкерлік уәзірлік кеңсесі мен барша сарай ұлықтары ақылдаса келіп, олардың араларына шымылдық құрып, екі бөліп отырғызды. Түрік елшілері шығыс жақ төрінен, Түргеш батыс жақ төрінен орын алды. қонақасыдан соң олар мол сыймен қайтарылды». Қандас халықтардың осылайша ата жауларының көзінше екіге жарылып, ашық жауласуы оларға абырой әпере қоймай, түптің түбінде егемендіктен екеуінің де айырылуына алып келді. Сұлу қағанның өмірінің соңғы жылдары Талас өзені бойына баса-көктеп кірген арабтарға қарсы күреске арналды. Мұндайда бірде түргештер жеңіске жетсе, бірде арабтар жеңіп дегендей, өзара текетірес өрши түсті. Осындайда Түргеш мемлекетіне өздерінің үстемдіктерін арттыра түсуді көздеген қытайлықтар Талас бойына әскер кіргізді. Осында олар 751 жылы араб әскерлерімен кездесіп қалып, қырғын соғыс болды. Тараз қаласы маңындағы Атлах қаласы түбінде бес күнге созылған бұл шайқастың тағдырын Жетісу жеріне көптеп қоныстана бастаған Қарлықтардың соңғы сәтте арабтар мен Түргештер жағына шығып кетулері шешті. Таң патшалығының әскерлері күйрей жеңіліс тауып, амал жоқ, кейін шегінді. Алайда бұл оқиға Жетісу мен Түркістанда араб­тардың күшейе түсуіне ықпал жасай қоймады. Орта Азияда халық наразылықтарының асқына түсулері оларды да кейін шегінуге мәжбүрледі. Осындай қолайлы сәтті де Түргеш рубасылары мемлекетті нығайту ісіне орынды пайдалана алмады. Сарылар ұлысы мен Қаралар ұлысының өзара аңдысып, үздіксіз таққа таласуы өршіп кетті. Өмірінің соңына қарай халықтан алынатын алым-салықты көбейтіп жіберген және соғыс олжаларына құнығып кеткен Сұлуға ел разы болмай наразылық басталып, жарты денесі салданған, жарымжан Сұлу қаған ақыры өлтірілді. Осыны пайдаланған қытай тағы да арнайы әскер жіберіп, Сұлудың баласын да, оны қолдайтын Сары түргештерді де тақтан аластады. Алайда қытайлықтардың жағдайды пайдаланып, байырғы Ашына әулетінен қуыршақ қаған тағайындамақ болған қулығы да жүзеге аспай қалды. Билікке Сұлуды өлтірген, Сары түргештердің Бай баға қағаны келді. Алайда Қара түргештер де Сарылармен текетіресіп, өздерінен қаған көтеруді тоқтатпады. Мұның өзі Түргеш қағанатын шын мәнінде әлсіретті және Сарылар мен Қаралардың қайта-қайта хан болуы кесірінен VІІІ ғ. орта шенінде Түргештер әртүрлі ұлыстарға бөлшектеніп, егемендіктен қалай айырылғандарын да байқамай қалды. Саяси билігі қожыраған мемлекеттің тағын шығыстан Суяб (Шу) өзенінің бойына қоныс аударып келген Қарлық тайпалық бірлестігі 766 жылы иемденді. Түргеш мемлекетінің күйреу қасіреті үлкен күреспен қол жеткен егемендікті бағалай білмеудің, саяси тұлғалардың биік лауазым үшін күресті ел мүддесінен жоғары санауларының апатты салдары болып табылады. Бұл тарих тәуелсіздіктен қымбат ештеңе жоқ екендігін тағы да дәлелдеп берді. Десек те, одан тағылым алу қателікке ұрынған бұрынғыларға емес, бүгінгі бізге аса қажет. Талас Омарбеков, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қазақ халқының ежелгі және орта ғасырлардағы тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор

6792 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7073

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6141

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3880

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3272

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3225

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3201

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2928

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2916

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы