• Тарих
  • 11 Тамыз, 2021

«Менің Катаринам» деуші еді...

Бүгін қолыма қалам алып, өмір серігім, қазақтың көрнекті ғалымы, ақын, жазушы Балтабай Адамбаев туралы жазуды адами парызым деп санадым. Бәкеңнің өткен өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі аларлықтай деп есептеймін. Өйткені Бәкең – нағыз қазақтың азаматы деген атқа лайық өмір сүрген жан. 

Бәкең басынан өмірдің қызығынан гөрі қиындығын молынан кешті. Ол кісі иығына түскен қиындықтардан шығудың жолын іздейтін. Көп ойланып, толғанып, ешкімді жазғырмай, айыптамай, оған жамандық ойламай, үлкен парасаттылықпен ізгі шешім жасап, қисынды жол табатын еді.

Өмірде көрген қиындықтардан алып шыққан, сары уайымға салдырмаған қуат көзі – оның бойындағы шексіз сүйіспеншілік болатын. Қиындықтар оны шыңдап, ширата беріпті, қиындықты жеңген сайын өмірлік тәжірибесі молайып, біліміне білім қосып, байсалды, ұстамды, ақылды бола түсіпті. Себебі Бәкең өз отбасын, туған-туысын, ауылын, туған жерін, туған елін бар жан-тәнімен сүйді. Олардың алдындағы азаматтық ­парызын өтеуге тырысты, бар өмірін, ақылын, білімін сол жолда сарп етті. Ол ешуақытта ренжіп, жасып, түпсіз уайымға салынған емес. Керісінше, қиындық оған ерекше күш-қуат беретін, оны жеңудің амалын ойластыратын. Бәкең «өлімнен басқаның бәрін жеңуге ­болады» дейтін. Бала кезінен көшпенді өмірдің ыстық-суығына шыдап, соны жеңгендіктен де болар, өмірінің соңына дейін халықтың азаматы деген атқа лайықты екенін дәлелдеп өтті. Ол өзінің әр ісімен бауырларына да, туған-туысына да, балаларына да өнеге көрсетті. Бәкеңнің шешендігі, мәмілегерлігі, туыстарды ұйыстыра білуі ерекше болатын. Өмірдің барлық саласында жасаған тұжырымдары, ақылы, адамгершілігі, өтірік пен екіжүзділікке қарсылығы нағыз үлгі болуға лайық екенін дәлелдейді.

Бәкең туралы көп айтуға да, қысқаша да айтуға болады.  Бәкеңнің атының өзінің тарихы бар. Ата-анасы алдыңғы балалары шетіней берген соң, ол кісі туғанда кіндігін ауылдағы бір момын адамды шақырып, балтамен кестірген екен. Бәкеңнің азан шақырып қойған аты  Сүлеймен болғанмен, кейін ырымдап атаған  Балтабай атын иеленіпті. Ол кісі жетпіс бір жыл өмір сүрді. Балдәурен балалық шағының қызығы шорт үзіліп, ашаршылықтың ауыр азабын көрді. Жалындаған жастығында Екінші дүниежүзілік соғыстың белортасында жүрді. Бәкеңнің бүкіл өмір жолы  інісі екеуінің естелік кітаптарында баяндалған. Бәкеңнің «Әкей мен шешей», «Нәубет» шығармаларында ол кісілердің бастан кешкен оқиғалары жөнінде толық айтылған. Ал соғыс жылдарындағы азапты өмірі «Жауынгер» романында ашып көрсетілген.

Соғыс кезінде Бәкең үш жылдан аса тұтқында болған. Зеңбіректің оғынан топыраққа көміліп, контузия алған, содан тұтқынға түскен. Осы азаптың салдары бейбіт күнде де өмірінің соңына дейін қырық бес жыл бойы алдынан (домалақ арыз, аңдулар, заң орындарына себепсіз шақыртулар) шығып отырғаны қандай әділетсіздік?! Бәкеңнің алдыңғы шепте жасаған батылдығы мен өлшеусіз ерлігі үшін «Кеңес Одағының ­Батыры» атағына ұсынылғанын, кейін тұтқынға түскені үшін оның «Отан соғысы» орденімен алмастырылғанының өзі жүрек үшін қаншама жүк?! Соның ешқайсысына мойымай, өлең, әңгіме, повест, роман жазуы, онымен де тоқтамай, өмір бойы ел ішінен халқының ең қастерлі мұрасы: шешендік сөздер мен мақал-мәтелдерді жинап, тиянақты талдап, ол жайын­да кандидаттық, докторлық диссертация жазуы ерлікпен барабар емес пе?! Кеңестік кезеңде халықтың ұлттық құндылықтарын дәріптегені үшін қаншама кедергілерге тап болды. Ет пен сүйектен жаралған пенденің де шыдамы таусылатын күні болады екен. Жазықсыз қудалау, жалған сөз, жалалы өмір ақыры ол кісінің 1984 жылы ақпан айында ­инсульт алуына себеп болды. Сонда да мойымайтын өр мінезімен оны да жеңді. Өздігінен жүре алмай қалған соңғы жылдарында да таңертеңгі оннан кешкі алтыға дейін жұмыс үстелінде отырып, ғылыммен үздіксіз айналысты. Өзінің қолжазбаларын ретке келтіріп, кітап етіп шығаруға  дайындап кетті.

Қандай жан төзгісіз азапты бастан кешсе де, Бәкеңнің ешуақытта Тәңірге, Құдайға ­налып, шағынып немесе әлдебіреулерді кінәлап, күстәналап отырғанын көрген емеспін. Жасыған сыңай танытқан емес. Бүгінгі күні Бәкеңдей азаматтар жоққа тән. Олардың көбі қарнының тоқтығы мен көйлегінің көктігіне малданады, киім-кешегі мен қалтасының томпайғанына мастанады. Күн сайын көлік ауыстырғанды мақтан етеді. Ең сұмдығы сол, олар өзін ақылды, бай санайды.

Жастайынан өмірге құштар  Бәкең кездес­кен сан түрлі ауыртпалықтардың салдарынан өзінің оқимын деген арманына жетелеген білім жолына тек жиырма сегіз жасында түседі. ­Содан кейінгі өмірінде ол кісі өзін әрі ақын, әрі жазушы, әрі ғалым фольклоршы ретінде жан-жақты танытты.

Көңілге демеу болатын жайт, Бәкең – көзі тірісінде өзінің шығармашылығы туралы ауызша да, жазбаша да үш толқын ұрпақтың пікірін естіген адам. Алдымен, өзінің ғылымдағы  ұстазы Мұхтар Әуезов бастап, Ісмет Кеңесбаев,  Әлкей Марғұлан, жазушылар Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқановтар өз заманында-ақ  Бәкеңнің ақын, жазушы, әсіресе халықтың бай мұрасын зерттеген ғалым, фольклоршы ретіндегі жасаған еңбектерін, жазған ғылыми зерттеулерін жоғары бағалады. 

Екіншіден, Бәкең ғылыми еңбектеріне және көркем шығармаларына қатысты  өзімен қызметтес болған, қатар жүрген тұстас ғалымдардың да пікірін естіді. Үшіншіден, кейінгі жастардың өз шығармашылығы жайлы пікірлерін де оқып, танысып кетті. Себебі Бәкең мақала жазса да, халық аузынан ­жазып алған дүниелер болса да, өзі тиянақтап тексеріп, жазған барлық материалдарын республикалық, облыстық мерзімді баспасөзде жиі жариялап отырды. Сол еңбектер  жөнінде де республиканың түкпір-түкпірінен жолданып жататын пікір-хаттар  аз болған жоқ. Еңбегінің өтеуін сезінді, көзімен көрді. Өзі өмірден өткеннен кейінгі отыз жыл ішінде де Бәкеңнің еңбектері туралы пікірлер толастаған емес. Олар Бәкеңнің 80 жылдық, 90 жылдық, 100  жылдық мерейтойлары тұсында да жарияланып жатты. Мен осыған шүкір, тәуба деймін. Халық үшін, оның ең бір қастерлі мұрасы үшін жасаған ізгі еңбегін халқы да әлі күнге дейін зерделеп, ұлықтап, бағалап отырғанына қуанамын.

Бәкеңнің ұстаздық жолы мен ғалымдық ізденістері туралы сөз болғанда, мен бірнеше кісінің есімін ерекше атап өткім келеді. Бәкең Қазақ мемлекеттік университетін бітіргеннен кейін Жамбыл стансасындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен, логикадан, психологиядан сабақ берді. Сол кезде Бәкеңнен сабақ алған шәкіртінің  бірі экономика ғылымдарының докторы, академик Көпжасар Нәрібаев еді.  1954-1955 жылдары Жамбыл ауданынан ауысып, Бәкең сабақ берген, сынып жетекшісі болған 9-сыныпқа оқуға келген екен. Ол кісі Бәкеңнің 90 жылдығына орай «Қазақ әдебиеті» газетінде «Ұстаз» деген керемет мақала жариялады. Көбекеңнің  өзі де – әрі ғалым, әрі жоғары оқу орнында студенттерге сабақ берген оқытушы, ұстаз болған адам. Шындығында да, кез келген мұғалім Ұстаз деген атқа ие бола алмаса керек. Ұстаз деген атақты мұғалімге оның шәкірттері ғана береді. Көпжасар Нәрібаев осы мақаласында Ұстаздың қандай болуы керектігін Бәкеңнің бүкіл оқытушылық қасиеттері, әрбір іс-әрекеті арқылы жан-жақты ашып көрсеткен. Бұл мақала қазіргі педагог ғалымдар мен әдіскер мамандар үшін аса маңызды танымдық еңбек боларына сенемін.

Келесі бір аталуы тиіс кісілер – Нұрлан Оразалин мен Фаузия Оразбаева. Нұрлан – мемлекеттік қайраткер, жазушы, ақын. Фаузия – беделді ғалым, педагогика ғылымдарының докторы, профессор. Бұл кісілерді сонау сексенінші жылдардан бері білеміз. Бәкең ұлымыз Арманды сол уақыттағы жалғыз қазақ мектебіне, №12 мектепке жетелеп ­апарды. ­Арман 1-сыныптан бастап Нұрланның ұлымен бірге оқыды. Кейін Жазушылар одағын басқарған жылдары Нұрлан бауырымыз Бәкеңнің шығармашылығына байланысты өткізілген мерейтойлардың басы-қасында жүрді.

Тағы бір ерекше айтатын кісі – Бәкеңмен сонау алпысыншы жылдардың басында туыс қарындасы Дәріжанмен бірге келіп, күйеу бала ретінде танысқанмен, кейін інісі ретінде етене араласқан, шынайы шығармашылық тұрғыдан жақын болған Берік Шаханов.

Менің Бәкеңмен танысуым да қызық болды. 1950 жылдың күзі. Мен Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетінде төртінші курста оқимын. Бір күні біздің жатақханаға екі жігіт келді. Бөлмелес төрт-бес қыз жазғы демалысымызды қалай өткізгенімізді айтып, мәре-сәре болып отырғанбыз. Келген жігіттің біреуі – Мойынтыдағы көршіміздің баласы Мұхаділдә. Ол заң институтында оқиды деп естігенмін. Арамызда бұған дейін ешқандай байланыс болған емес. Тіпті сөйлесіп те көрмеген екенмін. Оның отбасы біздің ауылда ауқатты үй деп саналатыны еміс-еміс есімде. Бірақ біздің үй-іштеріміз де бір-бірімен етене араласқан емес. Сондықтан Мұхаділдің келгеніне қатты таңғалдым. Ал екінші сақа жігітті мүлде танымаймын. Ол маған ә дегенде кеудесін кере ұстайтын, өзінше бір паң адам сияқты көрінді. Біраз отырып әңгімелескен соң, олар қайтып кетті.

Арада бірнеше күн өткен соң, Мұхаділдің жанындағы жігіт тағы келді. Бұл жолы өзі ғана екен. Аты – Балтабай. Әскерден келгенін, қазір Қазақ мемлекеттік университетінде оқитынын айтты. Одан кейін Бәкең әрнәрсені сылтауратып келуді жиілете берді. Кейде маған: «Мені шығарып салсаңшы»  деп өтініш айтатын болды.  Ондай кездерде түрлі тақырыпта ұзақ сөйлесетін болдық.

Бәкең бір әңгіме үстінде біздің Мойынтыда жездесі тұратынын айтты. Өткен жылы оларға демалысқа барғанын, сол кезде жездесінің келіні «Осы ауылда Төре деген қыз бар, қазір Алматыда оқиды» деп, ол қыз туралы көп мақтау сөздер айтқанын, сол қызбен танысайын деп хат жолдағанын, бірақ ол қыздан ешқандай хабар ала алмағаны туралы сөз қозғады. Күліп жібердім. Өйткені оның айтып отырған Төресі мен болатынмын. Ата-анамның алғашқы сәбилері шетіней берген соң, Балқыбек деген немере ағайынымыз атымды ырымдап «Жаңылхан» қойған екен.  Бірақ әкем мен шешем мені ұлға балап, өздері Төре деп атап кетіпті. Кейін бүкіл ауылымыз мені Төре дейтін болды.  Есіме бейтаныс  біреуден «Жас жастың тілегі бір, жібектің түйіні бір» деп сол уақыттарда жігіттер ж­азатын хаттың мәтеліне айналған жаттанды сөзбен басталған хат алғаным түсті. Сол сөздің сүйкімсіз, жағымсыз көрінгені соншалық, хатты ары қарай оқымай, жыртып тастай салған болатынмын. Оның үстіне хат арқылы танысу деген сөкет болып көрінгені де рас. Бәкең маған таңдана қарап қалыпты... Ең қызығы, Бәкең Мұхаділмен жамағайын екен. Ол өткен жолы: «Аға, осында алайын деп жүрген қызым бар еді. Соны көріңізші, егер сізге ұнаса, үйленеміз» деп ертіп келген екен. Біздің арамызда ешқандай жақындықтың жоғын бірден сезген жігіт сыртқа шыққан соң, інісіне: «Бұл қыз сені менсініп тұрған жоқ қой» деп кесіп айтыпты. Екеуміз сол оқиғаны еске түсіріп, күлісіп алдық.

Осылайша біз жиі қыдыратын болдық: киноға, театрға барамыз, ұзақ әңгіме-дүкен құрамыз. Өзімнен он жас үлкендігі бар жігіттің өзін-өзі ұстауы, сөзге шешендігі, сыпайылығы ұнап қалғандай. Арасында өзінің отбасы ­туралы да айтады. Анасы Жамбыл қаласында тұрады екен. Өзінен кейінгі екі інісі үйленген. Өзі әскерден келген соң, жоғары оқу орнына түсіп, арасында бір курсты жедел оқығанын, келесі жылы оқуды қатар бітіретінімізді тілге тиек етті. Ол кездің талабы бойынша жоғары оқу орнын тәмамдағандарды туған жеріне ғана емес, сұраныс жолдаған кез келген аймаққа жіберетін үрдіс болатын. Келесі жылы екеумізді екі жаққа жіберуі мүмкін деген қауіп ойлайтынын, сондықтан үйленуіміз керек деп шешім жасағанын білдірді. Сөйтіп, қысқы демалыста біздің үйге құдаласуға ағайындары келді... Мен өзімнен он жас үлкендігі болғандықтан әрі өзінің ақылымен, парасатымен мені баурап алғандығынан шығар, ол кісіні бірден «Бәкең» деп атап кеттім.

Сөйтіп, келесі жылы біз отау көтердік, Жамбыл стансасындағы орта мектепке мұғалім болып бірге бардық. Сол жерде үш перзентіміз дүниеге келді. 1957 жылы профессор Мұхтар Әуезов Жамбыл облысының бірінші хатшысына өзі хат жолдап, Бәкеңді Тіл және әдебиет институтына шақыртып алды. Біз Алматыға келген алғашқы екі жыл Бәкеңнің інісі Сыпатайдың құстың ұясындай ғана төрт бөлмелі үйінде екі отбасының жеті баласы, төрт ересек жан бірге тұрдық. Кейін екі бөлмелі жер үйге көштік. Сол кездері мен ағайынды жігіттердің айрықша татулығына тәнті болып едім. Бәкең төрт ағайынды еді. Ол кісі бауырларының балаларын да өз баласына санайтын. «Бәріміздің тегіміз бір, Адамбаевпыз» деп олардың бойына татулықтың, бірліктің ұлағатын сіңіретін.

Бәкең екеуміздің арамыздағы сыйластық өзгешелеу қалыптасты. Мен бала күнімде әкем Досымбекке көп еркелеуші едім. Бірақ ешуақытта қалауымды ауызбен айтпайды екенмін. Әкем болған соң, ішімдегіні табуы керек деп түсінетін сияқтымын. Тағдыр маған өзімнен он жас үлкен кісіні жолықтырғанда, сол әкеме істейтін еркелігімді оған да жасаппын. Көңіліме бірнәрсе жақпай қалса, оны сыртқа шығарып айту деген жоқ, бірнеше күн сөйлемей, томсырайып жүремін. Ондайда Бәкең менің көңілімді аулауға тырысатын. «Менің Катаринам» («Асауға тұсау» пьесасындағы кейіпкер) деп, неше түрлі жылы сөздерімен қабағымды жадыратуға тырысатын. Қайран, жастық-ай, қайран заман-ай десеңші!

Уақыт өте келе бір-біріміздің ішкі күйімізді, көңіл қалауын сөзсіз-ақ ұғынатын болдық. Мен бәйшешек гүлін ұнататынмын. Бәкең алғашқы гүл шыққанда, міндетті түрде маған бәйшешек әкелетін. Ол «гүлдің гүлі», «нағыз гүл» деген ұғымды білдіретіндей. Бәйшешектің нәп-нәзік, үлбіреген ақшыл түсті күлтелері «Мен қарды жарып, жердің қаттылығына, күннің салқындығына қарамай, сендерге қуаныш әкелуге, көктем лебін әкелуге асықтым!» дейтіндей көрінуші еді маған. Ал Бәкең көктемнің алғашқы гүлдерінің бірі – бөртегүлді (сирень) ұнататын. Әлі күнге дейін жыл сайын 9 мамыр күні оның суретінің қасына бір топ бөртегүлді әкеліп қоямын. Екеуміз де дала гүлдеріне құмар едік. Әсіресе қызғалдақ пен сарғалдақтың, тауқымыздықтың, сәлдегүл мен шұғылықтың сәні қандай десеңші!

Біздің замандастарымыз өз сезімдерін тежеуге бейім келетін, қанша жақсы көріп, сүйіп тұрса да, оны сыртқа шығарудан қымсынатын еді. Ондай жылы сөздер өте сирек айтылғанымен, әрбір кісілік қатынасымызда, өзара тілдесуімізде жұбайлардың бір-біріне деген ықыласты ниеті көрінбей қалмайтын. Аз сөзге көп мағына дарыта сөйлейтін Бәкеңнің Халықаралық Әйелдер күні мерекесіне орай  жолдаған ашық хатындағы мына өлеңді әлі күнге бойтұмардай қастерлеп, сақтап келемін:

Жаңылханым, құтты болсын, мерекең!

Жан жолдасым, алтын бесік, берекем!

Ауырғанда су тамызар аузыма,

Жанашыр да, жақыным да сен екен!

Бәкең қайтыс болған жиырма үш жылдың ішінде біраз еңбектері кітап болып  жарияланды. Ондағы ойым «азаматтың өмір бойы істеген еңбегі елеусіз қалмасын, еліне ­таралсын, халқы үшін жасаған ісі ізсіз қалып, зая кетпесін, болашақ ұрпақ пайдалансын, керегіне жаратсын, өз тілінің қаншалықты әуезді, бай, терең мағыналы екенін түсінсін» дедім.  Осы кітаптар Бәкеңнің 90, 95 және 100 жылдық мерейтойларында жарық көрсе, оны ел игілігіне жаратсам болды деп ойладым. Сол армандарым бүгінде толық орындалды.

Бәкеңнің отыз жылдан астам уақыт бойы айналысқан еңбегінің бәрі де халқының қажетіне жарамды болып тұр. «Артында із қалдырған» деген осындай-ақ болсын! Біреулер баласын, біреулер байлығын, біреулер мырзалығын дақпырттап, жария етіп жатады. Ал Бәкең болса, халыққа қажетті, ешуақытта өшпейтін ел қазынасын зерттеп, жинаумен, жариялаумен айналысты. Алла оған ақыл да, тіл де, қайсарлық та, шыдамдылық та, еңбекқорлықты да берген. Бәкеңдей азаматпен өткізген жылдарымды тағдырдың сыйы деп санаймын. Өзі өмір бойы халықтың ортасында жүріп, оған не қажеттігін зерделеп білген екен. Болашақта Бәкеңнің осы ісін жалғастырар зерделі ұрпақ келетініне бек сенімдімін!

Жаңылхан  АДАМБАЕВА

 

2696 рет

көрсетілді

10

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы