• Тарих
  • 19 Тамыз, 2021

КӨШПЕЛІ ӨРКЕНИЕТ ФЕНОМЕНІ

ЗАМАНА ТОЛҒАҒЫ БЕС ТОМДЫҚ ҚАЗАҚТЫҢ ЭТНОЛИНГВИСТИКАЛЫҚ ЭНЦИКЛОПЕДИЯЛЫҚ АНЫҚТАМАЛЫҒЫН ДҮНИЕГЕ ӘКЕЛДІ

 

«МӘДЕНИ МҰРА»  ЖОБАСЫНЫҢ ЖЕМІСТЕРІ

Жер-жаһанды құрсаулаған бейдауа індет өршіп, табиғи һәм адами ­за­­манақырлық нышандар елесі жиі­лесе де өмір-тіршілік тоқталмақ емес. Біздің маңдайымызға жазылған мыңжылдықтар ауысуындағы өліара кезеңнің өтпелілігі бітті ме, бітпеді ме, ол бір Құдайға ғана аян; десек те жеке-дара байрақ байлап, ту көтерген соңғы отыз жылымыздың әрбір ондығы, бел-белесі санамызда айрықша таңбаланып отырды.

1990 жылдар... Қазаққа қашанда қабағы қатулы Мәскеуден жеткен «қайта құрудың» алтынкүрек желі жетпіс жыл құрсаулаған ұлттық рухани-мәдени шектеулердің шиесін шешіп, қағидаға айналған қатаң таным-түсініктерді тас-талқан етті. Тасты тесіп шыққандай шынар-шындық ұлттық сананы селт еткізіп, дүр сілкіндірді. Көбіміз бел ортасында жүрген осы онжылдықты ұлтымыздың «қайта өрлеу заманы», «маркстік-лениндік коммунизм» аталған жалған елестен арылу, өз-өзімізді тану, өткенге үңілу, болашақты бағдарлау кезеңі десек, артық айтқанымыз болмас, сірә. Осы жылымықты жылдардың көктем-қарлығашы бола білген «Ана тілі» газетінде осы тұста тер төккенімізді тағдырдың өлшеусіз сыйы деп қабылдаудан танбай келеміз.

2000 жылдар... Ұлтқа жанашыр жандар, қалам ұстаған, архив қопарып, қағаз кемірген ғалымдар әлеуеті үшін жаңа дүние есігіндей болған мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасын естен шығара бастағанымыз, әрине, барды бағаламау, өз қадірімізге жетпеу. Осы онжылдықта көптеген көптомдықтар, жалпы саны 160-тай зерттеу кітабы жарық көрген болатын. Әрине, оның бәрі алтын емес, арасында кемшін жарағаны, бір қайнауы ішіндегі жасығы да бар шығар. Бірақ 100 томдық «Бабалар сөзі», 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігі», «Қазақтың 1000 әні», «Қазақтың 1000 күйі» және басқа іргелі, бұрын-соңды болмаған қанатқақты жобаларды көзге ілмеу, оларды жеріне жеткізе дәріптемеу ешбір әділдікке жатпайтын қиянат, тіптен қызғаныштан туындаған көреалмаушылық екенін бетке айтуға тура келеді...

Бұрынғы өткен жолымызда, күнделікті тәжірибемізде ұшыраспаған осынау алып мегажобаның бір пұшпағын илесіп, екі бірдей секция­сының («Қазақ сөздіктері» мен «Қазақ этнографиясы») жұмысын жолға қойғанымызды айтып, талай-талай сыр бөлісуге болар еді...

Десек те, бүгінгі тақырып тиегі – осы «Мәдени мұра» бағдарламасының шапағатымен дайындалып, кейінірек жарыққа шыққан халықтық қазына, ұлттың жыртығына жамау, болашағына бағдар болар іргелі еңбек – (біз өзімізше тілге орамды деп ат қойған) «Қазақтың этнолингвистикалық энциклопедиялық анықтамалығы» туралы болмақ. Сәті туып, жоғары мәртебелі Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отырған бұл тарихи еңбектің ресми атауы – «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі». 5 томдық. Энциклопедия. Ғылыми ­редакторы әрі жоба жетекшісі Нұрсан ӘЛІМБАЙ («Алматы: «Әлем. Даму. Интеграция» ЖШС-і, 2017). Үлкен форматты, түрлі-түсті иллюс­трациялармен безендірілген, 10 мыңнан астам этнолингвистикалық бірлікке (ұғым-сөз бен тұрақты сөз тіркестеріне) түсінік берілген, 4 500 бетті құрайтын жойқын жоба, іргелі дүниені бір мақала аясында бағалау, қадір-қасиетін жеріне жеткізе айтып шығу еш мүмкін емес. Біз тек нәтижелі біткен қайырлы іске таңырқай қарап, өзіміз куә болған кейбір шымылдық сыртындағы сырларды жалпақ тілмен жаймалап қана жеткізбекшіміз.

КӨШПЕЛІ ӨМІР ҚАЗАҚТЫҢ БАҒЫ МА, СОРЫ МА?!

Астыңдағы атың, жетектегі тазың жаман десе өкпелейтін қазақпыз ғой, бір кездері қаулаған көшпелі өркениет ­туралы дау-дамайлар бүгінде біршама толастаған сияқты. (Тіптен оны қазіргі таңда «модалы» тақырыптың біріне айналған «шыңғысхантанушылар» да мұны айналып өтеді). Халқымыздың (баршамыздың түп-тұқиян, ата-бабаларымыз) бағзы дәуірден бастап күні кешегі ХХ ғасырдың басына дейін 2 500 жыл бойы көшпелі ел болғаны, аттың жалы, атанның қомында малдың тұяғына еріп, ағаш керегелі, кигіз туырлықты түтіндетіп, бала туып, басын көбейтіп, шежіресін шегендеп, сөзін ұзартып, мәдени тірлігін бүтіндеп келгені, бір сөзбен айтқанда, өзге жұртпен қатарлы ғұмыр кешкені бүгінде айдай ақиқат. Өткенді зерттеуші кейбір мамандар (мәселен, палеоархеологтар) тіптен көшпелі өркениеттің сілемдерін 5 000 жылдан асырып бір-ақ қайырады. Ұлтшыл таным, интеллектіге ие қазақ оқымыстылары (арасында осыны жазып отырған пендеңіз де бар) әлемге әйгілі ­тарихшы-философ, мәдениеттанушы Арнольд Джозеф Тойнбиге (1889 – 1975) өкпелері қара қазандай. Өйткені Лондонда туып, Нью-Йоркта қайтыс болған, әлем халықтарының дамуы хақындағы өзінің теория-концепциясын тиянақтап беркіту жолында 12 том кітап жазған кемеңгер ғалым адамзаттың бастан кешкен 21 түрлі, қазірде де бар саналатын 7 сападағы басты-басты өркениеттің (елдің) санатына (түркілік//қазақы) «көшпелі өркениетті» қоспаған еді. Жер-жаһанды тұтас қамтитын оның мәдени-өркениеттілік тұжырымдамасында қазақ пен моңғол жұртында өзгеріссіз сақталған, ғасырлар бойы консервативті дамыған дәстүрлі «көшпелілікке» орын табылмағаны шынында да ақылға сыймастай жағдай. Жалғыз ­Тойнби емес, шетелдік О.Шпенглер, К.Ясперс, С.Хантингтон, «өзіміздің» Н.Я.Данилевский (1882 – 1885), күні кешегі Л.Н.Гумилевтердің қолына дәп қазір біздің мақтанышымызға айналып, игілігімізге жарап отырған осы бес томдықтың ең болмаса бір жұрнағы тигенде, кім біледі, олар дәстүрлі көшпелі тіршілік формасына мұрнын шүйіре қарап, жете көңіл бөлмегендеріне өкінер ме еді. Біздің ешкімнен, ештеңеден кемдік көрмей, осы «көшпелі өркениетіміздің» арқасында бағзы Аттила (Аттылы) мен Шыңғыс хан замандарында талай патшалықтарды бағындырып, талай түкірігі жерге түспейтін билеушілердің тізесін бүктіріп, басын идіргеніміз кімге дәру, неменеге зәру дерсіз?! Миллиондаған шөп-бұтаның бірі, болмаса қаптаған жан-жануар, жәндік атаулының бір парасы жер бетінен жойылар болса шыр-пыр болып аттандайтын әлемдік қауымдастық, «өркениетті» елдер жұртшылығы айналдырған бес-он жылда ­(1928 – 1933 жылдары) тарих сахнасында 25 ғасыр өзгеріссіз жасап келе жатқан қазақтың дәстүрлі «көшпелі өркениетінің» талқандалуына, ұлттың үштен екісінің қас-қағымда жер бетінен жоқ болып кетуіне, күштінің аяр, зорлықты, зұлымдық саясатына, қалың бұқараға қара топырақ жегізген алапат Аштыққа көңіл де аудармады емес пе?! Өйткені біз үшін тірлік көзі, өмірдің өзі, әлемде теңдесі жоқ ­феномен құбылыс саналатын «көшпелі өркениет» олар үшін әлемдік дамудың көшіне ілесуге қабілетсіз «терімшілік», «аңшылық» сияқты әлі «өркениет дәрежесіне жетпеген», болашағы бұлдыр, күндердің күнінде бәрібір жойылуға тиісті тұрмыс-тіршілік формасы саналатын. Айтуға тіл жетпейтін масқаралық сол, Кремльдегі «мұртты көсемнің» нұсқауымен, «қаңғып келген» құзғын Голощекиндердің қолымен 6-7 миллионды құрайтын тұтас бір ұлтқа, оның бірегей өмір сүру форматына, қайталанбас өркениетіне геноцидтік шабуыл жасалды. «Отырықшыландыру», «мәдениетке жақындату», «жаңа Октябрь жасау» атты жалған, жауыз, «өркениетті» ұрандарды жалаулата отырып әп-сәтте жер бетіндегі әрбір он қазақтың алтау-жетеуінің көзі құртылды... Алдындағы байлық-малынан, барынан айырылған қалың қазақ бордай тозды, шыбындай қырылды. Күні кеше, күллі айдай әлемнің көз алдында болып өткен мұндай қайғылы, зұлмат «өркениеттер соғысының» шерлі зарар-зардабын әлі де қаншама ғасырлар бойы тартарымызды кім болжапты?!

Бүгінде заманауи өркениетке толық қолымыз жетті, дәстүрлі отырықшы қауымға айналдық. Аттан түскен, төрт қабырғаға қамалған мәдениетті ұлтпыз. Ауылдарымызды қаңыратып, шәр-шаһарға жиналудай-ақ жиналып жатырмыз. Оқығанбыз, тоқыған­быз. Көштен қалмай, көптің бірі болып, 25 ғасыр ата-бабаларымыз көздің қарашығындай сақтаған жерасты байлығымызды шашып күн көріп келеміз...

Иә, ескілікті ұлттық ғұмыр-тарихымызға жауапты, көшпелі өркениеттің мұрагері болғандықтан да, ата-баба жолымен жүре алмасақ та, олардың көзі ретінде біз жоғалтқанымызды жоқтап, құтты, шатты күндерімізді аңсаймыз. Кім әке-шешесін сағынбайды, ата-басын жоқтамайды?! Жалғыз біз ғана емес, алты Алаштың барша ұрпағы – ноғай да, қарақалпақ та, өзбек құрамындағы құрама да, күні кешеге дейін аттан түспеген қырғыз бен түрікмен де емешегі үзіле езіледі. Бір шүкірлігі, Моңғол елінің түтінін бірге түтетіп отырған керей бауырларымыздың басым көбі сол бағзы кеңістікте, көшпелі тұрмыстық-мәдени ортада әлі де тірлік кешіп келеді. Киіз үйде, мал соңында көшіп-қонған, дәстүрлі қазақылықты сақтаған соңғы тұқым-тұяқтардың, жер бетінен түелдей жойылып кетпеген көшпелі өркениет сынығын, оның бірегей қадір-қасиеттерін мына зымыран заманда қалайша, қашанға дейін сақтап отыратынына кім кепілдік беріпті?!

Сұрақ көп... Десек те, сол бір самсаған сұрақтарға оңтайлы жауап та табылады. Ол үшін осы біз шолып отырған бес томдық шежірелі кітапты, дәстүрлі қазақы тіршіліктің феномендік қасиеті ­туралы зерттеуді, яғни қазақылықтың қатпар-қатпар, жықпыл-жықпыл қыр-сырына қанықтырар ересен еңбекті ерінбей-жалықпай, түсіне, түйсіне парақтау керек. Біздіңше, шағын ғана шығармашылық ұжымның, бар-жоғы он-он бес маманның қолынан шыққан бұл қазақтану туралы бас кітап өзін «қазақ» санайтын әрбір отбасының төрінде тұрарға керек. Өйткені бұл ғасырларды, мыңжылдықтарды аттап өтсе де тамырынан ажырамаған, жан жылуын жоғалтпаған төл қазақы мәдениеттің бастау-бұлағы. Бұл ататүркілік көшпелі өркениеттің, нақтырақ айтсақ, тарих көшінен өрмегі ауып бара жатқан қазақылықтың түп табиғатын сипаттайтын бірегей көмбелі қазына-кітап.

СЫЙЛЫҚҚА ҰСЫНЫЛҒАН ҒАЛЫМДАР ХАҚЫНДА

БІРЕР АУЫЗ СӨЗ

Өзге жұрттың, қоңсы қон­ғандардың мәде­ние­тінен туған халқына пайдалыны жұқтыруға, қажеттіні алуға жол көрсеткендіктен де біз Абай, Шоқан, Ыбырайларды алға ұстар ағартушыларымыз дейміз. «Қазақ – жоқшы» деп ел-жұртының төрт құбыласын түгендеуге тырысқан Алаш арыстары да уақыт тезіне төтеп бере алмай, замана көшінен қалып бара жатқан көшпелі тұрмыс-тіршілікті модернизациялауға ұмтылды, оқу-білімді Темірқазық ұстанды. Осынау таңдаған мақсатты жолдарында олардың жан-жақты болмасқа амалы да жоқ еді. Дәрігері ғалым, теміржолшысы тарихшы, агрономы оқытушы жүгін қоса атқаруларына тура келді. Өкініштісі сол, ұлтын өрге сүйреген, елін емірене сүйген арманы зор, аңсары мол Алаштықтар тұтастай көктей солып, пышаққа ілінді. «Тап жауымен» жағаласқан, бұқараны асырап отырған қазақтың байы мен бағланына шүйліккен жалаңаяқ қызылкөз коммунистер қаншама «өткеннен» арылып, «жаңаға» ұмтылғанымен ұлы Мұхтар Әуезов сынды «ескішілдер», «алашордашыл құйыршықтар» жаңбыр-жаңбырдың арасымен жанын шүберекке түйе жүріп ұлтсыздыққа жол бермеді. Жоғары билік, коммунистік-кігібистік жүйе халық қамын жеген, ұлт жұмысына жегілген намысты ұлтшыл қайраткерлердің бірінің көзін жойса, тарих сахнасына тағы екеуі шықты. Заманында Ілияс Омаров, Нұртас Оңдасынов, Салық Зиманов, Өзбекәлі Жәнібеков, Әбіш Кекілбаевтар өшіп бара жатқан қазақылықтың отын үрлеп, шоғын қоздатты. Жағда Бабалықұлы, Дәркембай Шоқпарұлы, Ақселеу Сейдімбек, Сейіт Кенжеахметов сынды алашшыл азаматтар бар тірлігін тастап, қазақылықтың өткенін қаузап, білікті этнограф маманға айналды. Міне, осы қатардан мінезі салмақты, ұстанымы кемел дарынды суретші Қалиолла Ахметжанұлы да табылып, өзінің салиқалы, ойлы, тың зерттеулерімен көпті елең еткізген болатын.

Ұлт намысын жалау еткен сурет­шінің жолын ашып, ғылымның даңғылына шығарған «Ана тілі» газеті екеніне, оның бетіндегі Қалекеңнің қазақтың батырлық институтына, әсіресе қару-жарақ үлгілеріне қатысты жарқын мақалалары болғандығына біз толық куәлік ете аламыз. Қазақтың жүректі де білекті баһадүрлері хақында, Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадағы қанды жеңілістер мен ұлық жеңістер туралы аз жазылған жоқ, әлі де жазыла берері сөзсіз. Десек те, олардың арасында атақты суретшінің сызба-кескінге құрылған, қолда бар көне музей жәдігерлеріне негізделген этнографиялық мақалалары бір төбе-тұғын. Қалекең әрбір суреттемесін жауынгерлік жырлардағы батырлар­дың жекпе-жегін бейнелейтін ескілікті өлең жолдарымен өрнектеп, еліміздегі және шет аймақтардағы музейлерде сақталған нақты жәдігер үлгілерімен тиянақтап, қыпшақтық, тіптен жалпытүркілік, одан қалса күллі шығыстық қару-жарақ, ­сауыт-сайман, ұрыс қимылдары атау­ларымен салыстыра отырып дәйекті сөз айта алғандықтан оның есім-сойы ғылыми ортада бағаланды. Ғылыми атаққа да қолы жетті, әлемдік деңгейдегі көрнекті қарутанушы ғалымдар оның қалыптаған, қайта қалпына келтірген тұжырымдарын мойындап, батасын берді. Суретші қолынан шыққан жаранған қазақ баһадүрлерінің, Қобыланды сынды батырдың бейнелері, қыпшақ, түркі, сақ, ғұн жауынгерлерінің қайта қалпына келтірілген зерттеу кескіндері, т.б. көркем туындылары аталмыш бес томдықтың сәнін ғана кіргізіп қоймай, энциклопедиялық аталым мақалаларының материалдық-заттық тұрпатын тап басып, реалды мәнін де ашып тұрғанын баса айтқан абзал. Жалпылықтан қашып, жалқылыққа, табиғи нақтылыққа ұмтылған қазіргі заманда Қалиолла Ахметжан сынды көне заттық мәдениеттің бірден-бір білгірін қадірлеп, қазақ мәдениетінің қас та қат тұстарына орынды пайдалансақ, қанеки. Тарихи тақырыптағы болашақ кино түсірілімдеріне, ел мақтанышына айналар айбынды ескерткіш-бей­нелерімізге ақыл-кеңесін қосар, ­сауатты сарапшылыққа шақырылып жатса нұр үстіне нұр. Оның қазақы көне әскери терминдерді төркіндетуі, қару-жарақтың типтері мен түрлерін топтастыруы, батырлық эпостарымызда атауы ғана сақталып, ұмыт болған мұраларды қайтадан «тірілтуі», халық ауыз әдебиетіндегі көптеген көнеліктердің мән-мағынасын нақтылауы ендігі кезекте мектеп оқулықтарында кеңінен қамтылуы шарт. Сонда ғана жас буынның қазақы көшпелі өркениет туралы таным-түсінігі кеңейе түсер еді. Қылқаламынан төгілген туындылары мөлдіреген «тамшы-тамшы» бейнелермен көз арбайтын өзіндік стильге ие талантты суретшіміздің қос тізгінді қатар ұстай беруіне, қазақ этнография ғылымына қосар үлесінің молая беруіне тілекшіміз.

Мәртебелі сыйлыққа ұсынылғандар тізімінен көрнекті тілші-ғалым, филология ғылымының докторы Рүстембек Шойбековтің есімін көргенімізде көңіліміз марқайып, өзіміз де сондай биік мәртебеге көтерілгендей болдық. Рыкеңмен жолығысқан сәтте қашанда көз алдыма тарлан түркітанушы, биыл ғасырлық мерейтойы аталып өтіп жатқан марқұм профессор Ғұбайдолла Айдаров бейнесі тұра қалады. Расында да, қос ғалымның өмір жолында сәйкестік көп: екеуі де Түрікменстан қазақтарының арасынан Алматыға әбден есейіп, балалы-шағалы болғанда ұстаздық жолдан өтіп келген. Екеуі алдарына зор мақсат қойып, қия жолды ғылымның жұлдызды биіктеріне ең төменгі баспалдақтарынан ­бастап, қажырлы еңбектерімен өрмелеп жеткен. Ең бастысы – қос ғалым да бағдар қылып алған бағыттарынан бір сәт ауытқымай, тынымсыз ізденіс, тиянақты істерінің нәтижесінде өз салаларының маңдайалды ғалымдары бола білді.

Біз білгенде Рыкең қазақтың зергерлік лексикасын зерттеу тақырыбын қолға алды, сырт көзге бәрі айқын, оп-оңай іс сынды көрінетін осы саладағы сөз қабатына ол жылдар бойы үңіліп, үңгілеп қаза берді... Күндердің күнінде сәл жымиып күлгенін көрдік, көрдік те іздеген алтын жүлгесін тапқанын, қазынаға кезіккенін сездік. Нәтижесінде кітаптан кітап, сөздіктен сөздік тудырды. Сөйтсек, әшекей бұйымдардың сырты ғана жылтырақ емес екен, бар қыр-сыры оның ішінде жатыпты. Балықтың тілін бақа білетініндей, Рыкең қазақтың зергерлік бұйымдарының ішкі ­сырын да, «ішек-қарнын» да ақтарудай ақтарды. Көне қазақы түсінікте әдетте шын зергерді әулиелеп, тіптен бақсы сынды үлкен қорымнан алшаққа, жеке-дара жерлеген ғой. Энциклопедияда тек «зер», «зергер» ұғымдарын таратып, талдап айтуға 100 бетке жуық мақала түзген ғалымға бір сәтке сөз берелік: «Қазақ зергерлік өнерінің туындылары о баста сән-салтанат үшін ғана емес, тұмардың да функциясын атқарды... Олардың тұмар қызметін атқарғандығына тұрмыста осы уақытқа дейін сақталып келген көзмоншақ, үкіаяқ, жыланбас, т.б. деп аталатын бұйымдар айғақ бола алады. Бұндай әшекейлерді таққан балалар, ересек адамдар тіл-көзден, бәле-жаладан, ауру-сырқаудан аман болады деген түсінік ел арасында қазір де кездеседі. Сондықтан зергерлік өнер туындылары халықтың байырғы наным-сенімінің өнердегі тілі, көрінісі десек болады» (ІІІ том, 48-бет).

«Күнделікті тұрмыста зергерлік бұйымдар ежелгі мифтік санадан туындаған түрлі наным-сенімдерден басқа әр алуан мақсатта қолданылып, түрліше символдық қызмет атқарады. Осының нәтижесінде өткендегі салт-дәстүрден, әдет-ғұрыптан мол мағлұмат береді... Зергерлік заттар сәндік мақсатта жұмсалуымен бірге белгілі бір адамның шыққан тегін, яки лауазымын, қызмет дәрежесін, жас мөлшерін, жынысын, кәсібін, қай ру-тайпаға жататынын, тұратын жерін ажыратып көрсететін символикалық функция да атқарады. Мәселен, қазақ даласында 2,5 мың жылдан бері белгілі болған мөрлі жүзіктерді хандар мен сұлтандар, атақты батырлар ғана пайдаланса, бұдан 2000-2500 жылдар бұрын жасала бастаған сәукелені қазақ тұрмысында тек қалыңдық той салтанатында және бір бала тапқанға дейінгі жас келіншек кезінде киген. Сол секілді көзотаға, шоқ белбеу, жыға, т.б. әшекейлер мен белбеулер байлықты, батырлықты, билікті білдірсе, кісе белбеулердің ерекшеліктері оны таққан адамның жолаушы, яки аңшы немесе батыр екенін айғақтаған» (ІІІ том, 49-бет).

Осы «зер» мен «зергерлік» мақаласында Р.Шойбек жүздеген қарамен боялған және курсивпен таңбалаған лексикалық бірліктерге сілтеме жасайды. Бұл, яғни осы ­атаулы мақалаларды қарауға нұсқап, оларда осы атау, сөз-терминдердің өз орнында мән-мағынасының тереңірек тарқатылғанын білдіреді. Осылайша, ғалым мыңдаған заттық-материалдық қасиетке ие, этнографиялық мақсатта қолданылатын аталымдарға түсінік береді, дайындалған материалдарды редакциялайды, белгілі бір қалыпқа түсіреді.

Филология ғылымының докторы, профессор Нұргелді УӘЛИ... Ағалап, 40 жыл соңына ерген, ұстаз тұтқан қадірлі ағамызды мен «ұстаздардың ұстазы» деймін. Өйткені жаңа ғасыр басында сүттей ұйыған ғажайып ұжым – А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының кадрлық жағынан дағдарып қалған кезі де болды. І.Кеңесбаев, М.Балақаев, Ғ.Мұсабаев сынды ақсақалдар бақилық болған. Академиктер Ә.Қайдар, Ш.Сарыбаев, Р.Сыздықовалар зейнет жасына жетті. Айлықтары шайлықтарына жетпейтін мекемеден ғалымдар ауды, талантты жастар ғылымға жолауды қойды. Міне, осындай әрі-сәрі кезде алдыңғы буынға сүйеу, жас жеткіншектерге тіреу, сең бұзушы көшбасшы қажет болды. Ол орынға көпшілік мойындаған, білімі шалқар, білігі зор Нұрекең ғана лайықты еді. Тіл білімінің сан саласын меңгерген, етектей-етектей мақалалары жиі жарияланатын, оны тіптен классик жазушы Ғабит Мүсіреповтің өзі сүйсіне оқитын, сөзі аз, тындырған ісі көп шын ғалым осы тұста ресми мойындалған атақ-дәрежесі жағынан ұятты болса да, көсем шықты. Институттың қисайған жүгі тіктелді, жаңа бағыт-тақырыптар ашылды, жастарды көтермелеп, ғалымдардың жаңа буыны дайындалды. Түркі халықтарының ешбірінің қолы жетпеген 15 том түсіндірме сөздікті дайындауға, міне, осы кезде батылдық жасалып еді. Нұрекеңнің жарты ғасырлық ғұмырын сарп етіп жинаған, «Қазақтың бұрынғыдан қалған сөзі» атты сөз қоржыны, қазына-қоймасы барлығынан біз ­хабардар едік. Бума-бума қоржынның шетін ашып, алғашқы кітабын дайындадық. Әйтсе де, тендер деген пәледен жолымыз болмай, қолжазба көлденең бір баспаның қанжығасына байланды. Көңіліне жақпаған іске қырын қарайтын Нұрекең қаптың аузын қайта жапты, бірақ үйреніскен әдет қала ма, сөз жинауын бір сәт те тоқтатпады. Сабақты ине сәтімен деген, күндердің күнінде жаңа жоба бекітіліп, 15 томдық Сөздікті шығару мақұлданды, оған ағамыз басшылық жасайтын болды. Ертеректе 10 том болып шыққан Сөздіктің 15 томға айналуына, су жаңа материалдармен толығуына осылайша профессор Н.Уәли 50 жыл ерінбей-жалықпай жинаған аталмыш Сөзқоржынның пайдасы тиді. Осы қазына қордың бес томдық этнографиялық сөздікті құрастыруға да жәрдемі тигенін көріп отырмыз.

Байырғы қазақтардың дүние­танымын қайта қалпына келтіруде бірден-бір арқа тірер таяныш мыңдаған жылдық ғұмырлы, бар сырын ішіне бүккен тағы қазақтың көнерген тілдік байлығы, сөздік қоры ғой. Бес томдықты парақтап көрсеңіз, әсіресе абстрактілі ұғымдарды этнографиялық талдауда ғалымның қаламынан туған небір күрделі де қызықты этнолингвистикалық этюдтарды көресіз. Мәселен, кие сөзіне: «Халықтық ұғымдағы жанды, жансыз заттарда болатын ерекше тылсым күш, қасиет. Дәстүрлі наным-сенімде қасиетті адамдарды (пайғамбар, әулие, көріпкел), аң мен құсты (қасқыр, марал, аққу), жер-суды (киелі орындар, кесенелер, өзен-көлдер), ғарыштық денелерді (көк, ай, күн, жұлдыз), адамның кәсібі мен есімдерін киелі санап, оларға сиыну дәстүрі болған. Халық дүниетанымында киелі заттарды құрметтеу береке-бірлікті арттырып, құт әкеледі десе, керісінше жағдайда киесі ұрады деп есептеледі. Сондықтан киелі саналатын адамдарға тіл тигізбейді, жан-жануарларға зұлымдық жасамайды, киелі дүниелерге зор құрметпен қарайды» деп анықтама беріп алып, одан әрі Тәңірқұт, Тәңірдің ұлы, Көктің ұлы; көкқасқа айту, көкқасқа шалу, көк серкенің терісіне орану; көк айғыр кісінеді (күн күркірегенде); «көк соққыр!», көктен түскендей, «көктен береді, жерден иеді»; «ескі айда есірке, жаңа айда жарылқа»; «Сайрамда бар сансыз бап, Түркістанда Түмен бап»; Қазығұрт, Әулиешоқы, Хан Тәңірі, Көктөбе, Әулиетас, Сантас, Толағай; «Сырдың киесі ұрады», т.б. тілдік бірліктер талданады, осылайша көне қазақы дүниетанымдағы кие сөзінің концептісі ашылады (ІІІ том, 208-210-бб.).

Ғалымның авторлығымен жазылған бірнеше бетке созылған обал ұғымына тоқталмау обал-ақ: «Қазақтың дәстүрлі кісілік концепциясының адал, арам, сауап категорияларымен бірге негізгі төрт принципті құрайды... Сан ­алуан этнографиялық, фольклорлық, этнолингвистикалық материалдардың өзара салыстырыла зерделенген қисынына сүйенсек, обал жоғарыда аталған және осы сияқты басқа да жағымсыз жайттардың тікелей өздерін емес, осы жайттарды ата-баба жолына мүлдем жат іс-әрекеттің салдарына байланысты «жауап» ретінде жіберетін ерекше тылсым күш иесінің атауы болса ­керек. Дәстүрлі қазақы мифологиялық ­пайым бойынша, әлгі тылсым күш – обал объектіге (адам, жан-жануар, жәндіктер, өсімдіктер және т.б.) субъектінің жасаған іс-әрекеті үшін оған немесе оның жақындарына тиісті жаманшылық жібереді екен. Кезінде көшпелілер жасаған мифопоэтикалық ортаның дүниенің жаратылысы ­туралы концепциясына сәйкес әлгі күш иесінің атауы болған обал кейін семантикалық эволюцияға ұшырап, өзінің бастапқы мифологиялық және әдет-ғұрыптық аталмыш «субъектілік миссия­сынан» ажырап қалып, ұғым-сөз деңгейіне түсіп қалған сыңайлы... Мысал ретінде көшпелі ортада иісі қазақ мойындаған «малды тебу обал, киесі атады» деген максима-қағиданы айтуға болады... Обал принципін де әрбір көшпелі жан ұстанып отырды... Ұрының ұрлығы әбден әшкереленсе де оған жәбірленуші тарапынан зақым келтіруге дәстүр қоспады. Негізгі уәж – обал болады...» (ІV том, 549-551-бб.).

Байқап отырсаңыздар, бізге этнография ұғымынан гөрі «этнолингвис­тика» терминін көбірек қолдануға тура келіп отыр. Қос бірдей тілші-ғалымның аталмыш іргелі еңбекті дайындауға тартылуы да бекер емес. Кезінде Тіл білімі институты қабырғасында академик Ә.Қайдаров осы саладан 20-дан астам кандидаттық диссертациялық жұмыс қорғатып, «этнолингвистикалық мектептің» негізі қалана бастаған болатын. Ғалымның кейіннен үш томдық «Қазақтар: ана тілі әлемінде» атты сөз тізбесі түріндегі этнолингвистикалық сөздігі де жарық көрді. Рүстем ­Шойбеков екеуміз ұстазымыздың бұл еңбегінің бастапқы материал ­жинауына шама-шарқымызша көмектескен де болатынбыз. Бұл жерде айтпағымыз – осы кезге дейін жасалған барша этнолингвистикалық жұмыстардың зерттеу қорытындыларының аталмыш энциклопедияда сәтті пайдаланылуы бес томдықтың сапасын биік дәрежеге көтерген. Осылайша, қос өрім боп өрілген этнографиялық және тілдік сипаттамалар, талдаулар энциклопедия құрылымының ерекше нәтижесі.

Энциклопедияның ғылыми ­редакторы әрі жоба жетекшісі Нұрсан Әлімбайға қатысты айтар болсақ, ол алдымен осы жобаның идея авторы. Қазіргі таңда тек университеттер ғана емес, музей, кітапхана, архив сияқты мекемелерге де ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу талабы қойылуда. Бұл орайда Н.Әлімбай басқаратын ҚР Мемлекеттік орталық музейдің табысы қомақты. Музей коллекциялары, ондағы жинақталған киім-кешек, кілемдер, теңгелер, т.б. каталогы ­жеке-жеке альбом-кітап болып жарыққа шығуда. Түрлі конференция, семинар, көрмелер өткізіліп, олардың материалдары үнемі жария­ланып тұрады. Ғалым басшының өзінің ғылыми ізденістері, ­концептуалды, теориялық ғылыми мақалалары шетелдің рейтингісі жоғары салалық (этнография, тарих философиясы, музей ісі, т.б. бойынша) журналдарында ағылшын тілінде жиі басылуда. Энциклопедияның Н.Әлімбай жазған алғы сөзінен, библиографиялық көрсеткіштегі сілтемеден аңғаратынымыздай, ғалым дүниежүзінде жүзеге асырылып жатқан этнография ғылымының тың зерттеу жобаларынан, жаңа бағыттарынан, соны да соңғы жаңалықтарынан толықтай хабардар. Сол себепті де ол бұрын қазақ топырағында болмаған жаңа энциклопедия түзуді қолға алған сәтте бірден алдына аса жоғары меже белгілеп, әлемдік деңгейдегі ғылыми нәтижелерге қолын созған. Бұл, әрине, айтуға ғана оңай, тәуекелі тым жоғары, қауіп-қатері мол ­шаруа. Осы мақсат-үдеден шыға білген әріптестеріміздің жемісті жетістігіне шын жүректен қуаныштымыз, оның үстіне еңбектің бірден қазақ тілінде жазылып, мемлекеттік тілдің деңгейін тағы бір сатыға көтергеніне де көңіл тоғаяды.

Көпшілік ойлайды, қаржы болса барлық шаруа рет-ретімен жөніне келе береді деп. Қазақша бірнеше ғылыми-зерттеу жобасын жүзеге асырған басшы әрі ғалым ретінде айтарымыз, бүгінде ең басты проблема – ғылыми кадр мәселесі. Кеңес кезінен келе жатқан тәжірибелі ағаларымыздан сыпыра айырылдық, қазақтілді ғалымдардың, редакторлардың жаңа буыны жетіліп, толысып үлгере алмай жатыр. Ғылыми ортамызда орталық жалғауышты буын мүлдем жоқ деуге болады, бұл тағы да өтпелі кезеңнің зардабы. Шағын ұжыммен, шектеулі уақытта заманауи сапалы энциклопедияны жасақтау, су жаңа күрделі де көлемді көптомдықты дүниеге әкелу – ғылыми ерлік. Құдықты бір адам қазады, игілігін мың адам көреді. Аталмыш энциклопедия уақыт сұранысынан, қоғамның қажет етуінен жарық көріп отыр. Ұлттық құндылықтарды орнықтыруға, мемлекеттік идеологияны насихаттауға қызмет ететін, мәдениетіміз бен ғылымымызға қосылған бұл баға жетпес ғылыми еңбектің жүлдені жеңіп алуына тілекшіміз. Ақ жол!

   Ғарифолла ӘНЕС,

филология ғылымының

докторы

3071 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы