• Руханият
  • 05 Тамыз, 2021

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ ҰМЫТ БОЛМАУЫ КЕРЕК

Қазақстан халқы Ассамблеясы ­жанынан Аналар кеңесі құрылғалы көптеген тұрмыстық мәселелер оң шешімін тапты деуге толық негіз бар. Жаһандану дәуірінде жастар ұлттық құндылықты бағаламай кеткені рас. Көпке топырақ ­шашудан аулақпын. Алайда бұл көтерілген мәселе өте орынды деп ойлаймын. Осындай олқылықтың орнын толтыру отбасында ата-ананың міндеті болса, қоғамда Қазақстан халқы Ассамблеясының жанынан құрылған Аналар кеңесіне артылған үлкен жауапкершілік деп ұғамын. Әр өңірде құрылған Аналар кеңесі тәрбиелік мәні зор, болашағымыз саналған жастарға да жасамысқа да қажетті түрлі ­жобалар ­бойынша жұмыс істеп келеді. Атап ­айтар болсақ, кейінгі жылдары «Қазақтану», «Төркіндеу» сияқты жобалар аясында атқарылған істің ауқымы арта түсті. Ең бастысы, сан емес, сапа басым болғаны бізді қуантады. 

«Ескелді аудандық әйелдерді қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігі 2002 жылдан бері ­арнайы бекітілген жоспар бойынша жүйелі әрі нәтижелі жұмыс істеуде. Жалпы құрамында аналар болатын барлық қоғамдық бірлестіктердің жұмысы бір-біріне ұқсас болып келуі заңдылық. Мұндағы басты мәселе – жас ұпақты, болашақта еліміздің тізгінін ұстар буынды тәрбиелеу мәселесі. Бұл аса маңызды. Осыларды алға тарта отырып, Аналар кеңесі қоғамда орын алған барлық мәселенің мәніне аса зор жауапкершілікпен көңіл бөледі. Ассамблея жанынан құрылған әртүрлі деңгейдегі ­Аналар кеңесі жұмысының негізгі бағыты – елімізде жүргізіліп жатқан отбасылық-демографиялық саясатқа қолдау көрсете отырып, отбасы ­институтын сақтау мен нығайтуға ықпал ету, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға үлес қосу. Аналар кеңесі әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың мәселелерін шешуге, ұлттық құндылықтарды, дәстүрлерді жаңғыртуға қатысады, әртүрлі іс-шаралар арқылы берекелі, тірлігі мықты әрі тату отбасыларды насихаттайды. Елімізде жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық реформаларды түсіндіру бойынша жұмыстар өз алдына бір төбе. Қоғамдағы әйелдердің әл-ауқатын арттыру, олардың азаматтық ұстанымдарын жандандыру, қоғамның әйелдер жағдайына көзқарасын өзгертуге ықпал ету үшін психологиялық, құқықтық, әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында жұмыс істеп келе жатқан қоғамдық бірлестіктің атқарған жұмысы да жақсы нәтиже береді. Ауылдық әйелдерді олардың құқықтары мен мүмкіндіктері туралы ақпараттандыру, ауыл әйелдері арасында кәсіпкерлікті дамыту, қызығушылықтары бойынша клубтар, кездесулер мен танысу клубтарын, тақырыптық әңгімелесу кештерін құру, волонтерлермен жұмыс, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы көзқарасты қалыптастыру және ақпараттандыру бойынша ­аудан көлемінде ұйымдастырылған іс-шаралардың нәтижесін нәзік жандар көптеп көріп келеді. Осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін «Ескелді аудандық әйелдерді қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігіне Ескелді ауданына қарасты 11 ауылдық округінен 57 қыз-келіншек тіркелген. Олар Ескелді ауданының Аналар кеңесінің жиналыс кеңсесінде адам құқығын қорғау мақсаты ­аясында «Зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл» тақырыбында аудандық ­полиция бөлімінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан  қорғау тобының ­инспекторы, Полиция капитаны ­Лаура Түсіпованың, аудандық, ауылдық Аналар кеңесінің төрайымдарының қатысуымен кездесу ұйымдастырды. Мұндағы мақсат – отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, бала құқығын қорғау, берекесі мен бірлігі жарасқан шаңырақтардың санын арттыру. Бірақ кемшіліксіз ел болмайтыны секілді отбасының бәрі бірдей емес. Алайда біздің Отанымыз отбасынан басталатын болғандықтан қоғамдағы мұндай оқиғаларға қол қусырып қарап, сыртынан бақылау жасауға болмайды. Егер ол отбасының бірлігі мен берекесін сол отбасын құрған екі адам атқара алмаса қоғам болып атсалысуымыз керек. Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат жөніндегі тұжырымдамасында ­отбасы адам капиталының сапасына әсер ететін маңызды әлеуметтік институт ретінде ерекше аталып көрсетілген. Отбасы – ұлттық мәдени кодтың, моральдық ұстанымдардың және отбасылық дәстүрлердің сақтаушысы екенін үнемі айтудан шаршамаймыз. Сондықтан Отанның негізіне айналған отбасында үнемі береке мен бірлік, сыйластық мен махаббат болуы керек. Осындай отбасында тәрбиеленген ұл ұлықты, қыз қылықты болады. Бала – біздің ұрпағымыздың жалғасы. Оларға бар жақсыны жасау – ата-ананың міндеті. Мәселе жақсы әрі қымбат киім мен ойыншықта емес. Қайталап айтамын, отбасындағы сыйластық пен жылылық балаға аса маңызды. 
Еліміздің ертеңі саналған жастарға мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған. Оларға дұрыс жол сілтеу біздің міндет. Себебі түзу жолмен бағыт алып жүрген жастар биік белесті бағындырады. Ескелді ауданының ­жастар ресурстық орталығының психолог маманы Арайлым Көшемісованың ұйымдастыруымен «Адамзаттың асылы – Ана деген құдірет!» тақырыбы бойынша онлайн кездесу өткіздік. Аудандық Аналар кеңесінің мүшелері мен аудандық полиция бөлімінің Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау инспекторы, Полиция капитаны Лаура Түсіпова қатысып, өмірдегі ананың орны мен рөлін тереңнен қаузап, жастарға ата-ананың қадіріне жетіп, сыйлау керектігі айтылды.
 Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «2021 жыл – Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» деп жариялауы аясында аудандық кітапханамызда «1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні» қарсаңында «Балалар бөлімі» бөлмесінің ашылу салтанаты өтті. Бөлімнің тұсауын кесуге Ескелді аудандық мәслихаттың хатшысы Қанат Нүсіпжанұлы және «Nur Otan» партиясы Ескелді аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жайық Тазабекұлы қатысып, балаларға жылы лебізін білдірді. Аталмыш шара барысында «Ескелді ауданының әйелдерді қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, ауданның аналар кеңесінің төрағасы, кітапханашылар балаларға түрлі ойындар ойнатып, ынталандыру сыйлықтарын табыс етті. Жасөспірімдерді кітап оқуға баулу арқылы елін, жерін сүйетін нағыз ­патриот азамат етіп тәрбиелеуге өзіміздің аз да болса үлесімізді қосқанымызға қуаныштымыз. 
Отбасы – баланың ең ыстық әрі жайлы мекені. Себебі бала үшін өмірдегі ең жақыны – әкесі мен анасы. Ал қазақ отбасында әкенің рөлі қашанда жоғары болған. Солай болуы заңдылық. Ал ананың отбасындағы рөлін тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Әрбір қыз баланың мақсаты  тұрмысқа шығып, отбасын құрып, өмірге сәби әкеліп ана атану. Міне, әйелдің бақыты отбасында болуы тиіс. «Әйелдің бақыты отбасы» дәл осындай тақырыппен аудандық кітапхананың библиографы Жанар Кошемісованың ұйымдастыруымен «Ескелді ауданының әйелдерді қолдау» орталығының қоғамдық бірлестігінің төрайымы Дина  Бекетайқызымен сыр-сұхбат өтті. Жалпы іс-шара ­Instagram әлеуметтік желісінде онлайн форматта жүргізілді. Елдегі карантиндік талапты сақтай отырып ұйымдастырылған шараға аудандық қыз-келіншектер көптеп қатысты. Жиналыстың мақсаты –  отбасыдағы әйелдің рөлін арттыру және жас қыз-келіншектерге отбасылық тәрбиенің қыры мен сыры айтылды. 
«Ана бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деген халық даналығының астары тым тереңде жатыр. Ана деген қасиетті жан бір бойына бар мейірім мен махаббатты жия біледі. Ана өз баласына қандай жақсылық ойласа, өзгенің баласына дәл соны тілейді. Ал сол баланың жақсы қоғамда өмір сүруі барлық ана үшін аса маңызды. Қанша адам болса, сонша пікір болатыны секілді қоғамда неше түрлі адам өмір сүреді. Біреу айналаны жарық етіп көрсе, келесі адам қараңғы тұстарын жиі байқайды. Ал осы санаулы өмірді жарық етіп, қоғамға пайда тигізіп, жақсы өмір сүріп, артына өшпес мұра қалдыру әр адамның азаматтық парызы. Сондықтан өзіміз өмір сүріп жатқан қоғамдағы ұлтаралық тұрақтылықтың, татулықтың, береке мен бірліктің салтанат құруы үшін бәріміз аянбай еңбек етуіміз керек. Біздің мақсат – бейбіт, бірлігі жарасқан елде алаңсыз ғұмыр кешіп, кейінгі ұрпаққа үлгі болу. 
 
Дина КАРИПОВА, 
Ескелді аудандық Аналар кеңесінің төрайымы 

 

353 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы