• Мәдениет
  • 09 Қыркүйек, 2021

Береке бастауы – татулық

Ана перзентін қалай бар мейірімімен, жүрегімен жақсы көрсе, Қазақстан ­Республикасы да әрбір өзге ұлт өкілін құшағына басып, бар мейірімі мен ­махаббатына бөлеп, алтын бесікте әлдилеп келеді. Қасиетті қазақ халқының ­бойына тектілікпен берілген мейірімділік пен жылулықты сезінбеген жан кемде-кем шығар, сірә!?  Ешкімді түріне, тіліне, дініне қарап бөлмей «бауырым» деп құшағына басқаны үшін қазаққа мәңгі қарыздармыз. 

Тәуелсіздік алып, өз алдына жеке мемлекет болған шақта біраз қиындық болды. Уақыт өте келе бұл қиындықтарды да еңсердік. Айналасы 30 жылдың ішінде біршама жетістікке жеттік. Бүгінгі күнімізді зор мақтанышпен айта аламыз. Ертеңімізге сенеміз. Келешекке нық сеніммен көз тастай аламыз. Осындай өз аяғына нық тұрған мемлекет атандырған ел ағаларының  ерен еңбегіне алғыс айтамыз.

Еліміз еңбек етемін, кәсіп бастаймын деген әрбір адамға мол мүмкіндік жасап қойған. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау да баршылық. Тек қана жұмысқа деген ниет, ынта, жігер болса болғаны. Қазір көптен көмек сұрауға арланбайтын адамдар саны артты. Бұл жақсылықтың нышаны емес. «Мемлекет халықты асырауға міндетті. Мемлекет беруге міндетті» деп қол жаюдан ұялмайтындар күн сайын көбеюде. Мемлекет бізге тыныш, бейбіт, беркесі мен бірлігі жарасқан мемлекет құрып берді, жұмыс істеуге бағытымыз бен бағдарымызды айқындап берді енді ары қарай қимылдап, еңбек ету әркімнің өзіне байланысты. Егер екі қол қимылдаса, ауыз да қимылдайтынын ұмытпау керек.  Жалқаулық жақсы қасиет емес. Еңбектің арқасында ғана жетістікке жететінімізді ұмытпасақ деймін. «Еңбекпен өсесің, өнесің, көктейсің, көгересің» деген сөзді жастайымнан естіп өскендіктен, ешқашан ауыр жұмыстан қашқан емеспін. Расымен де, еңбектің жемісін көріп отырғаныма қуаныштымын. Біраз жылдан бері кәсіппен айналысып келемін. Жер жаннаты саналған Жетісу өңірінің жазиралы Жаркент қаласында тұрамын. Өмір сүруге өте ыңғайлы жер. Ұйғыр халқы көп шоғырланған аймақ болса да, бір қазақ бізді ешқашан жатсынған емес. «Ұйғыр» деп көкірегімізден итерген емес. Қазақ ­достарым да жетерлік. Негізгі мамандығым – аспаз. Осы мамандықтың биігіне шығуды мақсат етіп сол жолда тынымсыз еңбек етуге тура келді. Кеше қиналсам, бүгін соның жемісін көріп келемін. Жаркент қаласындағы «Алиф» мейрамханасын басқаруым да осы тынымсыз еңбектің жемісі. Мемлекеттен көп қолдау көрген жанның бірімін. Шағын ғана бизнестің дамуы үшін мемлекет тарапынан көптеген бағдарлама да іске қосылған. Барлығын ұтымды пайдалансаңыз болды кәсібіңіздің нәсібін көруге мүмкіндік жетіп артылады. Қазір бой емес, ой жарыстыратын заман. Мемлекеттің қамқорлығын ұтымды пайдаланып, еліміздің өркендеуіне біз де атсалысуымыз керек екенін дер кезінде түсінгеніме бүгін қуанамын. Осындай жетістікке жетуімнің бірден бір себебі – елдегі бірлік пен берекенің арқасы деп білемін. Қазақстанда өзге ұлт өкілдеріне деген бөтен көзқарас жоқ. Мейлі орыс, мейлі түрік, мейлі ұйғыр бол ешкім сізді кемсітіп, ешкім сізді есіктен сыртқа шығармайды. Бұл біздің басты жетістігіміз. Мемлекеттің осындай қамқорлығын дұрыс пайдалану қажет деп ойлаймын. Бүгінгі таңда елуден аса жұмысшыны тұрақты жұмыспен қамтып келемін. Себебі мемлекет маған сондай мүмкіндікті беріп отыр. Мен барынша сол мүмкіндікті қолдана білдім. Бұл істі еліме тигізген азғантай үлесім деп білемін.

Бүгінгі таңда әлемде болып жатқан түрлі оқиғаларды көзбен көріп отырмыз. Бір ұлт екінші ұлтты жоқ қылуға барынша тырысады. Бір мемлекетте бірнеше өзге ұлттар өмір сүріп жатыр. Бірақ береке жоқ, достық пен сыйластық жоқ. Елбасы Тәуелсіздік алған жылдан бастап «Елдегі тұрақтылық пен ұлтаралық достық біздің басты байлығымыз. Ел іші тыныш болса, сырттан жау келмейді» деп үнемі айтып келеді. Осы сөзді есімізден шығармауымыз керек. Ішкі тұрақтылықтың тұғыры биік болуы тиіс. Осы бірлік пен берекенің арқасында осындай елге айналдық. Бұл біздің бүгінгі жетістігіміз. Ал ертеңгі жеңісіміз бен жетістігіміз бұдан да зор болуы керек. Біз сол жолда қызмет етуге міндеттіміз. Себебі Қазақстан Республикасының болашағы бізге, біздің ұрпаққа керек.

Отбасы – шағын мемлекет. Қазақстан қалай бәрімізді бауырына басып, бәрімізге Отбасы болып отырса біз де шағын мемлекетімізді дәл сондай етіп тәрбие­леуіміз керек. Отбасында бірлік пен береке, сыйластық пен махаббаттың салтанат құруы сол шағын мемлекеттің тұрғын­дары болып саналатын отбасы мүшелеріне артылған жауапкершілік. Сол сияқты мемлекеттегі тұрақтылықтың, достықтың, бірлік пен берекенің ұзақ әрі тұрақты болуы елдегі халыққа артылған жауапкершілік. Отанды отбасы деп алып, оның тыныштығына өзіміз әр отбасы, әр адам үлес қосуы тиіс. Бірлігі мен берекесі жарасқан отбасымда 8 бала тәрбиелеп отырмын. Шаттыққа толы шаңырағымда елдің өсіп-өркендеуіне атсалысатын жас қазақстандықтар өсіп келеді. Олардың жарқын болашағы үшін мен бүгіннен еңбек етуім керек.

Қазақстан Республикасының өркен­деуіне, гүлденуіне, көркеюіне, халық санының артуына барынша үлес қосып отырған мерейлі отбасылар елімізде жетерлік. Біз де сол отбасының қатарын­да­мыз. Мен балаларымның әкесі ретінде оларға қазақ халқының салт-дәстүрін, мәде­ниеті мен әдебиетін сыйлау керектігін насихаттап отырамын. Әсіресе қазақ тіліне деген құрмет бәрінен биік болуы тиіс деп айтудан шаршаған емеспін. Әкелік өсиетім жерде қалған жоқ. Өмірімнің жал­­ғасына айналған ұрпағым мен айтқан ама­натқа қиянат жасамайтынына толық сенемін. Бәрі дерлік қазақ тілін меңгерген. Осындай ұр­пақ тәрбиелеуге мүмкіндік берген еліме ризамын.

Қазақ халқы «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» дегенді текке айтпаған. Жалпы қазақтың әрбір аталы сөзінің астары тым терең. Жаркенттік кәсіпкерлер бірігіп, игі амалдарды атқарып тұрамыз. Біз осындай жақсы амалдар арқылы бір-бірімізге жақынбыз. Бірге тумасақ та бір Отанның баласымыз. Осы бірлік пен татулық біздің берекеміздің артуына ықпал етіп жатқанына сенемін. Берекеміз де, жетістігіміз бен жеңісіміз де осы бірліктің, берекенің, татулықтың нәтижесі екенін ұмытпайық. 

Ясинжан НИЗАМДУНҰЛЫ,

Ұйғыр ұлтының өкілі, жеке кәсіпкер

Панфилов ауданы

 

904 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы