• Білім және ғылым
  • 09 Қыркүйек, 2021

ШӘКІРТІ КӨП ҰСТАЗ

Профессор Сабри Хизметлидің Қазақстан білім саласында сіңірген еңбегі зор. 2005 жылы Әли Өзек екеуінің  ашқан университеті мақтанышпен айтатын үлкен оқу орнына, киелі қара шаңыраққа айналды.  

МАМАНДЫҚҚА АДАЛ РЕКТОР

Егемендікке қол жеткенге дейін Қазақстан астанасы Алматыда 12 жоғары оқу орны болды. Егемендік келген соң көптеген университет ашылып ХХІ ғасырдың басында жалпы саны тоқсаннан асып кетті. Барлығы он бес миллион халқы бар Қазақстан үшін бұл өте көп сияқты. Алайда солардың бәріне оқитын студент табылып жатты.

Шет тілдер және іскерлік карьера университеті коммерциялық емес мемлекеттік емес білім беру ұйымы – жоғары кәсіби білімі бар мамандарды даярлаудың және мамандықтардың кең спектрі ­бойынша жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын көп бейінді жоғары оқу орны; жоғары кәсіптік білімі бар мамандарды, ғылыми және ғылыми-педагогикалық қызметкерлерді қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын; ғылыми зерттеулер жүргізетін; шет тілдерін оқыту жөніндегі жетекші ғылыми және әдістемелік орталық және өз қызметінің басқа да салалары болып саналатын.

Осы білім ордасы қара шаңырақтың негізін қалаушы және бірінші президенті, Орталық Азия мәдени қорының бірінші президенті, профессор Әли Өзек  2021 жылдың 17 сәуірінде өмірден озды. Артында керемет мұра қалдырған білім және қоғам қайраткері Әли Өзектің қажырлы және халыққа жасаған игілікті істерін бүгінгі және келешек ұрпақ ешқашан ұмытпайды...

Барлық түрік халықтарының соңғы үш ғасырда ең биік саяси ақыны Мағжан Жұмабаев қазақ еліне ерекше  еңбегі сіңген Әбубәкір Дибаев туралы былай деп жазған еді: «Елге еңбегін сіңірген ер қымбат. Ердің елге бағасы қаны бір болуда емес, жаны бір болуда; қуаныш-қайғысы ортақ болуда. Ердің бағасы елге еткен еңбегінің зор яки кішілігінде емес, ел деген жүрегінің таза болуында; тілегінің елмен ортақ болуында» деген аталы сөзін біз осы күнде ­Сабри Хизметли сынды Түркиядан келіп уни­верситет ашқан азаматтың барлық істерінен көреміз.

Ол Қазақстанға жарқырып келген азамат. 1995 жылы Түркстандағы  Қожа Ахмет Ясауи университеті ашылған кезде ол оқытушы, проректор, ректор болып жауапты қызметтер істеп сол университеттің нығаюына көп еңбек сіңірген еді. Оның Алматыдағы негізгі қызметі мен ерлігі Шет тілдері және іскерлік карьера университетін ашумен байланысты. Университет алғаш ашылған күннен бастап Шет тілдер мамандығы мен Информатика мамандығы тез арада дамыды. «Шет тілі: Екі шет тілі» мен Аударма ісі мамандығының тез арада дамуына екі нәрсе әсер еткен сияқты. Біріншісі Алматы Шет тілдер институтындағы ағылшын тілінен белгілі майталман оқытушылардың келіп сабақ бергені болар деп ойлаймыз. Солардың бірі Дундукова осы университетке келіп кафедра меңгерушісі болғаны есімде. Солардың себебінен болу керек студенттер аталған мамандыққа көптеп келе бастады.

2007 жылы тарих мамандығына екі студентке ректор грант берді. Ақша төлеп оқуға сол жылы осы мамандыққа басқа студент келмей қалды. Төрт жыл бойы екі студентті оқытып, олар 2011 жылы оқуын сәтті аяқтады. Не деген жомарттық... Ол кезде олар ескі бағдарламамен оқитын еді, яғни қазіргідей әрбір сабақты 50 минут емес, 90 минут дәріс өтетін еді. Екі адамды оқытумен жиырма адамды оқытудың шығыны, яғни оған жұмсалған қаражат бірдей.

2010 жылы Дінтану (Религиоведение) маман­дығын ашып жүздеген адамға Түркияның грантын берді... Бұл мамандық Қазақстан мектептерінде және және әкімдіктердің (қалалық, аудандық, облыстық) ішкі саясат бөлімдеріне өте қажет мамандық еді. Міне, осы мамандыққа Түркия шексіз көп грант берді. Тілек білдіргендердің бәрін қабылдады. 10 жылдың ішінде мыңдаған студенттерді оқытып ­маман дайындады.   

Қорыта айтқанда, Сабри бей басқарған университет Қазақстан тәуелсіздігінің  халқымызға арналған үлкен бір сыйы болып жарқырап тұр.

 

ҰЛЫҚ БОЛСАҢ КІШІК БОЛ

«Ұлық болсаң кішік бол» деген біздің халықтың тамаша мақалы бар. Осы қанатты сөзді Сабри ­Хизметли берік ұстанды.

Ол ғалым, ізденуші, педагог. 1974 жылы Түркияда Дінтану мамандығы бойынша университет бітіреді. 1976 жыл Париждегі Сарбон университетінде магистратура бітірген. 1980 жылы осы университетте докторлық диссертация қорғаған үздік маман. Араб, француз ағылшын тілдерін жетік біліп шыққан ғалым педагог. 1995 жылы Түркістанда Ахмет Ясауи университеті ашылғанда оқытушы болып келген профессор Сабри бей тез арада қазақ тілі мен орыс тілін үйренген. Оған өзінің ана тілін қосып есептесек алты тілді меңгерген полиглот, филолог екенін көреміз. Сондықтан ол өзінің ашқан университетінде шет тілдерін оқытуды үздік жолға қойғаны белгілі.

Оның Қазақстанға келгенге дейінгі педагоги­калық ғылыми қызметінің өрісі (географиясы) де өте үлкен екен. Түркия, Тунис, Алжир, Австралия сияқты мемлекеттердің университеттерінде жемісті қызмет еткен педагог. Басшылық қызметтерінің ішінде тек Қазақстанда Түрікстандағы Ахмет Ясауи университетінде 1998 жылдан Бірінші проректор, 2003-2005 жылдары ректор болды.

2005 жылы Алматыда Шет тілдер және іскерлік карьера университетін ашты және оны жан-жақты дамытып үлкен білім ордасына айналдырды. Көп ұзамай университет ішінде колледж ашты. Бұл жаңа оқу орнына да келетін оқушы өте көп болды. Тағы бірнеше жылдан соң лицей ашты. Лицейге келуші мектеп оқушылары да өте көп болды.

Жалпы Сабри бей ашқан оқу орындары ашылған күннен бастап қарыштап дамыды. Университет жанында бір үлкен оқу корпусы және бес қабатты үлкен жатақхана құрылды. Студенттер үшін ең үлкен олжа жатақхана екенін ескерсек бұл жағдай нұр үстіне нұр болды. Мысалы, 2010 жылы (ашылғанына 5 жыл ғана болған университетте) бес қабатты жатақхана пайдалануға берілді... Студент жап-жаңа жатақханада тұратын болды. Оның үстіне түрік мәзірімен үш рет тамақ берілді.

Сабри бей өз қызметіне берілгені соншалық, таңертеңнен кешке дейін университетте жүреді. Кез келген мәселемен оған жолығуға болады. Кабинетке кіру міндетті емес, кез келген жерде амандасып тұрып мәселені айта беретінбіз. Ол өте кішіпейіл көпшіл адам. Ол ешкімді жатырқамайды. Кез келген мәселені сол кезде шеше салады.

Сабри бей Түркістандағы үлкен университетте проректор, ректор болып істегендіктен өмірлік және педагогикалық тәжірибесі, көпшілдігі мен кішіпейілдігі, іскерлігі мен қажырлы ғалымдығы әрқашан көрініп тұратын. Соның арқасында аз жыл­дар ішінде үлкен қара шаңырақ, білім ордасын құрды. Оның игілігін қазақ елінің жастары көріп жатыр. Университет түлектерінен білгір оқытушы, тіл­маш­тар мен компьютер мамандары білім алып шықты.

Сабри бей ақша мен табысты есептейтін бизнесмен емес, өз пайдасынан гөрі халыққа білім беруге құлшына кіріскен азамат. Қаншама студенттерге грант беріп тегін оқытты, білім берді. Берілген гранттардың шығынын есептесек, жалпы саны 5 миллионнан асады екен. Университеттің материалдық техникалық базасы қазіргі заман талабына сай жабдықталған...

Дүниеде шәкірті көп ұстаздың бірі – Сабри бей. Сондай-ақ ол мыңдаған шәкірттерінің сүйікті және құрметті ұстазы. Біз оның барлық ісінен үлгі алуымыз керек деп мақтанышпен айтамыз.

     Самат ӨТЕНИЯЗОВ,

тарих ғылымының кандидаты, Мадрид университеті және әл-Фараби

атындағы ҚазҰУ профессоры

2407 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы