• Білім және ғылым
  • 09 Қыркүйек, 2021

ДЕР КЕЗІНДЕ ЖАРЫҚ КӨРГЕН ЕҢБЕК

БАҚ – қоғам өмірінің айнасы іспеттес. Қазіргі ақпарат тасқыны заманында дүниенің түкпір-түкпірінен толассыз келіп жатқан хабарды оқырманға, тыңдарман қауымға барынша тез жеткізу – журналистердің негізгі міндеті екені мәлім. Осылайша жылдамдыққа басымдық берілген жерде мәтін авторы тілдің кейбір заңдылықтарын назардан тыс қалдыратыны жасырын емес. Нәтижесінде медиа кеңістікте жарияланған материалдың сапасы көңіл көншітпейтін жағдайлар кездесіп жатады. 

Жалпы журналистерде тілдік, кәсіби және прагматикалық құзіреттілік бірдей қалыптасқаны абзал. Алайда соңғы екеуіне баса мән беретін тілшілер қауымы ­жедел ­материал дайындау барысында елеулі қателіктер жіберетіні де байқалады. Біртін­деп әдетке айналған осы үрдіске қоғам мүше­лерінің де бойы үйреніп қалғандай... Тіпті кейбір қателер таптаурынға айналып үлгерді десек те болады. Бұл жөнінде көзіқарақты оқырман, қолына қалам ұстаған тіл жанашырлары, басқа да зиялы азаматтар дабыл қағып жүр. Алайда ол мәселені түбегейлі шешуге бағытталған шаралар көңіл толарлықтай дәрежеде қолға алынбаған ­болатын.

Сонымен көптің көкейінде жүрген өзекті мәселенің шешім табуына сәтті бір қадам жасалды... Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауымен; ҚР Президенті аппара­тының басшысы Дәурен Абаевтың идеясымен; академик, филология ғылымының докторы Шерубай Құрманбайұлы бастаған бір топ маман СӨЗТҮЗЕР деген атаумен қазіргі БАҚ тілінде жиі кездесетін қате қолданыстар сөздігін құрастырып, көпшілікке ұсынды.

Ең алдымен, еңбектің атауы жөнінде бірер сөз. Сөзтүзер! Уәждемесі айқын, нағыз қазақтың жүрегіне жылы тиетін, Абай атамыз айтқандай, «айналасы жұп-жұмыр» әдемі атау.

Екіншіден, соңғы жылдары сөз мәдениеті, сөз әдебі, сауаттылық мәселелеріне қалам тартып, түрлі деңгейде ғылыми еңбек жазып, зерттеу жұмыстарын жүргізіп, тіл білімін дамытуға өзіндік үлесін қосып жүрген мамандарымыз баршылық. Алайда ол еңбектер ғылыми ортада талқыланып, жарық көргенімен, қалың көпшілікке ­тарала бермейді. Ал қолымыздағы еңбектің авторлары теория мен практиканы шебер ұштастыра білген. Олар қазіргі БАҚ тілінен жиналған екі жарым мыңнан аса қате қолданыстың әрқайсысына арнайы сөздік мақала жазған. Сөздік мақаланың формасы прагматикалық тұрғыдан ұтымды шыққан: онда алдымен қатенің себебі анықталып, теориялық тұрғыдан талдау жасалады, содан кейін қысқаша лингвистикалық түсіндірме беріліп, дұрыс нұсқасы ұсынылады.

Үшіншіден, сөздікке енген барлық қате қолданыс нақты дереккөзден жиналып, орфографиялық, орфоэпиялық, мағыналық, стильдік, пунктуациялық топтарға жіктелген (еңбектің 381-б.). Бұл да оқырманның сауат­тылығын арттыра түсуге септігін тигізеді.

Төртіншіден, еңбекте сөздік құрастырудың негізгі принциптері басшылыққа алынған. Атап айтқанда: сөздікке енгізілген сөздер, сөз тіркестері әліпби тәртібімен берілген; қате қолданыстар бас әріппен, жартылай қою қаріппен жазылған; нақты қате қолданыстың асты сызылып, мысалдар және дұрыс нұсқасы курсивпен ұсынылған. Бұның барлығын материалдың көзшалымға ыңғайлы болуына әсер ететін прагматикалық және  лексикографиялық амалдар деуге болады.

Бесіншіден, еңбек қазақ сөз мәдениеті, аударма теориясы, лингвоэкология, медиалингвистика, стилистика, дискурс теориясы салаларының дамуына өзіндік үлесін қосады. Ол үшін сөздіктің мектеп оқушыларынан ­бастап, ЖОО студенттері, магистранттары мен докторанттарына дейін қол жетімді болғаны абзал.

Алтыншыдан, сөздікте қазақ ғалымдары­ның еңбектерінде жүйелі түрде қарастырылып жүрген терминология мәселелері, кірме сөздерді игерудегі принциптер ескерілгенін атап айтқан жөн.

Қалбике ЕСЕНОВА,

Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры,

филология ғылымының докторы

3021 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы