• Руханият
  • 16 Қыркүйек, 2021

«МЕНІҢ АТАМ – МАЙДАНГЕР»

Биыл Екінші дүниежүзілік соғыстың басталғанына 80 жыл. Осы датаға орай бүгін Ақтөбе қаласында қазақ­тың мерген қызы Әлия Молдағұлова атындағы музейде «Менің атам – майдангер» кітабының тұсаукесері болып өтті.

Батыр қыздың атындағы музейде өткен іс-шараға кітапқа есімі енген майдангер ұрпақтарының бір тобы және облысқа танымал тұлғалар қатысты. Отан үшін от кешкен аталарымызға құрмет ретінде жарық көрген кітаптың тұсауын алты Алашқа танымал әлиятанушы, «Қос Шынар» Әлия-Мәншүк атындағы қоғамдық қор төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері, Ақтөбе облысының Құрметті азаматы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік өңіраралық университетінің құрметті профессоры Ғалымжан Байдербес пен Алматыдан арнайы келген «Ер намысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерболат Алиядинұлы кесіп, ақ тілектерін білдірді. Осыдан кейін Ерболат Алиядинұлы осы кітаптың шығуына атсалысқан азаматтарды бірлестік атынан марапаттаса, Ғалымжан Ермағанбетұлы Ерболат Алиядинұлына «Әлия-Мәншүк» медалін табыс етті.

Тұсаукесерге Ақтөбе облысы бойынша қазақ күресінен шыққан тұңғыш спорт шебері, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік өңіраралық университетінің құрметті профессоры Зейнолла Төлеутаев пен ол кісінің шәкірті, грек-рим күресінен Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы Мұқан Зарлықов, самбо күресінен әлем және 7 дүркін Азия чемпионы, Қазақстанның 20 дүркін чемпионы, әмбебап жекпе-жектен 5 дүркін әлем ­чемпионы, қалалық мәслихатының депутаты Райса ­Байлиева, ҚР Мәдениет қайраткері Еркін Құрманбеков және бірнеше майдангер ұрпақтары қатысып, сөз сөйледі. Кітап құрастырушыларға алғыс айтты.

Осы іс-шараға арнайы, Жібек Абдуллинаның сөзіне «Менің атам – майдангер!» әні жазылған болатын. Ән авторы және орындаушысы Орынгүл Исмағұлованың орындауында, әннің видеосы Лэд-экраннан көрсетілді. Бұдан басқа ардагерлерден құралған «Атамекен» және «Асылым» ансамбльдері соғыс жылдарындағы әндерді орындап, кеш сәнін аша түсті. Осы тағылымды іс-шараны ұйымдастырған Әлия Молдағұлова облыстық мемориалды музейінің директоры Әлия Сәрсенәліқызы қорытынды сөз сөйлеп, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру жолында тәрбиелік маңызы бар кітапты құрастырған Жібек Абдуллина мен Мусағали Тасқалиевтерге барша майдангер ұрпақтары атынан алғыс айтты.

Еркін БАҚТИЯРОВ

Ақтөбе

 

1116 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы