• Мәдениет
  • 16 Қыркүйек, 2021

Әр жеңісім қазақ үшін...

Қандай биікке көтерілсем де, қандай жетістікке қол жеткізсем де, үнемі қазаққа алғыс айтуды ұмытқан емеспін. Себебі мені спортшы етіп, мәртебемді көкке көтерген қазақ екенін ұмытпаймын. Қазақтың Көк туын бүкіл әлем елдерінің алдында көкке көтеріп, Әнұранды салтанатты түрде шырқап тұру – барлық спортшының басты арманы. Ал осы арманның орындалуы жолында бізге күш-жігер беретін қазақтың «Жарайсың! Алға, батыр!» деген бірауыз сөзі. Осы сөзден жігерленіп, қазаққа қуаныш сыйлауға асығамыз. Өйткені біз қазаққа қарыздармыз. 

Алматы облысын, жер жаннаты саналған Жетісуды білмейтін адам жоқ шығар, сірә!? Осынау жерде туып-өскенімді зор мақтаныш санаймын.  Отбасымызбен Қаратал ауданында тұрдық. М.Горький атындағы мектепте білім алдым. Достарымның басым көпшілігі қазақ балалары болды. Олар кішкентайынан қолындағы бір тілім нанды бөліп жейтін. Бәрі «өле жегенше, бөле же» деп сөйлейтін. Сол әдет маған да жұғысты болды. Сұрамасаң да бөліп беретін жақсы әдетті үйренгеніме қуанамын. Осындай қолы ашық жомарттықты мен қазақ балаларынан көп көрдім. Достыққа адал бола білді. Олар қиналған сәтте үнемі бір-біріне қол ұшын беруге дайын тұратын ерекше қасиеті арқылы биікте тұратын. Кейін ойлана келе, бұл қасиет оларға әкенің қанымен, ананың сүтімен берілетінін түсіндім. Мейірімді болу үшін жүрегің таза болуы керек деп ойлаймын. Қазақ халқы – мейірімді халық. Жанашыр. Демек, олардың жүрегі таза. Осы қамқорлықты біз отбасымызбен көрдік. Біздің аталарымыз бен апаларымыз қазақ халқының арқасында аман қалды. Бүгінде бұл мекен – біздің Отанымыз. Менің елім. Ата-апам: «Қазақ халқын құрметтеп қана қоймай, олардан үлгі алыңдар. Өйткені олар – қарапайым, тәрбиелі, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін қонақжай ұлт», – деп үйрететін. Отбасын құрып, өмірге сәбиім келген сәтте ата-апамның сөзін еске алдым. Олар айтқан құндылықты балаларымның бойына сіңірудемін. Олардың жарқын болашағы үшін елде бар жағдай жасалып жатқанына қуанамын. Енді біз ел үшін қызмет етуіміз керек.

Спорт – менің таңдауым. Бала күннен спортқа әуес болдым. 6-сыныпты аяқтаған соң Талдықорған қаласындағы спорт мектебіне оқуға түстім. Алдыма мақсат қойдым.

Соған жету үшін тынбай еңбек еттім. Қаншама тер төктім. Еңбек ақталды. Осы жолда мені қолдаған жанкүйерлеріме алғыс айтамын. Қазақтың ақсақалдары бата беріп, ­Токио Олимпиадасына шығарып салғанда үлкен жауапкершілікті сезіндім. Қорқыныш та болды. «Қазақтың үмітін ақтай алам ба?» деген сұрақ жанымды жеді. Көп уайымдадым. Үміт ақталды. Бұл жеңіс – менің ғана емес, ол – бүкіл қазақ халқының жеңісі. Оны мен өз еліме арнаймын. Олимпиада кезінде жанкүйерлердің қолдауы барынша сезілді. Барша қазақ тақымын қысып, қолдау көрсетті . Қазақтың ақ батасы мен тілеуінің арқасында жеңіске қол жетті. Жалпы қазақ халқы жылы сөз айтуға құмар. Қуанышыңа шын қуана білетін халық. Оған осы жолы да көз жеткіздім. «Біздің мақтанышымыз!» деп, төбемізді көкке бір елі жеткізбей, құрмет көрсетті. Өзге ұлтты бөлмей, «балам» деп бауырына басып, шын қуанды. Қазақты қуантқаным үшін өзіме риза болдым. Кезінде біздің ата-әжелеріміздің аман қалуы үшін бар жақсылықты жасаған жандарды ұмытпаймын. Бұл – менің азаматтық парызым. Парызымның бір парасы орындалғанына ризамын.

Қазақ тілін үйреніп, ойымды ашық жеткізе алуыма себеп болған достарыма зор алғыс айтқым келеді. Қазаққа қазақ тілінде «рақмет» деп айта алғаным үшін өзімді бақытты санаймын. Енді менің балаларым да қазақтың қайырымдылығы мен қамқорлығын барынша сезінетініне сенімдімін. Осылай ұрпақ сабақтастығы жалғасып, елімізде татулық, бейбітшілік, достық мәңгі салтанат құратын болады. Біз осы бірлігіміз бен берекеміз арқылы өзгелерден биікпіз. 

Игорь СОН,

Ауыр атлетикадан Токио

Олимпиадасының қола жүлдегері

1189 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы