• Мәдениет
  • 16 Қыркүйек, 2021

«Берекелі шаңырақтың» берері көп

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Алматы облыстық ішкі саясат» мемлекеттік мекемесі жанындағы «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен  «Берекелі шаңырақ» облыстық жас отбасылар байқауы өтті.

Ұлттық мәдениетті, тіл мен дәстүрді сақтау, дамыту, қазақстандық патриотизм сезімін қалыптастыру, өскелең ұрпақ­ты рухани-эстетикалық тәрбиелеу, адам­гершілік тәжірибені насихаттау мақ­сатын­да өткен шараға жас отбасылар қатысты.

Байқауға қатысушыларға ақ жол тілеген Алматы облыстық Аналар кеңесі­нің төрағасы, Алматы облысының Құрметті азаматы Несіпжамал Баймадиева отбасы­лық құндылықтар жайлы ойымен бөлісті.

– Отбасы – адамның тұлға болып қалыптасатын ең басты ордасы. Отбасында ең бірінші махаббат, мейірім, сыйластық салтанат құруы керек. Соның нәрін алып өскен ұрпақтың болашағы жаман болмасы анық. Бүгінгі таңда отбасы деген қасиетті ұғымды аяқ асты ойран ете салатын ­жастар көбейді десем, өтірік болмас. Расымен де, отбасының аяққа тұрып кетуі үшін соңына дейін күреспейтін жастар көп. «Бүгін шаңырақ көтердік» деп шашылып той жасап, ертең бас қатырмай-ақ екеуі екі жаққа кетіп қалатындар да бар біздің қоғамда. Сол үшін біз осындай шараларды ұйымдастыру арқылы жастарға үлгі көрсетсек дейміз. Сіздердей отбасыны көріп, өзгелер ойланар, қайта отбасына жақсы көңіл бөліп, жауапкершілікті сезінер. Ажырасудың салдары балаға ғана қатты әсер етеді. Олар отбасындағы осындай келеңсіз жағдай үшін қатты алаңдайды. Психолгиялық тұрғыда оларға үлкен әрі ауыр соққы. Соның салдарынан бала теріс жолға түсіп кетеді.  Болмаса, баласын жетімдер үйіне өткізеді. Қазақ ешқашан жетімін жылатпаған. Бәріміз қамқор болуға тырысамыз. Бірақ бар қазақтың қамқорлығы оның әкесі мен анасының махаббатындай болмайтыны заңдылық. Қандай жағдай болса да, бала ата-анасымен бақытты болуға тиіс. Қазақтың қара шаңырағында текті ұлдар мен текті қыздар тәрбиеленуі керек. Сонда ғана біздің ұрпақ мәңгі жасайды. Біз бүгіннен текті ұрпақты тәрбиелеуге асығайық. Осындай берекелі отбасы қатары артып, қазақтың қара шаңырағы шайқалмаса деген аналық тілегім бар, – деді Несіпжамал Баймадиева.

Бәсекеде «сегіз қырлы, бір сырлы» ­отбасылар 4 кезең бойынша бақ ­сынады. Байқаудың бірінші «Көңілді старт» спорттық кезеңінде қатысушы командалар бірнеше эстафеталық жарысқа қатысты. Шағын ғана мемлекеттің әрбір мүшесі спортты қаншалықты серік ететінін дәлелдеді. Ал екінші, «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» атты салт-дәстүрлер кезеңі өте жоғары деңгейде өтті. Онда отбасылар салт-дәстүрлермен қаншалықты жақсы таныс екенін көрсетсе, үшінші «Ойлы болсаң, озып көр» шығармашылық кезеңінде әр отбасы өзінің шағын мемлекетін әсем әнмен, қара өлеңмен таныстырды. Сондай-ақ қазақ тілінің мәртебесін асқақтатып, мемлекеттік тіл қолданысын кеңейту мақсатында қысқаметражды мультфильмдерді дыбыстады. Қазақ халқы қашанда «Өнерлінің өрісі кең» екенін айтудан шаршаған емес. Әр отбасы қазылар алқасы мен көрерменнің назарына өздерінің әртістік қабілеттерін: отбасылық ансамбль, пародия келтіру, би билеу, ән айту, музыкалық аспаптарда ойнау арқылы жеткізді.

Қазылар алқасының төрағасы Алматы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы ­Ермек Келемсейіт, «Қоғамдық келісім» КММ директорының міндетін атқарушы Жандос Байкамитов, облыстық Аналар кеңесінің төрағасы, Алматы облысының Құрметті азаматы Несіпжамал Баймадиева, Сүйінбай атындағы музыкалық колледждің дәстүрлі ән бөлімінің оқытушысы,  Мәдениет қайраткері Абылайхан Хармысов жас отбасылардың өнерін әділ бағалады.

Байқауда Текелі қаласынан келген Исқановтар отбасының мерейі үстем болып, бас жүлдеге ие болды. Бірінші орынды Панфилов ауданынан Мауытқалиевтер отбасы, екінші орынды Көксу ауданынан келген Асқаровтар отбасы, үшінші орынды Қапшағай қаласынан келген Усабаевтар және Ескелді ауданынан келген Рамазановтар отбасы қанағат тұтты.

Алматы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт жарысқа қатысқан барлық отбасы мүшесіне алғыс айтып, ақ батасын берді.

Облыстық «Берекелі шаңырақ» бай­қауының жеңімпаздары мақтау қағазда­рымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Бетті дайындаған 
Еңлік БАУЫРЖАНҚЫЗЫ
Алматы облысы

1785 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы