• Мәдениет
  • 30 Қыркүйек, 2021

Аспанның жыры бөлек... немесе бұлтқа шыққан қыз

Қарагөз СІМӘДІЛ
«Ana tili»

Ұшар биікке көтеріліп алған соң ұшақ терезесінен ақырындап сыртқа көз тастаған ұнайды. Әсіресе ақша, шарбы, қазбауыр, шуда, бұйра бұлттар бірінен соң бірі алмасып, ұшар шыңы көк тіреген тауларға жармасып қалғанына жалықпай қарап отыра беретінің бар. Мұндайда бұлт қалқып келе ме, ұшақ сырғып ұша ма, әлде екеуі бір-бірін қимай қатар жылжи ма – мәселе онда емес, мәселе сол қалқыған бұлттармен бірге сенің де көңіл түпкіріңде қалып қойған бала армандар қанат қағып шыға келетінінде...

«Ей, самолет, самолет,

Алматыға ала кет!» –

деп жүгіріп жүргенде

Осы біздер бала ма ек?»...

Замандасымыз Назира Бердалының осы бір өлең жолдары біздің де бала күнімізде сан мәрте айтылып еді-ау. Ақын болып тумағандықтан әсем жыр шумағы болып таңдайымыздан құйыла қоймағаны да рас. Алайда Назираның бұл өлең жолдарын оқығанда байырғы бала-жүректің көбелек-көңілі қанатын қағып-қағып оянып кететіні несі екен?

Хош, ауыл аспанында анда-санда бір көрініп, айғайлай-айғайлай тамағымыз қарлыға бастаған уақытта жоқ болып кететін ұшақпен бірге өзіміз де талай-талай зеңгір көкке бір көтеріліп қояр едік. «Шіркін, бұлттар биігіне бір шықсақ қой, жайғасып отырып алып самғар ма едік?» – дейтінбіз. Сол бұлтты бала күнде бір ерттеп мінгеніміз бар. Таулы ауылға бара қалсақ, айнала тұман. Әлгі ауылдың төл балалары «Бұлтқа шығасың ба?» – деп сұрады төтеден. Кім бас тарта қойсын. «Кеттік тауға, ендеше!». Өрмелеп келеміз, өрмелеп келеміз. Тұман қалыңдай түскендей. Аз көтерілдік пе, көп көтерілдік пе? Бір кезде: әппақ тұман сұйыла бастады да, о, ғажап, төменнен аппақ бұлттар қалықтап шыға келгені. Олай қараймыз, бұлай қараймыз: шынымен де бұлттың үстінде жүрміз. Бұл біздің ұшаққа мінгеннен бұрын-ақ бұлтты төменнен алғаш көруіміз еді...

Міне, осы бір оқиға баяғыда ұмытыла бастаған да болатын. Бір ән барлық естелікті бір-ақ күнде оята салғаны. Өзіміздің Роза, әнші Роза, ақын Роза, дүниеге келгенінде-ақ жүрегіне өнер­дің мөр-таңбасы басылған Роза – Роза Әлқожа бірде «Ақ бұлттар» деген әнін орындап берді. Әні де, сөзі де өз жүрегін жарып шыққан бөбегі. Бұл ән ұшақ ішінде отырғанында қоныпты Розаға. Үлкен ойдың тұңғиығы тартып, тіршіліктің қамыты тереңге «көме» бастағанында ұшаққа отыра қалып, зеңгір көктен төменге көз жүгіртеді. Сонда өзі мәселе деп санап жүрген талай дүниенің түптің-түбінде титімдей ғана болып қаларына көзі тағы да жете түседі. Сөйтеді де жүрегінен құйылып түскен, әлде сөзі, әлде әні алғашқы болып жеткен ән мен жырдың шумағын жұптайды.

Аспанның әні бөлек,

Арудың жаны бөлек,

Ақ бұлттың бәрі бөлек,

Жаныма бәрі керек...

Иә, Роза дұрыс айтады, аспанның әні бөлек. Аспандағы ән де, арман да, ой да ерек. Бір кездері соңынан ілесе жүгірген ұшаққа қазіргі күні мінгенімізде баяғы арманы таудай баланы қалай ұмытып кеткенбіз? Оның әсем арманы, бұлт үстіне көтерілсем деген ғажап бір тілегі бар емес пе еді?

Аспанның жыры бөлек,

Арудың мұңы бөлек,

Ақ бұлттай шақтарымды,

Сағындым, шыны керек.

Біз де сағыныппыз сол шақтарды. Ал ол шақтар қазір таныс, әлде бейтаныс өзге баланы тербеп жүрген болар, ә? Түрлі бұлттарға қызықтай ғана қарап отырғаныңда, сені құшағына қысқан ұшақ әлдебір ауылдың аспанынан зырғып бара жатқан жоқ па? Ол ауылдың арманы ақ бұлттай әппақ бір баласы дәл сен мінген ұшақтың соңынан жүрегін қолына ұстап жүгіріп, ән салып келе ме екен:

«Ей, самолет, самолет,

Алматыға ала кет!»

Әлде қазіргінің баласы астанаға кеткісі келе ме екен? Розаның  осы бір әні баяғыда ұмытылып кетті-ау деген талай дүниені қайта оятқаны несі? Әппақ бұлттың үстінде қалқып шыға келген естеліктер қайдағы мен жайдағыны еске түсіріп, баяғыдағыдай бұлт қуалап кеткіміз келе ме-ау, ұшақ соңынан ілесе ән салғымыз келе ме-ау, бұлт төбесінен төменге көз тастағымыз келе ме-ау...

Ақ бұлттар, армандар,

Жүйткіңдер, қалмаңдар,

Ертеңге жалғаңдар әнімді.

Бала күнгі ән бар еді ғой жүректе? Өзін­ше бір әсем еді. Сол ән дәл ұшақ ішінде жүректі неге тербеп өтетінін енді түсін­гендейсің. Ұшақ терезесінен сыртқа көз тастап отырғаныңда көрінген ақ шарбы, алақоңыр бұлттар баяғы бала күніңде өзің қолыңды созған әлемнің әсем белгісі екен ғой. Міне, сол үшін де аспанның жыры бөлек болады. Басқаны қайдам, дәл Роза, дәл біз көкке көтерілгенде ерекше демаламыз. Аспан бізге айрықша тыныс сыйлайды. Біраз адамға солай шығар. Солай екеніне деген үлкен сенім бар.

Негізі Розаның бұл әнін бұлттарға мұңын айту, сырын айту деп те түсінген дұрыс. Баяғы бала күнгідей. Алғаусыз сезіммен ақтарылу. Бұлттар біздің арманымызды көкке жеткізеді деп сену.

Ақ бұлттар, армандар,

Жүйткіңдер, қалмаңдар,

Ертеңге жалғаңдар әнімді.

Қайтарып беріңдер,

Қайырып келіңдер,

Қара жел ұрлаған әнімді...

Ақ бұлттар! Ұшақ ішінде жан-жағың­дағы адамға көз тастасаң, олардың жарты­сынан көбі көкке көтерілгенде өзіңе іңкәрлікпен қарап отырғанын байқайсың. Бәл­кім, олардың барлығының болмаса да, біразының бұлтқа айтар сыры бар. Жү­ректегі жыры бар. Оны біреу көзбен жет­кізер, енді біреу сөзбен жеткізер. Роза Әлқожа әнмен айтыпты. Сен тыңдадың ба? 

 

1914 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы