• Руханият
  • 07 Қазан, 2021

ТАНЫМАЛ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ ТҰРПАЙЫ ӘРЕКЕТТЕРІ

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

«Ana tili»

Өмірден өткен танымал тұлғалар туралы әңгіме көп. Олар да – адам. Мейлі ол ұлы қолбасшы, тіпті атақты жазушы болсын, олардың кейбір әрекеттері санаға сыймайды. Көлденең өтіп бара жатқан көк атты кейде мұны түсінбеуі мүмкін. «Мынаның есі дұрыс па?» деп ойлауы да кәдік. Алайда танымал тұлға болғасын, кейбір ісіне де кешіріммен қарауға тура келеді. 

Мысалы, орыстың атақты қолбасшысы Александр Су­воровтың ерлік істері жайлы екінің бірі біледі. Ол басқар­ған әскери жорықтар тек жеңіс­пен аяқталған. Жеңіліске ұшырамаған. Сөйтіп, оның даңқы асты. Алайда Суворовтың кейбір әрекеттері таңғаларлық. Халық та мұны түсінбеген. Жалпы қалыпты жағдайда жұрттың бәрі түнде 12-ге қарай ұйықтайтыны белгілі. Алайда атақты қолбасшы кешкі сағат алтыда ұйық­тап, түнгі сағат екіде оянады екен. Тұра салып, бір шелек мұздай суды үстіне құяды да, «ку-ка-ре-ку» деп айғайлайтын көрінеді. Тіпті кей кезде жоғары шенді шенеуніктерді ұйықтар кезде киетін жеңіл киімімен қабылдай беретін болған. Ол неге қораз секілді шақыратын болған? Оны «бұл шабуылға шығар алдындағы дабыл» деп түсіндірген. Сонда жорық алдында «ку-ка-ре-ку» деп айғайламаса, жеңіліске ұшырай ма? Ол жағы енді түсініксіз.

Француз жазушысы Анатоль Франстың да кейбір ісіне күлкімен қарауға тура келеді. Оның шығармашылық лабораториясында дәптер немесе күнделік деген болмаған. Шабыты келгенде, қай жерде жүргені қызық­тырмайды, отыра қалып жазады. Конверттің сырты, іші, визитка, тіпті арнайы төлем қағазының түбіртегі, оған бәрібір, қолына түскен қағазға жазып отырған. Артынан бәрін жүйелеп қағазға түсірген. Соған қара­ғанда, шығарманың желісіне қатысты тосын оқиғалар аяқ астынан ойына түсетін шығар.

Жұртшылық «Анатоль Франсты жазушы, әдебиет сыншысы» ретінде түсінуге тырысқанымен, ал атақты ғалым Ньютон­ның кейбір ісі тіпті санаға сыймайды. Ол үйіне қонақ шақырып,  әңгімелесіп отырады. Шарап алуға өзінің жұмыс кабинетіне кіреді де, шықпай қояды. Ал оны күтіп отырады. Неге? Бұл келген қонақты жақтырмау ма? Жоқ! Ол кабинетіне кіргенде, өзі бастаған еңбекке көзі түседі де, ойланып ұзақ отырып қалады. Сөйтіп келген қонақты ұмытып кетеді. Тіпті мынандай да қызықты оқиға болған. Ол таңертеңгілік асты дайындау үшін жұмыртқа қайнатпақ болады. Неше минуттан кейін піседі? Тексеру үшін қолына сағат алады. Ал нәтижесі қалай болды дерсіз? Бір қараса, қолында жұмыртқа тұр. Ал қолсағат қайнаған суда жатыр. Бұл Ньютон­ның нем­құрайдылығы емес. Үнемі ой үстінде жүретін ғалым кейде ұмытып кетіп, осылай күн­делікті қалыпты іс-әрекетті шатастырып жатады.

Жалпы ұлы адамдарға қатысты ұмы­тыл­майтын әңгіме өте көп. Олардың қожанасырлық әрекеттері көп жағдайда күлкі туғызып жатады. «Осылардың ақыл-есі дұрыс па?» деп күдікпен қарайтындар да көп болған. Мысалы, Нобель сыйлығының иегері атақты Эйнштейн өзінің досын кездестіріп, қонаққа шақырады.

– Маған кешке соғып кетіңіз, үйге профессор Стимсон келеді.

– Кешіріңіз, мен профессор Стимсонмын ғой.

– Бұл маңызды емес, сонда да келіңіз.

Жалпы әйелінің айтуына қарағанда,  мұндай оқиғалар Эйнштейннің өмірінде жиі орын алғанға ұқсайды. Әйелі оған кейде бір нәрсені түсіндіру үшін үш рет айтатын болған. Сосын барып атақты ғалым түсінетін көрінеді. «Ұлы ғалымдардың қарапайым нәрсені ұға бермеуі қалыпты құбылыс», – дейді психологтар.

Орыс авиациясының атасы Жуковский­дің өмірінде де күлкі тудырарлық оқиға көп. Ол бірде өз үйіне достарын шақырып, ұзақ уақыт әңгімелесіп, көңілді отырады. Сағат түнгі он бірге жақындағанда, қонақтардан кешірім сұрапты. «Мен ұзақ отырып қалдым. Демалуым керек, шақырғандарыңызға көп рақмет, үйге қайтайын». Ойлы ғалым өз үйінде отырғанын да ұмытып кеткен ғой.

Тарихқа көз салсақ, танымал тұлғалардың мұндай тұрпайы әрекеттері көп. Мысалы, атақ­ты итальян физигі Галилео ­Галилей де өз ісіне адал, бірақ өмірде аңқау, қожанасырлау адам болған. Ол үйленген кезде алғашқы түнін кітапханасында өткізген. Таң ата бөлмесіне келсе, онда ұйықтап жатқан өз әйелін көреді. Шошып кетіп, өзінің күтушісін оятады. Сонда қойған сұрағы мынандай болыпты: «Мына бір әйел менің төсегімде  неғып жатыр?». «Ол сіздің әйеліңіз ғой?». Бұл бірінші рет емес, Галилейдің өмірінде мұндай оқиға жиі орын алған. Ол үйленгенін ұмытып қала беретін болған. Жалпы мұндай оқиғаға таңғалуға болмайды. Алайда жүздеген жылдар бұрын орын алған танымал тұлғалардың бұл ісі тұрпайы көрінгенімен, бірақ қазір түсінуге тұрарлық десе де болады. Тіпті  тарихта ізін қалдырған атақтылардың көбісі үйленбеген. Вoльтeр, Дaнтe, Рyссo, Спинoзa, Кaнт, Бeтхoвeн және тағы басқалардың даңқы асты, олар артына өлмес туынды қалдырған. Бірақ үйленбеген. Бәрі өмірден жалғыз өтті. Олар «үйдегі әйел шығармашылығыма зиян келтіреді» деп ойлаған. Ал Бетховен ұлы ­туындыларды дүниеге  әкелгенде, қуанғанынан ішкиімімен көшеге атып шығатын болған. Үйге кірген күтушісі үстелдің үстінде, асхана, ыдыс-аяқтың жанында, кереуетте, бөлмедегі әжетханада және әр жерде шашылып жатқан ақ қағазға түскен ноталарды жиі көріпті. Бірақ ұлы композитордың әрекетін жақсы түсінгендіктен біреуіне де тиіспеген. Артынан атақты композитор оны реттеп, жүйелеп, өзі жинап алатын болған.

Жалпы ғылымға, өз ісіне шын берілген атақты ғалымдарға жағдай жасаудың қажеті жоқ. Оларға тыныштық қажет. Тек ешкім кедергі жасамауы керек. Электротехника саласында өзінің даңқын асырған Никола ­Теслада тіпті үй болмаған. Ол өмір бойы өз лабораториясында түнеген. Сонда отырып жұмыс істеген. Кейде Нью-Йoрктің қонақүйлеріне қонған. Үйленбеген. Ол «соқа басты өмір ғылымды дамытады» деп ой түйген. Ол микробтан қорыққан. Күніне қолын 10-15 рет сабындап жуған. Қонақүйде немесе жұмыс орнында ондаған сүлгі ілініп тұрған. Егер түскі тамақ кезінде оның жанынан шыбын ұшып өтетін болса, даяшыдан дереу басқа тамақ әкелуді жиі сұраған. Ол әр қадамын санап басатын болған, ыдысқа қанша көлемде тамақ құйылды, кеседегі шай көп емес пе? Бәріне де мән берген және ең бір қызығы, жалғыз өзі отырып тамақ ішкен. Жанына біреулер келсе, тұрып кететін болған. Міне, атағы мұқым дүниеге тарағанымен, оның жаны жалғыздықты қалады. Бірақ Тесла тарихта қалды.

Жалпы шығармашылық адамдарының кез келген әрекетіне түсіністікпен қарау керек. Мысалы, атақты Чарльз Диккенс тек  солтүстік бағытқа қарап ұйықтайтын болған. Өйткені солтүстік қана оның шығарма­шылығына қуат береді. Сондай ойда болған Диккенс өмірінің соңына дейін осы наным-сенімнен жаңылған жоқ.

Жалпы шығармашылық адамдарын халық сүйді. Танымал тұлғалардың таңға­ларлық тұрпайы әрекеттеріне қарамастан  оларды ел құрметтеді, қастерледі. Өйткені олар өмірін ғылымға біржола арнады. Сондықтан да жеке өміріндегі кей тірлігі түсініксіздеу болғанымен, атақтылардың артында мол мұра қалды. Даңқы бүгінге жетті.

1409 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы