• Руханият
  • 21 Қазан, 2021

«СОЗАҚТАН ШЫҚҚАН ГАМЛЕТТІ» ЕСКЕ АЛДЫ

Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ­кинорежиссер, жазушы Сатыбалды Жәлелұлы Нарымбетовтің дүниеден өткеніне 100 күн толған еске алу асын туып-өскен жерінде Созақ аудандық әкімдігі өткізді. 
Қасиетті де тарихи Созақтан шығып, аты әлемге кең тараған сирек талант иесінің жақын туыстары, қатары сиреп қалған замандастары бас қосып, Сатыбалды Нарымбетовтің балалық және жастық шағы туралы естелік айтты. 

Созақ ауданының әкімі Салыхан Полатов, бұрынғы әкім Созақбай Әбдіқұлов, журналист Қасымжан Өмірұлы, Түркістан облысының құрметті азаматы Сексенбай Тұрысбеков, Созақ ауданының қадірменді ақсақалдары Сағынтай Мұсабеков, Пернебай Өтжанов, Пәрдабек Сақтапбергенұлы, Астана қаласынан келген інісі Оразалы Жәлелұлы, кино режиссердің жары Бақыткүл Жүзбаева, өзге де әріптестері марқұмның түсірген кинолары мен жазған кітаптарының қазақ мәдениетіне қосылған үлкен үлес екенін атап өтті. Созақтан шыққан сирек талант иесінің соңында қалған мұрасын елге насихаттау мен есімін мәңгі есте қалдыру туралы ойларын ортаға салды. Жергілікті ақын Төлеген Кәрібеков өнер иесіне арнаған өлеңін оқыды.

Сен жатсың анда, рухың мұнда,

Бүгін құранда шомылуда нұрға.

Тек Созаққа емес, күллі қазағыңа,

Дарынды сен ең танымал тұлға.

 

Жаңарды үш ай, өтіпті жүз күн,

Қоштасқанымызға сіз бенен біздің.

Рухың шарлап жүр бүгін елді,

Салқын самалымен сырласып күздің.

 

Жетпіс бес жасап өмірден өттің,

Созақтан шыққан танымал тектім.

Өз елің тұрмақ бар әлемге мәлім,

Артыңда өшпес із тастап кеттің.

 

Қазақы болмыс, иесі ең нәрдің,

Сол болмысыңмен ел есінде қалдың.

Рухани азық халқыңа сыйлап,

Өнер додасында жүлделі болдың.

 

Оқысаң сөзді өз дерегіңдегі,

Мына Созағыңа төлемің бе еді.

Жұлдызсың өзің кино әлеміндегі.

Теріңді төккен осы еңбектерің,

 

Не деген дарын, не деген жалын,

Өз денеңдегі мәңгі тоқтағанменен қаның.

Алтын әріппен тарихта қалдың,

Ұжмақта болсын, енді өз жаның.

 

Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ

1441 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы