• Тарих
  • 04 Қараша, 2021

ҚАЗАҚСТАН АЛТЫН ОРДАНЫҢ ЗАҢДЫ МҰРАГЕРІ

ОҒАН САРАЙШЫҚ ҚАЛАСЫ ДА ДӘЛЕЛ

Дағжан БЕЛДЕУБАЙ
«Ana tili»

Тарих не үшін керек? Алдымен еліңнің мемлекеттілігі қай ғасырдан, қашаннан жалғасып келе жатқанын білу, басқаларға білдіру, мойындату үшін қажет. Ежелгі ханзу деректеріндегі ғұндардан, Геродот жазбаларындағы скифтерден басталатын түркілер тарихы шым-шытырық. Ең қызығы, түркілерден өзге бірде-бір ұлт, не ұлыс айдарынан жел ескен қырық шақты империя құрып, Еуразия құрлығын сан ғасыр ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған емес. Сөйте тұра тарихы тым аз зерттелген. Сол аз зерттелгеннің бірі – орыстар Алтын Орда атаған – Ұлық Ұлыс. Ұлық Ұлысты – Жошы ұлысы деп те атаймыз. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында, «Шынына келсек, айтпағым Тәуелсіздік жылдарында бірнеше рет қолға алынғанына қарамастан, ұлттық мүддемізге сай келетін көп томдық жаңа тарихымыз әлі толық жазылған жоқ», – деп орынды мәселе көтерген. Содан бері ата тарихымызды зерттеу қауырт қолға алынғаны 27-29 қазан күндері, Атырау қаласында өткен «Ұлық Ұлыс – Алтын Орда» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда да анық көрінді. 

Алдымен конференцияға арнайы қатыс­қан Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев оқып берген Президенттің құттықтау хаты – Қасым-Жомарт Кемелұлының тарихқа үлкен маңыз беретінін тағы да дәлелдеді. «Шын мәнінде, Алтын Орданың тарихы әлі де терең зерттеуді қажет етеді. Түрлі себептерге байланысты төл шежіреміздің осы бірнеше ғасырлық кезеңі назардан тыс қалды», – делінген құттықтауда. Соған байланысты Мемлекет басшысы ­келер жылы қолға алынбақ келелі істерді де мақұлдапты. Олар төмендегідей жеті түрлі мәселе: Бірінші, шетел мұрағаттарындағы Ұлық Ұлысқа қатысты деректерді зерттеу қарқын алмақ. Екінші, еліміз аумағындағы Алтын Орда қалаларын жаңғырту, тарихи- материалдық кешен құру бағытында жоспар дайындалмақ. Үшінші, ғылыми монографиялар жазылмақ. Мәселен, Жошы, Берке, Өзбек хандар туралы. Төртінші, «Ұлық Ұлыс» энциклопедиясын шығару, Википедиядағы Алтын Орда тақырыбына қатысты қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі контентті жаңалау. Бесінші, Ұлық Ұлыстың Жошыдан Кенесарыға дейінгі хандары туралы, Алтын Орданың рухани және материалдық мәдениеті, қалалары мен сауда саясаты жайлы деректі фильмдер сериясын шығару. Алтыншы, алтынордалық эпостар желісімен балаларға арналған ертегілер шығарылады. Жетінші, Алтын Орда тақырыбы бойынша ашылған тың деректер мектеп және жоғары оқу орындарындағы Қазақстан тарихы пәніне енгізілмек.

Конференцияға қатысқан Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов­тің айтуынша, Ұлттық ғылым академиясы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының білікті ғалымдар тобы, «Ежелгі дәуірден бүгінге дейінгі Қазақстан тарихы» атты көп томдық акаде­миялық басылым әзірлеуде екен. Бұл, әрине, біз жоғарыда айтқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы екені анық. Көп томдықтың 3-томы Жошы ұлысына арналмақ. Алтын Орда тари­хын зерттеу бағытында гранттық және ныса­налы-бағдарламалық қаржыландыру арқылы 15-тей ғылыми жоба қолға алыныпты.

Алтын Орда дегенде бізге сол мемле­кеттің негізін қалаған Жошы хан есімізге түседі. Ханның сүйегі Ұлытауда жатыр. Ұлық Ұлыстың ықпалды астаналарының бірі болған Сарайшық та қазақ жерінде. Осының өзі көп дүниеден хабар беретінін жиналған қауым тілге тиек етті. Конферен­цияға арғы шеті АҚШ пен Жапониядан, Түркия мен Украинадан, Ресейден ғалымдар қатысуы жиынның мазмұнын арттыра түсті.

Тарихшы Александр Қадырбаев Ұлық Ұлысқа Иоганн Шильтбергер есімді неміс әскериі келгені жөнінде қызықты дерек айтты. Ол 1396-1427 жылдары, яғни анау-мынау емес, 31 жыл бойы тұтқын ретінде қожайындарымен бірге шығыстың талай елін аралаған. Алтын Орданы терең зерттеу үшін осындай саяхатшылардың жазбалары да маңызды.

Анкара университетінің аспиранты Серхан ­Чинар Осман империясы мен Ұлық Ұлыстың қарым-қатынасы тақырыбын қозғап, Ер Тұғырылды алтынордалық Осман Ғазының қолдауы мемлекет құруға үлкен септігі тигенін сөз етті. Яғни соған сүйеніп Алтын Орда мен Осман империясын одақтас елдер ретінде қарастыруға болады.

«Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығы» РМҚК директоры Әбілсейіт Мұқтардың айтуынша, аталған қала әлі толық зерттеліп бітпепті. Қалада хан сарайы болғаны жөнінде айтылады. Бірақ оның орны әлі күнге табылмаған. Сол сарайда Жәнібек хан мен оның баласы Бердібек хан таққа отырған. Тіпті кейбір зерттеушілердің айтуынша (В.Трепавлов), Өзбек хан да сол сарайда болған екен. Әйгілі Жәнібек пен Қасым хандар Сарайшықта жерленгені мәлім. Одан өзге де қазақ хандарының атасы Барақ ханға дейін біршама билеушілердің сүйегі сонда дегенмен, пантеонда жерленгендер жөнінде ортақ пікір жоқ екен. Тарихшының айтуынша, ол да мұқият зерттеуді қажет етеді.

Бұл кітапта ортағасырлық Сарайшық қаласының аумағындағы тарихи ескерткіштер, олардың архео­логиялық этнографиялық зерттелу жайы, көне қала орнындағы ескі құлпытастар ­туралы деректер берілген.

 

Атырау облысының әкімі Махамбет ­Досмұ­хам­бетов Сарайшықты туристік бағытта дамытуға байланысты жоспарды сөз етті. Қазір қорыққа жылына 20 мыңға жуық турист келеді екен. Оны 700 мыңға жеткізуге болатын көрінеді. Сарайшықтың әйгілі мәуелі бағын қалпына келтіріп, өзенге қайықпен серуендеуге мүмкіндік жасалмақ. Қазір қорықтың музей-қорында 4600 жәдігер жинақталған. Олардың 400-ге жуығы ғана көпшіліктің назарына көрі­неуге шығарылыпты. Сондықтан «Алтын Орда» мұражайын салуға негіз бар.

Ғалымдардың айтуынша, Сарайшық тарихын түгендеуде нумзматика саласы да маңызды орынға ие. Ақша саясаты қалай жүргізілді, теңге соғатын сарайлар, нақты ақшаның құны тағы сол сияқты зерт­теу тақырыптары аз емес. Дәлірегі – жазба деректер жетпей жатқан тұсқа, ар­хео­ло­гиялық қазба жәдігерлер көмекке келмек.

Сарайшық гүлденген керемет ғимарат­тары бар, қолөнері, сауда-саттығы, базарлары дамыған ортағасырлық қала болғанына нақты деректер баршылық. Солардың бірі – ХVIII ғасырда Ресейде сызылды делінген карта. Онда Сарайшықтан Ажы-Тарханға (қазіргі Астрахан) баратын сауда жолы, керуен сарайлар анық көрсетілген.

Қысқасы, татар бауырларымыз сонау тоқсаныншы жылдары арнайы институт ашып (Президент Минтимир Шәймиевтің кезінде) зерттеген Алтын Орда тарихына, «ештен кеш жақсы» деп жүріп біз енді ғана кірістік. Иә, Қазақстан Ұлық Ұлыстың заңды әрі тікелей мұрагері. Ең болмаса, сол өзімізге тиесілі тарихты иемдене білейік. Төл тарихымыз күдік пен күмән атаулыдан аршылып, жарқырай түссе деген тілектеміз.

Ілкіде айтқанымыздай, Президенттің пәрме­німен төл тарихымызды оның ішінде Алтын Орда ­тарихын жан-жақты зерделеу қарқынды жүргізілуде. Атырау­да өткен ғылыми-практикалық конференция да сол ауқымды іс-шаралардың бір бөлігі. Төменде аталмыш жұмысты тікелей атқарып жатқан ­тарихшы, тілші ғалым­дардың мақалаларын оқисыздар.

 

ТАЙПА БЕКТЕРІНІҢ ҚЫЗМЕТІ

 

Алтын Орда – Қазақ хандығының негізі, бастауы. Алтын Орда тарихын кеңінен ұлықтау елімізде тұңғыш рет Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен тұстас келіп отыр. Алтын Орда тарихындағы осы күнге дейінгі зерттеушілер назарынан тыс қалып келе жатқан тақырыптардың бірі – тайпа бектерінің қызметі. Алтын Орданың гүлденуі кезеңінде бірте-бірте мемлекеттің саяси өмірінде белсенді рөл атқара бастаған жергілікті ру-тайпа көсемдерінің тарихи орны мен қызметі туралы ортағасырлық деректер мен ауыз әдебиеті мәтіндерінде мол мәлімет сақталған әрі олар туралы тарихи ақпарат халық жадында ауызша тарих айту дәстүрінде сақталып қалған.               

Моңғол шапқыншылығынан кейін құрылған жаңа ұлыстық жүйе, бұрын­нан қалыптасқан рулық-тайпалық бөлі­ністерге қарама-қайшы келгені белгілі. Моңғолдарға бағыныштылыққа түскен ру-тайпалар өзара бөлініп-бөлініп кетті, олардың бұрынғы көші-қон аймақтары, бағыттары өзгерді, әрі олар бір-бірімен және өзара туыс өзге ру-тайпалармен байланыстарын үзіп алды. Бұрынғы ру-тайпалық жүйенің бұзылуына ендігі жердегі билеуші тайпа мен оларға бағы­нышты тайпалардың арасында қалып­тасқан жаңа қарым-қатынастардың формасы мен мазмұны ерекше әсер етті. Бағыныштылыққа түскен ру-тайпалар жаңа әскери әкімшілік бөлініске сәйкес түмендер, мыңдықтар, жүздіктер шығара алатын әкімшілік аймақтарға бөлінді. Шыңғыс хан тұсында-ақ бүкіл тұрғын­дарды ондық жүйе бойынша бөлу ру-тайпалық топтарды әскери тұрғыдан ғана жаңадан құрып қою емес, ол сонымен қатар «ханның саналы түрде дәстүрлі ру-тайпалық құрылымды күйретуі болды». Әрине, бұл өзгерістер болашақтағы жаңа ру-тайпалық құрылымының негізін де қалап берді. Дегенмен біз қарасты­рып отырған кезеңде орын алған мұндай өз­герістер этникалық процестердің жаңа кезеңі ретінде ерекшеленуіне әкеліп соқты.

Жалпы Алтын Орда мемлекетінің әкімшілік жүйесі толық зерттелмеген мәселелер қатарына жатады. Дегенмен қолда бар мәліметтерге сүйенсек, Алтын Орда ең жоғарғы билік ханға, ханнан кейін беклербек немесе ұлық Қараша бек пен везирге (уәзірге) тиесілі болған. Ұлық қараша бек жоғарғы сот, шет елдік істер, армия, 4 қараша бектен тұратын мемлекеттік кеңес – диванды басқарған. Мемлекеттік кеңеске түмендердің басшылары, оларға өз кезегінде аймақтар мен қала басшылары бағынышты болған. Ортағасырлық авторлар әл-Кашканди мен әл-Мухиббидің мәліметтеріне қарағанда, Жошы Ұлысында ең жоғарғы мемлекеттік басқару аппаратының бастысы – «төрт бас әмірлердің кеңесі» болған. Олардың ішіндегі ең үлкені беклербек немесе бектердің бегі бүкіл мемлекет әскерін басқарған. Ол бүкіл әскер істерін бақылаған, оған әмірлер, мыңбасылары, түменбасылары бағынған. Алтын Орда тарихындағы ішкі саяси-әкімшілік құры­лымдардағы жеке тұлғалардың қызметі мен қоғамдағы орнын тарихи талдау да аса маңызды дегім келеді.

Меңдігүл Ноғайбаева,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың

тарих факультетінің деканы

 

ҰЛЫҚ ҰЛЫС  ТУРАЛЫ ЖАЗБА ДЕРЕКТЕР

 

«Ұлық Ұлыс – Алтын Орда» халықаралық ғылыми-практикалық конференция Атырау қаласында өтуі заңды деп ойлаймын. Өйткені әйгілі Сарайшық сол өңірде. Бұл конференция тәуелсіз Қазақстанның стратегиялық «Мәдени мұра» және «Рухани жаңғыру» тарихи-мәдени мемлекеттік бағдарламаларының заңды жалғасы, жаңа қадамы іспеттес. Сол себепті 2015 жылғы Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойынан кейінгі айта жүрер елеулі оқиғаның бірі болды. Бұл бастама ежелгі тарихи дәуірмізге бағыттай алатын жаңа серпіліс туғызды. Конференцияның ғылыми-практикалық мәні де қазақ тарихының түркілік және ислам тарихында өзінің орнын айқын анықтап алуға мүмкіндік берді. Дәлірек айтқанда, қазақ тарихы әлем өркениеті тарихымен қалай, қай тұсынан ұштасып жатқанын бағамдайтын айтулы қадам болды. Осы орайда Атырау маңындағы ортағасырлық Сарайшық қаласын археологиялық, фолкьлорлық зертеулермен бірге, Алтын Орда мемлекетінің саяси-тарихи мұрагері Қазақ хандығы екендігін жазба деректер негізінде қарастыру конференцияның бір бағыты болды. Сол себептен оқырман қауымға Шыңғыс хан империясынан бас­тау алған Алтын Орданың пайда болуы, одан әрі қазақ хандығы оның заңды мұрагері болғанын жазба деректерге сүйеніп тарихи сабақтастығын анық баяндап, жазба деректердің маңызын, ежелгі және ортағасырлық тарихымыздың жазба деректерін түпнұсқадан қазақ тіліне аудару қаншалықты маңызды екенін айтпақпыз.

Шыңғыс хан мен оның ұрпақтары және моңғолдар, түркілер туралы парсы тілінде көптеген тарих жазылған. Соның ішінде ең маңыздылары бар. Олар: Әта Мәлік Жовейнидың «Әлемді жаулаушы тарихы» кітабы. Бұл еңбек 1258-1260 жылдар аралығында парсы тілінде жазылған тұңғыш шығарма. Моңғол мен түркі тарихы жайлы парсыша Рашидеддин Фәзылолланың (1247-1318) «Жамеһ-әт-тауарих» еңбегі 1300-1310 жылдар аралығында дүниеге келген. Шарафеддин Абдолла Ширази (1264-1327) Шираз қаласында дүниеге келген әдебиетші-тарихшы ғалым. Ол әкесі Фәзлолла сияқты Фарс өлкесіне билік еткен Шыңғыс ханның ұрпақтары «елхан» хандық сарайында қызмет атқарған. Парсы және араб тілдерінде шығармалары бар. Тарихшы ретінде Әта Мәлік Жовейнидің «Әлемді жаулаушының тарихы» шығармасының ізімен моңғолдар тарихын Шарафеддин Абдолла Ширази (1263-1328)1309-1328 жылдары «Вассаф тарихы» «Қалалардың жайылуы мен замананың өтуі», – атты еңбегін жазды. Оның тарихнамасы құнды деректер қатарында өзінен кейінгі тарихшылардың кәдесіне жараған. Ол Әта Мәлік Жовейнидың «Әлемді жаулаушының тарихы» кітабын басшылыққа алып пайдаланғаны үшін моңғол мен түркілер тарихын зерттеуде қажетті дүние болып саналады. Олардың түпнұсқаларын пайдаланып, айналымға салған жағдайда адам, жер-су аттарының түрленіп жазылғанына тереңірек зер салуға мүмкіндік туады. Сондай-ақ «Алтын Орда» тарихын ауқымды түрде тануға септігі тиеді. Вассаф тарихы 656-728 (1258-1328) жылдар аралығындағы Иран мен Алтын Ордада Шыңғыс хан ұрпағы құрған патшалықтарының тарихын баяндаған құнды жазба деректер қатарына жатады. Сондай-ақ Алтын Орда тарихы үшін құнды жазба деректің бірі – Сириялық тарихшы Ибн Фәзлолла Орамидың (1301-1341) жиырма жеті томнан тұратын «Жолдар мен елдер» атты кітабы өзінен кейінгі тарихшылар пайдаланған маңызды шығарма қатарында. Сонымен бірге араб тілінде жазылған Аһмет Қайырлық Кәлқәшәди (1353-1418) есімді мысырлық тарихшының «Күңгірт тартқан таң» атты еңбегін айта аламыз. Шарафеддин Әлі Йәздидің «Зафарнама» кітабы туралы жоғарыда айтып өттік. Мырза Айдар Мұхаммед Дұғлат (1499-1551) өзінің 1542-1546 жылдары Кашмирде парсы тілінде жазған «Тарих-и-Рашиди» кітабына өзі көріп куә болған оқиғаларды, сенімді қариялардан естіген әңгімелерді, Әта Мәлік Жовейнидің «Жаһангошай тарихы» (Әлемді жаулаушының тарихы), Рашидеддин Фәзылолланың «Жамеһ-әт-тауарих», Шарафеддин Әлі Йәздидің «Зафарнама» шығармаларын негізге алған. Өйткені Алтын Орда хандығының соңғы ірі саяси тұлғасы Тоқтамыс хан 1395 жылғы Терек шайқасында Әмір Темірден жеңіліп, тарихтың саяси сахнасынан бір жолата кетіп, 1406 жылы Сібірдің Түмен қаласында қайтыс болған. Оның дерегін «Зафарнамада» жеңісті Әмір Темірдің атына жазып тарихта қалдырды. Біз осы мақаланы жазарда аталған ортағасырлық еңбектерді негізге алып, Шыңғыс ханның шығу тегі, тайпасы, саяси тарихының бастапқы кезеңі, оның отбасылық ахуалы мен әлемге танылған төрт ұлының жалпы саяси сипатын аңғара алғандай болдық. Осы бағытта кейін аталған барлық тарихнамаларды түпнұсқадан қазақ тіліне аударсақ, өзіміздің тарихымызға өз көзімізбен, өз санамызбен назар аудара аламыз. Шыңғыс ханнан тараған Жошы әулеті Алтын Орда хандығын қалай құрғанын және Қазақ хандығына қалай ұласа алғанының саяси, қоғамдық, тарихи кеңістігін көре аламыз.

Қорытып айтқанда түркі және Алтын Орда тарихына парсы, араб және түркі тілдеріндегі жазба деректерді қазақ тіліне тікелей түпнұсқадан қазақшаға аудармай біз өткен тарихымызға көз жеткізе алмаймыз. Өйткені тарих шындығына жазба дерек, археология және фольклор саласындағы зерттеу қортындыларын ұштастырып, салыстырып зерттеп-зерделемей бір табан жақындау мүмкін болмайтыны анық. Қазақ ғалымдары араб, парсы, түркі, қытай тағы басқа тілдердегі түпнұқаларға сүйеніп жазбаған жағдайда өз тарихымызға өз көзімізбен қарау мүмкін болмайды.

Ислам ЖЕМЕНЕЙ,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Тұран-Иран»

ғылыми-зерттеу орталығының директоры

 

АЛТЫН ОРДАНЫҢ КҮЙРЕУІ 

Алтын Орда – XIII-XV ғасырларда ­Еуразия құрлығының басым бөлігінде, шығысында Ертіс өзені мен батысында Дунай өзенінің аралығында өмір сүріп, өзінен кейін осы аралықта құрылған бірнеше мемлекеттердің, ондаған халықтар мен этностардың этникалық, мәдени тарихына ерекше ықпал жасаған алып мемлекет болды.

  260 жыл өмір сүрген Алтын Орда тарихын шартты түрде – құрылу мен қалыптасу, күшею мен нығаю және ыдыраушылық үдерістер және күйреу кезеңдері деп бөлуге болады. Құрылуы мен қалыптасуы кезеңі – 1225 – 1312 жылдары, күшеюі кезеңі – 1312 – 1359 жылдар аралығында болса, ал ондағы ыдыраушылық үдерістер мен күйреуі – 1360 – 1502 жылдары өтеді. Өте ұзаққа созылған соңғы кезеңнің өзі өз ішінде бірнеше кіші кезеңдерге – 20 жылға созылған «дүрбелең» жылдар, 15 жылдық «қайта өрлеу», 24 жылдық «арпалыс» немесе «тақ үшін талас» жылдары мен ыдыраудың тереңдеу үдерісі және толық күйреу секілді кезеңдерге бөлінеді.

  Едіге бидің қазасынан соң Алтын Ордадағы ыдыраушылық үдеріс тереңдеп, он шақты жыл ішінде одан Сібір, Қазан, Қырым хандықтары мен Ноғай Ордасы бөлініп шығады. Сарай тағына 1425 жылы Ұлық Мұхаммед хан келіп 12 жыл отырады да, 1437 жылы Кіші Мұхаммед хан одан тақты тартып алады. Осы кезден бастап Алтын Орда атауының орнына Үлкен Орда термині қолданыла бастайды. Бұл дегеніміз Алтын Орданың өз тарихындағы соңғы кезеңге, яғни күйреу кезеңіне көшкенін білдірсе керек.

1440 жылдардан бастап Алтын Орда тарихындағы соңғы кезең – Үлкен Орданың күйреу кезеңі басталады. Кіші Мұхаммед хан Үлкен Ордада 1437 – 1459 жылдары билік құрды. Бұл жылдары Еділдің арғы жағында пайда болған хандықтар халықаралық қатынастарда мойындалып, өз мүдделеріне сай сыртқы саясат жүргізе бастайды.

1459 жылы Кіші Мұхаммед хан қайтыс болып, артында Махмұт және Ахмет атты ұлдары қалады. Алғашында үлкен ұл Махмұт хан тақты иеленсе, 1465 жылы одан Ахмет хан билікті тартып алады. Ал Махмұт болса, өз жақтастарымен қашып, Қажытарханды басып алады да, жеке Қажытархан (Астрахан) хандығының негізін қалайды. Осылайша, Үлкен Орданың оңтүстік бөлігі одан бөлініп кетеді.

Үлкен Орданың билеушісі Ахмет хан – зерттеушілердің пікірінше, Мәскеу княздары саяси жағынан тәуелді болған Үлкен Орданың соңғы билеушісі. Оның билігі тұсында Үлкен Орда біршама нығаяды.

Алғашында Қырым мен Үлкен Орда арасындағы қарым-қатынастар бақталастық сипатта жүрсе, осы жылдардан бастап ашық жаулық сипатқа ие болады. 1470 жылдардың ортасында күшейе бастаған Үлкен Ордаға қарсы Мәскеу мен Қырым арасында одақтастық қалыптасады. Ол екі жаққа да тиімді болып, өз тиімділігін бірнеше рет көрсетеді. Нәтижесінде Қырым да, Мәскеу де осы одақтастықтың арқасында анағұрлым өз мәртебелерін сақтап қоймай, одан әрі нығайтады. Тіпті Қырым ханы Мәскеу князін бұрынғыдай, тәуелді «құлым» деп санамай, жазған хаттарында оны туыс ­«бауырым» деп атай бастайды.

1481 жылы қаңтарда Ахмет хан қарсыласы Ибақ ханның қолынан қаза табады. Ахмет ханның көп ұлдарының ішінде Мұртаза, Сейіт Ахмет және Шейх Ахмет атты ұлдары әкелерінің жолын жалғастырды. 1481 жылы Шейх Ахметті жергілікті тайпа бектері хан сайласа, 1485 жылы Сейіт Ахмет, ал 1486 жылы Мұртаза өздерін хан етіп жариялайды. Сөйтіп, Үлкен Орда аумағында бір-біріне бағынбайтын үш хандық қалыптасады. Үш хан кейде бірлесіп, кейде араздасып жүреді. Дегенмен де негізгі хан болып Шейх Ахмет хан саналды және ол тарихта Үлкен Орданың соңғы билеушісі болып есептеледі.

Үлкен Орда тарихындағы соңғы он жылдық кезең Қырым хандығымен жүргізген саясатпен байланысты. 1490 жылдардың ортасында ағайынды хандар арасында алауыздықтар болып, онсыз да әлсірей бастаған Үлкен Орданың жағдайын құлдыратады.

1500 жыл Үлкен Орда халқы үшін өте қиын жыл болып, оның тұрғындарының көпшілігі Қырымды паналайды.

1500-1501 жылдың қысында Шейх Ахмет хан Қырымға шабуыл жасауды ойластырады. Мақсаты Днепрдің төменгі бойы мен Днестр аралығындағы жайылымды жерлерді иелену болатын. Оның үндеуіне тек бауыры Сейіт Ахмет хан ғана қосылады, ал қалған бауырлары мен өзге жақтастары бас тартады. Қырым ханы болса, одан хабардар болып, әскер жиып қарсы тұрады. Екі жақ әскері Дон өзені бойын­да кездеседі. Осы кезде үлкенордалықтар жағында болмашы жағдайға байланысты екі хан арасында кикілжің болып, Сейіт Ахмет хан өз ұлысымен кейін көшіп кетеді. Ал Қырым ханына уәдесінде тұрмаған Мәскеуден он мыңдық әскер келмейді. Сан жағынан Үлкен Орда әскері көп болатын. Меңлі Герей хан болса, әскердің азық-түлігінің таусылғанын желеу етіп, кейін шегінеді. Бұл текетірестің нәтижесінде Шейх Ахмет хан өз дегеніне жетеді.

Үлкен Орданың Қырымға жақын келіп қыстауы ол үшін өте қауіпті еді. Сол себепті де Қырым ханы өзіне төніп тұрған қатерден құтылу үшін келесі жылғы шешуші шайқасқа мықтап дайындалады. Шайқас қарсаңында Қырым жағында Осман империясы, Қазан хандығы, Мәскеу княздігі және Молдова болса, Үлкен Орданың бұрынғы одақтастары – Литва княздігі, Ноғай Ордасы және Қажытархан хандығы бұл жолы бейтараптық танытады. Басқаша айтқанда, өз заманында атағымен бүкіл әлемді тітіреткен Алтын Орданың тікелей мұрагері – Үлкен Орда өз тарихының соңғы айлары мен күндерінде ешкімге керексіз боп, жалғыз қалады.

Шейх Ахмет хан Сула өзенінің Днепрге құятын жерінде бекініс салдырып, ордасын сонда орнатады және Қырым әскерін сонда күтеді. Екі хан да қарсыластар жағында не болып жатқанынан жасырын түрде хабардар болып тұрды. Әсіресе Меңлі Герей хан қарсыласының әр демін біліп тұрды деуге ­болады. Өйткені қыстың қатты суығына тоңып, ашыға бастаған Үлкен Орданың көптеген рулары толығымен Қырымға ағылып жатқан еді. Тіпті осы жылы қыста Шейх Ахмет ханның көп әйелдерінің бірі өз жақтастарымен Қырымға қоныс аударады. Бұл жағдай Шейх Ахмет ханды қалай әлсіретсе, Меңлі Герей ханды керісінше күшейтеді.

Екі жақ арасындағы шешуші оқиға 1502 жылдың маусым айында өтеді. Оқиға барысы былайша өрбиді. 1502 жылдың 14 сәуірінде Меңлі Герей хан Кефеде түрік сұлтанының ұлы Мехмедпен кездесіп, Қырық Ерге қайтып оралады. Ол 27 сәуір күні, яғни оразадан он күн өткеннен кейін жорыққа атануды жоспарлайды. Бірақ та Мәскеу елшілігінің келуіне байланысты кешігіп, 3 мамырда ғана атқа отырады. Қырымды артқа қалдырып, Самара өзені бойында (қазіргі Днипро, бұрынғы Днепропетровск қаласы маңы) бірнеше күн аялдайды. Үлкен Ордадан Қырымға қарай қоныс аударғандардың айтуын­ша, Шейх ­Ахмет ханның Ордасынан Перекопке дейін 9-15 күндік жол екенін естиді. Самара бойынан Қырым ханы Мәскеу князі III Иванға елшілік арқылы хат жазып, онда өзіне көмекке 20-25 маусымға дейін қарулы атқыштар отрядын жіберуді сұрайды.

Меңлі Герей ханға мәскеулік әскери күштің көмегі қажет болмай қалады. 15 мау­сымда Меңлі Герей хан одақтасы Мәскеу князіне қарсыласы Шейх Ахмет ханды жеңгені жөніндегі қуанышты хабарын баяндайды. Онда ол былай деп жазады: «А се Менли – Гиреева грамота. Менли-Гиреево слова. Великому князю Ивану, брату моему, много поклонъ. Слава богу, Шихъ-Ахметя недруга нашего, розогонивъ, орду его и весъ его улусы Богъ в наши руки далъ». Сөйтіп, бұл күн, яғни 15 маусым – нақты айтқанда Үлкен Орданың, ал жалпы алғанда, Алтын Орданың толығымен күйреген күні болып есептеледі.

Берекет КӘРІБАЕВ,

ҚР ҰҒА академигі, тарих

ғылымының ­докторы

 

1870 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы