• Тарих
  • 17 Қараша, 2021

АРХЕОЛОГИЯ АРАША СҰРАЙДЫ

 Түркі халықтарының атамекені – қазақ даласындағы көне өркениет – әлемдік өркениеттің бір бөлігі, еліміздің аса құнды асыл мұрасы. Атқа міну мәдениеті, алғашқы металл өндіру мен өңдеу технологиясы, Қазақ елінің рухани байлығының басты белгісі – «аң стилі өнері», бүкіл әлемді таңдандырған Дала өркениетінің теңдессіз жәдігері – «Алтын адам» – археолог ғалымдарымыздың ерен еңбегімен тарих қойнауынан аршып алынып, бүгінгі күнмен қауышты. Тарихымызды түгендеу жұмысы Тәуелсіздіктің 30 жылында «Мәдени мұра», Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасының және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласының аясында ерекше серпін алды. Енді осы рухани-материалдық байлығымызды зерттеу және сақтау, мәңгілікке мұра ету мәселесі Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының ұйымдастыруымен өткен «Марғұлан оқулары – 2021: Этно­мәдени зерттеулер контексіндегі Ұлы дала» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның арқауы болды. 

ЕСКЕРТКІШТЕРДІ  ҚОРҒАЙТЫН ПОЛИЦИЯ КЕРЕК

Тәуелсіздік жылдары Ә.Х.Марғұлан атын­дағы Археология институты Қазақстан тарихын көне заманнан бастап кейінгі орта ғасыр және жаңа заманға дейін зерделейтін ірі ғылыми орталыққа айналды. Отыз жыл ішінде археология ғылымында жаңа көзқарастар мен тың әдіс-тәсілдер пайда болды. Елімізде көптеген жаңалықтар ашылып, ұлттық мәдени мұра қатарына қосылды. Сондықтан да биылғы «Мар­ғұлан оқуларының» басты тақырыбы Қазақ­­стандағы археология ғылымының бүгінгі жағдайы мен даму келешегін өзек етті.

Қазақстан Тәуелсіздігінің және институттың 30 жылдық мерейтойына орайластырылған конференцияға жақын және алыс шетелдерден, сондай-ақ Қазақстанның түкпір-түкпірінен жүзден астам ғалым қатысты. Жиынды ашқан Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институтының директоры Ақан Оңғарұлы конференцияның мақсаты Тәуелсіздіктің 30 жылында отандық археологияның жеткен жетістіктері мен алда тұрған міндеттерді талқылау екенін айта келе, бұдан былай Марғұлан оқулары дәстүрлі түрде өтетінін жеткізді. Бұдан кейін институт басшысы ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің төрайымы Ж.Құрманғалиеваның институт мерейтойымен құттықтау хатын оқып берді. «Халықтың өз тарихын білуі және мақтан тұтуы – еліміздің жетістігінің басты кепілі. Қазақстанның бай тарихын зерттеуде ғалымдарды жаңа сын күтіп тұр. Ғылымдағы өзекті мәселелерді ­шешуде Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты ұйымдастырған «Марғұлан оқулары – 2021» конференциясы сынды талқылау алаңдары ерекше рөл атқарады» дей келе, комитет төрайымы Қазақстан археологтары үшін қарашаңырақ саналатын институт ұжымына жемісті жұмыс пен табыс тіледі.

Жиында еліміздің жетекші ­археолог ғалымдары осы жылдар ішінде атқарылған жұмыстардың нәтижелері туралы баяндады. Мадияр Елеуов, Зейнолла Самашев, Әбдеш Төлеубаев, Қырым Алтынбеков сынды белгілі археологтар осы саладағы жетістіктер мен кемшіліктерді ортаға салды. «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау мен сақтаудың кейбір өзекті мәселелері» тақырыбында баяндама жасаған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры М.Елеуов археологиялық қазба жүргізу үлкен жауапкершілікті қажет ететінін және бұны билік орындары назарда ұстау қажеттігін айтты. Ғалым өз сөзінде тарихи-мәдени ескерткіштерді есепке алу ісіндегі кемшіліктерге тоқталды. «Осыдан 20-30 жыл бұрын табылған ескерткіштердің кейбірі жойылып кетті, олардың орны егістікке айналды, үй ­салынды, су астында қалды, – деді ғалым. – Тарихи ескерткіш – халықтың мыңдаған жылдық мәдениеті, оны бұзуға, бүлдіруге ешкімнің қақысы жоқ. Заң бар, үкіметтің қаулысы бар, бірақ ескерткіштерді сақтау мәселесі әлі ақсап тұр. Бұны жоюдың бір жолы – әрбір археолог өзі жүргізген қазба жұмысы туралы есепте сол өңірдегі тарихи ескерткіштердің жай-күйін, саны мен сапасын көрсетуге тиіс. Бұзылып, қирап жатқанын көрсе, жергілікті ескерткіштерді қорғау қоғамына мәлімдеу керек. Бұл іске полиция қызметкерлерін де тартқан жөн. Мәселен, біз күз мезгілінде қазба жүргізген орынды көміп, жауып кетеміз, кейін көктемде қайта келгенімізде жаңағы жерді қазып, бүлдіріп тастайтын жағдайлар кездеседі. Сондықтан елімізде ескерткіштерді қорғайтын полиция құратын кез келді. Бұндай қызмет дамыған елдердің көпшілігінде бар».

М.Елеуов сондай-ақ облыстарда ескерт­­кіштерді мәдени мұра тізіміне енгізу жұмысы кешеуілдеп отырғанын тілге тиек етті. «2004-2005 жылдары Шиелі мен Жаңақорған аудандарында бұрын ғылымға белгісіз болған 400-ге жуық ескерткіш ашылды. Өкініштісі, сол ескерткіштердің бір де бірі әлі күнге дейін Қызылорда облысы бойынша мәдени-тарихи ескерткіштер тізіміне енгізілмеді, 2007 және 2011 жылдары шыққан жинақтарға кірмеді. Сонда ескерткіштерді қорғау қоғамы қайда қарап отыр? Бұл басқа облыстарға да тән кемшілік», – деді археолог.

Белгілі ғалым құрылыс материал­да­рының қымбаттауына байланысты қазба орындарын жабуға бөлінетін қаражаттың жеткіліксіздігін айтты. ­Сонымен бірге қазба жүргізілген қорғандар мен қалашықтарды аспан асты музейіне а­йналдыру мәселесін қозғады. «Жаңадан ашылған археологиялық нысандар көп, бірақ музейге айналғаны саусақпен санарлық. Қышқала мен Сығанақ топырақ астында қалып барады. Бұл ащы шындық. ЮНЕСКО-ның алдын ала Тізіміне енген ортағасырлық Ақтөбе қаласы ескерусіз қалды. Мәдениет министрлігі көне қалалар мен қорғандарды музейлендіру мәселесіне назар аударуға тиіс», – деді ғалым. Соңғы 3 жылдағы жұмысына есеп берген М.Елеуов Қызылорда облысы Сырдария ауданындағы Қышқала қалашығында жүргізгілген археологиялық қазба жұмыстарына тоқталды. Көне қалашық аумағынан 8 қырлы медресе ғимараты табылғанын жеткізді. «Орталық Азияда бұған ұқсас ешбір ғимарат жоқ. Ескерткіш тамаша сақталған. Ғимараттың ортасында 8 қырлы дәрісхана тектес зал, қосымша шаруашылық бөлмелері бар. Ұлытаудағы Жошы хан кесенесіне ұқсас кесене табылды. Жалпы Қышқала XI-XII ғасырларда, қараханидтер кезеңінде қалыптасып, XIV ғасырға дейін өмір сүрген. Енді облыс әкімдігі осы Қышқала ескерткішін аспан асты музейіне айналдыруға қаражат бөліп, назар аударуы қажет. Облыс үшін 15-20 миллион теңге табу қиын емес», – деп түйіндеді сөзін елімізге белгілі тарихшы-археолог Мадияр Елеуов.

Келесі сөз алған тарих ғылымының докторы, Берел Мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының бас ғылыми қызметкері Зейнолла Самашев инс­титуттың жаңа басшылығының «Марғұлан оқуларын» қайта жандандыр­ғанына риза­шылығын білдірді. Ғалым «Ежелгі түркілердің қаған бейнесін киелендіру мәселесі жөнінде» баяндама жасады.

 

ҚАЗБА ЖҰМЫСТАРЫН  УАҚЫТША ТОҚТАТУ ҚАЖЕТ

Конференцияның екінші күні «Марғұлан оқулары» аясында «Қазақстан археологиясы: дамудың өзекті мәселелері мен болашағы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиында отандық археология ғылымын ұйымдастыру, Қазақстанның мәдени-тарихи мұрасын қорғау, кадр даярлау мәселелері және археология ғылымының келешегі талқыланды.

Саланың қазіргі жағдайына тоқталған З.Самашев Кеңес Одағы тарағаннан кейінгі өзгерістер жөнінде сөз қозғады. Бұл жылдары ғылым қаржыландырудың көлеміне қарай дамығанын айта келе, 1990 жылдары «қара археология» белең алғанын келтірді. «Қорғандар мен обаларды тонау, жәдігерлерді сату, тарихи ескерткіштерді қара басының мүддесіне пайдалану Қазақстан археологиясының дамуына едәуір зиянын тигізді. Бірақ нағыз археологтар өз қызметін тоқтатқан жоқ. Соңғы жылдары академиялық ғылымда, ЖОО-ларда жағымды үрдістер пайда болды. Осы екі күндік жиын соның дәлелі», – деді археолог.

Ғалымның айтуынша, қазақстандық археология ғылымы негізінен қолданбалы бағытта дамып келеді. «Сондықтан алдағы уақытта Ә.Х.Марғұлан атындағы ­Археология институты іргелі ғылымды басты орынға қоюы керек. Өкінішке қарай, Қазақстанның археология ғылымы дамыған елдерге қарағанда артта қалды. Егер біз әлемдік заманауи іргелі ғылымнан кенже қалғымыз келмесе, теория мен әдіснаманың аражігін ажыратуға тиіспіз. Археология ғылымы тұтастай жаңа парадигма – ұлттық-мемлекеттік мүддеге негізделуі керек. Бүкіл зерттеулер отандық тарих ғылымының қазіргі кезеңдегі көкейкесті мәселелерін шешуге бағытталуы қажет» дей келе, З.Самашев қазба жұмыстарын жүргізумен және апаттық-құтқару қызметімен, ескерткіштерді қорғаумен және сақтаумен айналысатын жеке институт немесе құрылым құруды ұсынды. Бұндай мекеме жол, құрылыс, мұнай-газ саласына қатысты қазба жұмыстарын қадағалап, мониторинг жүргізумен айналысуға тиіс. «Ал институттың міндеті – теориялық ғылыммен айналысу», – дейді ғалым. Сондай-ақ археолог қазба жұмыстарын жүргізудің әдістемесін реттеу қажеттігін баса айтты. 

Соңғы жылдары археология саласында жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер көптеп құрылған. Осыған байланысты, «ЖШС-лар мен жеке кәсіпкерлердің бәрін бір жүйеге біріктіріп, бақылауға алатын кез келді. Олардың көпшілігі өз пайдасын көздейтіні жасырын емес. Екі жыл бұрын Қазақстанда археология ғылымын дамыту тұжырымдамасын әзірлеу тапсырылған кезде біз Мәдениет министрлігіне осы проблеманы назарға алуды айтқанбыз, бірақ әзірге нәтиже жоқ», – деді З.Самашев.

Сондай-ақ ғалым өз сөзінде ­Ә.Х.Мар­ғұлан атындағы Археология инсти­ту­тының материалдық-техникалық базасы сын көтермейтінін, қазіргі уақыт талабына сай еместігін жеткізді. Кадр мәселесі де өткір. Ғалым бұның барлығы мемлекет мүддесінен туындайтынын айтты. Бұл міндеттерді шешу археология ғылымының сапалық деңгейіне оң ықпал етеді.

З.Самашев алдағы жылдары археоло­гиялық қазбалар жүргізуді мүлде тоқтатып, соңғы 30 жылда жинақталған мұраны зерделеумен айналысуды ұсынды. «Бұл орасан зор материал, ол жинақтауды, терең зерттеуді қажет етеді. Сондықтан біз БҒМ Ғылым комитетінен қазба жұмыс­тарын уақытша шектеуді және теориялық зерттеулерді қаржыландыруды бірнеше есе ұлғайтуды сұраймыз», – деп, ғалым нақты ұсынысын жеткізді.

 

ЖАУАПСЫЗ ЖШС-ЛАРҒА –  ЗАҢМЕН ТЫЙЫМ

Бүгінгі таңда археология ғылымы­ның сұранысқа ие болуының бір дәлелі – саладағы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің саны қаулап өскен, олардың саны жүзден асады. Конферен­цияға ЖШС өкілдері де қатысып, өзде­рінің ой-пікірлерін жеткізді. Осы тұста З.Самашев ЖШС басшыларының өздері жүргізген қазба жұмысы туралы институтқа есеп тапсырмайтынын ескертіп, бұл есептерді арнайы талапқа сай жазу керектігін айтты. Алайда ғалымның қазба жұмыстарын шектеуге қатысты пікіріне ЖШС өкілдері қарсылық танытты. Бұған З.Самашев «Негізгі басымдық – ғылым» екендігін алға тартты. «Марғұлан атындағы институт бүкіл Қазақстандағы салалық ЖШС-ларды, кадр даярлайтын ЖОО-ларды т.б. мекемелерді үйлестіруші орталық деп есептейміз. Институттың бұл салада ұйымдастырушылық, ақпараттық рөлі зор. «Қара археологияға» заңмен тыйым салу керек» деді ғалым.

Пікірталасқа қатысушылар кадр мәселесіне байланысты өз ойларын айта келе, жалақының аздығынан жас мамандардың салаға келмейтінін қозғады. Тарих ғылымының кандидаты Марал Хабдулина магистратура, докторантура аяқтаған жастардың көбі басқа салаға кетіп жатқанына налыды. Сондай-ақ тарихшы ҚР ұлттық тарихының тұжырымдамасы жөнінде айта келіп, көне тарихымыздағы салт атты өркениет пен көшпелі өркениеттің аражігін ажырату, мемлекет мүддесіне сәйкес айқындау қажеттігін жеткізді. Бұл пікірге З.Самашев Қазақстан тарихының мәдени-тарихи өзгешелігін, жер өңдеу мен көшпелі шаруашылық қатар болғанын алға тартты. Және де ғалым ұдайы «Шыңғыс хан қазақ па, қазақ емес пе?» деген мәселені талқылаудан танбайтын кейбір тарихшылардың деңгейін мысалға келтіріп, ал маңызды мәселелердің назардан тыс қалатынын айтып өтті.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халық­аралық Қазақ-түрік университетінің профес­соры, тарих ғылымының докторы Мұхтар Қожа жекеменшік ЖШС-ларда тарихшы мамандар жеткіліксіздігіне тоқталды. «Зейнолла ағамыздың қазба жұмыстарын шектеу керек деген пікіріне қосыламын. Соңғы жылдары археология ақша табудың көзіне айналып кетті. Бұл жай нәрсе емес, бұл үлкен ғылым. Сондықтан ЖШС-ларға лицензия беру мәселесіне назар аудару керек. Ал жас мамандар тұрақтау үшін жалақыны көтеру керек» деді ол.

Тарих ғылымының докторы, ҚР Ұлттық музейінің бас ғылыми қызметкері Жәкен Таймағамбетов осы уақытқа дейін қазақстандық археология ғылымы жекелеген тұлғалардың арқасында дамып келгенін атап көрсетті. «Бізде ғылымның бірыңғай даму тұжырымдамасы жоқ. Осы мәселені көтеруге мұрындық болып отырған бүгінгі жиынды ұйымдастырушыларға алғыс айтамыз. ЖШС-лар тақырыбына келсек, олар, әрине, қажет. Бірақ бізде ғылымға мүлде қатысы жоқ серіктестіктер де бар. 2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы қабылданған кезде базалық білімі жоқ адамдар да археологқа айналып, оба-қорған қазуға кірісті. Соның зардабын енді тартып отырмыз. Археологияға қатысы жоқ адамдар археолог-кадрларды даярлайды. Шалғайдағы қазба басында бір де бір рет болып көрмегендер докторантурада оқып жатыр. Керісінше, ғылымға шын берілген, салаға жанашыр адамдар, бүкіл қара жұмысты істейтіндер тасада қалды. Сол себепті көне заманнан Алтын Орда дәуіріне дейінгі кезеңді қамтитын бірыңғай тұжырымдама қабылдау қажет. Барлық ЖШС Археология институтына есеп беріп отырмаса, ғылымды ақшаның көзіне айналдыру тоқтамайды. ЖШС өз қалтасына емес, ғылымға пайда әкелуге тиіс» деді белгілі ғалым. 

 «167 ЖШС – шектен тыс көп. Елімізде мұншама археолог маман жоқ, – деді осы мәселеге орай Орталық Азиялық зерттеулер халықаралық институтының директоры Дмитрий Воякин. – Сонда лицензиялар кімдерге беріліп жатыр деген сұрақ ­туады. ЖШС-ларда кәсіби мамандар болуға міндетті. Зейнолла Самашев айтқандай, институт базасында қолданбалы ғылым бөлімін немесе орталық құру жөніндегі ұсынысты қолдаймыз». Ғалым сондай-ақ қаржыландыру мәселесіне де тоқталып, іргелі ғылымды тек мемлекет қана қаржыландыра алатынын айтты. «Бірақ гранттық қаржыландыру жеткіліксіз, мемлекеттік ғылыми мекемелер бір көзден қаржыландырылса тиімді. Сондай-ақ өзін-өзі қаржыландыру тетіктерін де естен шығармасақ. Мәселен, кәсіби біліктілікті жетілдіру курстарын ұйымдастыру, жеке тапсырыспен экспедициялық жұмыстар жүргізу т.б. Институт ғылыми аудитпен шұғылдануға құзыретті бірден-бір мекеме» деген Д.Воякин саланы дамыту тұжырымдамасын қабылдау кезек күттірмейтінін жеткізді.

Жиналғандардың көпшілігі қазбалар кезінде табылған жәдігерлер туралы Мәдениет министрлігіне және Археология институтына есеп беру жөніндегі пікірді қолдады. Салалық ЖШС-ларды сертификаттаудан өткізуді, қазба жұмысы туралы есептерге қойылатын талапты күшейтуді және бірыңғай әдістеме әзірлеуді ұсынды. 

Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының ғылыми қызметкері А.С.Ермолаева соңғы он жылда Археология институтына ЖШС-лардан қазбалар туралы бір де бір есеп келіп түспегенін мәлімдеді. «2000 жылдан бері коллекция бөліміне ешкім экспонат өткізген жоқ. Қазды, кетті, болды. Бұл трагедия, бұған жол бермеу керек. Табылған жәдігерлерді өткізуді талап етеміз. Археология музейін жаңғырту керек. Егер атқарған жұмысы ­туралы есеп өткізетін болса, қазбаны дұрыс жүргізетін болады» дей келе, табылған артефактілерді ғылыми айналымға қосуды міндеттеуді ұсынды.

 ЖШС-лардан есеп талап ету, бірыңғай әдістеме әзірлеу жөніндегі пікірге қарсы шыққандар да болды. Мәселен, археолог Жұман Смайылов әдістемені басшылыққа алу, комиссия құру кеңестік кезеңнің сарқыншағы деп санайды. «Археология институты тексеруші емес, жетекші ғылыми орталыққа, үйлестіруші органға айналуы керек» деді ол.

 

ИННОВАЦИЯЛАР   ЕНГІЗУ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ

Отандық археология ғылымын дамытуда саланы реттеу, басым бағыттарды айқындау мәселелері өзекті. Осы мәселеге тоқталған Павлодар педагогикалық университетіне қарасты «Margulan Centre» директоры, тарихшы Тимур Смағұлов «Қазақстанда археология саласы шектен тыс идеологияландырылған» деп есептейді. Сондай-ақ тарихшы инновациялар енгізу мәселесін тілге тиек етті. «Барлық салада компьютерлік технология­лар енгізіліп жатқан кезде біз күрек пен зембіл көтеріп жүрміз. Сондықтан жаңа технологияларды енгізуді жеделдету керек. Екіншіден, археологиялық ескерткіштерді сакрализациялау мәселесі өзекті. Алдағы он жылдағы басымдықтар қандай? «Алтын адам» іздеп, қорғандарды қаза береміз бе, табылған археологиялық ескерткіштерді не істейміз? Мәдени қабаттарды зерттеу жұмыстары ше? Комиссия осы мәселелерді анықтауға тиіс» деген ғалым инновациялар енгізу, тұжырымдама әзірлеу, заңнамаға енгізілетін ұсыныстар беру жөнінде комиссия құруды ұсынды. Сондай-ақ Т.Смағұлов жоғары оқу орын­­дарында ғылым алға жылжымай отыр­ғанына тоқталды.

Пікірталаста айтылғандай, Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтында ­заманауи зертхана ашатын уақыт жетті. Қазба кезінде табылған түрлі заттарды қалпына келтіру үшін әзірге сыртқа тапсырыс беріледі. Бұл іске өз мамандарымызды тарту, олардың біліктілігін арттыру үшін әлемдік жетекші институттармен байланыс орнату міндеті тұр. Сөз алған ғалымдар археология ғылымын бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттаудың, жаңа әлеуметтік медианы пайдаланудың кемшіндігін де тілге тиек етті. Сондай-ақ ғалымдарымыздың шетелдік беделді журналдарда жариялауға лайықты мақалалары жеткілікті екендігі, осы мәселеге назар аудару ұсынылды.

Бұдан кейін Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты директорының орынбасары Талғат Мамыров салалық заңнама жөнінде баяндама жасап, құзыретті органға мәдени ескерткіштерді қорғау және сақтау жөнінде ұсыныстар беру жөнінде сөз қозғады. Қазіргі таңда тарихи-мәдени сараптама жасау, ескерткішке арнайы мәртебе беру, нормативтік-құқықтық актілерге қатысты шешілмеген мәселелер көп. «Біздің жиынымызға отандық археология ғылымының үш буыны қатысып отыр – олар біздің ұстаздарымыз, орта буын және жас ғалымдар, – деді Т.Мамыров. – Бұлардың бәрі де ғылымға жанашыр, өз кәсібіне шын берілген жандар. Сондықтан бүгінгі жиында пайдалы және түбегейлі шешімдер қабылдауымыз керек», – деді ол.

Конференция жұмысына түрлі ғылыми орталықтар мен ЖОО ғалымдары, ­музей қызметкерлері мен өлкетанушылар, шетелдік мамандар қатысты. Пленарлық отырыстарда Қазақстандағы археология ғылымының қазіргі жағдайы мен өзекті мәселелеріне арналған жүзден астам ­баяндама мен хабарлама тыңдалып, қызу пікірталас өрбіді. Ғылыми отырыстарға жас ғалымдар да белсене атсалысты.

 

АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЕСКЕРТКІШТЕР  САҚТАЛСЫН ДЕСЕК...

Конференция соңында қатысушылар баяндамалар мен пікірталаста айтылған ұсыныстар мен сын-пікірлер негізінде арнайы қарар қабылдады. Атап айтқанда, ғылыми қауымдастық қазіргі таңда еліміздің мәдени мұрасына қатысты қалыптасқан немқұрайды көзқарасқа, тіпті жиі белең алған тонаушылық оқиғаларға алаңдаушылық білдіреді. Бұл осы саладағы тамыры тереңге кеткен проблемалардың салдары. Сонымен қатар мәдени мұраны сақтау, зерттеу және насихаттау ісінде қаржылық мәселелер де өткір болып отыр. Бөлінген қаражат толық көлемде зерттеу жүргізуге жетпейді, қоғамның ежелгі және ортағасырлық мәдениет ­туралы білімге сұранысын қанағаттандыра алмайды. Сол себепті мемлекет тарапынан археологиялық зерттеулерді қаржылық қолдауды заңнамалық деңгейде қамтамасыз ету қажет. Бұл жұмыс ұлттық, өңірлік және жергілікті деңгейлерде тиісті билік органдарының құзыреті шеңберінде іске асырылуға тиіс. Апаттық жағдайдағы ескерткіштерді сақтауға және зерттеуге бөлінетін материалдық ресурстарды ұлғайту керек.

Жиынға қатысушылар әйгілі ғалым, академик Әлкей Марғұланның 2024 жылы болатын 120 жылдық мерейтойын ресми атап өтілетін мемлекеттік мерекелік іс-шаралар тізіміне енгізуді ұсынды. Сондай-ақ ғалымдар салаға қатысты заңнаманың қанағаттанарлықсыз екенін атап өтті. Мәдени мұраны қорғау, пайдалану және насихаттау мәселелеріне қатысты заңнаманы жетілдіруге институт ғалымдары тікелей қатысуға тиіс.

Еліміздің заманауи құрылыс пен пайдалы қазбаларды игеру қарқынды жүріп жатқан аймақтарында археологиялық ескерткіштер бұзылып, қиратылып жатыр. Сондықтан конференцияға қатысушылар Президент әкімшілігінен, ҚР Үкіметінен «Археологиялық мұраны қорғау туралы Еуропа конвенциясын» ратификациялауды жеделдетуді сұрайды. Және де пайдалы қазбалар кен орындарында археологиялық нысандардың жойылуы жөнінде мәселе көтеруді, аталған нысандардың сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі бағдарлама әзірлеуді қарастыру қажет деп санайды.

Қазір заманауи техника құралдарын пай­даланып тонау және археологиялық жәдігерлерді саудалау оқиғалары да белең алғаны жасырын емес. Сондықтан жер­гі­лікті жерлердегі ескерткіштерді қорғау мекемелері Археология институтымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істемей, жер­гілікті тұрғындар жанашырлық танытпай, жағдай түзелмейді. Кімде-кім архео­логиялық мұра элементтерін кез­дейсоқ тапқан жағдайда құзыретті орган­дарға ескертіп, ол затты тексеруге беруі керек.

Мемлекеттік мекемелерден тыс архео­логиялық ұйымдардың жұмысына Археология институты әдістемелік басшы­лық жасау мәселесі шешілуге тиіс. Сондай-ақ тарих және мәдениет ескерткіштеріне реставрациялық жұмыс жүргізуді қағадалайтын мекеме құру мәселесі күн тәртібінде тұр. Мәдениет министрлігі заңсыз қазу жұмыстарын болдырмау мақсатында рұқсатнама беру рәсімдерін реттеуге назар аударуы керек. Археологиялық қазбалар тек ғылыми мақсатта, арнайы рұқсаты бар білікті ­мамандар тарапынан ғана жүргізілуге тиіс.

Еліміздің тарихи-мәдени мұрасын насихаттау ісі өскелең ұрпақты осы құндылықтармен таныстырудан басталады. Бұл үшін ең алдымен мектепке дейінгі және орта білім беру мекемелеріне арналған «Мәдени мұра» бағдарламасын қабылдау қажет. Оқушыларды өз өлкесіндегі және республикадағы тарихи-мәдени нысандармен таныстыру ісінде әлемдік тәжірибеден үлгі алсақ құба-құп.

Осылайша, екі күнге созылған ­«Марғұ­лан оқулары – 2021: Этномәдени зерттеулер контексіндегі Ұлы дала» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның өткізілуі еліміздің тарихи-мәдени мұрасын бұдан әрі сақтау және зерделеуде жаңа меженің бастал­ғанын көрсетті. «Жас келсе – іске» демекші, жаңадан тағайындалған институт басшылығы ауқымды жиындардан шеттеп қалған айтулы ғалымдардың басын қосып, қордаланған мәселелердің шешімін іздеді. Ендігі кезекте құзыретті мекемелер тарапынан оң көзқарас қажет.  

Дина ИМАМБАЕВА,

«Ақиқат» қоғамдық-саяси журналы

бас редакторының орынбасары

2114 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы