• Тарих
  • 17 Қараша, 2021

ЕР ЕДІГЕНІҢ ҚАБІРІ ҚАЙДА?

Алтын Орда мемлекетінің әмірі, биі Ер Едігенің қабіріне қатысты мәселенің төңірегінде бір топ ақтөбелік азаматтар өтініш жасап отыр. Зираттың Ақтөбе облысы Байғанин ауданы аумағында орналасқаны бұған дейін жан-жақты нақтыланған ақиқат. Өкінішке қарай, қайсыбір тарихшылар моласын қазу керек деген әңгімені көтере бастады. Сондағы айтатын уәждері «Бұлай етпесек, өзгелер мойындамайды. Ол Ұлытауда жерленген», – дейді. Мұның еш қисыны жоқ.
Айтпағымыз, Едіге мазарының қазіргі құлаған үйіндісі, сол кездегі қаланған кірпіштердің жұқаналары – Алтын Орда дәуірінің өз қолтаңбасы, бағзы кездің тікелей куәсі. Сондықтан көне заманнан жеткен тарихи орынның көрінісі қаз-қалпында сақталып қалуға тиіс деп санаймыз. Егер қазба жұмыстары жүргізілсе, сонау Алтын Орда жұртының Ер Едігені ақ жуып, арулап көмген уағындағы шежіре-белгілердің ізі де қалмайтыны еш шүбәсіз. Мұны сан миллиондаған қаржы бөлініп, жөндеу жүргізілген Қазақстан жеріндегі қайсыбір кесенелердің, басқа да тарихи орындардың кейінгі үйлесімсіз кейіптерінен жақсы білеміз. Олар о бастағы пішіндерін, бұрынғы ажарларын мәңгілікке жоғалтқан еді.
 

Әрі жақсы хабардармыз: қабірі­нен қазып алынған баһадүр ақын Махамбеттің мүрдесінің жертөледе он жеті жыл жатқанынан, бұдан кейін Әбілқайыр ханның сүйегі де осы­ның кебін кие жаздағанынан. Моласы тұрыпты, Ер Едіге қаңқасының тағ­дыры да қандай күйге түседі? Өйткені советтік-шовинистік пиғылдан әлі арыла қоймағандар да көлденеңнен килігіп, зиянын тигізуі әбден мүмкін ғой. Уайымымыз – осы.

Ноғай, қарақалпақ, татар, башқұрт т.б. түркі халықтарының азуын айға білеген мықты ғалымдары Ақтөбе жерінде бірнеше рет арнайы бас қосып, Ер Едігенің зиратын көздерімен көріп, зерделеп, оның Сағыз өзені бойында жерленгенін бірауыздан мақұлдап, бекітіп тастаған. Олай болса, шариғатқа мүлде қайшы іс – мола қазып, дәлелденген ақиқатты «дәлелдеу» кімге керек?! «Едігенің моласын қазу керек» деп жүрген тарихшылардың мақсаты – қыруар қаржы бөлдіртіп, пайда көріп қалу сияқты.

Ақиқатында Едігенің қабірі осы кезге дейін белгісіз болып келгенде де күллі түркі жұртының жадынан ұмытылмаған еді. Қадір-қасиетін жоғалтпаған болатын. Оған түрлі нұсқада 60-тан аса жыр арналды. Ғасырлар бойы жоқталды. Осындай сүйіспеншіліктен халықтың санасында терең сақталған оның бейнесі басым түсіп, Ұлытаудың ұшар басына жерленген Едіге деген басқа бір кісі есімінің Алтын Орданың ғаділ де ұлы биі Ер Едігеге алмастырылып, таңылып кетуі.

«Едіге» қорының мүшелері, басқа да тілекші бір топ ақтөбелік азаматтар алдағы уақытта атқарылуға тиіс мынадай істерді жоспарлап отырмыз:

а) Ер Едіге қабіріне қоршау жұмыс­тарын жүргізіп, басына түрлі сәнді ағаш­тар егіп, абаттандыру;

ә) Ер Едіге зиратын мемлекеттік қорғауға алдырып, оған қатысты туризм саласын дамытып, ұрпақтың таным-білімін кеңейтер орынға айналдыруға күш салу.

Осы хатты жазушы бір топ ақтө­беліктер Ш.Уәлиханов атындағы ­Тарих және этнология институты тарихшылары Ер Едігенің моласын қазу турасындағы жоспарын өзгертіп, оның қабірінің қазіргі кейіпін бұзбай қаз-қалпында аспан астындағы жәдігер ретінде сақталып қалуын қолдауы керек деп санаймыз.

Ер Едігенің бейітін қазудың еш қажеті жоқ, нақтыланған. Зира­тының Ақтөбе жерінде екенін куәлан­дыратын мына он екі дәлелді куәлікке тартамыз:

1. Едігенің қай соғыста, қай жерде өлгенін де өткен заман тарихшылары жазып кетті. Ибн-Арабшахтың ­жазуынша, Тоқтамыстың ұлы Жалил-ад-динмен болған соғыста [Жирмунский В.М. Тюркский героический эпос. – Ленинград: Наука, 1974. Ст. 373) қаза табады.

Академик В.М.Жирмунский Едіге Тоқтамыстың баласы Қадырбердімен болған соғыста өмірден өтті ­деген қорытынды жасайды. Мұны дәлелдеуде араб тарихшысы әл-Айнидің (Элайнидің) төмендегі дерегін келтіреді: «Покрытый ранами, он прибыл в одно отдаленное место, спешился там и сказал одному из бывших с ним лиц: «Ступай и разведай, в чем дело; если найдешь кого-нибудь из нашего войска, укажи ему (путь) сюда». Тот отправился и, производя разведки, встретился с одним из эмиров Татарских. Это был один из сторонников Тохтамыш-хана, у которого он был старшим (эмиром). Поведал ему тот человек про дело Идики; тогда он (эмир Тохтамыша) спросил: «Где он?». Тот указал ему (путь), и он пришел к нему (Идики). Увидев его, Идики стал поносить и стращать его. Тогда тот сказал ему: «День был в нашу пользу, и мы сделали свое дело, (теперь) сделай ты все, что можешь» (букв. «что бы ни исходило от рук твоих»). Затем он приказал бывшим при нем людям напасть на него (Идики) с мечами, и они разрубили его на куски» (Жирмунский В.М. Тюркский героический эпос. – Ленинград: Наука, 1974. Ст.372-373).

Өз елінің тарихына жетік Қадырғали Жалайыр бұл айтылғандардың қалтарыс-бүкпесін былай деп аша жазады: «Кейін он бір жыл өткенде Қадірберді хан Қырым әскерімен келіп, Еділ дариясынан кешіп өтіп, Едіге бимен соғыс қылды. ...Едіге би жаралы болды. Қадірберді хан да жарақат алды. Екі жақ әскері бірін-бірі аямай кескіледі. Ичкили ұлы Хасан Едіге бидің ақта атын (ереуіл атын) ұстап тұр еді. (Сол) Қадірберді ханға «Едіге мұнда жатыр» деп хабар берді. Ол жетіп келіп, оны өлтіреді. Қадірберді хан да сол жарақаттан кейін бірнеше күннен соң опат болды» (Қадырғали Жалайыр. Шежірелер жинағы. – Алматы: Қазақстан, 1997. 115-б.). Атақты тарихшымыз тағы да: «Ол уақытта Қадірберді хан Едіге бимен соғыс қылды. Жайықтан шыққан Елек суы еді. Онан жоғары үш Бөрте шығады. Ол үш Бөртенің орта Бөртесінде Қадірберді ханмен Едіге би қатты соғыс қылды», – деп өлген жері мен кім өлтіргеніне дейін жазып кеткен. Тағы да айтады, 63 жасында дүниеден озып еді дейді (118-б.). ­Хижра есебінен қазіргі күнтізбеге көшкенде Едіге 1357/58-1419/20 жылдары өмір сүрген болып шығады. Ал Қ.Жалайыр айтып отырған Ортаңғы Бөртенің Електің үстіндегі бөлігі қазіргі Ақтөбе облысының Мәртөк ауданына қарасты аумақ. 2016 жылы Мәртөк ­ауданы әкімінің шешімімен ол жерге белгітас қойылды.

Аталған деректер «Қадірберді өмірден өтіп, жаралы Едіге Ұлытауға келеді, Майлы деген жерде көз жұмады», – деген қазіргі кейбір негізсіз сөздерді жоққа шығарады. Ортаңғы Бөрте мен Ұлытаудың арасы тура салғанда 1500 (мың бес жүз) ша­қырым екенін ескерсек, соғыста өлген адамды онда жеткізудің ықтималдығы нөлге ұмтылады.

2. Ұлытауда «Едігенің шыңы» ­болса, Атырау мен Ақтөбе облысының шектескен тұсында «Едіге» (Идеге) ­деген жер атауы бар (патшалы Ресейдің ескі картасында тұр). Сондай-ақ Ақтөбе облысының шегінде, Байғанин ауданының аумағында «Едігенің жалы» деп аталатын төбе бар. Мұндағы ел аузындағы тарихи аңыз бойынша да батыр осында жерленген.

3. Едігенің жалындағы мола 1869 жылғы Патшалық Ресей оқымыстылары жасаған «Атлас Оренбургского края» деп аталатын құпия картада «Могила Едиге» деп таңбаланулы.

4. 1904 жылы Ресей тарихшы-картографтары сызған «Карта Темирского уьезда Уралской области» деген картада да Едігенің осы моласы аққа қарамен таңбаланған.

5. 1983 жылы ­кеңес өкіметі оқымыстылары ғарыштан түсірген картада бұл «кладбище Едиге» делінген. (Мұның себебі, уақыт өте келе мұндағы бейіттер саны көбейіп, қорымға айналған).

6. Қорымның кірпішін зерттеген археолог профессор Рахым Бекназаров XIV-XVI ғасыр аралығына жатқызды (видеожазбасы бар). Яғни Едігенің ­заманына сәйкес келіп тұр.

7. Арғы-бергі карталарда Ақтөбе облысынан басқа жерде «Едігенің моласы» бар деген таңба жоқ.

8. Мәшһүр Жүсіп Көпеев Едігенің сүйегі Ұлытауда жоқ дейді. (қараңыз: Едіге батыр. Жинақ. – Алматы, 1999 ж., 136-б.).

9. Ш.Уәлиханов Едігенің Ұлытаудағы обасына қатысты мақаласының соңында обалар туралы айта келіп: «Могилы ли это их или только памятники, определить невазможно до тех пор, пока эти курганы не будут раскопаны», – деп қорытынды жасайды.

10. Едігенің моласы­ның іргесіндегі «Қопа» ауылының 90-дағы Ығылман, Сағынбай сияқты қариялары мұны Ер Едігенің моласы деп отыр (видеожазбасы бар).

11. 26.04.2018 жылы Ақтөбеде ­халық­аралық конференция өтіп, Ресейлік едігетанушы ­профессор Н.Суюнова мен өзбекстандық едігетанушы ­профессор К.Аллам­бер­генов бастаған топ Едіге моласының басына барып, біраз з­ерттеу жұмысын жүргізді. Жергілікті тұрғындармен, аудандық әкімдік ­аппараты мүшелерімен әңгімелесті. Едіге моласының «Едігенің жалында» екенін мойындап кетті. (Видеожазбасы бар).

12. 2016 жылдан бері беделді баспасөз бен телехабарларда «Едігенің моласы Маңғыстауда» деген ақпарат тараған еді, бұған қаржы бөлініп, археологиялық қазба жұмысы жасалып, шетел ғалымдарымен бірлесе тексергенде, ол Ер Едіге емес, 1225-1250 жылдары қайтқан басқа адам болып шықты.

Басқасын былай қойғанда, Едігенің Ақтөбе жерінде, Ортаңғы Бөртенің Елек үстіндегі бөлігінде өмірден өтуі (Қ.Жалайыр), моласының әр дәуірдегі үш бірдей картада таңбалануы (1869, 1904, 1983 жж.), ол моланың кірпішінің XIV-XVI ғасыр аралығына жатуы (археолог профессор дәлелі), нақты айғақ екенін ескерсек, батырдың асыл сүйегі – Сағыз өзені бойындағы «Едігенің жалы» аталатын төбеде жатыр.

Набрежночелинск педагогикалық институтының кафедра меңгерушісі Р.Р.Галиллулин, Қарақалпақстан Жазушылар одағының кеңесшісі С.Е.Әмірлан, Азербайжан Ұлттық академиясының жетекші ғылыми қызметкері, профессор Г.А.Сайылов қолдарын қойып, Ер Едіге Байғанин ауданына жерленген деген.

Профессор Г.Р.Хусаинова (2019 жылы Ақтөбеге арнайы келген) бастаған Башқұртстан ғалымдары Едігенің жатқан жері туралы жиналыс өткізіп, Едігенің бейіті Ақтөбе облысының Байғанин ауданында жатыр деп есептейміз деген. Бұған 17 ғалым қол қойған.

Мұздыбай СӘҢКІБАЕВ,

өлкетанушы, теміржолшы

Талғат ТІЛЕУЛЕСОВ,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Демеубай ЖОЛЫМБЕТОВ,

жыршы

Хатқа барлығы

он адам қол қойған.

АҚТӨБЕ

2652 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы