• Тарих
  • 02 Желтоқсан, 2021

КЕТБҰҚА МА, КЕРБҰҒА МА?

ҚҰЛАН ОҚИҒАСЫНА ШЫҢҒЫС  ХАННЫҢ  ЕШ ҚАТЫСЫ ЖОҚ

Қазақтың қасиетті қара домбырасы талай ғасырлар түкпірінен сыр шертіп, халық санасына сіңген өнер өрнегін қалдырды. Дүлдүл дәулескерлер өз замандарындағы оқиғаларды домбыра үнімен айшықтап, ұрпақтарға аманат етіп кетті. Ал сол аманаттарды ұстанғанда айтылатын деректерде кейде дәлдік болмай, әрқилы болатыны кездеседі. Ол еліміздің өнер шеңберінің кеңдігінен, мәлімет берушілердің бір-бірімен ­санаспай, іске қалай болса, солай өзімбілемдікпен қарайтынынан-ау деп ойлаймыз. Сондықтан да күйлер тарихында ауытқушылық орын алған. Қазір көне сарындарды жинақтап, игі жұмыстар атқарылып жатқанда күй деректерін бір жүйеге келтірудің маңызы зор. Ендігі жерде біреу Қырымға, біреу Қытайға тартқандай алауыз болудың жөні жоқ. Біз осы ретте кейбір тарихи күйлердің дұрыс мәліметтерін ортаға салып, баяндағымыз келіп отыр.

1. «Ақсақ құлан – Жошы хан». Бұл оқиға жөнінде «бізге тек осы бір күй ғана жетті» ­деген дерек айтылады («Казахи. Истори­ческие личности» 30 б.). Бұл түбегейлі дұрыс емес мәлімет. Оқиғада одан басқа үш күй тартылады! Ханның алдында екі күй: «Құлан сарыны», «Естірту» және айда­һардың алдына тасталғанда үңгірде бір күй – «Айдаһармен арбасу» (Көке-көке). Ең соңында түйінді күй «Ақсақ құлан – ­Жошы хан» орындалады. Осы күйлерді Мұрекең – Мұрат Өскенбаевтың ертеде шыққан грам­таң­башасынан тыңдауыңызға болады, не осы мақаланың авторы да орындап бере алады.

Енді оқиғадағы сазгер туралы. Көбіне Кетбұқа деп айтылып жүр. Жоғарыда көрсетілген кітапта (30 б.) «Кетбұқа – жырау» деп көрсетілген, ал кейбір жазбаларда әскербасы делінеді. Ал күйлердің әңгімесімен естіліп, тараған жері – Маңғыстау. Олар атақты ақиықтар: Өскенбай Қалмамбетұлы, Мұрат Өскенбаев, Шамғұл Ыбырайымұлы, Алым Жанбыршин, Әлқуат Қожабергенұлы, Нәби Қойшыбайұлы, Сақтап Қазтуғанұлы, Атангүл Сүйесінұлы т.б. қолдарында, көкіректерінде сақталып бізге жетті. Олардың айтуынша, «Ақсақ құлан» топтамасының иесі – Кетбұқа емес Кербұға. Кербұға жырау да, әскербасы да емес, жай қарапайым шаруа, халық арасынан шыққан жүйрік күйші.

Мынаған назар аударыңызшы. Маң­ғыстауда аңыз әңгімесі айтылып, күйлері тартылып, сазгердің Кербұға деген есімі нақтыланып тұрса, бұдан көп хабары шамалы басқа жақта Кетбұқа деген есімді шығаруы әділеттікке жата ма, ағайын? Мінеки, аңыз бен күйлердің сақталған жері Маңғыстаудың ұйғарымы – «Кербұға» деген сөзге келісейік, әріптестер.

Осы оқиғадағы басты мәселе – кейіпкерлер жөнінде. Хан мен оның өлген баласы кімдер? Әуелден-ақ олар – Шыңғыс хан мен Жошы деген пікір орныққан. Бұл – жалған, әбес әңгіме, басқаша айтқанда – абсурд! Айыпқа бұйырмаңыз, дәлелдеп береміз.

Жошының өмір сүрген жылдары – 1183–1227, яғни 44 жас. Осы аз ғана ғұмы­рын­да «балалық еркелікпен» аңға шығып, құлан­ның тұяқтарының астында тапталып өлуі мүмкін бе? Ақылға сыймайды. Күш-қуаты толысқан ұлы қолбасшы, айналасын­да мың­ғырған әскері бар, осылай «бала өлі­міне» тап болды дегенге сенесіз бе? Әй, қайдам...

Жошы өмірден озғанда әкесі Шыңғыс хан екеуі екі жақта болған, әркім өз резиденциясы – ордаларында. Араларында араздық орнаған. Жошы әкесінің шектен шыққан қатыгез қаталдығын ұнатпайды екен. Ол өз ұлысын құрып, Дешті-Қыпшақты басқарып, өзімен-өзі болғысы келді, мұны Шыңғыс хан жақтырмады. Шежіреші Жүзбанидың 1260 жылғы «Табанат-Насири» деген жазбасында мынадай сөздер бар: «Жошы қыпшақтар елін жақсы көрді. Хорезмде монғолдарға қыпшақтарға тиісуге лұқсат бермеді. Менің әкем есінен айырылуға айналды, жер-дүниені қиратады, адамдарды есепсіз қырады. Тіпті артық кетеді». Әрине, бұл сөздерді жандайшап жалбақайлар Шыңғыс ханға жеткізеді. Сол тұста ол келешек жорық туралы жиын өткізбек болып, барлық аймақ басшыларын шақыртады. Оған Жошы «ауырып қалдым» деп келмейді. Ал ортаға шоқ тастап, айдап салушылар – «жоқ, оның дені сау, аң аулап жүр» – деп көпіртеді. Шыңғыс хан бұрқан-талқан кейіп: «Оны маған тез жеткізіңдер! Тағы да тіл алмайтын болса, сол жерде өлтіріңдер!» – деп бұйырады. Бірақ жендеттер бармай-ақ суық хабар келеді: Жошы ауруынан қайтыс болды деген.

Міне, құлан оқиғасына Шыңғыс ханның еш қатысы жоқ. Ондағы хан – Жошы. Ал Жошының некелі, некесіз 40 шамалы әйелі болған, олардан неше бала болғанын бір құдай біледі. Солардың ішінде бір сүйікті еркетотайы құлан аулауға тіпті әуес екен. Аңыз содан басталады. Ол әңгімеден хабарыңыз бар шығар, ақырында баланы құландар тапап өлтіреді. Сонда көтерілген шаң басылған соң нөкерлер қараса, баланың бір шынашағы ғана көрінеді.

Осы жерде үлкен мәселе бар. Жошының баласы қазіргі тілмен айтқанда қанқұйлы браконьер болған. Ол құландарды аямай қырады екен. Тіпті дала қан сасып кететін көрінеді. Әкесінің айтқанын тыңдамай құлан бейшараларды баудай түсіре береді. Ал мынау – соның сазайы. Жазығы жоқ жануарлар дүниесінің қарғысы, Жаратушының жазасы. Бұл – қазіргі көздеріне қан толған аңшыларға сабақ!

Нөкерлер баланың өлгенін айтайын десе, қорқады. Себебі Жошы «Баламның жаманатын айтқан адамның аузына балқыған қорғасын құямын» деп зікіп отыр. Елдің есі кетіп дағдарысқа ұшырайды. Міне, сөйтіп отырғанда орданың сарайына домбыра ұстаған шал келеді.

– Кәне, балам жөнінде не білесің, айт! – деп ақырады Жошы. Бірақ күйші тіл қатпай, күй тарта жөнеледі. Аттың, құланның шабысы естіледі. Ысылдаған садақ оғының дыбысы.

– Е-е, балам шауып келе жатқан сияқты ғой, тірі ме?

Ал Кербұға аузынан үн шығармай, екінші күйді бастап кетеді. Бірінші тартқаны «Құлан сарыны» еді. Мына екінші күйдің сазы өзгеріп сала береді. Азынаған қайғылы дыбыс:

Балаң өлді, Жошы хан,

Балаң өлді, Жошы хан!

Тапады құлан жосыған.

Балаң өлді осыдан, – дегендей мұңлы үндер Жошының жанына тиіп кетті. Ол көкірегі қарс айырылып, айқай салды, күй «Естірту» еді.

– О, тоба! Мынау «балаң өлді» деп тұр ғой! Құйыңдар күйшінің аузына балқыған қорғасынды! – Жендеттер Кербұғаны дедектетіп ала жөнелді. Сонда күйші: «Дат, тақсыр!» – деп шыңғырды, – «Мен сіздің балаңыздың өлгені жөнінде ауыз ашқан жоқпын. Оны үндеген мына домбыра және өзіңіз айтып тұрсыз!»

Осы жерде Жошы өзінің сөзден жеңілгенін түсінді де:

– Қорғасынды құйыңдар, ана қу ағашқа! – деп бұйырды. Қайран домбыра қос ішегі шырт үзіліп, шыңылдаған өксік ыңыл естілгендей болды. Хан қаһарынан қайтпады:

– Ей, шал! Сен болмасаң, домбырадан үн шығатын ба еді? Сен де кінәлісің. Мұны үңгірдегі айдаһарға апарып тастаңдар! – деп ылаң салды Жошы.

Кербұға үй-ішімен қоштасып шығуға лұқсат сұрады. Үйінде тағы бір домбырасы бар екен, соны алып шықты.

– Өлсем де, домбырамды құшақтап, тартып өлейін, – депті жарықтық.

Шабармандар Кербұғаны үңгірдегі айдаһардың алдына апарып тастады. Ол мақұлық аузын апандай ашып, мұны жұтуға ыңғайланды. Күйші домбырасын бебеулете жөнелді. Күй құйқылжып, айдаһардан аяушылық сұрап азынайды. Көкелеп кешірім өтінеді. Айдаһар тоқтап, күйдің ырғағымен теңселіп қалды. Маужырап бір сиқырға бөленгендей. Елтіп, есінеп, домбыраның үніне балқып кетті. Ақырында Кербұғаның алдына келіп бір рахат күйге түскендей балбырап отырды. Домбыра әуені аяқталған кезде риза болғандай ыңырсып, үңгіріне кіріп шықты да, күйшіге домалатып бірдеңе ысырды. Бұл ат басындай алтын еді, «Айдаһармен арбасу» (Көке-көке) күйінің сыйлығы. Ой, құдырет! Табиғаттың, бүкіл тағылар қауымының аспапқа – ұлы домбыраға ілтипаты!

Қазір бізде домбыраны мақтағанда жер-көкке тигізбейді, «Қазақтың жаны, қаны, мәні», «нағыз қазақ домбыра» деп бос сөзге тойдырады да, ар жағында материалдық ауыз тұшырлық ештеңе жоқ. Көрдіңіз бе, баяғының айдаһары домбыраға ат басындай алтын береді, ал қазіргі біздің «айдаһарлар» домбыраға тіпті бақаның басындай да дым татырмайды. Ха-ха-ха! Кешірерсіздер, әзіл ғой. Бірақ түсінгендерге әзілде де әсер бар...

Енді ауытқу неден болады? Бұл ерте дүние мұраларына байыппен қарамау, оқиғалар желісін дұрыс сараламаудан шыққан. Мәселені логикалық түйсікпен ойлау керек. Грамматикаға да мән берген дұрыс болар. Мысалы, «Балаң өлді, Жошы хан» дегенде біреулер Жошы хан – баланың аты деп түсінген. Ал онда «Жошы хан» – қаратпа сөз. «Ей, Жошы хан, балаң өлді» дегендей.

Сонымен, достар, «Ақсақ құлан – Жошы хан» хикаясында Шыңғыс хан жоқ, онда Жошы мен баласы және аты аңызға айналған халық күйшісі Кербұға дегенімізге келісетін шығарсыз.

2. «Үш ананың айтысы». Бұл Қазақ­станның батысында ХХ ғасырдың бас жағында болған күй өнеріндегі айтыс жанрының шоқтығы, шырқау биік көрінісі. Неге «айтыс» деген, күй тартылады ғой дейтіндер болар. Күймен айтыс, ақындар өлеңмен айтысса, күйшілер күймен айтысқан. «Тартыс» деген де қате болмас, бірақ шалдардың бекітіп кеткен атауы сондай – Үш ананың айтысы. Оны өзгертуге болмайды, себебі қарттардың беріп кеткен нұсқасын өзгерте алмаймыз. «Үш ананың тартысы» десек, олар «әй, не оттап отырсың!» деп тастауы мүмкін. Сондықтан әруақтардың рухын аттамайық.

Тағы да «анасы» несі? «Ата» шығар, қазақ иеархиясының үлкені – ата деп шығатындар табылады. Бұған қайыртпастай бір жауап: ата да анадан туады!

Бұл қазақта әйел затын, ұлы Ананы жоғары әспеттеудің керемет тәлімі.

Күй айтысқа Кіші Жүздің үш атасының өкілдері шақырылады, олар: Алты аталы Әлім, Жеті аталы Жетіру, он екі ата Байұлы. Осы 25 таңбалы кіші жүз үш Анадан тараған деп айтылады. Сонда барлық Аталардан Ана жоғары!

Ал үлкен жиын неге арналған, тақырыбы не?

Батыста төре тұқымынан шыққан белгілі кісі Қаналы төре әкесіне ас берген, соған арналған дегенді оқыдық (А.Сейдімбек «Қазақтың күй өнері» 539 б.). Ал біздің ес біліп, етек жинағалы естіп келе жатқанымыз – той, Қаналы төренің қызын ұзату тойы. Мұрат Өскенбаев, Шамғұл Ыбырайымұлы, Алым Жанбыршиндер, пай, шіркін, әңгімесін маздатып, күйлерін қоздатып тартып отырғанда құлағымыз қалқайып, аузымыз аңқайып тыңдаушы едік. Солардан жадымыз бен қолымызда қалған шығар...

«Үш ананың айтысының» Маңғыстауға жетіп, сақталуының себебі бар. Ол айтыстың үздік бәйгігері Есентемір руынан шыққан шебер күйші Есбай Балұстаұлына байланысты. Ол жасынан жалғызілікті болып, Маңғыстауда нағашы жұрты адайлардың қолында тәрбиеленген. Адайдың Есір, Арал сынды домбырашылармен аралас-құралас өте жақын өнерлік қатынаста болған. Күй айтыстан кейін де осында ат ізін салып, оқиғаны айтып, күйлерін тартқаны аян, ондайда құйма құлақ күйшілер дайын тұрады. Міне, бұл күйлердің Маңғыстау ортасына сіңіп кетуі содан.

Ал Қаналы төренің жиыны ас емес, той екенінде дау жоқ. Себебі еске алу садақа, астарда домбыраға жол берілмейді. Бұған молдалардың, діншіл қариялардың көзқарасы сондай. Аста спорттық шаралар өткізіледі – ат шабыс, палуан күрес, алтын қабақ. Қашаған айтқандай: «домбыра – тойдікі». Бұл дәлелсіз-ақ, оның қыз ұзату тойы екені бесенеден белгілі.

Егер білімпаз, мәдениет пен өнерді өркендетуге көп үлес қосып кеткен кемеңгер қаламгер марқұм Ақселеу Сейдімбек басқаша пікір қалдырған болса, оның қателігі емес, оған қате ақпарат берген мәліметшілердің кінәсі деп бағалауымыз керек.

Міне, сондай өзгеше мәліметтердің түсуінен «Үш ананың айтысында» біраз жаңсақ пікірлер орын алған:

Екінші кезекте күй тартқан Әлім өкілі Тоғызбайдың шығармасы «Қызыл қайың – Мамыт» деп аталады. Қызыл қайың – ит, Мамыт жігіттің аты. Ауылда көңілдес қызымен кездесуге келген Мамыттың алдынан ит шабалаңдап шығып, ыңғайсыз жағдайға қалдырады. Мамыт екі-үш рет келгенде де солай болады. Ақыры жігіт ашуға мініп, итті ат үстінен қуып, дойырлайды, қызыл қайың көзі шығып, аяғы сынып, шығынып кетеді. Кітапта жазылғандай, жаяу жүріп, итті таяқпен түртпейді. Сол күні сүйген қызына кездескен екен.

Үшінші кезекте Байұлының күйшісі Есбай: «Мына домбырашылар бұрын тартып жүрген күйлерін тартты ғой, мен бүгінгі тойға арнап бір күй шығарайын, бұлар домбыраны оң қақса, мен теріс қағайын. Менің күйімнің аты «Терісқақпай» болсын», – депті. Күйі қол ойнатқан керемет үн, тартымды көрініс берген. Жұрт шу ете қалыпты: «Апыр-ай, мына күйшінің қолы керемет екен, бірінші бәйге осынікі-ау» деседі. Күй Қаналы төреге де ұнап қалған. «Халайық, бағасын өздерің беріп жатсыңдар ғой, бәйге осы Есбайдікі болсын», – дейді.

Сөйтіп, күй қызықтағандар тарауға ыңғайланғанда жетірудан келген қыз Науша сөз сұрайды:

– Халайық, мен жастығымнан ба, бұрынғы тартып жүрген күйімді орындаппын. Маған бәйгенің қажеті жоқ, өнер үшін келіп едім. Осы сәтте күй шығару менің қолымнан келеді. Маған тағы бір күй тартуға лұқсат етіңіздер.

Тағы да күй тыңдағысы келіп отырғандар «тартсыншы» деп жабырласыпты. Қаналы төре лұқсат етеді.

– Мен Қаналы ағаның ұзатып отыр­ған құ­сына арнап «Бұлбұл» деген күй шыға­ра­мын, – деп бір әдемі күйді жөңкілте жөнеледі.

Осы жерде күй атауында және мағынасында қателікке жол берілген. Жазбада Қаналы төренің бәйбішесі Күнтәйға осы күй ұнап, күйдің ырғағымен басын шұлғып жібергенде жаулығы қисайып, жұрт ду күлген. Содан Науша күйге сол Күнтәйдің есімін берген-мыс.

Тіпті де олай емес, Күнтәй Маңғыстаудың ұлы күйшісі Есір Айшуақұлының жақын ағасы Сам деген бидің екінші әйелі. Есір жолаушылап келе жатып, сол Сам ағасының үйіне түседі. Сонда Күнтәй жеңгесі: «Қайным, домбыраңды сағындық, күй тартшы», – деп қолқалайды.

Міне, Маңғыстауда Есірдің «Күнтәй» күйінің шығуы, оған жеңгесінің жаулығымен байланысты осы ат берілуі Наушаға тағылып отыр. Бұл «Бұлбұл» күйін тарта білмейтін біреу «Күнтәйді» әңгімесімен тартысқа қыстырып жіберген де Ақселеуге берген. Көпе-көрінеу өтірік. Наушаның «Бұлбұлын» жөнді әңгімесімен орындаушылар Маң­ғыстауда бар және ол нотаға түсірілген. Жаны жаннатта болғыр, Ақселеудің сол кезде Маңғыстаумен, бізбен хабарласпағаны-ай?!

Тағы бір жансақ әңгіме – Есбай тартқан үш күйдің біреуін – «Әләйім жалғанды» Әлім күйшісі – Тоғызбайға теліп жіберуі. Науша «Бұлбұлды» тартқаннан кейін Есбай: «Апыр-ай, жастар мен күй тартқаннан кейін қапы кеттім дегендей қайталап домбыра ұстамайтын еді, дәурен өтіп барады-ау», – деп «Өттің дүние» күйін тартады да, «Жоқ, олай деуім дұрыс емес, өмір жалған, ол әркімнің де басынан өтеді», – деп, «Әләйім жалған» күйін төпейді. Міне, осы «Әләйім жалғанды» зорлықпен Тоғызбайға аударып, қиянат жасау орын алған. Бұл жерде қыз екі күй, Тоғызбай бір күй, Есбай үш тартты дегенде Тоғызбайға «жақсылық» жасап, оған бір күй қосып, үшеуін теңгеріп, екі күйден тартылды деп есептеу. Бірақ біз шалдардың әңгімесінен аса алмаймыз. Күйдің тартылу мәнері, қол қимылы, үні алдыңғы екі күйінен айнымайды. Үшеуі де бір адамның Есбайдың күйі екені – тайға таңба басқандай, айдан-анық.

Бұл жөнінде мақала да жазылды, орындалып та жүр, нотаға да түскен. Сондықтан «Үш ананың айтысын» осы нұсқасын, дұрыс әңгімесімен қолданысқа алған орынды болар еді.

3. Дәулеткерейдің «Көроғлысы». Бұл қазақтың домбыра қорындағы «Шолпан» күйлердің бірі. Оның шығу тарихында білместікпен айтылған шалағайлық жоқ емес. Біреулер күйдің түрікмен сазымен үндестігіне бола Дәулеткерей түрікмен еліне барған екен деп бопсалайды. Ал ол қалай ­барады дегенге мән бермейді. Сонау Бөкей ордасынан түрікмен жеріне жету ол кезде оңай ма? Арада көл-көсір Маңғыстау, ­Жылой жатыр. Және Дәулеткерей қалай болса, ­солай бара салатын адам емес. Ондай жүріс оған жараспайды. Ол шенді тұлға, сұлтан. Оны әдейі ізетпен әке-көкелеп шақырса баруы мүмкін. Ал түрікмендер шақырмақ түгіл, оның кім екенін білмейді. Ол заманды айтпағанда, тіпті қазір де білуі екіталай.

Ал Дәулеткерейді жол-жоралғысымен ілтипаттап шақырғандар – адайлар. Маңғыстауда Жаңайұлы Қожаназар ­деген малы мыңғырған атақты бай болған. Байлығы сондай, жылқыларының соңы ойдан Үстіртке көтеріліп бара жатқанда алды Жемге жетіп, су ішіп жатады екен деп айтылады. Бұл Қожаназар кемеңгер халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың арғы аталарының бірі. Осы Қожаназар, оның тумалас ағайындары және ұрпақтары хан ордасымен, жалпы төре әулетімен біршама байланыста болған. Мәселен, Әбілқайыр хан адайға күйеу, оның бір нақсүйері тарихта белгілі Бопай ханым Қожаназармен тумалас «көк найзалы табынай» деп аталатын рудың батыры Табылдының қызы болатын. Өмірге Нұралы, Ералы, Айшуақ хандарды әкелген ардақты ана. Кейін Әбілқайырдың қапыда қастандық өлімі үшін апаларының назымен кегін алып берген де адайлар екені өз алдына басқа әңгіме. Бұл деректер Маңғыстаудың белгілі абызы Алшын Меңдалыұлының шежіресінде кездеседі. Қожаназар өзінің Шомақ деген баласына байбақты Шолан батырдың қызын алып берген. Шолан дегеніңіз әйгілі Сырым Датұлының атасы. Әлгі Алшекең шежіресіне тағы сүйенсек, кейін Сырымға ас бергенде осы Шомақ әулеті нағашыларының ­жиынына мың қой, жүз жылқы айдатыпты деген сөз бар.

Қалмамбет, Өскенбайдың әкесі, Қожаназардың ағайыны, Жаңай руынан. Ол да сол ағайындарымен бірге төрелермен араласып, жақсы қатынаста болғандардың ортасында жүрген.

Содан бір жылы жаз шыға Жаңай руының бір топ белгілі адамдары ордаға қарай жол тартады, ішінде Қалмамбет те бар. Мақсаттары – көрісу, сәлемдесу және жәрмеңке базарлау. Келгеннен кейін сұлтандармен кездесіп, өздерінің арнап әкелген тарту-таралғыларын ұсынады. Төрелер де алыстан келген қонақтарына жақсы қонақасы беріпті. Сол жиында Дәулеткерей де отырыпты. Нұры төгілген әдемі кісі, оның үстіне киген киімі көздің жауын алады. Дәулеткерейдің керемет күйші екенін білетін адайлар оны домбыра тартуын қолқалайды. Сөз жоқ, екі-үш күйді төгіп жіберіпті. Оған, әсіресе Қалмамбеттің қызығып, қошеметтеуі ерекше болды. Ол елге белгілі өнерпаздар отбасы еді. Екі ұлы Үлкенбай мен Өскенбай, үш қызы Көркем, Шарай, Ақжан шетінен жүйрік домбырашылар еді, Қалмамбет өзі де қара жаяу емес. Алтауы отыра қалып қосылып күй тартса, ел оларды ертедегі аңыз күйлердің атымен «алты Науайы» деп атайды екен.

Міне, енді Қалмамбет Дәулеткерейдің күйлерін тыңдағаннан кейін ағайындарына қолқа салады:

– Пай, мына Дәулеткерейді менің балаларым көрер ме еді! Бесеуінің домбырашы екенін білесіздер. Әсіресе Өскенбайымның орны бөлек. Дәулеткерейді қонаққа шақырайық та! – деді. Бастап келген ру ағасы:

– Иә, біз тек сенің балаларың үшін ғана емес, жалпы еліміздің мерейі үшін көптеген әкім төрелерге сөз салғанбыз. Бірақ олар шаруалары көп, сылтау айтып, бара алмайтындарын білдірді. Енді Дәулеткерейге айтып көреміз, – деді. Сөйтіп, олар Дәулеткерейге бұйым салды:

– Уа, аса қадірменді Дәке, Дәулеткерей төре, біз сізді адай еліне сыйлы қонақ болуға шақырамыз. Талай жерлерді араладыңыз, сонау Петерборға да барғаныңызды білеміз. Енді бізге де мойын бұрып, ілтипатымызды көрсеңіз, – десті.

– Маңғыстау жөнінде хабарым бар, жақсы көремін, атақты күйшіңіз Абылды да білемін. Қазір сұлтандықты қойып, қолым бос, тек өнерге берілген жайым бар. Бірақ Маңғыстау қиян шет қой, жас та біразға келді, алыс жолға жарамаспын, – деді. Сонда адайлар жабырласып қоя берді:

– Ой, Дәке, о не дегеніңіз. Біз сіздерді шалдығып, шаршамасын деп, бір ауылды жақынырақ Жылойға, Бақашы жайлауына қондырып қойдық. Тіпті де шаршамайсыз. Сіздерге арналған тайпалған жайлы жорғалар бар және осыннан пәуеске де алармыз. Туһ, мырза қиырдағы әлгі Петербордан біздің дайындаған ауылымыз алыс емес, – деп күлісіп жатыр.

Айта кетейік, бұлар осының алдында әдейі бір ауылды алыс Маңғыстау ойынан Жылойға, Бақашы жайлауына көшіріп, орналастырған еді.

– Кім біледі, біз жоғарыдан қайтқанда шақыруымызбен сыйлы қонақтар еріп келуі мүмкін. Жай мал баққан ауылға ұқсамай, жақсы сәнмен, тәтті дәммен отырыңдар, – деп тапсырған басшылар.

Шақырушылардың сөздері Дәулет­керейге ұнады.

– Әй, адайлар пейілдерің жақсы екен. Оны қайтаруға болмас, барсам барайын, – деп келісімін берді.

Дереу Бақашыдағы ауылға ат шаптырып, хабар жіберді.

– Дайындалсын. Қонақ түсетін үйдің сәні, дастархан мәзірі ойдағыдай болсын. Және Өскенбай әзір болсын, қазақтың атақты күйшісі келе жатыр.

Содан қайтатын шерулі жол басталды. Дәулеткерей өзінің атқосшы, көмекшілерін алып жүрді. Оны біресе жайлы жорғаға мінгізіп, біресе пәуескемен тербелтіп, жағдайын жасады. Арасында тоқтатып, тынықтырып, кішігірім хан шатырын тігіп, шәй, дәм беріп отырған.

Жолаушыларды гулеген ауыл қарсы алды. Қаздай тігілген ақ үйлер, ортасындағы бір әдейі оншақты қанат күмбезге Дәулет­керейді кіргізді.

Енді ақпа-төкпе неше түрлі дәм қойыл­ған дастархан молшылығын айтпай-ақ қоялық, қазақтың ұлттық тағамдарының бәрі дерлік самсап тұрды. Ас үстінде тамаша таныс-біліс рәсімдері, ақ жарқын әңгіме, көңілді күлкілер думандап жатты. Бір кезде Дәулеткерей айтты:

– Оу, адай ағайындар, сый-құрметтеріңе ризамын, рақмет. Астарыңа тойдық, ал өнерлеріңнің дәмін қашан татамыз, – деп езу тартты.

– Ол дайын, Дәке, сіздің ықыласыңызды күтіп отыр едік. Өскенбай, қайдасың?! – деп дауыстады басқарушы.

Есіктен өрімдей жас жігіт кіріп келді.

– Ассалаумағалейкум, төре аға! Үлкен­дерден ишарат болмайынша сіздің үстіңізге кіруге тайсалып тұр едім. Қош келдіңіз!

– Ой, өркенің өссін қарағым. Бұл кім? – деп сұрады Дәулеткерей. Ағайындар таныстырып жатыр. Бұл Дәулеткерейден 46 жас кіші, сол шақта 18 жаста жалындап тұрған жеткіншек. Болашақ адайдың әнші жеті қайқысының бірі, өсе келе нағыз жетіскен шағында 300-дей күй білген өрен. Бұл кезінде ұлы Ахаң – Ахмет Жұбановтың баласы Мұрат Өскенбаевтан алған дерегі.

Содан Өскенбай күй мен әнді төксін. Сонау ерте заманнан жеткен тарихи, аңыз күйлерді және жергілікті адай күйлері мен ән-жыр саздарын құйқылжытты.

Дәулеткерей қатты риза болды.

– Япыр-ай, болып тұрған бала екен! Әлі де өседі ғой, дені сау болса, шарықтайтыны сөзсіз. Соған жеткізсін! Өнерің өрлей түсіп, жүйрік болып, жүйтки бер!

Бұл ұлы күйшінің өзіне ұнаған ізбасарына берген батасы еді. Барлығы «әумин» деп, беттерін сипады. Содан кейін ру ақсақалы былай деді:

– Дәулеткерей мырза, біздің ауылға келіп, төріміздің сәні болып отырғаныңыз үшін рақмет! Енді, кешіріңіз, сізден қонақ кәде ретінде өнеріңізді көруге құмармыз. Жаңа бата берген жеткіншегіңізге үлгі сабақ болсын!

Дәулеткерей бір көмекшісіне иек қақты. Ол әлгінде үйге кіргізілген бір ұзынша қорапты ашып еді, ішінде жұқа ақ киіз бен мақпалға оралған домбыра екен. Жұрт таңданып қалды. Соны сезген Дәулеткерей:

– Бұл қасиетті, құдыретті дүние, сондықтан оны қастерлеп ұстау керек, қалай болса солай қарауға болмайды.

Өскенбай жүзі балбұл жанып, басын шайқады. Ұлы күйші домбыраны құндақтан шешіп алған бөбектей емірене құшағына алды да, дың еткізіп, бұрауын тыңдады, о ғажап, үні бұзылмай, тартуға дап-дайын тұр екен. Сүйрік саусақтар орғи бастағанда саумал саздар сайрай жөнелді. Неше түрлі күйлер төгілді, қайсы бірін айтарсың! Құдай-ау, бұдан екі ғасырдай бұрын болған оқиғаны кім тәптіштеп, ана күй тартылды, мына күй тартылды дейтін кім бар? Мүмкін, әуен толқыны құлаққа құйылып, жанды тербейтін терең ойлы «Жігер» ме? Немесе аса тылсым нәзік сезіммен әйел сұлулығына арналған «Көркем ханым» ба, әлде «Жеңгем сүйер» ме?

Сезім қылын қытықтап, құмарды қандырған саздар саябырсып тоқтағанда ел елтіп, үнсіз қалып еді. Сол сәтте шаңырақты шайқағандай қошемет шу бұрқ етті. Көктен төгілген нөсердей ризалық ақ тілектер құйылып кетті.

Сол күні домбыраның бағы жанып, балауса жас пен ұлы ағасы екеуі жайлау концертін беріп, ауыл халқы мәз болып еді.

Біраз тыныққаннан кейін Дәулеткерей Өскенбайға қарап былай деді:

– Қарағым Өскенжан, сіздер түрікмен елімен жапсарлас көршісіздер ғой. Олар да өнерлі халық. Сол түрікменнен не білесің?

– Білемін, аға, – деді Өскенбай бұл сұраққа дайын екенін білдіріп, – олармен көршілес, кейде, тіпті өнер таластыратын да жайымыз бар. Біраз саздарын үйренгенмін. Соның бірін тартып берейін. «Көроғлы» деп аталады.

– Иә, естуім бар. «Көроғлы» тек түрікмен емес, жалпы шығысқа ортақ дүние ғой. Ал тартшы.

Өскенбай қолында домбыра емес, дутар тұрғандай түрікмен әуезін әуелетті. Құдды бір сыртында жүні жалбыраған қауғадай бөркі қалбаңдаған бахшыдан айнымайды.

Кенеттен Дәулеткерейде бір өзгеріс болғаны байқалды. Құс жастыққа шынтақтап жатқан адам көтеріліп тік отырды. Өзі көркем кісінің түсі тіпті нұрланып кеткендей болды.

– Қайта тартшы! – Өскенбай таңданып қайта орындады. Дәулеткерей домбырасын қолына алып, сазы үндес басқа бір күйді сыбай жөнелді.

– Тамаша! Өскенбай тартқанынан маған бір күй келді. Рақмет, Өскенжан! Бұл – менің «Көроғлым»!

Дәулеткерей жаңа күйін қайта-қайта желдіріп тарта берді. Құйма құлақ Өскенбай да оған ілесіп, екеуі бірлесіп, жарасып кетті. Отырғандар сыйлы қонақты құттықтап жатыр.

– Құтты болсын, Дәке! Ойпыр-ай, ­керемет екенсіз.

Міне, халайық, Дәулеткерейдің «Көроғлысы», түрікмен емес, қазақтың «Көроғлысы» дүниеге осылай келген еді. Қазақ топырағында туды!

Біраз аялдағаннан кейін Дәулеткерей қайтпақ болды. Жаңайлар жолашар ­дастарқанын жайып, құрмет ырым-қаделерін жасауда. Иығына әсем өрнекті мауыт шапан, жетегіне күміс бедерлі ер-тұрманымен арғымақ ұсынылды, тағы нелер сәнді бұйымдар берілді.

– Рақмет, ағайындар. Мына дүние ­дегендер уақытша нәрселер, ал мен сендерден мәңгілік бір сыйлық алып барамын. Күннен кейін күн шығады, күйден кейін күй шығады. Өскенбай сеп болып, «Көроғлымды» шығардым, қуаныштымын, – деп Өскенбайға тағы батасын беріп, маңдайынан сүйді, бауырына қысты. Елмен қоштасып, жүріп кетті.

«Көроғлының» сахнада жеке, не ұйым­дық орындауында бір кіріспелер тартылып жүр. Біреулер импровизация жасап, өзімбілемдік қосқан. Әрине, біз оларды теріске шығармаймыз. Бірақ біздің айтарымыз – Дәулеткерей Көроғлысына бірінші жол салған Өскенбай тартқан түрікмен күйінің бастапқы фрагментін тартса үйлесімдігі, үндестігі сол болар еді. Әуелден бірін-бірі қостап, жұп боп шыққан екі әуенді айырмаған дұрыс деп есептейміз.

***

Біз бұл мақалада күйлер тарихында орын алған ауытқулар туралы айттық. Мақсатымыз – соларды реттеп, шындыққа келтіру. Өнер оқулықтарында, сабақтарда, концерттерде айтылған қателіктерге жол бермеу. Тамаша күйлерімізің шежіре тарихын, аңыздарын жөнге келтірсек, нұр үстіне нұр болар еді.

Сержан ШАКРАТ,

Халық күйшісі, ҚР еңбек сіңірген

қызметкері

2898 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы