• Руханият
  • 02 Желтоқсан, 2021

ӘЛ-ФАРАБИГЕ ЕСКЕРТКІШ ОРНАТЫЛДЫ

Елордадағы Әбу Насыр әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайының алдында ұлы ойшылға ескерткіш орнатылды. Ескерткіштің ашылуына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев қатысты.

– Құрметті зиялы қауым! Ұлы ойшыл ғұлама, Аристотельден кейінгі ғаламдағы екінші ұстаз атанған әл-Фараби – біздің ғана емес, тұтас адамзаттың бағына біткен тұлға. Ғылымның сан саласын жетік меңгерген философ метафизика, эпистемология, эстетология, этика, физика, астрология, психология мен музыка салаларының теориялық негізін қалаған энциклопедияшы ғалым. Оның жазған еңбектері 10-ғасырдан бүгінге дейін маңыз­дылығын жойған жоқ. Әл-Фараби ортағасырлық ағарту кезеңіндегі Шығыс пен Батыстағы ақыл-ой алыптарының бірі әрі еңбектері бүкіл әлемге тараған ойшыл, – деді Мемлекеттік хатшы ескерткіштің салтанатты ашылуында.

Мемлекеттік хатшы Тұңғыш Президент – Елбасы өзінің «Ұлы даланың 7 қыры» мақаласында әйгілі ғұлама ғалымның тұлғасы мен мұрасына лайықты баға бергенін атап өтті. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2020 жылы әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы өткенін тілге тиек етті. Атақты жазушы ­Фредерик Старр мен көрнекті ғалым Ибн Халликанның ғұлама туралы еңбектеріне тоқталып, әл-Фарабиді туған топырағымен қайта қауыштырып, туған ел үлесінде қалуға зор еңбек сіңірген қазақ ғалымы Ақжан әл-Машаниді де еске алды.

– Баба еңбектерін әлемнің барлық мұрағаты мен кітап­ха­насынан іздестіріп, 1971 жылы Мәскеуде өткен ЮНЕСКО-ның оныншы конгресінде әл-Машани бастаған ғалымдар ойшылдың қазақ даласында дүниеге келгенін дәлелдеп шықты, – дейді Қ.Көшербаев.

Сондай-ақ Мемлекеттік хатшы әл-Фарабидің саяси-әлеуметтік трактаттарында жазылған бақытты, қайырымды және мейірімді адамдар сипаттамасы хакім Абайдың «Толық адам» концепциясымен үндес екенін айтты.

Қ.Көшербаевтың пікірінше, қазір қоғам жаңа ғасыр басында жаңа бастамалардың алдында тұр. Сол себепті Тәуелсіз Қазақстанның жастары тың көзқарастағы ойы озық, санасы терең, азат рухты болуы керек.

– Бүгінде Тәуелсіздіктің арқасында баба мұрасын жаңғыртып, есімін ұрпақ санасында мәңгі қалдыруда біраз жұмыс атқарылып жатыр. Ұлы философ атындағы ұлттық университет, оқу орындары, ескерткіштер мен көшелер бар. Ғылыми-техника саласындағы ең жоғары марапат – әл-Фараби атындағы мемлекет сыйлық тағайындалды. Енді бүгін біз сіздермен бірге еліміздің рухани өміріндегі, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңындағы маңызды оқиғалардың бірі – ұлы ойшыл, ұстаз, ғалым Әбу Насыр әл-Фарабиге арналған елордадағы ескерткіштің ашылуында тұрмыз. Бұл ұлтының ұлы ұлына көрсеткен құрметінің бір парасы. Жобаны жүзеге асырған Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне және Айдос Бүркітбаев бастаған авторлар мен мүсіншілерге алғыс білдіреміз. Бұл ескерткіш ғұлама атын иеленген Оқушылар сарайына келетін жас жеткіншектердің жүрегінде сәуле жағып, ой-санасын оятатын бейнеге айналсын деп тілек айтамыз, – деді Қырымбек Көшербаев.

Әсел МҰРАТБЕКҚЫЗЫ

1113 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы