• Руханият
  • 09 Желтоқсан, 2021

АЛМАТЫ –ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ АЛТЫН БЕСІГІ

1991 жылы Тәуелсіздігіміз ­Алматыда жарияланып, ­Конституциямыз бекітіліп, алғашқы дербес мемлекеттің шешімдері қабылданды.1997 жылы ел астанасын сол кездегі Ақмола, қазіргі Нұр-Сұлтан қаласына көшіру жайлы шешім қабылданды.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев Алматыға  ыстық ықыласын әрқашан білдіріп келеді: «Қыдыр қонып, құт дарыған киелі қоныс, мүбәрак мекен – Алматы! Биікке самғап, қиырды шарлау, заманнан қалмай ­заулау – мына бізге өзің берген тәрбие, өзің көрсеткен өнеге, өзің тапсырған тарихи аманат. Мен Алматыны жер жүзіндегі ең әдемі қала деп білемін. Оның тамылжыған баулары мен жайнаған парктерін, көкке шаншылған Тянь-Шань шыршаларын, «Көктөбе шамшырағын» және басқа да талай ғажайыптарын ұнатамын».

Алматының айрықша орнын белгілеу және дамуының қарқынын қамтамасыз ету үшін «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Тәуелсіздік жылдары Алматының экономикасы мен әлеуметтік саласы үлкен серпін көрсетіп, қаланың келбеті молынан ажарлана түсіп, ірі жобалар іске асты.

Алматы экономикасы 1993 жылы 2,1 млрд теңгеден 2020 жылы 13,5 трлн теңгеге дейін, 6,4 мың есеге өсті. Негізгі капиталға инвестиция көлемі 1999 жылы 50,2 млрд теңгеден 2021 жылдың 10 айының көрсеткіші бойынша 873,7 млрд теңгеге, яғни 17,4 есе артты. 1991–2021 жылдар аралығында өндірістік өнім көлемі 12 млн теңгеден 1,014 трлн теңгеге ұлғайды. Шаһарымыз мемлекеттің салықтың ширек бөлігін және ЖІӨ-нің бестен бір бөлігін құрайды.

Қаладағы қызмет ететін шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 1 415 -тен 200 мыңға дейін артты. Осы салада жұмыс істеп келе жатқан азаматтар саны 66 мыңнан 614 мыңға дейін өскен. Ел тұрғындарының 10% Алматыда тұрады. Тәуелсіздік жылдарында қала тұрғындарының саны 1 млн 134 мыңнан 2 миллионнан астам адамға ұлғайды.

Алматы еліміздің мәдени және ғылыми орталығы болып табылады.Зиялы қауым, еліміздің дамуына зор үлес қосқан азаматтарымыз, аға буын өкілдері Алматыда тұрып, ел игілігі үшін еңбектеніп келеді. Бүгінгі күні қалада 32 кітапхана, 19 театр, 26 мұражай қызмет етуде.

Алматы – жастар қаласы. Шаһар тұрғындарының 30 пайызға жуығы жастар. Егемендік жылдарында колледждер саны 29-дан 83-ке дейін, жоғары оқу орындары 17-ден 37-ге дейін артты. Әр төртінші студент Алматыда оқиды.

Сонымен қатар бастауыш және орта білім жүйесі де жан-жақты жетілдіріліп келеді. Атап айтсақ, 30 жыл ішінде 62 балабақша салынды және қалпына келтірілді, жалпы мектепке дейінгі білім беру жүйесі 480-ге артты, 35 мектеп салынып халық игілігіне берілді, жалпы мемлекеттік және жеке меншік мектептердің саны 187-ден 291-ге дейін артты.

Денсаулық сақтау саласы да ілгерілеп келеді. Егемендік барысында мемлекеттік және жеке меншік 58 аурухана салынып, олардың саны 1,5 есеге артып, 88 аурухананы құрады.  Мұнымен қатар шаһарымызда спорттың дамуына ден қойылып келеді. Көптеген ірі спорт нысандары бой көтерді. Спорт сарайы, 14 спорт кешені, 3405 спорт нысандары іске қосылды. Мұның барлығы халық игілігі үшін ұсынылған, әсіресе балалар мен жасөспірімдер осы нысандарда спортпен шұғылданып, үлкен жеңістерге қол жеткізуде.

2019 жылы Алматының дамуына жан-жақты зор үлес қосуға бағытталған «Алматы – 2050» ұзақ мерзімді стратегиясы халық арасында кең және ашық талқылаудан өтіп, қабылданды. Бұл кешенді құжатта қаланың стратегиялық маңызды дамуының 7 бағыты айқындалған:

1. Шетсіз қала. Барлық аудандарда өмір сүрудің жоғары стандарттары, көпорталықты жоспарлау және қолайлы көлігі бар мегаполис.

2. «Ақылды» қала. Үздік смарт-тәжірибелерді қолданатын мегаполис.

3. Тең мүмкіндіктер қаласы. Тең мүм­кіндіктері бар инклюзивті-адами орта қаласы.

4. Қауіпсіз қала. Қылмыс және төтенше жағдай қаупінің деңгейі төмен қала.

5. Жасыл қала. Жоғары стандартты экология, қоршаған табиғи орта мен қала интеграциясы бар жасыл қала.

6. Жаһандық іскерлік орталық. Эко­номикалық белсенді инновациялық қала, Жаңа Жібек жолы орталығындағы көлік-логистикалық хаб.

7. Мәдени креативті қала. Әсемдік пен стандарттарды қалыптастыратын білімнің, тұрмыстың және бұқаралық мәдениеттің жоғары деңгейі бар заманауи қала.

 «Алматы – 2050» даму стратегиясының негізгі бағыттары Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Алматы қаласының Жол картасымен тығыз ұштасқан.

Президентіміз Қ.К.Тоқаев: «Тәуелсіз­дігіміз Алматыда жарияланды. Сондықтан бұл шаhардың тарихи рөлі  айрықша. Қазір Алматы – экономикамыздың басты қозғаушы күші. Сонымен бірге мұнда бизнес саласы жақсы дамыған», – деп, Алматының ерекшеліктері мен басымдықтарын атап өтті.

Сүйікті Алматымыз алдағы уақытта да өзінің әсемдігімен тамсандырып, ­отандастарымыз бен шетелдік меймандарды жылы шыраймен қарсы алып, Тәуелсіз Қазақстанның дамуына зор үлес қоса беретін болады.

Бекқали ТОРҒАЕВ,

Мәжіліс депутаты

1119 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы