• Руханият
  • 23 Желтоқсан, 2021

Ширек ғасыр шежіресі

Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының құрылғанына 25 жыл толуына орай Алматыдағы «Аспан» баспасынан «Ширек ғасыр шежіресі» атты кітап-альбом жарық көрді.  Кітап-альбом Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының мерейтойына арналған жүрекжарды құттықтауымен басталады. Әрі қарай ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың, ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының Президенті Мұрат Жұрыновтың институт қызметкерлеріне арналған ізгі құттықтаулары берілген.  

Одан әрі кітап-альбом инс­титуттың бас директоры, филология ғылымының докторы, профессор Дүкен Мәсімханұлының алғы сөзімен жалғасады.

Кітап-альбомның І бөлімі инс­титуттың қысқаша тарихына арналады. Бұл бөлімде институттың құрылу тарихы мен негізгі мақсат-міндеттері, өткен 25 жылда атқарылған істер сөз болады.

ІІ бөлімі инс­титуттың ғылыми-зерттеу қызметіне арналған. Бұл бөлімде 1996 жылдан осы уақытқа дейінгі институтта атқарылған әртүрлі халықаралық, республикалық конференциялар, ғылыми-зерттеу еңбектері, ғылыми-мәдени іс-шаралар және ғылыми-зерттеу жобалары мен олардың нәтижелері көрсетілген.

 ІІІ бөлімі «Институттың халықаралық ынтымақтастығы және шетелдік серіктестері» деп аталады. Шы­ғыстану институты көптеген шетелдік ғылыми-зерттеу орта­лық­тарымен халықаларлық ынты­мақтастықты дамытып келеді. Институт ТМД, Еуропа мен Азия елдерінің ғылыми-зерттеу орталықтарымен 40-тан астам халықаралық келісімшарт жасады. 

ІV бөлімі «Білім беру және жас мамандарды даярлау» деп аталады. 2014 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым мен білім беруді интеграциялаудың жаңа жобасын ұсынды. 2014 жылдың 8 қыркүйегінде жаңа білім беру бағдарламасы басталғаннан бері, Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты 5 мамандық, атап айтқанда, «Шығыстану», «Түркітану», «Тарих» және «Аймақтану» мамандықтары бойынша магистрантар мен докторанттар даярлады. Бұл бөлімде 2021 жылдан бастап әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бірлескен PhD докторантура мен магистратура бағдарламасы «8D02212-Док­торантура. Классикалық шы­ғыс­тану (Ғылым Ордасы)», «7М02221-Магистратура. Заманауи шы­ғыстану. (Ғылым Ордасы)» атты жаңа, толықтырылған білім беру бағ­дарламалары бойынша жас ғалым­дарды, докторанттар мен ­магистранттар даярлау жұмысы туралы ­айтылады.

V бөлі­мде институтқа әр кезеңде бас­шылық еткен тұлғалар туралы толық мәлімет бар.

VІ бөлімі институт ардагерлеріне арналған. Бұл бөлімде қазақстандық шығыстану ғылымына зор үлес қосқан ғалым ардагерлердің қызметі мен еңбектері кеңінен қозғалады.

VІІ бөлімі институттың ғылыми қызмет­керлеріне арналған. Бұл бөлімде институттың дамуы мен қалып­тасуына зор үлес қосып жүрген айтулы ғалымдардың қызметтері мен еңбектері топтастырылған. Ғалымдардың бүгінгі таңда жарық көрген ғылыми еңбектері мен жеткен жетістіктері туралы осы бөлімнен мол мағлұмат алуға болады.

Кітап-альбомның соңғы VІІІ бөліміне қазіргі әкімшілік-басқару қызметі бойынша мәліметтер топтастырылған. Қазақстанды әлеуметтік жаңғыр­тудың негізгі бағыттарын іске асыруға бағытталған қызметкерлердің ғылыми-ин­теллектуалдық әлеуетін сақтау мен дамытуға негізделген әкімші­ліктің ұйымдастырушылық және басқарушылық қызметі – ­Шы­ғыстану институты жетістіктерінің негізгі құрамдас бөлігі. 

Алтынгүл ДҮЙСЕНҚЫЗЫ

1150 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы