• Тарих
  • 09 Қаңтар, 2022

ТАРИХТЫ ТЕРЕҢНЕН ТАНЫҒАН

Әлемдік өркениеттердің дамуына айтарлықтай үлес қосқан, Батыс пен Шығысты жалғап жатқан, Еуразияның ортасында орналасқан Ұлы даламызда өмір сүрген халықтар өзіне тән керемет мәдениетті қалыптастырды. Қаншама халықтар мен талай мәдениеттер тоғысқан ұлан-байтақ жеріміздің әрбір тасы мен сай-саласы, тауы мен даласы, төбелері мен адырлары, шоқылары мен шыңдары, бұлақтары мен жылғалары, өзендері мен көлдері және тағысын тағыларының барлығы құтты мекен, тұнып тұрған тарих. Жеріміздің түгін тартсаң тарихымыз туралы сайрап қоя беретін елімізде ежелгі және орта ғасырларда өмір сүрген халқымыздан қалған археологиялық ескерткіштер төбе-төбе болып даламызда шашырап жатыр. Қазақстан аумағы ежелгі адамдар алғаш қоныс тепкен, жері адамға жайлы, жануарларға шөбі шүйгін, тірі тіршіліктің барлығына пана болған аймақ. 

ҚОЗЫБАСЫ ТАРИХЫ

Адамзат тарихының белгілі бір кезеңін ежелгі дәуір мен орта ғасырлар құрайды. Еліміздің осы дәуірлердегі тарихын, негізінен археологиялық деректерсіз елестету де, жазу да қиын. Киелі жерімізде орналасқан ежелгі және орта ғасырлардағы ескерткіштердің орнын анықтап, оларды зерттеп, зерделеп, оны ғылыми айналымға шығару үлкен жұмыс.

Қазақстан аумағында ежелгі ескерткіштерді зерттеу ХІХ ғасырда басталғанымен, алғашқы кезде ескерткіштерді жалпы сипаттау жұмыстарынан аспады. Уақыт өте тарихи-мәдени ескерткіштерді тереңірек зерттеу жұмыстары кең етек ала бастады. Қойнауы құпияға тұнып тұрған ескерткіштерімізге қаншама кеңестік дәуірдің және отандық археолог-зерттеушілердің күрегі тиіп, том-том кітаптардың жазылуына сүйеу болды. Еліміздегі археологиялық ескерткіштерді ашып, ғылыми айналымға енгізуде ерен еңбек еткен жандардың бірі – тарих ғылымының докторы, профессор Мадияр Елеуов.

Ғалымның ғылыми-зерттеу тақырыптары Шу-Талас өңірлерінің ескерткіштерімен тікелей байланысты. 1991 жылы «Шу өңірінің ортағасырлық қалалық мәдениеті (VІ–ХІІІ ғ. басы)» тақырыбында кандидаттық, 1999 жылы «Шу-Талас өңірлерінің ортағасырлық қалалары мен елді мекендері (VІ–ХІІІ ғ. басы)» тақырыбында докторлық диссертация­сын жемісті қорғайды. Зерттеуші Шу-Талас өңірлерін «Ғылым жолындағы Отаным» деп есептейді.

Ғалым ғылыми жұмыстарында Шу-Талас өңірлерінің ортағасырлық керуен жолдары, қалалары мен елді мекендері туралы деректерді еселей түсіп, олардың зерттелу тарихы және баламалануы мәселелерін қарастырады. ­Сонымен бірге аталған өңірлердегі ортағасырлық қалалар мен елді мекендерді зерттеуде, олардың өмір сүрген уақыттары мен көлемдеріне қарай бірнеше топтарға бөліп қарастырады. Бүгінгі күнге дейін ғылыми негіздеген осы жаңалықтары маңызын еш жойған емес.

Шу өңіріндегі ортағасырлық ескерткіштерге талай жылдар зерттеу жүргізу барысында, Мұхаммед Хайдар Дулатидың шығармасын­дағы Қазақ хандығының құрылған орны Қозыбасы деген жерді ғалым Мойынқұм ауда­нындағы Қозыбасы деген жермен байланыстырады. Ғалымның мұндай тұжырым жасауына, археологиялық зерттеулермен бірге, фольклорлық мәліметтер жинауы да себеп болды. Жергілікті қариялардың аузынан естіген аңыз-әңгімелердің бірінен, Қазақ хандығы тышқан жылы күзде құрылды деген деректерді жазып алады. Бұл аңызда айтылған тышқан жылы, Қазақ хандығының нақты құрылған, 1465 жылды пысықтауға үлкен септігі тиді.

 

ОҚУ ОРНЫНА ӘЛ-ФАРАБИДЫҢ АТЫН БЕРУ ЖӨНІНДЕ ҰСЫНЫС АЙТҚАН – «ҚАЗАҚ ТІЛІ» ҚОҒАМЫ

1989 жылы М.Елеуов университетте алғашқы болып тарих факультетінде «Қазақ тілі» қоғамын ұйымдастырады. «Қазақ тілі» қоғамының отырыстарында қазақ тілінің мәртебесін көтеру, қазақ тілінде студенттерге арнап оқулықтар, оқу құралдарын дайындап шығару мәселелері көтеріледі. Факультеттегі осы «Қазақ тілі» қоғамы университетке ғұлама ғалым, философ Әбу Насыр әл-Фарабидың есімін беру жөнінде ұсыныс беруінің арқасында университетке әл-Фарабидың есімі берілгенін біреу білсе, біреу білмес.

1996 жылы М.Елеуов Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің жанынан Археология және этнография институтының ашылуына атсалысады. Осы жылдары өңірдегі бірқатар ортағасырлық ескерткіштерге қазба жұмыстарын жүргізеді. Солардың қатарында Күлтөбе (Ясы) қаласының мәдени қабаттарын анықтау бойынша қазба жұмыстарын басқарады. Жүргізілген зерттеулер бойынша «Түркістан қаласына 2000 жыл» деп өз пікірін білдіреді. Дегенмен зерттеулер жүргізуден бұрын ЮНЕСКО-ға бекіп кеткендіктен, Түркістанның 1500 жылдық мерейтойы 2000 жылы аталып өтеді. Әйтсе де, соңғы жылдары жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстары бойынша Түркістан қаласының жасы 2000 жылдан асып кететіндігі дәлелденді. Ғалымның 20 жыл бұрын айтқан ғылыми пікірі өз бағасын алды.

2001 жылы ортағасырлық Күлтөбе, Қарашық қалаларында зерттеу жұмыстарын бастаса, 2002–2008 жылдар аралығында университет жанындағы «Археология» ғылыми-зерттеу орталығының директоры қызметін атқарған кездері «Тұран археологиялық экспедициясын» ұйымдастырып, Қазақстанның оңтүстік аймақтарындағы ескерткіштерді тұрақты түрде зерттеу жұмыстарын қолға алады. Осы уақыттарда экспедиция Қызылорда облысының Шиелі, Жаңақорған, Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан, Бәйдібек, Түлкібас, Созақ, Жамбыл облысының ­Жуалы, Жамбыл, Талас, ­Сарысу аудандарының аумағынан 2000-нан аса археологиялық ескерткіштерді анықтайды. Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде экспедиция Қазақстан бойынша алғаш рет жеке аудан мен округтің, яғни Түлкібас ауданы мен Созақ ауданындағы Қарақұр ауылдық округінің археологиялық ескерткіштер тізімін жариялайды. Бүгінде әлемге әйгілі болған, бірнеше мың тасқа салынған жартас суреттері бар Қаратаудың тау шатқалындағы Сауысқандық петроглифтерін ашуға мұрындық болған да өзі еді.

 

ҚАЛА МӘДЕНИЕТІ ТУРАЛЫ

ДЕРЕКТЕРДІ ЖАРЫҚҚА ШЫҒАРУ ІСІ

2008 жылдан бастап Сарыарқа, Шу-Талас, Келес өңірлері мен Қаратаудың баурайындағы ортағасырлық қоныстық ескерткіштері мен керуен жолдарын, қорғаныс жүйелерін зерттеп келеді.  Жергілікті әкімшіліктер мен университеттердің қаржыландыруымен Қызылорда облысынан ортағасырлық Сортөбе, Бестам; Оңтүстік Қазақстан облысынан Жартытөбе, Төрткүлтөбе, Үтіртөбе; Жамбыл облысынан Түймекент, Тамды, Тараз, Тастұмсық қалалары мен елді мекендеріне, Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің қаржыландыруымен ортағасырлық Ақтөбе, Меркі, Қордай, Қысмышы қалаларына қазба жұмыстарын жүргізіп, орта ғасырлардағы еліміздің қалалық мәдениеті туралы құнды мағлұматтарды қордалап, бірқатар еңбектер жариялады.

Кезінде Ә.Марғұлан Баршынкентті Алпамыс батыр жырында айтылатын Гүлбаршынның есімімен байланыстырып, қаланы Қышқала қаласы орнымен теңестірген болса, қолынан күрегі түспейтін М.Елеуов соңғы жылдары Баршынкенттің орнын нақтылау бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, Қызылорда қаласы маңындағы орналасқан ортағасырлық Қышқала ескерткіші сол қалаға сәйкес келеді деген болжам жасайды. Оның үстіне, осы Қышқаладан табылған тиындардың бірінде қаланың атауына ұқсас келетін жазулар бұл мәселені ары қарай дәлелдей түскен. 

Ералы АҚЫМБЕК,

PhD, Ә.Х.Марғұлан атындағы ­Археология институтының жетекші

ғылыми қызметкері

2651 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы