• Руханият
  • 13 Қаңтар, 2022

ҰЛТТЫҚ АРХИВ ҚОРЫ: ҚАУІПСІЗДІК САҚТАЛҒАН БА?

5-6 қаңтар күндері болған жаппай тәртіпсіздік күндері біз архивте жұмыста болдық. Осы күндері архив ғимаратының қауіпсіздігіне байланысты ҚР Ішкі істер министрлігінің арнайы күзет қызметі қойып отырған, бірақ, мемлекет тарапынан қаржының бөлінбеуіне байланысты әлі күнге шешілмей келе жатқан мәселелер арқасында болуы мүмкін қауіп-қатерді айқын сезіндік. 

«Мемлекеттік күзетілуі тиіс объектілердің кейбір мәселелері» туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 7 қазандағы № 1151 қаулысының 1-бөлімі 3 тарауының 66, 67, 68 тармақтарына сәйкес 2022 жылдың 1 тоқсанының соңына дейін 1-қабаттың терезе ойықтарына беріктігі бойынша және кіруге кедергі жасау мүмкіндігі бойынша металл торлардан кем түспейтін рольстав (ашылып-жабылатын темір перде) орнатылуы қажет. Ал бұрын қауіпсіздік үшін орнатылған темір торлар ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігінің жергілікті органдарының талабы бойынша алынып тасталған. Енді, осы мәселені тез арада шешу керек. Ол үшін тиісті қаржы бөлінгені маңызды.

Ал «Мемлекеттік күзетілуі тиіс объектілердің кейбір мәселе­лері» туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 7 қазандағы № 1151 қаулысының 1-бөлімі 2 тарауының 11, 12, 13, 14 тармақтарына сәйкес сыртқы периметрлік қоршау биіктігі кемінде 2,5 метр және темір-бетон плитадан жасалған болуы тиіс. Алматы қаласында орналасқан архив ғимараттарының қоршаулары бұл талаптарға сәйкес келмейді. Ал Алматы қаласының мемлекеттік архиві қаланың бұрынғы әкімі Б.Байбектің «қоршауларға қарсы арнайы операциясы» кезінде мүлдем алынып тасталған. Сонымен қатар, аталған қаулының 2-бөлімі 2 тарауының 87, 88, 89 тармақтарына сәйкес, сыртқы периметрлік қоршау үстінен периметрлік қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жүйе (күзет датчиктері) орнатылуы тиіс. Архив басшылығына, яғни біздерге осы талаптарды «орындамағанымыз үшін» айыппұл да салынды. Қауіпсіздіктің мұндай жүйесімен жабдықтау үшін тағы да қаржы керек.

Қазіргі уақытта Ұлттық архив қорының құжаттарын цифрландыру мәселесі қатты көтеріліп жатыр. Бірақ, цифрланған құжаттарды сақтау мәселесі мен оның киберқауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі мемлекеттік тұрғыдан шешілмеген. Ұлттық архив қорның сақтандыру қорын жасау жұмысы да аяқсыз қалып отыр. Міне, осындай өзекті мәселелерді шешу үшін де қаржы мен маман тапшы.

Жалпы айтқанда, ҚР ұлттық архив қорының қауіпсіздігін қамтамасыз ету дегеніміз өте кешенді мәселе! Қор құжаттарын сақтау қоймаларының өртке қарсы қауіпсіздігі ҚР Орталық мемлекеттік архивінде шешілгенімен, еліміздің тарихын сақтап отырған кейбір архивтерде бұл мәселе шешілмеген. Ол үшін де орасан зор қаржы керек.  Ал Орталық мемлекеттік архив қоймалары құжаттарға лық толғандықтан, оған қосымша қор сақтау қоймасын салуды тез арада шешу қажет. Міне, осы сияқты мәселелерді шешу кезек күттірмейтін шаруа дер едім.

Сәбит ШІЛДЕБАЙ,

ҚР Орталық мемлекеттік

архивінің директоры

1133 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы