• Руханият
  • 13 Қаңтар, 2022

«ҚАСІРЕТТІ ҚАҢТАР» САБАҒЫ: ҚОҒАМ ТҰТАСТЫҒЫ – ТӘУЕЛСІЗДІК КЕПІЛІ

ПРЕЗИДЕНТ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІНІҢ ПЛЕНАРЛЫҚ ОТЫРЫСЫНА ҚАТЫСТЫ

ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ  –  ПРЕМЬЕР-МИНИСТР

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Консти­туция­сы­ның 44-бабына сәйкес Парламент Мәжілісінің қарауына ҚР Премьер-Министрі лауазымына Әлихан Асханұлы Смайыловтың кандидатурасын ұсынды.

– Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі лауазымына тағайындауға келісім беру үшін Әлихан Асханұлы Смайыловтың кандидатурасын Парламент Мәжілісінің қарауына ұсынамын. Ол тәжірибелі маман, еңбекқор мемлекеттік қызметші. Статистика жөніндегі агенттіктің төрағасы, Президенттің көмекшісі, Қаржы министрі, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары болды. Қазақстан экономикасының болашағы туралы көзқарасы дұрыс. Нақты жоспары бар. Әлихан Асханұлы Үкіметтің жұмысын өте жақсы біледі. Өзінде жүктелген міндеттерді абыроймен атқарады деп сенемін, – деді Президент.

Саяси партиялардың фракция жетекшілері, Парламент Мәжілісінің депутаттары Әлихан Смайыловтың кандидатурасына қолдау білдіріп, сөз сөйледі. Талқылаулардан кейін дауыс беріліп, Мәжіліс Президенттің Әлихан Смайыловты Үкімет басшысы лауазымына тағайындау жөніндегі ұсынысына бірауыздан келісім берді.

Пленарлық отырыста Қасым-Жомарт Тоқаев Әлихан Смайыловты Премьер-Министр лауазымына тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.

Әлихан Смайылов өзіне  сенім артқаны үшін алғыс айтты. Бұл өзі үшін жауапкершілік екенін айтты.

– Үкімет жұмысының басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру. Сондықтан мемлекеттік бюджет тиісті шараларға көзделетін болады, – деген ­Премьер-Министр Үкіметтің алдына қойылатын міндеттерді шешу үшін барлық керекті шаралар қабылданатынын жеткізді.

«ЕКІ КҮННЕН СОҢ ҰҚШҰ БІТІМГЕРШІЛІК КҮШТЕРІ ҚАЗАҚСТАННАН ШЫҒАРЫЛА БАСТАЙДЫ»

– Тәуелсіздік тарихында біз алғаш рет аса күрделі және қатерлі кезеңге тап болдық. Ел басына түскен осындай сынақты қайыспай біртұтас ел болып еңсере білдік. Енді біз мұндай жағдайға ешқашан жол бермеуіміз қажет. Сондықтан еліміз душар болған ауыр қасіреттің себептерін саралап, оның салдарына нақты баға беру – алдымызда тұрған өте маңызды міндет, – деді Мемлекет басшысы.

Президент бүгінде халық арасында осы оқиғаға байланысты түрлі қарама-қайшы, шындыққа жанаспайтын жалған ақпараттар тарап кеткенін айтты. Оның бірнеше себебін де атап өтті. Айтуынша, кейбір азаматтар ахуалды егжей-тегжей білмей тұрып, қате пікірде болса, кейбірі әдейі ақпаратты бұрмалап, жағдайды одан бетер ушықтырған.

Мемлекет басшысы оқиғаларды мұқият зерттей отырып, жыл ­басынан бергі барлық жағдайлар бір тізбектің тармақтары деуге толық негіз бар екенін айтты.

– Ашығын айтсақ, бұл бірнеше жыл бойы алдын ала ойластырылған зұлымдықтың көрінісі. Олардың көздегені – өздерінің қатыгез пиғылдарын іске асыру болғаны айдан анық. Бұл қатарда Жамбыл облысында болған тәртіпсіздіктер, ұлтаралық және басқа да жанжалдар тудыру үшін жасалған арандатулар бар, – деген Президент Ұлттық қауіпсіздік комитетінің осы сын сағаттағы жұмысын сынға алды.

– Ұлттық қауіпсіздік комитеті уәкілетті орган ретінде бұл іріткі жұмысына нақты баға бере алмады. Ұлттық қауіпсіздікке төнген қауіп-қатерді байқамады. Шабуыл ұйымдас­тырушылары тек сылтау іздеді, ол кез келген жағдайда табылар еді. Тұрғындардың автогаз бағасына наразылық танытуы қолданылды,– деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Кемелұлы елде болған тәртіпсіздіктердің даму кезеңін атап өтті. Мемлекет басшысы бұл туралы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс сессиясында да  ашық айтқанын жеткізді. 

– Олардың басты мақсаты конс­титуциялық құрылысқа нұқсан кел­тіру, басқару институтын бүлдіру, билікті басып алу болды, –  деген Президент ҰҚШҰ бітімгершілік күшін шақыру себебін түсіндірді. Айтуынша, Алматы – біздің ірі қаламыз әрі еліміздің қаржы орталығы. Мұнда маңызды көлік және коммуникация тораптары шоғырланған. Бұл қала құласа, астананы, кейін бүкіл елді жоғалту қаупі болды.

Президент елдегі жаппай тәртіп­сіздік кезінде қызметін адал атқарғаны үшін Қорғаныс министрлігі мен Мемлекеттік күзет қызметіне алғыс білдірді. Дегенмен, Қасым-Жомарт Кемелұлы бәрі бірдей өз борышын адал атқармағанын жеткізді.

–  Кей қалаларда ҰҚК департа­мент­терінің басшылары жеткілікті әскери арсеналға қарамай, қарсылық танытпастан қару-жарақ пен құпия құжаттар бар қызметтік ғимараттарды тастап кетті, – деді Президент. 

Мемлекет басшысы антитер­рористік операцияның аяқталуға жақын екенін айта келе Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бітімгершілік контингенті Қазақстанға уақытша мерзімге келгенін атап өтті. 

– Екі күннен соң ҰҚШҰ бітімгер­шілік күштері Қазақстаннан шығарыла бастайды. ҰҚШҰ бітім­гершілік миссиясы сәтті аяқталды. Күштерді елден шығару процессі 10 шақты күнді алады,– деді Президент. Сонымен қатар ол осы оқиғалардың артында кім тұрғанын, кінәлілерді анықтап, жазаға тартылатынын айтты.  

ЖАҢА ҮКІМЕТКЕ – ЖАҢА ТАПСЫРМАЛАР

Президент жаңа Үкіметке саяси, әлеуметтік-экономикалық салалардағы және ұлттық қауіпсіздік пен қорғанысты қамтамасыз ету жөніндегі өзекті мәселелерді шешу үшін нақты міндеттер жүктеді. Қаза болған тәртіп сақшыларының, әскери қызметшілер мен қарапайым азаматтардың отбасына көмек көрсетіп, тұрғын үймен, оқумен және басқа да қажетті нәрсемен қамтамасыз етуді тапсырды. Қысқа мерзім ішінде қираған дүние-мүлікті қалпына келтіріп, толығымен қалыпты өмірге оралатынымызды жеткізді.

Президент қаржы жүйесі мен көлік саласының, азық-түлік жеткізу ісінің еш кедергісіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуді, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің тапшылығын, бағаның негізсіз көтерілуін болдырмауды тапсырды.

Қазір Үкімет комиссиясы жұмыс істеп жатыр. Ол азаматтар мен бизнеске қолдау көрсетеді. Сонымен қатар, мемлекет кәсіпкерлерге басқа да қолдау түрлерін ұсынады. Атап айтқанда, несиелер бойынша пайыздық төлемдер, айыппұл мен өсімпұл белгілеу тоқтатыла тұрады. 

 

ҚАУІПСІЗДІК ЖҮЙЕСІ – БІРІНШІ ОРЫНДА

– Еліміздің қауіпсіздігін нығайту және қауіп-қатердің алдын алу үшін шұғыл шараларды жүзеге асыру қажет. Біз сарбаздарды, әскери техника мен қару-жарақты қажетті жерге жедел жеткізу үшін әскери-көлік авиациясы паркін толықтыру ісін қолға аламыз. Мемлекеттік шекараны нығайтуымыз керек. Көші-қон, соның ішінде ішкі көші-қон саласын тәртіпке келтіретін кез келді. Қару-жарақ айналымын мұқият тексеріп, оны заң тұрғысынан реттеу қажет. Шұғыл түрде қираған ғимараттар мен арнаулы техниканы жөндеп, бейнебақылау жүйесін іске қосып, құқық қорғау органдарының қызметін қалпына келтіру керек, – деді Президент.

Мемлекет басшысы алда ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бүкіл жүйесін түбегейлі қайта құру міндеті тұрғанын айтты.

– Біз Қарулы Күштеріміздің, құқық қорғау органдарының, ұлттық қауіпсіздік органдарының, сыртқы барлау органдарының жұмысын қайта құруымыз керек. Олардың барлығы бір мақсат – азаматтарымызды, конституциялық құрылыс пен егемендігімізді кез келген сипаттағы және ауқымдағы қатерлерден барынша тиімді қорғау жолында үйлесімді жұмыс істеуі керек, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

 

«САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНА»

ЖҰМЫСЫН РЕФОРМАЛАУ МҮЛДЕМ МҮМКІН БОЛМАСА,

ОНДАЙ ҚҰРЫЛЫМНЫҢ

ЭКОНОМИКАМЫЗДА БОЛМАҒАНЫ ДҰРЫС»

Президент еліміздің жаңа эконо­микалық тұғырын қалыптас­тыруды мықтап қолға алу қажет екенін жеткізді. Айтуынша, экономикалық саясатымыздың мақсаты – заман талабына сай әлеуметтік бағдары бар нарықтық экономика құру және дамыту. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке Қазақстан даму банкінің қызметін қайта құруды тапсырды.

– Мысалы, Қазақстанның даму банкі шын мәнінде қаржылық-өнеркәсіптік және құрылыс топтарын басқаратын санаулы адамның жеке банкіне айналды. Біз бәрінің аты-жөнін білеміз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент әділ бәсекелестік экономика үшін басты талапқа айналуға тиіс екенін атап өтті. Сонымен қатар картельді келісімдер жасасты деген күдік болған жағдайда мемлекеттік сатып алуға қатысушыларды тексеруге тыйым салу туралы мораторийдің күшін жоюды тапсырды.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі экономикалық жағдайдан қаржылық-олигархтық топтардың пайда көріп отырғанын айтты. «Самұрық-Қазына» қорының жұмысын сынға алды. 

– «Самұрық-Қазына» елдегі экономиканың өркендеуіне тікелей әсер етеді. Қордың KEGOC, ҚТЖ сияқты инфрақұрылымдық компаниялары экономикамыздың түгелге жуық секторының тиімділігін айқындап отыр. Алайда «Самұрық-Қазына» қоры ұлттық байлықты еселеп, міндетін дұрыс атқарып отыр ма? Қомақты жалақы алатын қызметкерлері мен директорлар кеңесі немен айналысады? Қызмет құны өте қымбат консалтинг компанияларын және шетелдік мамандарды жұмысқа тартудың пайдасы қанша? Сондықтан Үкіметке Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, «Самұрық-Қазынаның» жұмысына қатысты квазимемлекеттік секторды түбегейлі реформалау үшін ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын. Егер «Самұрық-Қазына» жұмысын реформалау мүлдем мүмкін болмаса, ондай құрылымның экономикамызда болмағаны дұрыс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Әрі қарай президент қаржыны шетелге шығару қаупі жоғары екеніне тоқталды. 

– Біз кейбір компаниялардың есебінде қозғалыс басталғанын білеміз. Мұны қаржы секторына жіті қадағалауды тапсырамын, – деді мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент Үкіметке РОП операторының утиль алымына иелік етуін тоқтату бойынша іс-шаралар қабылдауды тапсырды.

– Кәсіпкерлер, жалпы қоғамда «Оператор РОП» деп аталатын компанияның жұмысына қатысты көптеген сұрақ туындап отыр. Тіпті, осы жеке компанияға қарсы қоғамдық қозғалыс та ұйымдастырылды. Үкіметке РОП операторының утиль алымына иелік етуін тоқтату бойынша іс-шаралар қабылдауды тапсырамын. Мұнымен шетелдегідей мемлекеттік ұйым айналасу керек. Ал алымның ставкасын қайта қарау керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев астанадағы LRT жобасының болашағы туралы айтты. Оның айтуынша, LRT құрылысы қарапайым инфрақұрылымдық жобадан елдің беделіне нұқсан келтіретін күрделі мәселеге айналды.

– Осы уақытқа дейін қомақты қаражат құйылды, несиелер тартылды, шетелдік серіктестерден ауқымды шарттық міндеттемелер алынды. Жоба басынан бері сәтсіз болды, оны мойындау керек. Оның үстіне бұл жобада жемқорлықтың иісі бар. Енді оңтайлы шешім қабылдау керек. Себебі, оны бұзу – уақыт пен ақшаны жоғалту деген сөз.  Жобаны ары қарай қалай пайдалануға болатынын анықтауға көмектесу үшін отандық және шетелдік архитекторларды, урбанистерді шақырудан басқа амал жоқ, – деді Президент.

 

ХАЛЫҚТЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҒДАЙЫ – НАЗАРДА

Қасым-Жомарт Кемелұлы 2020 жылы елімізде болған қуаңшылықты еске алып, былтырға қарағанда жиналған астық көлемі 4 миллион тоннаға кемігенін айтты. Болжам бойынша биыл да ахуал күрделі болуы мүмкін екенін ескертіп, Үкіметке тұқым, жем-шөп, тыңайтқышпен қамтамасыз ету мәселелерін және егін егу науқанын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ субсидия алуды жеңілдетуге, оның қолжетімді ­болуын және ашықтығын қамтамасыз етуді, алдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін түбегейлі шешуді тапсырды. Сонымен қатар, шекара кедендеріне жіті тексеру жүргізілуі қажет екенін атап өтті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев билік өкілдерінің жалақысын көтеруге 5 жылдық мораторий жарияланатынын мәлімдеді.

–  Өткен жылдың соңында депутат, әкім және үкімет мүшелерінің еңбекақылары мен шығысы туралы баптар мәселесін талқыладық. Меніңше, олардың жалақысы жеткілікті. Сол себепті, олардың жалақысын көтеруге 5 жыл мораторий жариялауға болады деп есептеймін. Мен бұл депутаттар үшін жақсы жаңалық емес екенін түсініп тұрмын. Бірақ сіздер бұған түсіністік танытасыздар деп ойлаймын. Әкімшілік мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттегілерге жалақыны мүмкіндігінше көтеруді жалғастырамыз, – деді Мемлекет басшысы. 

Президент қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсарту үшін бірнеше рет жалақы мен зейнетақыны көтер­генімен, бағаның өсуіне тосқауыл қойылмай отырғанын айтты. Соған байланысты 2025 жылға қарай инфляцияны төмендету мақсаты тұрғанын ескертті.

– Премьер-Министрге үш апта мерзімде Үкіметтің 2022 жылға арналған іс-қимыл бағдарламасын әзір­леуді тапсырамын. Оны ақпан айының басында Үкіметтің кеңей­тілген отырысында қараймыз, – деді Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы аймақтар арасында диспропорция бар екеніне назар аударып, Батыс пен Оңтүстік аймақтарда білім бағдарламасын және экономиканы дамытуды тапсырды. Кей өңірлердің жағдайы тұрғындардың сұранысына қарай емес, әкімнің «салмағына» қарай жасалатынын да жасырмады. Сол себепті мемлекеттік қызмет жұмысының да реттейтін тұстарын атап өтті. Кадрларды іріктеу талап­тарын жетілдіруді, мемлекеттік қыз­мет­тен кету тәртібін жеңілдетуді тапсырды.

– Кейбір шенеуніктер кабинетінде жылдар бойы отырады. Олар келешегі зор жас мамандардың өсуіне жол бермей, мемлекеттік аппараттың тиім­ділігін төмендетеді. Ондай шенеу­ніктермен оңай қоштасу керек. Дегенмен мемлекеттік басқару саласында шенеуніктің институционалдық жады да маңызды. Бір күнде бүкіл шенеунікті алып тастап, оларды жастарға ауыстыруға да болмайды. Бұл жерде орынды шешім қажет. Егер 60 жастағы шенеунік өз қызметін ойдағыдай атқарып, мемлекетке пайдасын тигізіп отырса, ондай маманды ешбір жағдайда жұмыстан шығаруға болмайды, – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкімет пен Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне тиісті тетік­терді әзірлеп, енгізуді тапсырды. Сондай-ақ, Қ.Тоқаев елде бюрократия көп екеніне тоқталып, мемлекеттік қызметкерлер саны қысқаруы мүмкін екенін ескертті. 

Сонымен қатар Үкіметке «Жастар тәжірибесі» және «Алғашқы жұмыс» жобалары бойынша қатысу мерзімін және сыйақы мөлшерін ұлғайту мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Одан бөлек мұғалімдер тапшы өңірлерге үздік мамандарды тарту үшін арнайы бағдарлама әзірлеу тапсырылды. 2025 жылға дейін елде  кем дегенде бес халықаралық ЖОО филиалы ашылуы тиіс. Оның екеуі техникалық бағытта болады.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қоры құрылатынын мәлім­деді. Ол қордың елдегі өзге қорлар­дан айырмашылығын түсіндірді. 

– Қазақстан – Конституция бойынша әлеуметтік мемлекет. Мемлекет аз нәрсе тындырып жатқан жоқ. Республикалық бюджеттің 50%-тен астамын әлеуметтік шығындар құрайды, бірақ, бұл жеткіліксіз. Бізде ұлттық қор бар, ол – еліміздің қаржылық тірегі. Бүгін «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорын құруды тапсырамын. Ол денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау салаларындағы өзекті мәселелерді шешуге көмектеседі, – деді Президент.

Бұл ретте Президент халыққа тиесіліні халыққа беретін және оған жүйелі және негізді түрде көмектесетін уақыт келгенін жеткізді.

Мемлекет басшысы сөзінің соңында қайғылы күндері бірлік таныт­қан қазақстандықтарға шынайы ризашылығын білдірді.

– Жуық арада болған қайғылы оқиғалар кезіндегі экстремистермен күресте азаматтарымыздың көпшілігі патриоттық танытты. Халықтың бірлігі, Қазақстанның тәуелсіздігі мен егеменді дамуы идеясына деген шынайы сенімі – еліміздің дамуы мен қоғам болып ұйысуының мықты іргетасы. Біз барлық қиындықты бірлесе еңсереміз. Жаңа Қазақстанды бірге құрамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Әсел МҰРАТБЕКҚЫЗЫ
«Ana tili»

1123 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы