• Руханият
  • 20 Қаңтар, 2022

МҰСТАФАНЫҢ КӨЗ ЖАСЫ

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің  30 жылдығына орай Түркістан ­облысы Қазығұрт ауданы Сарапхана ауылындағы «Мәңгілік ел» бағында «Алаш ­арыстары» және «Бабалар рухына тағзым» кешеніндегі Қажымқан Мұнайтпасұлының туғанына 150 жыл толуына байланысты ескерткіштері мен Созақ ауданы Созақ ауылындағы  Жастар саябағында «Созақ қасіреті ­мемориалы» ашылды. Осы бір аса тағылымды іс-шараларды  қатысушылар  Шымкенттегі М.Әуезов атындағы  Оңтүстік Қазақстан  мемлекеттік университетінде өткен «Алаш руханияты және Тәуелсіздік» атты республикалық  ғылыми теориялық конференцияның тамаша көрнекі құралындай қабыл­дады. Мұның барлығының негізгі ұйымдастырушысы Бекет Тұрғараевтай республикаға танымал меценат заңгердің болғанын айта кеткен жөн.  

ТҮРКІСТАНДА ШОҚАЙҒА ЕСКЕРТКІШ ҚОЮ МӘСЕЛЕСІ КӨТЕРІЛДІ

Осы конференцияның маңызды бір шешімі – Мұстафа мен Мария Шоқайдың бейіттерінен топырақ алып, оларға Түркістанда  ескерткіш  қою туралы ұсыныс. Бұл шешімнің төркінді дүние екені де айтылып жатты. 

Бар болғаны алпыс төрт күн ғана өмір  сүрген Түркістан Мұқтариятын кеңестік билік қарумен таратып, Қоқан қаласын қырғынға ұшыратқаннан соң Үкімет басшысы Мұстафа Шоқай бас сауғалап, бірнеше күн Ферғана тауларын жаяу аралап кеткен болатын. Неше түрлі қиындықтар мен тікелей төнген қауіп-қатерді бастан кешіп, талай ажал құрығынан аман қалып, бірнеше күн жол жүріп Ташкентке жетті. Қиын-қыстау кезеңде  өзіне сүйеніш болатын адам іздеді. Таңдау 1916 жылдан танитын, кейін мәңгілік жар болған Мария Яковлевна Горинаға түседі. Оны Петербургтегі студент кезінен танитын. Ташкентке келгенде жолдастары – ­генерал Еникеевтің ұл-қыздарымен бірге болған-ды.

Мария Яковлевна 1918 жылғы наурыз күндерінің бірінде он жыл отасқан, өзінен жиырма жас үлкен заңгер күйеуінен ажырап, Мәскеуге кетуге дайындалып жүргенде кешкілік ­Петроград даңғылындағы үйіне киімдерін алуға келіп есік қақса, ешкім жауап бермейді. Арғы жақтағы шам сөнгеннен кейін ғана есік ашылып,  алдымен жергілікті өзбек жігіті, сонан соң қонақ күтетін бөлмеден Мұстафа Шоқай шығады. Ол Мария Яковлевнаны көргеніне қуанышты екенін, он күннен бері өзін іздеп таба алмай жүргенін айтады. Бұл кездесу Мария Яковлевнаға төбеден жай түскендей болады. Өйткені ол Қоқан автономиясы құрылды, бірақ оны большевиктер құлатты, үкімет басшысы Мұстафа Шоқай мен басқа лауазымды қызметкерлері өлтірілді деп  естіген еді.

Мұстафа Шоқай бұл үйде уақытша тұрып жатқанын, енді мұнда тұра алмайтынын, жаңа жер іздеп жүргенін айтып,  көмек сұрайды. Мария алдымен Мұстафа Шоқайға әскери киім тауып беріп, шаһардың оңашалау ауданынан күйеуі майданға кеткен, өзі жақсы танитын әйелдің үйіне уақытша орналастырады. Өзі онда жиі барып, азық түлік жеткізіп тұрады. Осындай қарым қатынас  екеуін  мәңгілік табыстырады. Мұстафаның талап етуімен ­христиан дініндегі Мария мұсылмандықты қабылдап, 1918 сәуірдің  18-і күні екі өзбек жігітінің куәлік етуімен  ескі Таш­кент қаласының  имамы неке  қияды. Сол күннен бастап Мария Яков­левна өзіне Шоқай атын қосып алады.

 

ГҮРЖІ ЕЛІНДЕ ЖАЛҒАСҚАН САЯСИ ҚЫЗМЕТ

Енді қаладан тысқары жерге аттап басуға рұқсаты жоқ, басына 1000 рубль бәйге жарияланған Мұстафаның өмірін сақтап қалу үшін Ташкенттен кету керек болады. Іздестіру шаралары жүріп жатқан кез. Оны таныған кез келген ресми органның адамы «пролетариат диктатурасын таратушы» деп атып тастауы мүмкін еді. ­Мария Яковлевна жарын ауыр жаралыға ұқсатып, бет-аузын таңып, жолға даярлайды. 1 мамыр күні станцияға келіп, екеуі пойызға отырады. Бұлар жолаушылардың билеттері мен рұқсат қағаздарын тексеріп жатқанын көріп қатты абыржиды. Ол кезде құжаттарға сурет жапсырылмайтын. Сондықтан бет-жүзін ашып тексерсе, оны танып қоюы мүмкін еді. Кезек осыларға келгенде тексеруші артына қарап біреумен сөйлеседі де, жаңылысып, келесі купеге өтіп кетеді. Осылайша, бұлар тексеруден ойда-жоқта аман құтылады, пойыз да қозғалады.

Мұстафа және Мария Шоқай мінген пойыз Ақтөбеге жеткеннен кейін Орынбор бағытындағы теміржол соғысқа байланысты жабық болуымен тоқтайды. Содан түрлі көлікпен, алдымен Орынборға, сонан соң Самара арқылы Уфаға, одан Екатеринбургке жетеді. Мұстафа Шоқай мен 1918 жылы 19 қарашада Екатеринбургте таратылған Құрылтай мәжілісінен кейін украиндықтардан осы жиынға сайланған Вадим Чайкин екеуі бөлек, Кавказға қарай кетуге мәжбүр болады. Ал Мария Шоқай 1918 жылдың 24 желтоқсанында Челябинскіден шығып, бірде қиындыққа тап болып, енді бірде жанашыр жандарға кезігіп, 1919 жылы 20 сәуірде Бакуге жетеді. Бірнеше күннен кейін Грузияға бару визасын алып,  1 мамыр күні ­Тифлиске келгенде, станцияда қолында шоқ гүлі бар Мұстафа Шоқай күтіп алады. Осылай қос арыс жарты жылдан кейін қайта табысқан болатын.

Мұстафа Шоқайдың Әзербай­жанда көп тұрақтай алмай, Тифлиске келуі Грузиядағы ұлттық үкі­меттің саяси әлеуметтік ахуалының тұрақтылығымен байланысты еді. Оны1918 жылдың 26 мамырынан тәуелсіздік алған Грузия Демократиялық Республикасының басшысы Ной Жордания мен ішкі істер министрі Н. Рамишвили үлкен құрметпен қарсы алады. Осындай себеппен саяси қызметін Грузияда жалғастыруды жөн санаған Мұстафа Шоқай Солтүстік Кавказдың көрнекті өкілі Ахмет бей Цаликатидің (Цаликов) «Вольный горец» газетінде жұмыс істейді. Грузия үкіметінің қаржылай жәрдемімен Тифлисте «На рубеже» айлық журналын шығарып, өзі редакторы болады. Журналдың алты саны ғана шығып үлгіреді. Сонымен бірге ол «Борьба» газетінде де жұмыс істейді, 1920 жылы «Йени Дунья» атты апталық газет ұйымдастырады. Ең алдымен, М.Шоқай бұл басылымдарда жарық көрген материалдарда Ресейде қалыптасқан жағдай мен өздерінің саяси күресінің мәні мен мақсатын жұртшылыққа түсіндіруді мұрат етеді. Түркістан Құрылтай жиналысын шақыру жөніндегі Комитеттің төрағасы Мұстафа, хатшысы ретінде В.А.Чайкин және Түркістанның басқа да қайраткерлері 1920 жылдың сәуір ­айында баспасөз өкіл­деріне арналған сұхбат ұйымдастырады. ­Түр­кістандағы саяси жағдайға қысқаша си­паттама бе­ріледі. Түр­кістан мен қазақ жерін­дегі экономикалық жағдай, шаруашылық апат пен ашаршылық жөнінде мәлімдеме жасалады. 1920 жылдың 28 сәуірінде оның «Мен» деген бүркеншік есіммен «Грузия» газетінде «Түркістандағы ұлттық мәселе және ұлтаралық қатынастар» деп жарияланған мақаласында М.Шоқай «Әдетте ұлттық проблеманың мазмұны ұлттық азшылық мәселесімен шектеледі, ал Түркістан жағдайында біз қарама-қарсы құбылыспен ұшырасып отырмыз, мұнда мәселе ұлттық көпшіліктің құқы туралы» деп көрсетеді. Осылайша, М.Шоқай большевиктерге қарсы Сөз майданын бастай отырып,  ұлт-азаттық қозғалысты қолдайтын одақтастар іздестіреді. Петлюралық Украинаның өкілі Красковскиймен бірге ақпараттық бюро, орыс және Батыс еуропа тілдерінде басылымдар ұйымдастыру жөнінде жоспар жасайды. Бұл идеяны грузиндер де қолдайды. Олар «Еркін одақ» атты ­баспа да құрады.

М.Шоқайдың большевиктер режиміне қарсы күреске Түркістаннан басқа да елдерді жұмылдыру жөніндегі осы кезеңдегі әрекеттері оның Париждегі жеке мұрағат қорындағы «1919 жылы Украина, Түркістан және Кавказдың күштерін ­Ресей империализміне қарсы күресте біріктіру жөніндегі менің талпыныстарым» деген бірі екі беттік, екіншісі он үш беттік екі құжатта егжей-тегжейлі бaяндaлған көрінеді.

Бас аяғы екі жылдай болған Грузиядағы күндер де аяқталады. Қызыл армия мұнда келіп, қаланың быт-шытын шығарып, басшыларын тұтқындай бастағанда, Мұстафа мен Мария Шоқай Батумиден Италияның кемесіне мініп Түркияға жолға шығады.1921 жылдың 22 сәуірінде екеуі Стамбулға жетеді.  Араға екі айдай уақыт салып Францияға келіп, орналасады. Бұған себеп сол кездегі Франция үкіметінің заңдары шетелдік пана іздеушілер (эмигранттар) үшін, демократиялық тұрғыдан алып қарағанда, басқа елдерге қарағанда әлдеқайда қолайлы болған көрінеді. Онда бұрыннан таныс Ресей басшылары да болып еді.

 

«ТІРІЛЕРДІҢ ІШІНДЕГІ  ЕҢ ТІРІ ЖАН ӨМІРДЕН ӨТТІ»

Мұстафа мен Мария Шоқай Париж қаласына жеткен соң да жат жердің жаңа қиыншылықтарына жолығады.

1939 жылдың 1 мамыр күні ­Муссолини Францияға соғыс жариялайды. Италияның әскери ұшақтары Париж аспанын торлайды. Көшеде жүру қауіпті болып, Мұстафа үйде отырып жазумен айналысады. 5 лампалы радиоқабылдағыштан үзбей соңғы жаңалық тыңдайды. Радио ескі болғандықтан кейде хабарлар дұрыс естілмей, Мұстафа қатты ашуланып, каналдарды түрік, неміс тілдеріндегі толқындарға ауыстырып әбігерге түседі. Кейбір кездері өзімен-өзі болғанды қалап, тұйықталып та қалатын. Әсіресе соғыс басталғалы жүйкесі сыр бере бастайды. Ақылдасу керек дегенді жиі айтатын. Бірақ Мария Яковлевна ештеңе сұрап мазаламайтын, кейін оның бәрінің себебін Мұстафаның өзі айтып беретін.

Францияда эмигранттардың бір­сыпырасы Америкаға, мұсыл­мандары Түр­кияға кетіп жатты. Мұстафа ­Шо­қайға да кетуге мүмкіндік болды, Аме­рикаға визасы да бар еді. Алайда мұн­дағы идеялас жолдастарын тас­тап, мұхит асып, тым жырақ кетуді қаламады.

1940 жылы 13 мамыр күні немістер Парижге келеді. Германия Францияны басып алғаннан кейін Мұстафа Шоқай тұтқындалып, Кампиен түрмесіне жабылады, одан босатылған соң екі күн Германияға, Берлинге кетуге дайындалады. Оған түркістандық тұтқындар алдында радиодан сөз сөйлеу туралы ұсыныс жасалады, бірақ Мұстафа тұтқындармен кездеспей оларға ештеңе айта алмайтынын түсіндіреді. Берлинге кетерінде ол хабарласып тұруы үшін, үйлерінде екі рет болған неміс полициясының қызметкері Уали Каюмның адресін беріп, ашық хат жазуын өтініп, өзінің де хаттар салатынын, соғыс кезінде осылай еткеннің дұрыс екенін айтады. Мария Шоқай жарының кетіп бара жатқан сәтін көру үшін терезеге жақын барып, оның соңғы рет ишарат етіп, «сүйдім дегенді білдіріп» қолын бұлғағанын, содан кейін оны көре алмағанын қинала еске алған болатын.

Мұстафа Шоқай екі жарым ай лагерьлерді аралап, қайтатын болып, пойызға отырғанда басы ауырып, ыстығы көтеріледі. Берлинге жетіп, «Виктория» ауруханасына түседі. Бір апта жатқан соң, 27 желтоқсанда сүзек деген диагнозбен соңғы сапарға аттанады. Ауыр қайғыны ең бірінші Мария Шоқай тартады. Жиырма сегіз жыл жалғыздықтың талай тағдырын басынан өткізіп, 1969 жылы Мария Шоқай бұл пәни дүниеден бақилыққа «Мұстафам!» деп аттанады.

1941 жылдың 27 желтоқсанында ерінің жұмбақ өліммен дүниеден озғаннан кейін, алдымен Мария Шоқай 1942 жылдың 8 ақпанында Париж мешітінің «Дебасси» залында қырқын өткізіп, оған оның елу шақты жақын достарын жинады. Онда Мемлекеттік Думаның мүшесі болған, Грузия Ұлттық үкіметінің Сыртқы істер министрі А.Чхенкели, Әзербайжан Ұлттық үкіметінің басшысы М.Расулзаде сияқты марқұмның достары мен әріптестері Мұстафа Шоқайдың күреске толы өмірі мен қызметі туралы жылы лебіздер білдіреді. Әсіресе ­Украина Ұлттық үкіметінің Сыртқы істер министрі болған ­Александр ­Яковлевич Шульгиннің сөзін жиналған көпшілік беріле тыңдайды. Ол «Тірілердің ішіндегі ең тірі жанның өмірден өтті дегеніне еш сенгің келмейді» дей келіп, Мұстафа Шоқай Орта Азияның, барлық Түркістанның нағыз көсемі, егер тірі болса, Неру, Ататүрік сияқты қайраткер болар еді дейді.

 

МҰСТАФАТАНУШЫ МАРИЯ

Мария Шоқай алдымен Мұстафадан қалған мол тарихи мұраны келесі ұрпаққа жеткізудің амалын қолға алады. Оларды сұрыптап, түптеп, арнайы қораптарға салып, мұрағатқа өткізеді. Бар байлығы, қанша жоқшылықта жүрсе де көп жылдан өздерімен алып жүретін жалғыз пианиносын сатып, ерінің бейітіне бейнесімен ескерткіш орнатады. Осыларды бітіргеннен кейін, асықпай күрделі іске кіріседі. Ерен еңбектің үлгісін көрсете «Менің Мұстафам» атты естелік жазып, 75 жасында, 1963 жылы соңғы нүктесін қояды. Автор «Оқырмандардың бұл шығарманың әдеби көркемдігіне аса мән бермеуін өтінемін. Өйткені мен шығарма жазуға қабілетсізбін» деп, аса қарапайымдылық танытқанымен, бұл Мұстафа Шоқай туралы тұңғыш әрі нақты мәліметтерге толы естелік кітап еді.

Екі бөлімді еңбек 1958 және 1963 жылдары орыс тіліндегі қолжазба күйінде Мұстафа Шоқайдың шәкірттері, профессор Әбдуақап Оқтайға және оның жұбайы Саида Оқтайға жіберіледі. Бұл еңбек 1972 жылы Мұстафаның дүниеден өткеніне 30 жыл қарсаңында Ыстамбұлда «Жұбайының аузынан Мұстафа Шоқайұлы» (166-бет) деген атпен Т.Шағатайдың аудармасымен түрік тілінде жарық көреді. 1997 жылы Ыстамбұлда «Мұстафа Шоқай. Мария Шоқай. Естеліктер» деген атпен қазақ тілінде жарық көрген кітаптың бірінші бөлімінде Мұстафа Шоқайдың «1917 жыл естеліктерінен үзінділер» атты шығармасы беріліп, екінші бөлімінде Мария Шоқайдың «Мұстафа Шоқай туралы естеліктері» жарияланған еді. Бұған бүкіл түрік жұртшылығына белгілі азаматтар Тұран Язған мен Хасен Оралтай қамқорлық еткен. Естелік шағатай тілі жазуынан қазіргі қазақ тіліне Айтан Нүсіпханның аудармасы бойынша алғаш 1999 жылғы Мұстафа Шоқайдың таңдамалы шығармаларының екі томдық жинағына «Менің Мұстафам» деген атпен енді. Оны екінші рет 2000 жылы Ыстамбұлда «Тұран» мәдениет қоры жеке кітап етіп бастырды.

Мұстафатану ғылымының бастауы болып саналатын еңбегінде Мария Шоқай алғаш рет аты әлемге танылған тұлғаның рухани дүниесіне, табиғи жаратылысына терең зер салды. Естелікте өте жұмсақ мінезді және нәзік жанды, үлкен жүректі, терең сезімді қарапайым адамның сонау Еуропаның ортасында жүріп елін сағынған сәттері де шебер берілген. 1922 жылы екеуі Париждегі Трокадеродағы этнография музейінде болғанда Мұстафа сондағы домбыраны қызметкерден сұрап алып, құлақ күйін келтіріп, әсем қазақ күйін орындайды да, аспапты орнына қояды. Жүзі жабырқау тартып, жанары жасқа толады. Мария Шоқай «Мен алғашқы және соңғы рет Мұстафаның көз жасын сол кезде көріп едім» деп жазды. Болмаса «Үлкен ағамның (Сыздық Ә.Б.) жесір әйелі әлі тірі. Ол қалай өмір сүріп жатыр екен? Мені ең қатты ойландыратын мәселе де осы. Оларға бұл жерден көмек те бере алмаймын. Мені кішілердің (інілердің) тағдыры ойландырады, бәлкім, оларға көмектесетін ешкім болмағандықтан азып-тозып кеткен шығар» деген жолдарды толғанбай, тебіренбей оқу мүмкін емес. Бұлайша уайымдау, ойлау Мұстафа Шоқайдың адами болмысын, кісілік келбетін айқын танытады.

Естеліктің тағы бір тағылымды жағы – фашистер лагеріндегі адам төзгісіз жағдайды басты кейіпкердің көзбен көруі, жүрегімен сезінуі. Мария Шоқайға жазған бір хатында Мұстафа: «Менен көмек сұрап, үміт күткен осы бақытсыз бейшараларға ешқандай жәрдем жасай алмағаным үшін жан азабын шегудемін. Мен оларға көмектесетінімді айтып сөз бердім, алайда бұл әншейін оларды жұбату ғана. Қолымнан ештеңе келмейтінін біле тұра жалған сөйлеп жүрмін. …Кеше 35 адамды ату жазасынан құтқардым, бірақ қаншаға дейін екені белгісіз. Оларды бір шұңқырға тізіп қойды, қазір қазан айы, ал олар болса жаздық киімдерімен жартылай жалаңаш, суықтан қорғану үшін, топырақтан пана жасау үшін қолдарымен жер қазуда. Оларға итке тастаған сияқты нан тас­тайды, су атымен жоқ». Осыларды көргеннен кейін Мұстафаның «өлгенім артық» деуі кімнің болса да жүрегін сыздатады, кешегі соғыста қайтқан әке-аталарының тағдырын ойлап жүдетеді.

Әбдіжәлел БӘКІР,

саяси ғылым докторы,

профессор  

969 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы