• Руханият
  • 20 Қаңтар, 2022

КӨШПЕЛІЛЕР СИНДРОМЫ

Дағжан Белдеубай
«Ana tili»

Кейбір филологтардың айтатынындай бізге де жуынды, шайынды сөздеріндегі жұрнақ жалғанған көшпенді сөзінен гөрі, көшпелі сөзі көбірек ұнайды. Сондықтан тақырыпты солай қойдық. 
Ал, әңгімені арыдан қозғасақ, әйгілі Шыңғыс ханның ғаскері Еуропаға аяқ басқанда, алдымен Карпаттың шың-құзын көктеп өтіп, тұтқиылдан неге қыпшақтарға шабуылдады. Өйткені олар ақымақ емес, Еуропада қыпшақтардан өзге өздеріне төтеп беретін күш жоқ екенін білді. Сондай-ақ қазіргі еуропалық ұлттардың ата-бабалары жауынгер қыпшақтармен одақтас болуға тырысқаны, оларға жер беріп, жау жақ шебінде ұстағаны, әскербасыларын солардан тағайындағаны жайлы деректер аз емес. 

Өзімізді таңғалдырған бір деректі айтайық. Польшаның мәдени астанасы делінетін Краков қаласындағы, патшалардың сүйегі жатқан Вавель қорғанында Ядвига есімді патшайымның мүрдесі де әспеттеліп сақталып тұр. Ол заманда Еуропада Тевтондықтар аталатын әскери құрылым барлық елдерге қауіп төндірген. Ядвига ханшайым Польшаның билеушісі. Князь Ягайла Литваның патшасы. Ягайла Ядвигаға ғашық. Бірақ Ядвиганың сүйгені басқа адам. Екі елдің де ортақ жауы Тевтондықтар. Сондықтан Ядвига ханым сүйгеніне емес, елінің тәуелсіздігі үшін Ягайлаға тұрмысқа шығады. Сөйтіп екі елдің біріккен әскері Тевтондықтарды талқандайды. Ал қазір патшалар жатқан қорғанға турист ретінде жолы түскен венгерлік жастар, мектеп жасындағы балалар Ядвиганың басына барғанда, қатарласып тұра қалып, Венгерияның гимнін айтады екен. Өйткені Ядвига қыпшақ қызы. Әрине үйренетін-ақ үлгі. Еуропалық ұлттардың өз тарихына деген ілтипатын көрсететін мұндай деректер көп деуге болады. Ол қалайда дамығандық, ұлт ретінде жетілгендік.

Мұндайды қазақ қанына, тегіне тартты дейді. Қазақтың тарихы көшпелілер тарихы ғана емес, жауынгерлік тарих. Қабанбай, Бөгенбайдан Жанқожа Нұрмұхамедұлына, тіпті күні кешегі Қайрат Рысқұлбековке дейін сандаған батырларымызды үлгі емес-ау, пір тұтуымыз қажет. Желтоқсан көтерілісі Тәуелсіз Қазақстан үшін аса қастерлі болуы тиіс. Мәселе сол көтеріліске қатысқан батырлар әлі күн ортамызда жүргендіктен ғана емес, қылышынан қан тамған империяға бірінші болып, жүрегі дауалап қазақтың қол көтергенінде.

Ал сол Желтоқсан көтерілісі туралы әлі де айтылмай жатқан ақиқаттар, шықпай жатқан шындықтар бар десеміз. Кейде ғылыми ортаға яғни зерттеушілерге белгілі жайттар қалың көпшілікке жетпей жатады. Ондай аласапыран кезде не сияқты жан түршіктірерлік оқиғалар болуы мүмкін. Мысалға күні кешегі өзіміз «қанды қаңтар» атай бастаған оқиға кезінде де не болмады. Кейбір бүтіндей отбастары оққа ұшты. Сондықтан Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев күштік құрылымдардың басшыларымен өткізген кеңесте, тергеуді өте ықтияттылықпен жүргізуді тапсырды. ­Содырлар, лаңкестер кімдер, алаңға өз пікірін білдіру үшін барған бейбіт жастар қайсылары, оны әрине  тергеуші мамандар анықтайды. Президент пәрмен бергесін, біз сол тергеушілердің  әділдігіне, азаматтығына сенейік.

Алматыдағы қаңтардың тұманды күндерінде (аласапыран күндері не болып жатқанын онша түсіне алмай қалған тұрғындар секілді, табиғат жарықтық та тұманнан көз ашпады), Президентіміз Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына жүгінгенде, көңілімізде қорқыныш үдей түскені рас. Әсіресе Ресей әскерлері келеді дегенде, отарланған халық екеніміз есімізге түсті. Оған дейін де Дума  депутаттары, өзге де қызылауыздары бар, түрлі фобияларды көлденең тартып, шовинизмді, тіпті реваншизмді қоздырғандай әсерде едік. Кектенетіндей (реваншизм) Кеңес Одағын қазақ құлатқан жоқ. Иә қазақ Ұлы державаға бірінші болып қол көтергені рас. Бірақ тоталитарлық жүйе Сталиннің кезінде-ақ өзіне өзі көр қазып қойғанын оларға түсіндіретін адам әзірге табылмай тұр. Дегенмен Президенттің шешімі өте дұрыс болғанына бүгінде көзіміз жетіп отыр.

Әлемжеліге қолымыз жете қалған бір сәтте, ресейлік бір шолушының, Қазақстандағы жағдай туралы пікірлерінің бісмілләсінде,  «көшпелілер тағы да атқа қонды» деген мағынадағы сөзін естіп қалдық. Көшпелілер дегенде, демократиясы оп-оңай анархияға ұласып кете беретін, Парламенттік биліктегі Монғолия мен Президенттерін неше мәрте құлатып, төңкеріс жасаған Қырғызстан есімізге түсті. Иә, қазақ та атқа қонады. Өйткені ата-бабамыз көшпелі болған. Қанымызда бар. Тегінен ешкім қашып құтыла алмайды. Мұны кім де болса білгені дұрыс. Оны көшпелілер синдромы деп атауға да әбден болады.

1585 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы