• Руханият
  • 27 Қаңтар, 2022

УЫЗ ТӘРБИЕ: ТОЛҒАМ. ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ ПЕН ҚҰШТАРЛЫҚ, ІЗДЕНІС ПЕН ҰМТЫЛЫС – БАЛА ТАБИҒАТЫНЫҢ ҒАЖАЙЫП ҚАСИЕТТЕРІ

БІРІНШІ ҚАҒИДА. Сәби өзін қызық­тырғанды ғана жадына тоқиды, жүрегіне берік ұялатады. Қандай істе болсын алдымен баланың құштарлығын оятып, іске құмарта кірісетіндей жағдай туғызу керек.

Ұлы Абай айтқандай: «Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» деп, «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмей... білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген… – жан құмарлығы» адамзат баласының ең асыл қасиеттері. «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескере... келе есті болады» деп тағы да Абай атамыз айтқандай, баланың осы ғажайып қасиеттеріне де тәрбие керек.

Сәбидің есту, көру, тату, ұстау иіс сезу қасиеттерінің табиғи түрде бірге туатыны белгілі. Бірақ бұл қабілеттерді ата-ана біртіндеп дамытуды алғашқы күннен қадағалауына алуы тиіс. Ол үшін, анасы сәбидің әрбір әрекетін назарынан тыс қалдырмауы және оның қызығушылық талғамын дұрыс қалыптастыруды толық өз жауапкершілігіне алғаны жөн. Бұл уақытта балғын бүлдіршін нені болса да бойына сіңіруге даяр тұрады (Оның ішінде жағымсыз қасиеттер де бар). Мәселен, сәбидің алғаш көретіні де, еститіні де, жылылықты сезінетіні де анасының бейнесі, дауысы мен сылап-сипаған іс-әрекеті. Міне, бала талғамының алғашқы ұшқыны осыдан басталады.

Әдетте, жаңа туған нәресте нашар көреді деген ұғым қалыптасқан. Ал американдық психология профессоры Брунердің пайымдауынша, сәби туған күннің ертеңінде-ақ көз алдына әкелген көрнекті затқа назар аудара алады екен. Оны әлденеше мәрте жүргізген тәжірибенің арқасында дәлелдеген. Мәселен, жаңа туған сәбидің көз алдына ақ қағазды таясаңыз оған ол назар аудармауы мүмкін, ал егер ақ қағазға қара майлы бояумен үш бұрыш салып көрсетсе, назарын тіктеп қарайды екен. Баланың белгілі бір нәрсеге назар аудару әрекетін сараптай келіп ғалымдар, оның өзінен қашықтағы немесе жақындағы нәрсені ажырата алатын мүмкіндігі бар екендігін анықтаған.

Кішкене нәрестенің жылты­рағанға басын бұрып қарап, әр­түрлі дыбыстарға құлағын салып тыңдайтынын бәріміз жақсы білеміз. Әрине, бұл баланың сезім мүш­елерінің айналадағы құбылыстарға деген табиғи түрдегі елеңдеуі, оны қалыптасқан талғаммен жасалған қызығушылығы деуге келмейді. Бірақ осы болымсыз назар жығудың өзі бала табиғатында қызығушылықтың дәнегі жатқандығын анық байқатады. Демек, бұл бала қызығушылығының одан әрі қалыптасуының іргетасы бола алады. Әрине, бүлдіршін­нің бұл қабілетті тиімді дамытып алып кетуге қажетті дағды толық қалыптаса қойған жоқ. Бірақ сәбидің құбылыстарға ерекше ықыласпен назар аударатындығын анықтап, сол ықыласты одан әрі дамытуға назар аударуға болады. Мәселен, нәресте тыңдаған музыкаларына біраз уақытқа дейін ешқандай қызығушылық танытпауы мүмкін, күндердің күнінде олар ата-аналарының үзбей тыңдатып жүрген әуеніне, құлағы үйреніп, ықыласы арта бастайды. Бала талғамын қалыптастырудың тәрбиедегі алғашқы нәтижесі осылай көрінеді. Сәбидің алғаш тыңдап, жадына тоқыған музыкаға деген қызығушылығы оның өмір бойына кетеді. Ата-аналар бүлдіршін бойынан байқалған мұндай қызығушылықтың болымсыз ұшқынын жедел байқап, алауға айналдырып маздатуға күш салуы тиіс. Осылайша, ата-ананың ықпалымен, былайша айтқанда, уыз тәрбие арқылы нәрестенің өмір құбылыстарына деген талғамы мен қызығушылығы қалыптасып, оның келешек ұмтылыстары мен ізденістеріне баспалдақ болады.

Уақыт өте келе баланың талғамы өсе түседі, ол бір нәрсеге қатты қызығады, екінші біреуіне селқос қарайды дегендей. Демек, сәбидің өзіндік қызығушылық талғамы қалыптасып келеді деген сөз. Міне, осы уақытта аналар балаға өздері тартымды деген дүниелерді молынан ұсына беруі шарт. Ол үшін әрине, ананың биік талғамы, тапқырлығы мен шеберлігі қажет болады. Өйткені сәби анасы ұсынғандардың барлығын қабылдай бермейді. Сондықтан оның қызығушылығын оятатын «қулық» та ойлап табуы тиіс. Мәселен, сәбидің құстарға деген қызығушылығын ояту үшін олардың дыбысын салып, балапандардың сүйкімді бейнесі мен жүріс-тұрысын көрсету деген сияқты.

Бұл жаста баланың талғамын қалыптастырудағы ата-ананың ықпалы өте жоғары болады. Ол «алдауға» көнеді, анасының айтқанына көп қарсылықсыз келіседі. Сондықтан да осы уақытта ата-аналардың бала талғамына көптеген сипаттарды «теліп» жіберуге мүмкіндігі молынан болады. Былайша айтқанда, бұл кезеңде ананың балаға өз қалағанын «мәжбүрлеу» арқылы өткізуіне болады. Осыны пайдаланып, дәл осы уақытта балаға барынша жақсы қасиеттерді, ұғым-түсініктерді барынша молынан дарытуға тырысу керек. Бұл уақытта сәби кез-келген дүниені талдап-талғап, мазмұнына үңілмей-ақ бейнелі таныммен тез қабылдайды. Сәби ­миында аналитикалық талдау мен сыни көзқарас әлі қалыптаса қоймайды. Дәл осы уақытта таңдау еркін баланың өзіне қалдыратын болсаңыз, онда ол назарына іліккен жақсы-жаманды талғамай сіңіреді. Ал оның нәтижесінің қандай болатынын болжауға көп ақылдың қажеті жоқ. Сондықтан бұл жаста нәрестеге ата-ананың қамқорлығы мен жақсы өнегесі ауадай қажет. Әсіресе ана өз сәбиінің жақсылыққа жаны құмар болып өсуі үшін екі жасқа дейінгі кезеңде барынша ықтиятты болуы шарт. Өзіңіз назар салып байқаңызшы, бұл жастағы қандай бала болмасын көргенін бірден есіне сақтайды, естігенін лезде жаттап алады. Әлі тілі еркін шығып, ақыл-ойы толыса қоймаған бүлдіршін сіздің үйретуіңізге қарай картадан материктерді көрсетіп, мемлекеттердің туларына қарап атын атап, машиналардың маркаларын ажыратып, музыкалық әуендер мен өлең мәтіндерін жатқа айтып бере алады. Егер осы жаста сәби жадына осындай таңдамалы, тамаша дүниелер молынан орнығатын болса, оның одан арғы қызығушылық талғамының өресі соншалықты биік болады. Ал үнемі жаман сөздер айтып, жағымсыз қылықтар көрсетсеңіз сәбиіңіз оны да тез қағып алады. Мұндай тәрбиеде өскен баланы қазақтар «көргенсіз» деп атайды.

Екі жастан асқан соң сәби ата-ана­сының ықпалынан шыға бастайды. Оның ақпарат қабылдау шеңбері де кеңейеді, талғамы да өсіп, күш-қуаты артып, өзіндік мені бас көтереді. Демек, тәрбиеде басқа тәсілді қарастыруға тура келеді. Әрине, бұл бірден жүзеге аспайды, ол біртіндеп, байсалды түрде өтеді. Бұдан былай балаңызға бұрынғыдай өзіңіздің талғамыңыздағыны жалық­пай қайталап, оның санасына қарсы­лықсыз сіңіре алмайсыз. Енді оның қа­лауымен санасуға тура келеді. Солай бола тұрса да ата-ана бұл кезеңді де өзінің қатаң қадағалауында ұстауы тиіс, сәбиін өзі дұрыс, жағымды деп тап­қан құбылыстармен қоршап ұстауы қажет.

Екінші қағида. Сәбидің қызығушылығы оянған сәттен бастап барынша қолдасаңыз, ол құштарлыққа ұласады. Қызығушылық пен құштарлық баланы үздіксіз ізденіске ұмтылдырады.

Ата-ана өз баласының қандай да болмасын қызығушылық танытқан ұмтылысын жіті бақылап, сергек ықылас танытып отырғаны дұрыс. Оның өзіндік еркі мен ықыласының оянуы жедел қолдауға ие болғаны жөн. Әрине, әрбір ана сәбидің физиологиялық тұрғыдағы қажеттілігін үнемі назарында ұстайды. Жаялығын айырбастайды, тамағын уақытында береді, сергітіп, сылап-сыйпайды дегендей...

Ал енді сәбидің рухани қажеттілігі мен қызығушылығына келгенде ондай ыждаһаттылық таныла бермейді. Дәстүр бойынша ата-аналар рухани азықты көбінесе кейінге ысырып отырады. Мәселен, 2-3 жастан аса бүлдіршіндер ырғақты музыкаға әуестік таныта бастайды. Ол өзіне ұнайтын әуенді естігенде, ырғаққа ілесіп аяқ-қолын қозғап, өз әсерін білдіреді. Егер әуен ұнамаса, қынжылыс білдіріп, тіпті жылай бастауы да мүмкін. Егер анасы оған үнемі ұлттық классикалық музыка тыңдатып үйретсе, ол шетелдік әуенге еліте қоймайды. Өзіне жат әуен ойнаса, жылап қарсылық білдіруі мүмкін. Мұндай қарсылықты үлкендер құлақтарына ілмесе, ол бала психикасының қалыптасуына кері әсер етеді. Аналардың көпшілігі балалардың аяқ-қолын қозғап, рахаттануына  немесе аяқ астынан қиғылық салып жылап-сықтауына мән бере бермейді. Өздерінің қалауы бойынша бала қызыға тыңдап отырған әуенді өшіре салуы ­немесе балаға ұнасын-ұнамасын қолына түскен күйтабақты ойната салуы мүмкін. Бұл – бүлдіршін қызығушылығымен санаспау, оны өшірумен бара-бар.

 Әрине, мұндай әрекет тек музыкаға ғана қатысты емес. Әлдеқандай бір іске бар жан дүниесімен беріле қызықтап отырған сәбиді анасы аяқ астынан көтеріп, басқа жаққа ала жөнелетін жағдайлар жиі кездеседі. Мәселен, сәби пластилиннен фигуралар жасап беріле шығармашылықпен айналысып отыр делік, сол сәтте анасы тамақ ішетін уақыт болды деп, баланың қолындағысын жинастырып дастархан басына алып келеді. Ал баланың есі-дерті қалып қойған шаруасында болып, тамақтанып та жарытпайды. Бұл баланың бар ықыласын басып, оның шығармашылық ұмтылысын жоққа шығару деген сөз.

Қызығушылық – бала қабілетін дамытудың теңдессіз озық тәсілі. Егер бүлдіршіннің тек қана физиологиялық қажеттіліктерін қамтамасыз етіп, оның рухани қажеттіліктеріне көңіл бөлінбейтін болса, ол баланың психикалық мешеулігіне әкеліп соқтырады. Ана баласын басқа шаруаға ауыстыру кезінде оның айналысып отырған ісіне мұқият болғаны жөн. Егер бала өз ісімен асқан қызығушылықпен айналысып отырса, оның бастаған ісін аяғына жеткізуге мүмкіндік беру қажет, тіпті болмағанда оны белгілі дәрежеге жеткізуіне мұрсат беріп немесе оны қайтып келіп жалғастыратынына сендіру керек. Баласын анасынан артық білетін, баланың анасынан артық сенімді адамы жоқ. Сондықтан екеуара іштей түсіністік пен ынтымақ бала қызығушылығын арттыруда аса қажет.

Сәби үшін ата-ананың әрбір сөзі – заң, бала үшін олардан беделді адам жоқ. Сондықтан олардың абайсызда айтылған орынсыз ескертуінің өзі бүлдіршіннің дұрыс ниетінің өзін құрдымға жібере алады. Мәселен, балаңыз беріле ойнап отырған кезде ыңылдап ән салып отырса, сіз оны ұнатпай «былдырлап не айтып отырсың, адам түсінбейді?!» деп зекісеңіз бұдан кейін ол ән ­салудан мүлде тиылып қалуы кәдік. Керісінше «бұл әнді қайдан үйреніп алғансың?! Қане екеуіміз бірігіп дұрыстап айтайықшы», – деп өзіңіз бірге айтып қолдап жіберсеңіз, оның қызығушылығы артып, ән айтуға деген құштарлығы  өсе түсер еді.

Сол сияқты өзінше әлденені бейнелеп, сурет салып отырған баланың да сызбаларын ешқашан жоққа шығаруға болмайды. Баланың сызбасын түсінбесеңіз, өзінен сұраңыз, нені бейнелегенін. Ол сізге бәрін түсіндіріп береді. Өйткені баланың елестетуі мен   бейнелеу қабілеті ересектердікімен ешқашан сәйкес келмейді. Сізге түсініксіз суреттің астарында баланың балғын қиялының бейнесі жатыр. Оны сәби өз әлінше бейнелеп отыр. Әлемдегі ең қиялшыл еркін суретшілер – кішкентай сәбилер. Олар өз ойындағыларын ешқандай қалыпқа ­сыймайтындай етіп бейнелейді. Ересектер көре алмайтын нәрсені байқайды және содан өзіне керек бейнені жасайды. Егер баланың осы балғын талантынан туған еңбегінің нәтижесін елеп-ескеріп, көтермелеп отырсаңыз, ол тамаша шығармашылық тұлға ­болып қалыптасады.

Үшінші қағида. Баланың қызығушылығы артқан сайын оның ізденіске, білімге деген құлшынысы да өсе түседі. Қызығушылық пен құлшыныстың кең өрісі – ойын. Жеткіншек ойын арқылы білімді де жеңіл игереді.

Біз жоғарыда баланың қызығушылығын ояту үшін ата-ананың әртүрлі тәсіл қолданып, тіпті қажет болған жағдайда «қулыққа» да бару қажет екендігін айтқанбыз. Дәл осындай тәсілді баланы білім алуға ынталандыруда да қолдану қажет. Өйткені қызығушылықтың өзі баланы ізденіске, білім алуға деген ұмтылысқа жетелейтін қозғаушы күш. Яғни, жеткіншектің қызығушылығы оянбай тұрып, білімге талпыныс жасауы мүмкін емес. Сондықтан қандай жағдайда болмасын баланы қызықтыра отырып, оны өз бетімен ізденуге деген ынтасын туғызу керек. Және оған бала өз еңбегімен жетсе, нәтижесі тіптен жоғары болмақ.

Мәселен, балаға кітап оқуды күштеп үйрету – тауқыметі көп шаруа. Ал сіз кітаптағы тамаша оқиғаны ауызша баяндап болғаннан кейін,  балаңызға кітапты көрсетіп: «Сен оқуды үйренсең, осындай керемет дүниені өзің оқып алар едің», – деп қызықтырсаңыз, балаңыздың ынтызарының оқуға ауатынына күмән жоқ. Немесе жақсы балалар фильмін көргеннен кейін мұндай тамаша оқиғаның алдымен кітап болып жазылғанын айтсаңыз да, сәбиіңіздің кітапқа деген ықыласы артатыны сөзсіз. Осыдан кейін оны әріп тануға жетелеуге әбден болады, ол оған құштарлықпен кіріседі. Оның үстіне бала табиғаты құпияның сырын білуге, үнемі жаңалық ашуға құмар.

Екі жастан асқан сәби кез келген шаруаны өзі жасауға ұмтылып тұрады. Ең бастысы, баланың осы ұмтылысын шектеуге болмайды. Мәселен, әкесі үйде көбірек домбыра тартатын болса, бала басында оны құмарта тыңдайды, бірте-бірте өзі домбырада ойнауға талпынады. Мұндайда ертедегі қазақтар сәбиге лайықтап «шіңкілдек» (кішкене домбыра) жасап беретін болған. Сол сияқты қыз бала анасының жанында жүріп, оның шаруасын бірге жасауға ынталы болады, оған да барынша қол­дау көрсеткен жөн. Жай қолдап қана қоймай, оның қызыққан дүниесінің құпиясын барынша тәп­тіш­теп түсіндіре отырып үйреткен жақсы нәтиже береді.

Бала қызығушылығының ең басты қозғаушы күші – ойын. Сәби кез келген дүниені ойын арқылы қабылдайды және оны ойынға айналдыра отырып, меңгереді. Нәресте омырауын еміп жатып, анасымен де ойнап жатады, ішіп отырған тамағын да ойынға айналдырып ішсе жақсы сіңіреді. Естіген дыбысымен де ойнайды, сурет салып та ойнайды, саз балшықтан мүсін жасап та ойнайды, былайша айтқанда, ойын оның өмір сүруінің мәні.

Демек, бала қызығушылығын арттырудың ең оңай, төте жолы – оның ынтасын ойын арқылы ояту. Ең алдымен, оның ойындарының өзі танымдық қабілетін арттыратын мазмұнда болуы шарт. Ол әрбір ойынды құштарлықпен шығармашылық ләззат алатындай қызыға ойнауы тиіс. Және ол ойынның ақтық нәтижеге жеткізетіндей қуанышы болуы тиіс. Сонда ғана бала ондай ойынды жалықпай үнемі қайталап ойнайды және әр ойнаған сайын оның белгілі бір дағдысын дамытарлықтай жетістігі болуы шарт. Өз ойынының жемісін татқан сайын бүлдіршін өз-өзіне масаттанып алға ұмтылып отырады. Енді ол одан да күрделі жаңа ойын ойнауға жігерін жаниды. Сол сияқты баланың ойыншығы да әртүрлі құрылымдар жасап, шығармашылық ойлауға, түрлендіріп ойнауға лайықты болғаны жөн. Бұзуға, қайта құрылымдауға, иіп, майыстырып басқаша форма жасауға келмейтін ойыншық балдырғанды тез жалықтырады. Бала бір сәт қана ойнап, лақтырып тастайтын ойыншықтан гөрі, оны әртүрлі формаға келтіріп түрлі ойын ойнайтын ойыншықты жақсы көреді. Өйткені бүлдіршін ненің болмасын құпиясын ашып, оны өзі қайта жасап, құрастырып, белгілі бір нәтижеге жетуге құмар. Сонда ғана оның табиғи сұранысы өтеледі, ми клеткалары ашылып, моторикалары жақсы қалыптасады, содан шығармашылық ләззат алып, сатылап ақыл-ойы өсіп отырады.

Сондықтан да сәбилерге білім беруде педагогтар ойын формасының аса тиімді екендігін астын сызып айтып келеді. Ол халық педагогикасында да өте кең және тиімді пайдаланылады. Мәселен, қазақтың дәстүрлі тәрбиесінде  математиканың өзін тамаша тіл мен романтикаға толы логикалық есептермен түсіндіру кең тараған. Сол сияқты қазіргі мектепке дейінгі тәрбиеде балаларды ойын арқылы оқыту мәселесі өте кең қолдау табуда. Оның ең басты мақсаты білім беруді қалайда бүлдіршінге қызықты ету, сол арқылы оның құлшынысын оятып, білімді өз еркімен игеруге қолайлы жағдай туғызу. Кез келген пәнді балаларға ойын арқылы қызықты етіп, олардың құлшынысын оята отырып жеңіл меңгертуге болады.

Жеткіншек өзі құмартқан құпиясының ­сырына толық қанықпай тоқтамайды. Ол дүниенің бір сырын ашса, екіншісіне қызыға аяқ басады. Бүлдіршіннің әрбір жеткен нәтижесі оны еңбектің рахатына бөлейді, ал өз еңбегімен жеткен әрбір нәтиже рахаты жаңа ұмтылысқа ұласады. Әрине, жас баланың бірден жақсы нәтижеге жете қоймайтыны белгілі. Бұл орайда, ересектерге үлкен шыдамдылық керек. «Әкелші өзім істей салайын» деп баланың қолынан істі жұлып алуға немесе «сенен ештеңе шықпайды, ойыныңды ойнай бер» деп меселін қайтаруға да болмайды. Бұл жерде баламен бала болып бірге араласып кеткеннен артығы жоқ. Оның түсінбей жатқан жерін түсіндіріп, жетпей жатқан тұсын толықтырып, дәл бір оның әріптесі ретінде тең дәрежеде қарым-қатынас жасасаңыз, ол да өзін еркін сезініп, қателіктерін тез түзетіп, масаттана жұмыс жасайды. Қажет болса, әр нәрсені әлденеше рет қайталап жасаған артық болмайды. Баланың қайталағанды жаны сүйеді, әрбір қайталаған сайын ол өзінің жетістігіне   масаттанып, өзіне деген сенімі нығая түседі. Жеткіншектің әрбір жетістігін мақтап, мадақтап отырған дұрыс. Ол оны қанаттандырады, жаңа дағдыны игеруге жігерлендіреді.

Бұл орайда, ата-аналар: «Балалар дұрыс істемесе, оны қалай мақтаймыз? Сонда кемшілігін айтпау керек пе?» деген сауалды көлденең тартары сөзсіз. Әрине, кемшілігін айтпай қоюға болмайды. Бірақ қалай болғанда да сәбидің істеген шаруасының жақсы жағын алдымен атап көрсету қажет. Содан кейін барып оның кемшін тұстарын зілсіз, қамқор көңілмен жіптіктеп жеткізген жөн. Біздің басты мақсатымыз – баланың таза көңіліне, қызығушылығына қылау түсіріп алмау. Баланың әрбір нәтижесіне қол соғып, мадақтап отырса, оның бойындағы құлшыныс еселене өсіп отырады екен, ал ата-анасының даттауы, ұрсып тастауы, бала психикасына зардапты әсер ететін көрінеді. 

Бала табиғатында ерте оянған қызығушылық ­сатылап өсіп, әр жасқа лайық жаңа деңгейге көтеріліп отырады. Оның өзі қарапайымнан басталып, күрделіге қарай сатылап дамиды. Адамның балаң кезінде тамыры тереңдеп, жыл сайын өркен жайған жасампаздыққа, жаңалыққа құмарлық қасиеті ер жеткенде ғылымдағы, өнердегі, жалпы өмірдің барлық саласындағы үлкен табысқа бастайтын баспалдақ болады. 

Төртінші қағида. Бүлдіршіндер бұйрық бергенді ұнатпайды. Мәжбүрлеу сәбидің мінез-құлқына зардабын тигізеді. Олар қызықты шығармашылық тапсырмаларды ғана ықыласпен орындайды.

Біз, әдетте, балаға бұйрық беріп, оларды өз ырқымызға күштеп көндіруге тырысамыз. Бірақ мамандардың айтуынша, бала жаны бұйрықты да, мәжбүрлеуді де ұнатпайды. Бұйрықтың қандайы болмасын баланың іштей қарсылығын туғызатын көрінеді. Әрине, бүлдіршін ата-анасының да, ересектердің де айтқанын орындауы мүмкін. Бірақ ол сәби жүрегінде ынта-ықылас туғызбайды. Ал ықылассыз істеген шаруаның қандайы болмасын оң нәтиже беріп, баланы масаттандырмайды. Сондықтан да балаға бұйрық бергеннен гөрі, одан өтіне сұрап, оның өз ықыласымен тапсырманы орындауға  еркімен кірісуіне қол жеткізген дұрыс. Бұл, әрине, ата-аналар үшін соншалықты маңызды болмауы мүмкін, сондықтан көп жағдайда олар балаларын қаттырақ айтып, мәжбүрлеп көндіруге бейім тұрады. Ал балаға бұл екі тәсіл қарама-қарсы түрде әсер етеді.

Бала психологиясының ерекшелігі сонда, олар бұйырып айтылған, қысыммен жасағанды жаны сүймейді. Сондықтан  жүрегі қаламаған, өзіне қызығушылық туғызбаған шаруаны амалсыздан селқос орындайды.  Мәселен, балаңызға: «Отыр да, мына қағазға сурет салып ойна!» деп бұйырсаңыз, ол оған ықыластана кірісіп кетпейді. Оның ойында мүмкін басқа бірдеңе тұруы мүмкін. Ал сәбиге жылы жүзбен қарап: «Досыңа (інісіне, сіңілісіне т.б.) кешегі салған жақсы суретіңді тағы да салып көрсетші!» десеңіз, ол оған қуана кірісіп кететініне күмәніңіз болмасын.

Мысалы, кәсіпорындарда жұмысқа уақытымен келіп, уақытымен кететін, тапсырманы бұлжытпай орындайтын, бірақ одан артық ештеңе істемейтін «тәртіпке темірдей берік», белгіленген шеңберден шықпайтын адамдар болады. Олар көпшілікпен де емен-жарқын араласпайды. Былайша айтқанда, жаманның да, жақсының да қатарында жоқ, ортаңқол мамандар. Енді бір адамдар уақытпен есептеспейтін, жұмысқа қажет болса, ерте келіп, кеш кететін. Өз ісін жанындай жақсы көретін. Жоспарды асыра орындап, шаруасын шабытпен атқарып, үнемі жаңалықтар енгізіп жарқылдап жүретін жасампаз жандар. Олар – ұжым алдында да, қоғамдық ортада да беделді, барша жұрттың құрметіне бөленгендер. Бұлардың алғашқысы – жастайынан айтқанға көніп, тапсырманы ғана  орындап үйренген, өзіндік бастамасы басылып қалған жандар. Екіншілері еркіндікке үйренген, нені болса да өз ықыласымен, шығармашылық шабытпен жанын сала жасауға дағдыланған  бүлдіршіндер. Сол дағдысын олар есейгенде де жанына азық етеді. Әрине, кез келген кәсіпорын үшін де, қоғам үшін  де екінші топтағы адамдардың бәсі жоғары болатыны белгілі жағдай.

Сәбидің өз еңбегімен қол жеткізген нәтижесіне баға беруге ешқашан тырыспаңыз. Сіз оған сапалы өнім жасап беруге тапсырыс жасаған жоқсыз. Сәби әрекетінде ондай мақсат болмайды. Ол үйрену, дағдылану, тәжірибе жасау үстінде. Мұндай үрдіс кезінде оның қателесуге де, бір әрекетін бірнеше рет қайталап істеуге де толық құқы бар. Сәби үшін бұл – аса күрделі, үлкен қажыр-қайрат пен төзімділікті, сол іске деген ерекше сүйіспеншілікті қажет ететін қастерлі шаруа. Міне, осындай жауапты кезеңде баланың ынтасын, қызығушылығын, ұмтылысын әлсіретіп алмау ең басты мәселе болып табылады. Сондықтан бұлқынған сәби жүрегі бұл үрдісте қолдауға да, қошаметке де аса зәру. Мәселен, бүлдіршін сізге аттың суретін салып әкеліп көрсетсе, оған сіз: «Мынауың атқа ұқсамайды ғой! Одан оңайырақ бірдеңе салмадың ба?» деп мардымсысаңыз, бәрін бүлдіргеніңіз. Өйткені бала көзімен қарағанда оның суреті – ең тамаша ат. Өзінше ол үлкен жетістікке жетіп тұр. Ол сол қуанышын сізбен бөліскісі келген. Ал сіз өте қатал сыншы болып шықтыңыз. Бұдан әрі ол аттың суретін де салмайды, сізге ештеңе көрсетпейтін де болады. Есесіне сіз: «Ой мына атың жақсы екен, енді мұны бояп, осындай тағы бірер ат салып қойшы» десеңіз, ол ісін әрі қарай құлшына жалғастырып кетер еді. Оның келесі суреттерінің алдыңғысынан әлдеқайда әдемі болары сөзсіз.

Бұл жерде мәселе, аттың суретінің қалай салынғандығында емес, баланың өзі бастаған ісін аяғына дейін шығара білуінде. Сондықтан қандай жағдайда да сәбидің атқарған шаруасының сапасына баға бермеңіз, сіздің мақсатыңыз баланың қызығушылығын қолдап, оның төзімділігі мен күш-жігеріне қошамет көрсету. Ол қошаметті сіз дәлелді, шынайы көңілмен айтуыңыз ­керек. Бала жүрегі сіздің жалған айтып, өтірік мақтап тұрғаныңызды сезеді. Әрине, балаға ұрсып, жекіргеннен көрі мақтаған әлдеқайда ­пайдалы. Бірақ әр нәрсенің  мөлшері, реті болатыны сияқты, мақтауды да ретін тауып, шындыққа сүйеп, мөлшерімен айтқан орынды болады. 

Бесінші қағида. Әлденеге деген зәрулік бүлдіршінді ізденіске жетелейді. Оған жету жолының күрделі, қызық болғанын ұнатады. Қалағанын тез тауып берсеңіз, оны еңбек ләззатынан айырғаныңыз.

Зәрулік – адамды үнемі ізденіске жетелеп, алға сүйреп отыратын ғаламат күш. Баланың кез келген дүниеге деген қызығушылығын туғызу үшін оның сол нәрсеге деген зәрулігі болу керек. Егер баланың қарны тоқ болатын болса, оның алдына қандай тамаша тағам қойсаңыз да татып алмайды ғой.

Сол сияқты баланың еңбектеуге деген ұмтылысы қай кезде пайда болады? Оның айналасындағы заттарды, ойыншығын өз бетімен қолына алуға деген талпынысы нәтижесінде туындайды. Ол оған алдымен қолын созады, содан соң аяғын іске қосады, бірте-бірте бауырын көтеріп еңбектей бастайды. Сәбидің тілінің шығуы да осындай қажеттіліктен басталады. Ол алдымен анасына, әкесіне, бауырларына дыбыстап өз эмоциясын білдіреді. Одан әрі «мә», «ал», «бер» деген сияқты бір буынды сөздерді айтып, өз қалауын түсіндіруге тырысады.

Бала бойындағы зәруліктен туатын ұмтылыс күн-күн сайын түрленіп, өсіп отырады. Мәселен, бөбектің алғашқы айларында оған қандай ойыншық берсеңіз де аузына апаратынын білесіз. Яғни бұл уақытта оның ойыншықпен ойнауға деген зәрулігі жоқ. Ал бір жасқа таяғанда ол шарды немесе допты лақтырып, құрастырмалы, алмалы-салмалы ойыншықтармен ойнайтын дәрежеге жетеді. Бұл уақытта бала дәл осындай ойыншықтарға зәру болады және олармен қызыға ойнайды.

Біраз өскен соң сәбидің зәрулігі одан көрі күрделі дүниелерге ауады. Бұл кезеңде балаға өздері құрастырып, түрлендіріп, әр қилы формалар жасайтындай шығармашылық қиялына ерік беретін, баланың икеміне келетін қарапайым ойыншықтарға зәрулік оянады. Енді бүлдіршін бәрін өзі жасап, нәтижесін көзімен көргісі келеді. Оның аз да болса жетістігі оған үлкен шығар­машылық шабыт туғызып еңбек ләззатын сыйлайды. Міне, бала дамуы үшін ең қажетті осындай рахатқа кенелту уыз тәрбиенің басты мақсаты.

Қазіргі кезеңде не көп, ойыншық көп. Дүкендер мен сауда үйлері де алуан түрлі ойыншықтарға сықасып тұр. Нәресте дүниеге келмей жатып, оған небір көздің жауын алатын ойыншықтар сатып алып қоятын болдық. Бірақ осының қаншалықты пайдасы бар? Мамандардың пайымдауынша, олардың пайдасынан гөрі зияны көп сияқты.

Өзіңіз байқап көріңізші, бүлдіршіннің маңайын ойыншыққа толтырып қойдыңыз дейік. Ол соның қаншасымен ойнап үлгіреді? Ешқайсысымен де! Өйткені сәби жүрегінде дәл қазір ол ойыншықтарға деген зәрулік жоқ. Оларды  алғашқыда қызықтап тамашалаған болады, біраздан соң бәрінен жалғады да, басқасын сұрайды. Өкінішке қарай, ата-аналар еркетайының ол қалауын да орындауы мүмкін. Ойыншықтар одан сайын көбейеді. Өстіп осылай жалғаса береді... Одан әрі ата-ана баласына емес, баласы олардың өздеріне үстемдік орнатады. Енді сатып әперетін дүние күн сайын көбейеді...

Баланың айтқанының барлығын орындау оны өзімшіл «ханзадаға» айналдырады. Ол алдына мақсат қойып, өзінше бірдеме істеуден, ойланудан қалады. Ең қиыны, ол бірдеңені армандап, оған еңбекпен қол жеткізудің ләззатына бөлену рахатынан құр қалады.

Ал егер балада әлденеге деген зәрулік болатын болса, соған өз бетімен қол жеткізуге деген әрекет туындайды. Сол әрекеті арқылы ол болымсыз жетістікке қол жеткізсе, шексіз қуанышқа бөленеді. Әлдеқандай ойыншықты алып-салып, соған рахаттана қолын шапақтап мәз болып отырған сәбиді көз алдыңызға елестетіңізші! Осы әрекеттің өзі ол үшін үлкен еңбек, теңдессіз жетістік. Енді бұл оның келесі қуанышқа деген құлшынысын оятады. Даму дегеніміздің өзі, міне, осы.

Сәби мақсатқа қол жеткізудегі еңбектің, оның рахатының қандай болатынын  өз тәжірибесі арқылы басынан өткеруі керек. Мұндай өз күшімен жеткен жеңістің дәмін татпаған бала үнемі ата-аналарының немесе басқа біреудің қамқорлығына тәуелді күй кешеді.  Ол өзінің де, өзгенің де еңбегінің бағасын бағамдай алмайды. Үнемі дайын дүниеге үйренген адам ешқашанда өзіне не қажет екендігін түсіне алмай өтеді. Сондықтан оған бәрі аз, тойымсыз, сол үшін ол мәңгі бақытсыз. Сондықтан да уыз тәрбиенің мақсаты баланы үнемі ізденіске жетелеп отыратын зәрулік жағдайында ұстай отырып, ойын кезінде болсын, жаңа жетістікке ұмтылдырып отыру.

Мәселен, үш жасқа дейінгі әлем балаларының барлығы да кубиктермен қызыға ойнайды екен. Өйткені ол ең алдымен, бала қолайына оңтайлы. Оны түрлендіріп әртүрлі мақсатқа пайдалануға болады. Алғашқыда сәбилер одан үй құрастырады, одан соң оның сыртына салынған суреттерді құрастыруға болады. Егер олардың қабырғасында сандар мен әріптер жапсырылса, олармен есеп шығаруға немесе сөздер құрастыруға болады. Міне, бүлдіршіндерге керегі осындай түрлендіріп қолдануға ыңғайлы, құрастырмалы ойыншықтар. Мұндай ойыншықтар жеткіншектің қандай зәрулігі болса да өтейді. Оның қиялына кең еркіндік, ойындағысын жасауға мүмкіндік береді.

Ойыншық – баланы алдандырып, оның уақытын өткізетін ермегі ғана емес, ол әуел бастан бала өмірінде танымдық, білімдік қызмет атқарады. Бала ойыншығын түрлендіре отырып, онымен әрқилы тәжірибелер жасайды. Сондықтан оған бұлжымастай етіп қатырып қойған, түрлендіруге келмейтін ойыншықтар ұнамайды. Көп жағдайда балалар ондай ойыншықты сындырып, бөлшектеп қайта құрастыруға тырысып бағады. Бұл да бала табиғатының білуге, көруге, құпиясын ашуға, біліп барып өзінше қайта жасауға деген құлшынысының бір қыры. Ондай құмарлық ересек балаларда да болады. Мысалы, өткен ғасырдың екінші жартысында дүниеге келген біздің ұрпақтың өкілдері бала кездерінде радионың ішіндегі сөйлеп тұрған кім екен деп, оның ішін ашып көргендерін қазір аңыз қылып айтады. Әдетте ата-аналар мұндайға тиым салып, сәбилерін кінәлап, тіпті, кейде жазалап та жатады. Педагогикалық тұрғыдан ол дұрыс емес. «Көрсем екен, білсем екен» демектік адам баласының бойындағы ең тамаша зәрулік қасиеттерінің бірі. Сондықтан оның бала бойында барынша бүр жаруына жағдай жасау қажет.

Ойын – баланың тұнып жатқан тылсым табиғатын ашатын теңдессіз құрал. Балалар үшін ойын ережелері бұлжымайтын заң емес, оны олар өз қалауларына қарап өзгертіп отырады. Әсіресе сәбилер үшін ойын ережелері жоққа тән, олар ойыншықты да өздері қалауына қарай таңдап жасап алып ойнай береді. Мәселен, орындықтың арқалығына қарап отырып алып, оны не машина, не кеме етіп ойнап отырған бүлдіршінді жиі көреміз. Қағаздан қайық, самолет жасап ойнау олардың сүйікті ісі. Сол сияқты ойын түрлерін де өздері ойлап тауып, шығармашылықпен дамытып ойнайды. Кейде бұған ата-аналар да араласып, өздерінше ұйымдастырып жатады. Бұл, әрине, дұрыс әрекет. Бірақ балалардың «ішкі шаруасына» тым тереңдеп баруға болмайды. Ондайда сіз балаңыздың шығармашылық еркіндігіне кедергі келтіруіңіз мүмкін.

Кенжехан МАТЫЖАНОВ

 

1628 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы