• Тарих
  • 14 Сәуір, 2022

ЕСТЕН КЕТПЕС ЕКІ КЕЗДЕСУ

(Академик Еділ Ерғожиннің естелігінен)

1961 жыл. С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетінің химия факультетінің деканы профессор Батырбек Ахметұлы Бірімжанов мені Ұлттық Ғылым Академиясының жанындағы Химиялық ғылым институтына, институт директоры академик А.Б.Бектұровқа жолықтырды. Бірақ институт директоры студентті қабылдауға бірден қарсы болды. Ол кісі ­Батырбек Ахметұлының жігерлігі, әкелік қамқорлығы арқасында және химия ғылымының болашағын ойлауы негізінде, бір айдан кейін мені қайтадан А.Б.Бектұровқа алып келді. Бұл жолы институт директоры келісімін беріп, институттың жоғарғы молекулярлық қоспалар бөлімінің алмасу шайырларының ионасы лабораториясына қабылдады.

Бұл бөлімнің ­басшысы дүниежүзіне белгілі ғалым, Қазақстанның мұнай химия, мұнай-химиялық синтез және жоғарғы молекулярлық қосылыстары ғылымдарының негізін қалаушы академик С.Р.Рафиков (кейін Кеңес Одағы Ғылым Академиясының корроспондент мүшесі) еді. Осылай мен 1961 жылы Қазақ ССР Ғылым Академиясының жанындағы химиялық ғылым ­институтында ғылыми зерттеумен айналыса ­бастадым.

1962 жылы маусым айында Қазақ КСР Ғылым Академиясының хи­миялық ғылым институтына, Қазақ КСР Ғылым Академиясының алғашқы президенті, Кеңес Одағының Ғылым Академиясының академигі Қ.И.Сәт­баев келді. Келу себебі – институттың ғылыми-зерттеу жұмыстарымен кеңірек танысу. Оны институт директоры академик А.Б.Бектұров, академиктер С.Р.Рафиков, Д.В.Сокольскй, М.И.Горяевтер ертіп жүрді. Олар өзара пікір алмасып отырғанда тартылыс кезіндегі синтез тәжірбиесін жасау үшін мембрана қойып жатқан болатынмын. Қаныш Имантайұлы қайта-қайта мен жаққа қарап көз сала берді. Мен бұл лабораторияда жергілікті ұлттың жалғыз ғана өкілі едім. Қазақ КСР Ғылым Акаде­мия­сының президенті Қаныш Иман­тайұлы талқылау біткен соң жаныма келіп, амандасты да, былай деді:

«Мен бағанадан қарап тұрмын, арпа ішінде бір бидай екенсің ғой» деп, атымды, оқу орнымды сұрады. Атым Еділ, университеттің химия факультетінің 4 курс студенті екенімді айттым.

Президент күлімсіреп қарап тұрды да, «Сен Баташтың студенті екенсің ғой» деді. Баташ бұл біздің декан Батырбек Ахметұлы. Сыйлайтын адамдар оны атайтын.

Даңқты ғалым, геолог, Қазақ КСР Ғылым Академиясының алғашқы президенті, академик Қаныш Иман­тайұлы Сәтбаевпен өмірімдегі бірінші кездесуім осылай аяқталды. Кетерінде мақсатыма жетуіме тілек тіледі, ғы­лым жолында табандылық, талмай еңбектену осының қажеттілігін баса айтты, «сонда ғана өз дегеніңе жетесің», – деді. Ұлы ғалымның бұл сөздері менің ғылыми жолымның бағыт -бағдары болды және әрбір сәтте де есімнен шығармадым.

Қаныш Имантайұлы Сәтбаевпен екінші кездесуім 1963 жылы 22 қыр­күйекте Ғылым Академиясының химиялық ғылымдар институтының ас­пирантурасына түскен кезімде болды. Ол кезде дәстүр бойынша, ас­пи­рантураға түскендерге Ғылым Академиясының Президенті ка­бинетінде аспирант куәлігін өз қолымен тапсыратын. Ол өте құрметті және зор жауапкершілікті жүктейтін. Қаныш Имантайұлы куәлікті тапсырған кезде мені есіне түсірді. Күлімсіреп, бо­ла­шағыма табыс тілеп, қолымды қатты қысты. Өкінішке орай бұл ұлы ға­лыммен ақырғы кездесуім еді. 1964 жылы қаңтардың аяғында ұлы тұлғадан мәңгілікке айрылып қалдық.

Кейін Білім және ғылым виц министрі қызметінде, А.Б.Бектұров атындағы химия ғылымдары инс­титутының директоры болдым. 1999 жылы Қаныш Сәтбаевтың 100 жылдығына арналған халықаралық ғылыми конференцияда трибунада сөз сөйледім. Сол кезде даңқты Қаныш Сәтпаевпен естен кетпес осы екі кездесу туралы айттым.Менің сол естелігімді залда ақын Кәкімбек Салықов елмен бірге тыңдап отырған екен. Үзіліс кезінде Кәкімбек Салықов маған келіп бір қағаз берді, сол залда жазылған өлең жолдары екен. «Қаныш – аға сенімі» (Еділ Ерғожинге). Кейін ол менің «Жа­нымның жақсы көрген адамдары» атты кітабымда жарияланды.

Б.АСЕНКАНОВ,

тарихшы

1584 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы