- Руханият
- 12 Мамыр, 2022
ҚАЙСАРЛЫҚҚА ТОЛЫ ҒҰМЫР немесе бір газеттің тігіндісі бізге қалай жеткені қақында
Бүгінде біреу біліп, біреу білмейді, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде, дәл майданда қаншама қазақша газеттер шыққан. Алайда Қазақстанда сол сұрапыл соғыстың көзіндей толық тігіндісі сақталған жалғыз «Отанды қорғауда» газеті. Газет 1942–1945 жылдары Ленинградта (қазіргі Санкт-Петербург) шығып тұрған. Демек, газеттің шыққанына биыл 80 жыл.
Жақында осы оқиғаға орай Алматыдағы Тұран университетінде дөңгелек үстел өтті. Майдан газеттерінің зерттелуіне хал-қадерінше үлес қосып келе жатқан Тұран университетінің ректоры Рахман Алшанов сөйлеген сөзінде, қаңтар оқиғасын еске салды. Жиынға аталған университетте дәріс алып жүрген болашақ журналист студенттер қатысты. Ректор жастарға патриоттық тәрбие беру мәселесін көтерді. «Қаңтардың қаралы күндерінде Ұжымдық қауіпсіздік ұйымының әскерін шақыруға мәжбүр болдық. Шын мәнінде, Алматыға жақын жерде Қапшағайда, Отарда, Сарыөзекте қаншама әскеріміз тұрғаны мәлім. Яғни ішкі мүмкіндігімізді пайдалана алмадық. Мұның өзі жастарға патриоттық тәрбие беру ісін жетілдірудің қажеттігін көрсетеді», – деді. Сондай-ақ Рахман Алшанұлы, «Отанды қорғауда» газетін парақтағанда мыңдаған қазақтың есімі аталатынын, қазақтар Ленинград майданында саны жағынан үшінші орында болғанын әрі танкист, пулеметші дейсіз бе, соғыста да барлық мамандықты меңгергенін байқағанын айтты.
ТАБЫЛУЫ ҚИЫН ГАЗЕТТЕР
Оқ пен оттың ортасында, яғни майданда жарық көрген басылымдардың жалпы саны үш жүздей делінеді. Олар: «Қызыл әскер ақиқаты», «Суворовшы», «Отан үшін», «Отанды қорғауда», «Дабыл», «Жауды жоюға», «Жауға қарсы аттан», «Отан күзетінде» деген секілді атаулармен жарық көрген. Бәлкім республикалық басылымдардан өзге Қазақстандағы 13 облыс пен 98 ауданда шығып тұрған газеттер әлгі үш жүзге қосылып есептелген болуы да мүмкін.
Алайда майдан шебінде жарық көрген соншама көп газеттен бізге бүтін жеткені некен-саяқ. Осы саладағы зерттеуші ғалым, академик Сағымбай Қозыбаевтың айтуынша, майдан газеттерін зерттеуге Ресей мұрағаттары рұқсат бермейді. Немесе олардан да таба қою оңай емес. Ал Қазақстан архивтерінде сақталмаған. Тек майдангер ақын Әбу Сәрсенбаевтың әулетінде тігінділер бар екен. Бірақ ол кісінің ұрпақтары ғалымдардың қолына бере қоймапты. Әрине, әр жердегі бүгінде көбі о дүниелік болған соғыс ардагерлерінің жеке архивтерінен қиындылар ұшырасуы мүмкін. Өйткені араға 80 жыл уақыт түсіп кеткендіктен ескіретіндей болды әрі көбі сапасыз қағазға басылған.
ӘРІПТІҢ ОРНЫ ЖӘНЕ ҰЛТШЫЛДЫҚ
Аталған газеттің бізге толық жетуі академик Түймебай Әшімбаевтың есімімен тікелей байланысты. Арыдан бастасақ, Түймебай Әшімбайұлы 1918 жылы Жамбыл облысы Шу ауданында дүниеге келген. 1938 жылы Қырғызстандағы Фрунзе қаржы-экономика техникумын үздік бағамен тәмамдаған. Техникумды үздік бітірген жиырмадағы жас жігіт, Ленинградтағы педагогикалық қаржы-экономикалық институтқа емтихансыз түскен. Институттың үшінші курсында (1941 жылы) майданға аттанған. Ең қызығы, «На страже Родины» атты орысша басылымның қосымшасы ретінде, толық үш жыл, 319 саны жарияланған газетті журналист мамандығы жоқ Түймебай Әшімбаев сынды студенттер, педагогтар,экономистер тағы басқа мамандық иелері шығарған. Т.Әшімбаевтан өзге Бейсен Жұмағалиев, Ақмұқан Сыздықбековтер де аталған газетте бастан-аяқ қызмет еткен.
Түймебай Әшімбаев жауапты хатшы, орынбасар, кейде редактор болып та қол қойған. Алайда соғыс аяқталған 1945 жылы аяқ астынан тағдырдың тауқыметіне тап болады. Газетке шыққан Андрей Андреевич Андреев деген халық комиссарының есімінен қате кетеді. Андрей Аднрей болып екі қаріптің орны ауысып басылса керек. Сол үшін серіктерімен бірге қамауға алынады. Бірақ бұл тұтқындау жай сылтау ғана екен. Енді оларға ұлтшылдық жаласы жабылады. Қоршауда қалып зорға азат етілген Ленинградтағы қазақтардың ерлігі жайлы патриотизмге толы материалдар қазақтарды орынсыз дәріптеген ұлтшылдық болып бағаланады. Саққұлақтарға «басқа республикаларды өз ұлтының өкілдері басқарады, Қазақстанда неге олай емес» деген әншейін сөз арасында айтыла салған әңгіме де жетіпті. Ол зобалаң Түймебай Әшімбаев үшін аттай алты жылға жалғасады. Қамаудан босап, 1951 жылы Алматыға келеді. Қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды сырттай оқып, 1958 жылдан бастап Экономика институтында қызмет еткен. 1973 жылдан 1995 жылға, яғни өмірінің соңына дейін сол институтты басқарған. Экономика саласындағы Қазақстанның бетке ұстар ғалымы атанып, академик дәрежесіне көтерілген. Дәлірегі, ол кісінің жай ғана өмірбаянының өзі ғибратқа, қайсарлыққа толы.
АЛЕКСАНДРАНЫҢ ЕРЛІГІ
«Отанды қорғауда» газетінің тігіндісі де бізге Түймебай Әшімбаевтың тағдыры секілді қиын-қыстау жолмен жеткен. Түймебай Әшімбайұлы 1943 жылы Александра Константиновна Голубева есімді орыс қызға үйленген, 1944 жылы қызы Наталья дүниеге келеді. Бірақ А.Голубеваға күйеуі істі болғандықтан өмір сүру оңай болмайды, дегенмен қызын өзінің әкесінің атымен қалдырады. Александра Константиновнаның бір ерлігі – «Отанды қорғауда» газетінің тігіндісін сақтағаны. Одан ол істі қызы Наталья Түймебайқызы Әшімбаева жалғастырған. Қуғын-сүргіннен құтылғасын Түймебай Әшімбаев Рашида Ахметова есімді әйелге үйленгенін де айта кеткен абзал.
Дөңгелек үстелді ұйымдастырып жүргізген Тұран университеті Журналистика, аударма ісі кафедрасының доценті Гүлжан Төлекова, аталған газеттің ішіндегі жаныңды егілтетін әңгімелерді, хаттарды студенттерге жинақтатып, кітапша қылып шығарыпты. Сондай-ақ бір студенті газетте жарияланған әзіл-сықақтар мен карикатураларды зерттей бастаса, біреуісі кезінде газетке шыққан әзербайжандық Гасан Меликов атты азаматтың немересін тауыпты. Немересі дөңгелек үстелге Әзербайжаннан онлайн қосылып, алғысын айтты.
Әрине, Екінші дүниежүзілік соғыста да жат жерлерде қаншама аталарымыздың, апаларымыздың қаны төгілді. Ол жылдар да біздің үлкен тарихымыздың бір бөлігі. Сол оқ пен оттың ортасында қазақша шыққан газеттер де тарихымыздың айғағы. Демек, оны зерттеу де маңызды.
Дағжан Белдеубай
1128 рет
көрсетілді0
пікір