• Руханият
  • 12 Мамыр, 2022

БАЙЛЫҚТАН АРТЫҚ ДОСТЫҚ БАР, ДОСТЫҚТАН АРТЫҚ БАЙЛЫҚ ЖОҚ

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
«Ana tili»

– «Атамекенімізден келіп отырған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мырза мен оның құрметті делегациясының келгеніне аса қуаныштымыз». Бұл Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның жүрекжарды пікірі. Иә, бұл сөздің астарында «түркі жұрты түгел бол» деген бауырластық сезім мен қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтерудегі үлкен стратегиялық қадам жатқанын толық аңғаруға болады. Шын мәнінде, түрік жұрты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркия Республикасына мемлекеттік сапарына зор мән бергенін айқын аңғаруға болады. 
Қазақ президентінің сапары  Түркияның негізін қалаушы әрі тұңғыш Президенті Мұстафа ­Кемал Ататүріктің рухына тағзым етуден басталды. 

Сапар аясында Мемлекет басшысы Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.Одан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайып Ердоған екі ел арасындағы қарым-қатынастарды «кеңейтілген стратегиялық серіктестік» деңгейіне көтеру туралы шешім қабылдады. Түркия Президентінің резиденциясында ресми делегация мүшелерінің қаты­суымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Президент Режеп Тайып Ердоған келіссөз өткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев түрік елінде көрсетілген құрмет пен қонақжайлығы үшін Режеп ­Тайып Ердоғанға ризашылығын білдірді. Сонымен қатар Президент ­бауырлас түрік жеріне аяқ басқанда әрдайым өз үйімізге келгендей сезінетіндігімізді айта келіп,  «Қазақстан – атажұрт, Анадолы – екінші Отанымыз» деп атап көрсетті.

– Бүгінде Түркия саяси, әлеу­меттік-экономикалық және мәдени-гуманитарлық дамуда орасан табыстарға қол жеткізді. Өңірлік және жаһандық маңызы зор мәселелерді шешудегі бел­сен­ділігі мен табандылығы арқылы әлемдік сахнада лайықты орынға ие болды. Осы тұста, қадірлі ­Режеп мырза, қуатты Түркия елінің арманын арқалаған саясаткер ретінде еңбегіңіздің әрдайым жемісті болуына тілектеспін. Түркия – Қазақстанның Еуразия құрлығындағы ең маңызды әрі сенімді серіктестерінің бірі. Елдеріміз арасындағы ортақ ­тарих пен рухани мұраға негізделген қарым-қатынастарымыз бүгінде өрістеп, стратегиялық серіктестік деңгейінде ілгерілеп келеді. Қазақ халқының «Байлықтан артық достық бар, достықтан артық байлық жоқ» деген ұлағатты сөздері Сіздің шынайы досымыз, тілектес бауырымыз екеніңізді айшықтайды, – деді Мемлекет басшысы.

Рас қазіргі уақытта екі ел ара­сындағы ынтымақтастық дамып келеді. Түркия Қазақстанның жетекші сауда серіктестерінің біріне айналды. Түрік халқына бауырластық сезім артты.  Түркия – Қазақстанның негізгі 5 сауда серіктесінің бірі. Алыс-беріс те күшейді. Мысалы, сауда айналымы 2021 жылы 5 миллиард долларға жетті. Келіссөз барысында осы қарқынды азайтпай, сауда-саттықты 10 миллиард долларға жеткізу көзделді. Бұдан бөлек, Түркия Қазақстанның ең ірі 10 инвесторының қатарында. Экономикамызға бүгінгі күнге дейін  4 миллиард доллардан астам инвестиция құйылды. Қазақстанның Түркияға салған капиталы 1 ­миллиард доллардан асты. Соңғы екі жылда Қазақстанда 16 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Қазір 10 жаңа жоба пысықталып жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда жасыл экономика, IT-технология, ғарыш, өндіріс сияқты салаларға тыңнан түрен салу керектігін  айтты. Түрік инвесторларын осы салаларды игеруге шақырды.

Түркия Президенті екі ел арасын­дағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеруге әзір екенін атап өтіп, Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларды қолдайтынын айтты.

– Түркия мен Қазақстан – ортақ тарих, тіл, дін және мәдени құндылықтардан қуат алған әрі мықты байланыс орнатқан бауырлас мемлекеттер. Біз Түркия елі Қа­зақ­станның тұрақтылығы мен тыныш­тығына ерекше көңіл бөлеміз. Сіздің Жаңа Қазақстанды құру жолындағы күш-жігеріңіз бен табандылығыңызды құрметтеймін және реформаларыңызды қолдаймын, – деді Режеп Тайып Ердоған.

Келіссөз қорытындысы ­бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп ­Тайып Ердоған кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы бірлескен мәлімдеме жасады. Сонымен бірге мемлекеттер бас­шыларының қатысуымен ресми делегациялардың мүшелері әр сала бойынша 14 құжатқа қол қойды.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайып Ердоған БАҚ өкілдеріне брифинг өткізді.

 Мемлекет басшысы ең алдымен өзін қасиетті Анадолы жеріне мемлекеттік ­сапармен келуге шақырғаны үшін Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанға  зор ризашылығын білдірді.

– Қазақстан Түркиядан ешқашан да, ешқандай да зиян шекпеген ел. Әлі де солай жалғасып келеді. Қазақстан мен Түркия – тамырлас, бауырлас, достас мемлекеттер. Қазақстан мен Түркия арасында дипломатиялық қатынас орнағанына биыл 30 жыл толды. Осы кезеңде біздің ынтымақтастығымыз нығайып, стратегиялық серіктестікке айналды. Ауқымды шарттық-құқықтық негіз қалыптасты. Былтыр Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі толыққанды ұйым болып қайта құрылды. Бұл – бәрімізге ортақ жетістік. Біз осы ұйымның аясындағы жұмысты жалғастыра беруге мүдделіміз. Сонымен қатар білім және мәдениет саласындағы байланысты одан әрі дамытамыз деп келістік. Бұл ұйым Қазақстан үшін аса маңызды, сондықтан біз оны үнемі қолдаймыз. Жалпы Қазақстан мен Түркияның жан-жақты қарым-қатынасын нығайтуға мол мүмкіндік бар. Бүгінгі маңызды уағдаластықтар – соның айқын көрінісі, – деді Мемлекет басшысы.

Президент осы байланысты одан әрі нығайту үшін Қазақстанда жоғары деңгейде екіжақты кездесу өткізу аса маңызды деп атап, Түркия Президенті, Режеп ­Тайып Ердоғанды елімізге сапармен келуге шақырғанын жеткізді. Сол кезде Нұр-Сұлтан қаласында Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің төртінші отырысы өткізілмек.

Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған екі ел арасындағы ынтымақ­тас­тықты одан әлі ілгерілетуге дайын екенін атап өтті.

– Қазақ бауырларымыздың тұрақты­лығы мен тыныштығына аса мүдделі екені­мізді және сауда-экономикалық, мәдениет, қауіпсіздік салаларында бірге болатынымызды айтқым келеді. Біз екіжақты және көпжақты қатынас­тарымызды нығайта береміз деп келістік. БҰҰ, Ислам ынтымақтастық ұйымдарындағы бірлігімізді арттырамыз. Атамекенімізден келіп отырған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мырза мен оның құрметті делегациясының келгеніне аса қуаныштымыз, – деді Түркия Президенті.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Республикасының Президенті Режеп ­Тайып Ердоғанға және барша түрік халқына қазақстандық делегацияға көрсетілген қонақжайлығы мен ыстық ықыласы үшін алғысын білдірді және Түркия Президентін 2022 жылғы 12-13 қазанда Нұр-Сұлтан қаласында өткізу жоспарланған АӨСШК Саммитіне шақырды. АӨСШК саммиті аясында Жоғары деңгейлі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің 4-отырысын Нұр-Сұлтан қаласында өткізуге келісті.

Шын мәнінде, екі ел арасындағы қарым-қатынас «кеңейтілген стратегиялық серіктестік» деңгейіне көтерілді. Президенттер ресми шаралардан соң үстел теннисін ойнады. Мұның өзі екі ел арасындағы сенім мен бауырластықтың жарқын көрінісіндей болды.

895 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы