• Мәдениет
  • 02 Маусым, 2022

2022 ЖЫЛ – БАЛАЛАР ЖЫЛЫ .ҚОРАЗДАН ҚОРЫҚҚАН ҚОБЫЛАНДЫ

Сәбит  Дүйсенбиев
 

ҚОРАЗДАН  ҚОРЫҚҚАН ҚОБЫЛАНДЫ

Қобыланды ылғи да батырсынып, үйдегі қыздарға қырғидай тиіп жүретін...
Бірде әжесі Қобыландыны ертіп талайдан бері ат ізін салмаған төркініне қыдырып барды. Ауылдың үлкендері әжесімен сағынысып көрісіп, мәре-сәре болып қалды. Сәлден кейін олар қыз-қыз қайнаған сары самауырды ортаға алып, қызу әңгімеге кірісіп кетті. Іші пысқан Қобыланды айналаны тамашалап қайтайын деп сыртқа шықты. Кең аулада бір топ тауық жайылып жүр екен. Тауыққа көзі түсісімен, ол қашанғы ұрыншақтық әдетіне салып, бір таяқты ұстай сала оларды тым-тырақай қуды. Сол сәтте «тып-тыныш жайылып жүрген құстарда не жұмысың бар?» дегендей бір қораз бұған анадайдан оқшырайып қарады. Айдары бір жағына қисайып, шүңірек көздері өңменіңнен өтеді. Қобыланды сескенейін деді. Ал қораз бұның қорыққанын сезгендей батылдана түсіп, ілгері бес-алты қадам басты. Енді Қобыланды шын сасып, артына жалтақ-жалтақ қарап, асыға жүріп еді, қораз да дедектеп жақын келіп қалды.Шоқып алар деп зәресі ұшқан ол жүгіре жөнелді. Қораздың да күткені осы екен, қуып берді. Қобыланды ауланы шыр айналып қашты. Қораз да соңынан бір елі қалар емес. Осылайша, олар ауланы екі-үш мәрте айналды. Ақыры құтыла алмасын білген ол, елден араша сұрап, айналаны басына көтеріп, бар даусымен шыңғырды.
Айқайды естіп үйдегілер үдеріп далаға шықты. Сонда олар не көрді дейсіз ғой? Үп-үлкен боп сорайып Қобыланды жанұшырып қашып жүр. Ал кіп-кішкентай боп ақ қораз соңынан қуып барады. Оны көрген ауылдың балалары: «Қонақ бала Қобыланды деген атына сай емес екен-ау. Қораздан сонша қорыққаны несі?» – деп күліп тұрды. 

 

АСЫҚ ЗАУЫТ

 

Алыстан сыйлы қонақ келді. Үй іші мәре-сәре боп қуанып қалды. Нағашысының дәу сөмкесі базар­лыққа сықиып толыпты. Ішінен Сыр бойының маржандай ақ күріші, ақталған тарысы, шаш сияқты өрілген қауынқағы, таңсық қауынқұрты бірінен кейін бірі шығып жатыр. Бір уақытта: «Мынаны әжең беріп жіберіп еді», – деп қос уыс асық ұсынсын. Ермек тұрған орнында секіріп-секіріп кетсін. Мұндай қуанбас! Нағашы әжесі бұның асығының азайып жүргенін қайдан білген десейші!

Қонаққа арнап қой сойылды. Шешесі қазанға асықты жілік те салған екен. Оның да асығы Ермекке бұйырды.

Ермек демалыс күнді асыға ­тосты. Сол күні ерте тұрып, сақасын біз­бен тесіп, қорғасын ерітіп құйды. Салмақты сақа болды. Балалар көрсе қалай таңданар екен? Үштабан ойнағанда тиімді болсын деп әкесінің үлкен етігін киіп алды. Дайындығы жаман емес. Бүгін ұтуы тиіс.

Бірақ ойынға барған сәтте Абзалдың қолындағы арқардың асығын көріп көңілі су сепкендей басылды. Сақа деп соны айт! Ірі, көз тартады. Және мерген Абзал «міне, көрдіңдер ме» дегендей сақасын оң қолымен салмақтап қойып, шиырып тұрып атқан кезде тізіліп тұрған кенайлардың екі-үшеуін қатар ұшырып жібереді. Ұтысы жаман емес сияқты, сәске түс болмай жатып қалтасы томпайып қалыпты. Бұл қалпымен балалардың бәрінің асығын сыпырып алатын түрі бар.

Ұтам деп барған Ермек көп ұзамай-ақ ұтылып, ойыннан шығып қалды. Сымпиып, сақасын сипап қана қалды. Содан кейін күні бойы басқалардың ойынын тамашалаумен болды. Күн суық еді. Қимылдамағаннан кейін ­жаурап, дірдек қақты. Сонда да ойынды қимай, сол арада жүрді де қойды. Қас қарайғанда ғана әкесінің дәу етігін аяғы әрең көтеріп үйге қайтты.

Тамағын көңілсіздеу ішті. Сабағын да шала-шарпы оқып, төсегіне ертерек жатты.

Біразға дейін көзі ілінген жоқ. Бүгінгі сәтсіздікке ызасы келді. Бір бұл емес қой, ылғи ұтылып жүр емес пе? «Шіркін-ай, асық шығаратын зауытым болса ғой. Сонда қанша ұтылсам да асығым таусылмас еді. Бүгінгідей ойыннан тез шығып қалмай, құмарым қанғанша ойнар едім!» деп армандады. Сөйтіп жатып ұйықтап кетіпті.

Түс көрді.  Түсінде асық шығаратын зауыт ашқан екен дейді. Асық дегенің тау болып үйіліп жатыр. Бұл уыс-уыс қып балаларға үлестіруде.

Түстің әсері ме екен, таңертең көңілді оянды.

 

ҚАРЛЫҒАШТЫҢ ҰЯСЫ

Кәдуілгі балшықтан өрілген қарлығаш­тың ұясы.

– Ұяны бұзсақ қайтеді? – деді көрші қыз.

Гүлжамал ойланып та үлгермеді. Ұзын бойлы қыз қолындағы таяқты шірене сілтегенде, тебетей сияқты балшық қақ бөлініп жерге құлады. Сырт көзге ғана үлкен адамның уысындай. Ал ішінде қауым тіршілік, дүйім дүние. Жүн жұрқа, мамық баяу қалқып, ауада көлбей тұрып алды. Көрші қыз ғайып болды. Гүлжамал бесіктен аударылғандай бейберекет күй кешкен балапандарға ұмтылды. Сол ортада екі қарлығаш сарайға енді. Біреуі бөлмеде аялдап, екіншісі ізінше кері ұшып кетті де, көрші үйлерден топ қарлығашты ілестіре жетті. Құстар мұншалықты ұйымшыл болар ма? Қолға түскен қарақшы қызды ортаға алып, қанаттарымен сабалап жүр. «Бейбіт тыныштығымызды бұзған қандай әдепсіз бала едің? Сен де ұлы адамзаттың ұрпағымын дейсің-ау?» деп кінәлап, сөгетіндей. Қызының ойбайлаған даусын естіп, арашаға ұмтылған анасынан шошынып, қарлығаштар бөлмені босатты.

– Әу, қызым, бұның не? – Астан-кестең дүниені байқап, анасының түрі бұзылды.

 – Апа, менің жазығым жоқ. – Екі көзі боталап, шырқырап ақталса да жазасын алды.

– Енді көр де тұр, қарлығаш сенің үйіңе ұя салмайды, – дейді апасы, үш балапанды балшық-тебетейдің жарты сынығына салып жатып.

Апасы ұяны құрастырып, балапандар мысыққа жем болмасын деп, иттің ұясының қасындағы жиюлы отынның үстіне қойды. ­Балапандар сол арадан жетіліп ұшты.

Апасы, осы бір ақылсыз іске араласқаны үшін, бір апта бойы қызын қасына жатқызбады.

Ең өкініштісі, қарлығаштар бұдан кейін, қанша күтсе де, Гүлжамалдың үйіне ұя салмады.

 

ШЫРШАНЫҢ КӨЗ ЖАСЫ

 

Олар ескі үй сатып алды.

 – Мұның орнына келер жазда жаңа үй саламын, – деді әкесі.

Аулада ақ қарға оранып кішкентай шырша өсіп тұр. Құдды бір ақ тон киіп монтиған сәбиден аусайшы. «Құдай-ау, сүйкімдісін қарашы, ертеңгі күні кірпіш тиіп бұтақтары сынып жүрмесін» деп елжіреді Ақбота. Күн ілгері орын ауыстыруды ойластырған жөн-ау. Бірақ, амал жоқ, қардың кеткенін тосасың.

Әкесі ескі үйді жалға беріп қойды.

Ақбота ерте көктемді асыға тосты. Көктем шығысымен, ағасына қоймай өтініш айтып жүріп, бір күні екеуі солай қарай тартты. Аулаға енген сәт өз көзіне өзі сенбеді. Шырша орнында жоқ еді. Сонда оны кім ұрлауы мүмкін?

Көкейіндегі сұраққа жауап іздеп, екеуі үйге қарай жүгірді. Сыртқа шыққан түйедей үлкен қыз, сағызын шайнап тұрып, жайбарақат:

 – Біз оны жаңа жыл мерекесіне пай­да­ландық, – деп сарай жақты иегімен нұсқады. Түбінен кесілген шырша іргеге сүйеулі тұр екен. Кеше ғана көздің жауын алған шырша, қатыгез қолдың кесірінен, жан­сыз күй кешкен. Сұмдық-ай! Өсіп тұрған шыршаны да кесу жауыздықтың бір түрі емес пе? Соны мына қыздың ұқпағаны ма?

Ақботаның үйге құр сүлдері оралды. Кешкі тамағын да ішпей, ертерек жатып қалды.

Түс көрді. Түсінде дәу қыз бастаған қарақшы топ Медеу шатқалындағы шыршаларды жапырып кесіп жатыр. Ал шыршалар зар жылайды. Жасыл желектерінен жас парлайды. Бәрінің даусы қосылған сәтте бүкіл тау күңіренді... Әне, дәу қыздың айбалтасы тағы да жарқ ете түсті. «Доғарыңдар!» Ақбота ұйқысынан шошып оянды. Су терге түсіпті.

 – Не болды, ботам-ау, түс көрдің бе? – деп, апасы бәйек болып жатыр.

 – Түсімде шыршалар жылады, – деді солығын әрең басқан Ақбота.

– Апа, бұдан кейін жаңа жылды жасанды шыршамен-ақ қарсы алайықшы.

 

ҚЫЗЫҚ ЖҰМЫС

 

Мен әсте жалқау емеспін. Бірақ кейде үлкендер қайдағы бір іш пыстыратын жұмыстарды тапсырады да, орындамасаң жалқау деп бостан-бос кінәлайды. Шіркін, жұмыстың бәрі мынандай болса: қар күреп жатқанда аяқ астынан балмұздақ жауса, ал су тасыған кезде кенеттен шүмектен лимонад атқыласа. Міне, керемет деп осыны айт! Мұндай мүмкіндік туса, таң атқаннан күн батқанша ерінбей-жалықпай жұмыс істеуге бармын ғой. Онда жер бетінде жалқау бала қалмас еді. Бәрінің де тәмшіш танауы терлеп-тепшіп, жүзі алаулап жұмыс істеп жүргенін көрер едің.

Сендерге құпиялап айтайын. Мен қызығып істейтін бір жұмыс бар. Ол – сүттің қаймағын айыратын сепаратор машинасының ыдысын жуу. Апам ала сиырды сауып, шелек толы сүтті көтеріп жазғы сенекке кіргеннен бастап менен дегбір кете бастайды. Әлгі сүт тартатын машинаның жанға жайлы ызыңын тыңдап, ­ойынды ұмытып, сол арадан шықпаймын. Қайта-қайта анамның қасына барып: «Жұмысты аяқтап қалдыңыз ба?» – деп, мазасын аламын. «Сонша тағатың таусылып не болды, сүтті құйғаным жаңа ғана емес пе? – дейді ол кісі күліп. – Ойнап келсейші. Сол уақытта дайын болып қалады». Бірақ ойынға кете қоймаймын. Өйткені ыдысты менен бұрын әпкем жуып қоюы мүмкін ғой. Ол бұл істің құпиясын бір біліп алса, «қызық жұмыстан» айырылдым дей бер. Сондықтан да мен ешқайда кетпей, аулада айналсоқтап жүремін де қоямын. Мұндайда уақыт деген өтпейді ғой. Зарықтырып барып апамның «болдым» деген дауысы естіледі.

Жалма-жан машинаның сүт жүретін, әжемнің кимешегінің сәлдесі сияқты дағарадай ыдысын бөлшектеп тастаймын да, ыдысқа жұққан қаймақты сұқ саусағыммен жалаймын келіп. Қаймақтың тәттілігі сондай, саусағымды қоса жұтып қоя жаздаймын. Әбден жалап-жұқтап болған кезде ыдысты жумасаң да болатын дерліктей жарқырап тұрады. Бірақ соған қарамай-ақ сумен бір шайып қоямын. «Менің еркетайым сондай еңбекқор», – деп шешем де шын сүйсінеді. Міне, көрдіңіз бе, мен аса еңбекқор баламын. Тек қызықты жұмыс болса болды.

1170 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы