• Руханият
  • 02 Маусым, 2022

СІРГЕЛІ ТОҒАНАС ҺӘМ ЕСІРКЕП БАТЫРЛАР

Тоғанас батырдың туғанына 350 жыл, ал  оның қырандай  баулып батырлыққа, ел қорғаны болуға  тәрбиелеген бауыры Есіркеп батырдың туғанына 325 жыл толу мерейтойын былтыр атап өткен едік. Осы айтулы батырларға арнап ғылыми конференция өткізуге игі қадам жасалып жатқанда  пандемияның  өршуі салдарынан барлық іс-шара тоқтап қалған болатын. Бұған дейін «Сіргелінің ұраны – Тоғанас батыр» деп ауызекі  деректерде айтылып, бірқатар тарихи жазбаларда, кейінгі жылдары жарық көрген анықтамалық кітаптарда шағын көлемде деректер келтірілгенімен, түбегейлі зерттеу-зерделеу жұмыстары жасалынбай, жабулы күйінде жатты. Кемшіліктің орнын толтыру, атақты батырдың есімін еліне кеңінен тарату, таныстыру, дәріптеу мақсатымен қазіргі күндері біраз шаралар қолға алынды. Соның бірі де бірегейі Тоғанас батыр тарихына байланысты Шымкенттегі Мұхтар Әуезов атындағы университетте ғылыми-конференцияның өтетіндігі. 

Осы орайда өзіміздің азды-көпті пікірімізді ортаға сала кеткенді жөн көрдім. Тоғанас батыр Сіргелінің Байжігіт атасынан шыққан. Таратып айтар болсақ: Байжігіттен: Амалдық,  Көшімбет, Келімбет, Оразымбет деген төрт ата тарайды. Осының Көшімбетінен Сайдалы, одан Сабдалы, одан  Сары,   одан Тоғанас батыр өрбиді. Жалпы Көшімбет ұрпақтарын ел ішінде әлі күнге «Сары атаның балалары» дейтіні осы баба есіміне байланысты екені даусыз. Кейінгі зерттеушілердің, дерек жинаушылардың жобалауымен алғанда Тоғанас Сарыұлы 1671 жылы дүниеге келіп, 1765 жылдары жүз жасқа жақындап өмірден өткен. Тоғанас батыр замандасы әрі туысы Байжігіттің Амалдығының ұрпағы Жаманқарамен қатар жүрген. Бірі – батыр, екіншісі – мыңғырған малдың иесі бай: екеуі тыныштық заманда да, жаугершілікте де біріне-бірі көмек қолын созған. Әсіресе жаугершілік уақытта жылқылы бай  Жаманқара Тоғанас батырдың жасақтарын  қыл құйрықпен қамтамасыз етуге мол үлес қосып отырған екен.

Ұзақ уақыт перзент зарын тартқан Жаманқараға ауылдың ақылгөй қариялары біраз мерзім қоныс аударуға кеңес береді. Бұрыннан сыйластығы бар Төле би ауылына қоныс аударған Жаманқара екі әйелінен алты перзент көріп, соның әрқайсысының жарық дүние есігін ашқан сәтінде Төле би бабамыз батасын беріп отырыпты. Сол алтаудың арасында  екінші сәбиін бидің алдына әкелгенде «мұны саған Алла тағала есіркеп берді ғой, есімі Есіркеп болсын, жұдырығы түюлі екен»  деп сәбидің алақанын ашқанда  қан дағын көрген Төле би баба: «Мына балаң ел қорғайтын батыр болсын» деп бата берген екен. Бұл  1694, 1695  жылдар шамасы болуы керек.  Сол Есіркеп ат жалын тартып мінгенде әкесі Жаманқара оны Тоғанас батырдың тәрбиесіне береді.

Жоңғар жасақтарымен шайқастарда қалыптасқан Есіркеп  ұстазы Тоғанас батырмен Ордабасыдағы үш жүздің басын қосқан ұлы жиынға бірге  барады. Одан әрі жоңғар қалмақтарымен болған кескілескен ұрыстарға қатысқан Есіркептің де батырлық әлеуеті жан-жақты танылады.

Тоғанас батырдың Сіргеліге ұран болу жағдайын әркім әртүрлі жобалайды. Біздің пікірімізше: Тоғанас батырдың шау тартқан шағында Сіргелі  мыңдығының басы-қасында Есіркеп батыр жүрген. 1738–1741 жылдары қалмақ қолбасшысы Сары Манжа 30 мыңдық әскерімен қазақ жеріне жойқын шабуыл жасағаны белгілі. Осы ел басына  қауіп-қатер туған кездегі шайқастың бірінде жасанған жауға Сіргелі жасақтарын бастап қарсы шыққан  Есіркеп батыр  «Тоғанас!» деп ұран салады да, Сіргелінің мыңдығы талай майдандарда қолбасшылық жасаған  батырдың есімін естігенде түгелімен «Тоғанас!» деп ұрандатып жауға тиіп, өз шептерінде жеңіске жетсе керек. Осы жеңіске жол  ашып сүрен салған Есіркептің бастауындағы жаужүрек Сіргелі қолының көтерген ұраны батыр Тоғанастың есімін Сіргелі тайпасының ұраны етіп хан, билер бекітіп бата берген деп топшылаймыз. Бұл кезде жетпіс жасты алқымдап шау тартқан Тоғанас батыр майданның алғы шебінде емес, әскери тілмен айтқанда, штабта  басшылық жасайтын ханның ақылгөйлерімен бірге болса керек. «Есіркептің батыр болғаны – Тоғанастың баулығаны; Тоғанастың Сіргелінің ұранына айналғаны – Есіркептің  «Тоғанас!» деп ұрандата жауға қарсы шапқаны» деп айтып отырған Шынтай ­Нарбеков, ­Пошан Қораласов, Шайырбек Бекенов, Жүсіп Әбдіраманов, Әлжан Ізтаев сияқты шежіре көкірек қариялардың сөз қағыстарын талай мәрте құлағымыз шалған еді. Егер бұл туралы басқаша д­ерек болса, ортаға саларсыздар. ­Жалпы қатар өскен, үзеңгі қағыстыра бірге жүрген Тоғанас ­батыр – Жаманқара бай – Есіркеп батыр үштігі өз дәуірлерінде  халықтың қамын қатар жеген от тұтас тұлғалар болғандығын ұмытпайық.

Есіркеп батыр Жаманқараұлының есімі кеңінен танылды. 1999 жылы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің төңірегін қазғанда шыққан сүйектерді Кіші Ақсарайға жерлегеніне куә болған едік. Сол кезде  хандардың, билердің, батырлардың, бай-бағландардың  есімі тізімделіп, жарияланып ілінді. Сол тізімде Есіркеп батырдың да есімі жазулы тұрғанын көріп тәубә дескенбіз. Қазір туған жерінде Есіркеп батыр атындағы орта мектеп бар. Оның алдындағы алаңға батырдың ескерткіші орнатылып, жанына ­ауылдан Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан майдангерлердің есімі тасқа қашалып жазылған. Батыр өмірін арқау еткен  бірнеше кітап жарық көрді. Жоғарыда айтқанымыздай, осыған дейін ескерусіз қалып келген Тоғанас батырдың есімін де ұлықтайтын игілікті істер қолға алынып жатқаны қуантады. Батыр бабалар есімі біріне-бірі жарқыратып рухты сәулесін түсіріп шарықтай берсін, жас ұрпақты елдікке, бірлікке, ынтымаққа, батырлыққа, отаншылдыққа жетелейтін берік тұғыр – биік ұстын болсын дейміз.

Бағдат ҚАЛАУБАЙ,

Қазақстан Жазушылар

одағының мүшесі

2225 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы