• Білім және ғылым
  • 02 Маусым, 2022

БҮГІНГІ ТАҢДАУ – КЕМЕЛ КЕЛЕШЕГІМІЗДІҢ КЕПІЛІ

Ел тарихындағы сан қилы замандарда елдігімізді, қасиетті жерімізді қорғау үшін ауызбіршілік қаншалықты қажет болса, бүгінгі тәуелсіздігімізді баянды етуде, жеткен жетістіктерімізді халықтың игілігіне жаратуда да қоғамның тұтастығы дәл сондай қажет болып отыр. Дөңгеленген дүние бір қалыпта тұрмайды, әрбір кезең өз талаптарын ұсынады. Осыған орай халқымыздың пайдасына, көптің игілігіне қажет  өзгертулер мен толықтырулар Конституцияға енгізілмек. 

Бұл шараның жөні де, жосығы да бөлек болғалы тұр. Осыған дейін Ата Заң бес рет өзгеріп, ол өзгерістер ­Парламент шешімі бойынша қабылданған еді. Ендігі жерде аса маңызды тарихи шешім қабылдау мүмкіндігі халықтың өз еркіне беріліп отыр. Бұл билік пен бұқара халық арасының мейілінше жақындай түскендігін білдіретін елеулі көрсеткіш.

Референдумда Конституцияның үштен бір бөлігі өзгермек. Қаншама уақыттан бері қоғамның рухани сергек бөлігінің көкейінде жүрген, сан мәрте айтылып келе жатқан негізгі баптарға толықтырулар енгізіледі. Нәтижесінде азаматтардың мемлекеттік шешімдерге ықпал етуге, жаңа Қазақстанды құруға тікелей қатысу мүмкіндігі қамтамасыз етуге бағытталған өзгертулер бізді күтіп тұр.

«Халық айтса, қалып айтпайды», көпшілік қалауымен қабылданған заң әрдайым елдің көңілінен шығып, қажетіне жарайды. Осындай әділдік арқылы халықтың қабылданған заңдарға деген құрметі артып, сенімі күшейе түспек. Уақыт өте келе, осынау өзгерістердің игілігін көріп, оны қастерлеу, құрмет тұту қоғамда дағдылы құбылысқа айналады. Сондықтан да, ұлы мұраттарға жету жолында бүгінгідей өтпелі кезеңде халқымыздың ауызбіршілігі, ішкі тұтас­тығы ауадай қажет. Барша қиындық ­атаулыны жеңіп, еңсеретін бір ғана күш бар. Ол – бірлік. «Бірлік бар жерде, тірлік бар».

Ұлты мен ұлысына жіктемей «Адам­зат­­тың бәрін сүй, бауырым деп» дегенді насихаттаумен өткен ұлы Абай өз қандастарына келгенде:

«Біріңді қазақ, бірің дос,

Көрмесең істің бәрі бос» деді.

Ата Заңымызға енгізіліп жатқан өзгерістер қабылданған жағдайда, қоғам сұранысына сәйкес, елеулі және өте қажетті өзгерістердің болатындығын көрсетеді. Атап айтқанда, азматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін нығайтуға бағытталған түзетулер орын алып отыр.

Конституциялық кеңестін орнына Конституциялық сот құрылады, оған конституциялық құқықтары мен бос­тандықтары тікелей қозғалған әрбір азамат жүгіну құқығына ие бола алады. Қазіргі Конституцияда ондай мүмкіндіктер жоқ.

Сонымен қатар Конституцияда жер мен жер қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиеселі екендігі туралы норманың бекітілуі, маңызды жаңалық болып табылады. Конституциядағы өзгерістерде, өкілді органдардың өкілеттіктерін қалыптастыру және күшейту тәртібін демократияландыру қарастырылған.

Өкілді билік тармағы мықты болып, депутаттарға жоғары жауапкершілік жүктеледі. Өкілді органдардың сайлануы аралас пропорционалды-мажоритарлы моделіне көшуді көздейді.

Мәжіліс 98 депутаттан тұратын болады. Олардың бір бөлігі партиялық тізімдер негізінде, ал екінші бір бөлігі, бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын болады.

Сенатты құру принциптері өзгермейді. Заң шығару рәсімдері өзгереді. Респуб­ликалық бюджеттің атқарылу сапасына Парламенттік бақылау жасау мүмкіндігі күшейтіледі.

Президенттік билік өкілеттігінің шоғырлануы шектеледі. Президент өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде саяси партияларға мүше болуына тыйым салынады. Президенттің жақын туыс­тарына мемлекеттік органдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде басшы лауазымдарды атқаруға тыйым салынады.

Осы орайда Конституцияның «Адам және азамат» бөліміндегі «өлім жазасы – терроризм мен аса ауыр қылмыстар үшін ерекше жаза» деп келетін екіұшты ұғымның орнына қарапайым әрі түсінікті «өлім жазасына тыйым салынады» деген сөз келеді.

Әрбір мемлекеттің тарихында айтулы сәттер, алдағы ондаған жылдарға жол ашатын жауапты кезеңдер болады. Осы жоғарыдағы айтылған Конституцияға өзгерістермен толықтыруларды Рессей мемлекетіндегі Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларында 25–27 мамыр­дағы кездесулерде отандастарымыз өз қолдауларын көрсететін туралы мәлімдеді. Ендеше, ел тағдырын жаңаша таразылайтын 5 маусымда бәріміз бір болып, азаматық борышымызды бірлесе орын­дайық. Бүгінгі таңдау – кемел келе­шегіміздің кепілі.

Сұлтанбек МӘКЕЖАНОВ,

ҚР Парламенті Сенатының

депутаты

3920 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы