• Мәдениет
  • 02 Маусым, 2022

ӨЗ ФИЛЬМІМІЗДІ КӨРУ, ӨЗ АВТОРЫМЫЗДЫ ОҚУ, ӨЗ МУЗЫКАМЫЗДЫ ТЫҢДАУ ӨТЕ МАҢЫЗДЫ

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ 
«Ana tili»

Елімізде мәдениет үйлерін, театрларды, музейлерді қосқанда 7 мыңнан аса өнер ошағы бар. Мәдениет министрлігі оларды жөндеу, жабдықтау бойынша жос­пар әзірлеп жатыр. Мәселен, биыл 300-ге жуық мәдени ­нысан салынып, қайта жөндеуден өтеді. Әсіресе ауылдық жерлердегі өнер ошақтарына көңіл бөлінеді.  Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Алматы қаласында өткен Қазақстанның І мәдениет форумында айтты. Аталған форумда музыка, театр, кино, кітапхана, музей, архив секілді руханият саласында қызмет ететін 500-ге жуық өкілінің басын қосып, жаһандану жағдайындағы мәдени құндылық және оның қоғамға әсері, мәдениет дамуының бағдары туралы өзекті ойды ортаға салып, шешімін бірлесе іздеп, талқылады.
Министр Дәурен Абаев Мәдениет министрлігі жауапкершілігін мойнына ала алатын мына басымдықтарды айқындап, көпшілікке ұсынды. «Бірінші басымдық – отандық көркем туындылардың сұранысқа ие болуы мен бәсекеге қабілеттілігі. Отандастарымыздың өз фильмдерімізді көруі, өз авторларымызды оқуы, өз ­музыкамызды тыңдауы өте маңызды. 
Екінші басымдық – маман даярлау мәселесі. Көп нәрсе кадрға байланысты екенін білесіздер. Бұл жерде өнерге баулитын оқу орындарындағы сапалы білім жайлы айтып отырмыз. Үшінші басымдық – мәдени мекемелердегі жұмыс сапасы. Ал төртінші басымдық – кино саласынан бастап, кітап шығару ісіне дейінгі қаржыландыру процесінің әділ және ашық болуын қадағалау. Мемлекеттік конкурсқа қатысқысы келмейтін көптеген мәдениет қайраткерін білемін. Өйткені олардың әбден беті қайтып қалған. Сондықтан біздің міндетіміз – осы мәселені ұтымды жолмен шешу», – деді министр Дәурен Абаев.
Форумға қатысқан спикерлердің ұтымды ойларын оқырманға ұсынғанды жөн көріп отырмыз. 

Ұлықбек Есдәулет, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: 

–  Қаңтардағы қанды оқиғадан кейін біз бұрынғыша өмір сүруге болмайтынын ұғындық. Президент Қ.Тоқаев ұсынған «Жаңа Қазақстан» идеясы ең алдымен әділетті Қазақстан болып отыр. Ал әділеттік туған мемлекетте жаңарған Ата Заң керек. Ал Ата Заңымыз түзелмей, өміріміз оңалмайды, өміріміз оңалмаса қоғамымыз да түзелмейтіні дәлелденген жоқ па?! Тоталитарлық жүйеден бас тарту, халық еркіне беру, Парламентке арқа сүйеу, әкімдердің сайланып қоюы, Конституциялық сотты қалыптастыру, мұның бәрі азаматтық қоғам, құқықтық мемлекет құруға аса қажет алғышарттар екенін жұрт кеш те болса ұғынып қалды. Ұлтымыз бен ұлттық әдебиетіміздің ең негізгі белгісі ана тіліміздің қолдану аясын кеңейтетін жіті заңнаманың болмауы жанды күйзелтеді.

Біз қазақ мемлекеттігінің 550 жылдығын тойлап жатқан кезде ЮНЕСКО өзінің 2019 жылғы қараша айындағы 48-конференциясындағы сараптамалардан кейін Шымкент қаласының салынғанына 2200 жыл толғанын мойындап, 2020 жылы күнтізбесіне енгізді. Бірақ мұны кең көлемде атап өтуге пандемия ерік бермеді. Дегенмен оған дейін Түркістан қаласының 1500 жылдығы, Тараз қаласының 2000 жылдығы ­ЮНЕСКО көлемінде атап өтілгенін ұмыта қоймаған шығармыз. Алматының да мың жылдық тарихы бар, одан бері әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Алтын орданың 750 жылдығы мақтаныш емей немене?! Мысалы, біз мақтанып жүрген Ботай мәдениетін алайық. Бұл біздің дәуірге дейінгі 3700 жыл бұрынғы мәдени тарихымыз ғой, әлемде ең алғаш жылқы баптаған қазақтар екенін Американың ғалым-сарапшылары жазды. Оған ғылыми дәлел жеткілікті. Бірақ біз өз еліміздің тарихын 550 жылмен шектеп жүрген кезде, бауыр­лас қырғыз елі өз тарихынын 2200 жылдығын әлемдік деңгейде дүркіретіп атап өтті. Осы жерде айтқым келгені, біз Қазақстан тарихын Ботай мәдениетінен бастаймыз ба, әлде Шымкент тарихымен шектелеміз бе? Еліміздің тарихы жас, қалаларымыздың кәрі болып жатқаны орынды ма? Меніңше, Ботай мәдениеті біздің төл тарихымыз, біреуге беретін жеріміз де, тарихымыз да жоқ. Сондықтан «Жаңа Қазақстан» үшін туған тарихымыздың түп тамырын ұрпаққа ұсынайық.

 

Зира НАУРЫЗБАЕВА, мәдениеттанушы:

– Марқұм болып кеткен ­жарым, жазушы, күйші Таласбек Әсемқұловтың он томдығын 2016 жылдан бері шығарып келеміз.  ­Таласбек кезінде Нобель сыйлығын алған Иво Андричтің «Дринадағы көпір» романын қазақшаға аударған. Соны кітап қылып шығару үшін қаншама уақыт сербтермен келіссөз жүргіздім. Сонда олар «мұқабада Таласбектің аты тұрады, негізгі авторды ішінде көрсетеміз, кітап қазақ тілінде» дегеніме көне қоймады. Мың еуро беріп, баспа шығындарын өтеп, мұқабаға Иво Андричті жазуды ұсынды. Қараңызшы, олар мың еуро беріп, өз жазушыларының кітабын шығартады, бірақ оны оқырман оқи ма, қазақ дұрыс аударды ма, басын қатырмайды. Қазақ тілі қандай, ол таратылып жатыр ма, олардың шаруасы жоқ. Мың еуроға олардың кітабы шығып, мәдениеті, тарихы Қазақстанда насихатталып жатыр. Біздің оқырман ол кітапты оқып, жолы түссе сол қалаға барып, туризмін де дамытады. Ал бізге келгенде жағдай мүлде басқаша.

Біздің мәдениетті қолдау жүйеміз кеңес заманынан келе жатыр. Кеңес үкіметінің өзінің мақсат-мүддесі болды. Сол үшін кеңестік үлгімен, кеңестік мақсатта жазатын жазушыларды шығынға қарамай асырап отырды. Енді қазіргі заманға келейік, бізде сол жүйе сақталған. Кейбір ұжымдар, кейбір адамдар әйтеуір бір амалын тауып үкіметтен толық қолдау алады. Оларда көрермен мен оқырманның көңілін табу деген ой да жоқ. Өйткені бюджет дайын. Олардың бір ғана міндеті – шенеуніктерден алып қалу, солардан қол үзбеу. Ал басқа болашағы бар, қабілеті бар, күш-қуаты бойына сыймай жатқан адамдар қиналып жүреді. Әйтеуір бір жерден бір нәрсе тауып, бала-шағасын асырап, қалған уақытта бір әрекет жасап жүреді. Кейбір баспалар министрліктен тапсырма алады, кітап шығарады, кітапханаларға таратады, қалған аздағанын сатады. Ол кітап қызық па, қызық емес па, кітапханаларда оқып жатқан біреу бар ма, бәрібір. Өйткені ақша бөліп, тапсырма беріп тұрған үкімет бар. Соңғы жылдары тәуелсіз баспалар шығып жатыр. Олар өздері шетел авторларынан құқық сатып алады, оны аударады, басып шығарады, сатады, жарнамалайды. Бірақ оларға ешқандай көмек жоқ.

 

Қанат АЙТБАЕВ, әнші-продюсер:

– Әлемде 5000-7000 арасында тіл бар деп есептеледі, яғни сонша ұлт бар. Осынша мыңдаған ұлттың ішінде мемлекет болу бақыты 200-ге жетер-жетпес қана ұлттың еншісіне тиген. Сол бақытқа ие болған халықтың бірі – біз. Осындай ұлан-ғайыр жерді мекендеп отырып, 200-дей мемлекеттің ішінде ойып тұрып орнымызды алған жас мемлекетпіз деп атауға болады. Ал болашақта ұлттық болмысымызды, елдігімізді, мемлекеттігімізді, ана тілімізді, рухымызды сақтап қала аламыз ба, жоқ па? Оның жауапкершілігі сіз бен бізге ортақ. Өйткені сіз де, біз де бала тәрбиелеп отырмыз. Болашағы үлкен, күтер үмітіміз өте мол. Өйткені 30 жастың ол жақ, бұл жағындағы жастар еліміздің негізгі бөлшегі. Біздің халық баланы қашанда ұят болады, обал болады деген қасиетті сөздермен тәрбиелеп, өсіріп, өндіріп жақсылықтың ауылына жетектеген ел. Сөзге тоқтай білген ел. Біз қазір соны сақтап қала алып жүрміз бе? Қазір ақпараттық кеңістікте телеар­наны қосып, әлеуметтік желіде қарап отырсақ жақсы нәрсе де, жаман нәрсе де көп. Соны біздің жастарымыз саралап ала алатындай бағытқа жолдап отырмыз ба? Бізде қазір рейтинг деген ұғым бар. Жақсы нәрсе көбірек көзге түспей, жаман нәрсені айшықтап, насихаттап жататын сәт көп. Шығармашылық еркіндік, сөз еркіндігі, ой бостандығы дегенді әркім әртүрлі түсінеді. Кейде ­аузына келгенді айтып кететін жай аз емес. Қазақта «мал құлағы саңырау» дейтін ұғым бар. Бұрында адамның жаны түршігетін, естісе құлақ ұялатындай жайтты неғұрлым көп таратпауға, көп насихаттамауға тырысатын. Таралып кетпесін, жастардың санасына сіңбесін дейтін. Өйткені жаман, ұятты нәрсені адам алғаш естіген кезде шошып кетеді, екінші естігенде құлағы үйрене бастайды, үшіншіде бой үйрене бастайды, төртіншіде ол қоғамның қалыпты іс-әрекеттерінің бірі сияқты болып кетуі мүмкін. Біздің еліміз үшін, қоғам үшін ең қауіпті нәрсе – осы. Сондықтан да ақпараттың кеңістігінде жүрген, өзін блогер санайтын, журналист санайтын азаматтарымыз елдің алдындағы, ұрпақтың алдындағы жауапкершілігін ойлап, жаманаттың таралмауына барынша көңіл бөлсе деген ой бар.

Қазір көптеген кино-фильмдер түсіріліп жатыр. Өз бетімен немесе кейбір қаржылық топтардың ақшасымен түсіріліп, ютуб арнасына, әлеуметтік желілерге жүктеп жүргендерге ­назар ­салып көріңіз. Ішіндегі оқиғасын көруге, сөзін естуге адамның беті-жүзі шыдамайтын нәрсе өте көп. Толып тұрған былапыт сөз, боқтық. Әдеби сөз, әдеби норма деген атымен жоқ.  Қаралымдары бірнеше ондаған миллион. Оның артында кім тұр? Бұл өскелең ұрпақты азғырудың төте жолы. Оны көріп өскен бала кім болады? Рухани бағдар қайда? Менің ұғымымда кино деген – ол өмірді әдемілеп суреттеп, көркемдеп халыққа ұсына отырып, әсемдіктің ауылына қадам басуға үгіттеу. Сонау 70 жылдары алдыңғы буын  ағаларымыз түсірген фильмдерге зер салып қараңыз. Классикалық өнер үлгісі. Қаншама ұрпақ алмасса да, ұялмай көре беретін дүниелер. Ал қазір жасалып жүрген, былапыт сөздерді толтырып, қалай болса солай бір-бірін боқтап жатқан, неше түрлі анайы тірліктермен жасалып жатқан фильмдер ұрпақтардың санасына қалай әсер етеді? Осы фильмдерді түсірген адамдар болашақта өз ойлары өзгеріп жатса, іс-әрекеттеріне ұялмай ма екен деген ойым бар.

Сонымен қатар қазақтың ең үлкен аудиторияларының бірі – той. Біздің қазақтың менталитетін қарасаңыз, барлығымыз аптасына 3-4 рет тойға барамыз. Есептеп қарадым, өзім шыққан Ақтөбе қаласында кем дегенде жүз ресторан бар екен. Ойлап қараңыз, ең аз деп есептейтін болсақ, аптасына екі рет, сенбі-жексенбі күндері мерекелік шаралар өтті десек, 200 адамнан 400 адамды 100-ге көбейтсеңіз, 40 мың адамдық аудитория. Бұл бір ғана қаладағы мысал. Осы санды еліміздің бүкіл аймағындағы елді мекенге көбейтсек, қандай аудитория ауқымын болдай аламыз? Бұл біздің мемлекеттік идеологиядан тыс қалатындай дүние ме? Осындай үлкен аудиторияда не айтылып жүр? Не тыңдалып жүр, не орындалып жүр? Тойымыз қандай деңгейде өтіп жатыр? Осы сұрақ негізінде мемлекеттік мекемелердің мәдениет саласы басқар­масының, Мәдениет министрлігінің құзырынан бөлек болмауға тиіс сияқты. Өйткені неше түрлі сайқымазақ тірлік, ұят әрекеттер жасайтын азаматтар бейәдеп әрекеттерін видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге салып жатады. Бұл қазақтың атына жақсы әсер қалдыратын дүние деп ойламаймын. Сондықтанда өміріміздің құрамдас бөлігі болып кеткен той форматына да өзгеріс енгізетіндей уақыт келген секілді. Бізде керемет этнографтар, тарихшылар, өнер саласындағы майталмандар бар, солардың басын біріктіре отырып, Мәдениет министрлігіндегі мамандар той форматын ойластырып шығарса деймін.

 

Ермек ТҰРСЫНОВ, режиссер:

– Мен Киногерлер одағының төрағасымын, әр жылдың соңында Қазақстанда қандай кино шыққанын көруге мәжбүрміз. Былтыр толықметражды 70-тен аса кино түсірілген екен. Соның 90 пайызы комедия. 1991 жылы Мәскеуде оқуды бітіріп қайтып келгенде Қазақфильм киностудиясында адам жоқ, шөп басып қалыпты. Сатыбалды Нарымбетов алдымнан шықты, жалғыз өзі кино түсіріп жүр екен. Ол кезде жылына бір ғана кино түсірілетін. Ал бүгінгі 70-тен астам толықметражды киноны кім түсіріп жүр? Қазір шоу-бизнес өкілдерінің бәрі кинотүсіргіш болды. «Қисық аяққа қызыл кебіс те керек» деген сөз бар емес па? Мәселен, мен ән айтқанды жақсы көремін. Ешім көрмеген, дауысым жаман, үйде отырып өзім айтамын. Бірақ елдің алдына шығып ән айтпаймын, ұяламын. Ал бұлар ештеңеден қорықпайды, ұялмайды. Ойлаңызшы, көптеген кітаптар шығып жатыр, ол кітаптың барлығы әдебиет емес қой. Сол сияқты түсіріліп жатқанның бәрі кино емес. Ал оған біздің артистер түсіп жүр, оларға бәрібір қандай киноға түссе де. Үйлерін, отбасыларын бағу керек дегендей. Бұл киноларды бес минуттан артық көре алмайсың. Ұсыныс ретінде, тіпті өтініш ретінде министрліктің мамандарына, Жазушылардың одағы болсын, басқа шығармашылық одақтардан комиссия ретінде кәсіби мамандар керек. Кинокартинаның сапасы, құны қандай, керек пе, керек емес пе: қарау керек. Оны көпшілікке көрсетуге бола ма, болмай ма? Мен кино түсіріп жүрген әншілерді қараңғыда жүргендер деп аяймын.

 

Самал ЕСЛӘМОВА, актриса:

– Пандемияға дейін өте көп фестивальдерге бардым. Сонда қуантатын жайт – әр әлемдік кино байқауларында біздің кино саласының өкілдері болатыны. Біз, әрине, бүгінгі жеткен жетістігіміз бен жақсылығымызды одан сайын жал­ғастыруымыз керек. Жастардың оқуын тереңдетсек, режиссураны және сцена­ристерді терең дайындасақ екен деген ұсы­нысым бар. Әрине, біздің осы күнге дейін жақсы-жақсы туындыларымыз бар. Кеңес үкіметінен келе жатқан өте керемет керемет кинолар жетерлік. Қазақ киносын жалғастыратын осы жас ұрпақ келіп, одан әрі жандандырса деп үміттенемін. Қазақ прозаларында рухани тереңдігі бар  жақсы шығармалар көп, соны неге біз киноға шығармасқа деп те тойлаймын. Себебі, біздің мемлекет туралы басқа елдерге айтатын өнер, оның ішінде кино. Сол үшін осы салада жұмыс істесек деймін. Және балалар кішкентай кезінен кино өнерін біліп өссе жақсы болар еді. Бұрын көркем фильм деген болатын, қазір оны арт хаус деп атап жүрміз. Бірақ біз сол ұғымды ұмытпауымыз керек. Қандай жанр, қандай тарих болсын, оның көркем тарих екенін ұмытпауымыз керек.

 

Фархад МОЛДАҒАЛИ, режиссер:

– Жаңа толқын туралы айтқым келеді. Біздің барлық сала бойынша жаңа толқын келіп жатыр. Ол жас режиссерлер болсын, композиторлар, драматургтер, жас буын қалыптасып үлгерді. Олардың барлығы да қазақ театр өнерін әлемдік деңгейде насихаттауға барынша күшін салады және оған барлығының мүмкіндігі жетеді. Өз қатарластарыммен көп жұмыс істеймін. Олардың мақсаты – бір. Материалдық тұрғыда баю емес. Олардың жүрегінде рухани баю, елдің абыройы, ұлттық салт-сана барлығы бар. Өйткені олар жаңа толқын. Мысалы, театр саласын алсақ, бізде театрларға мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған. Өйткені Қырғызстан, Өзбекстандаға театрларға барғанда  ол жақтың сахналары, бөлінетін дүние, оның барлығы біздің Қазақстанға қарағанда төмен жағдайда. Бізде бәрі жақсы,  жаңа театрлар көп салынып жатыр. Мысалы, соңғысы әл-Фарабидің бойындағы Алматы ­театры. Соның барлығы тек сырты ғана әдемі болып тұра бермей, ішінің мазмұнды болуы, оның әлемдік тенденциясынан қалып қоймауы, соның дамуын ойлауымыз керек. Бұрынғыдай таптаурын болған тек есеп үшін даму емес, шынымен де, қалай дамытуға болады деген  сияқты сұрақты алдымызға қоюымыз керек.

Алматыда  жеке театрлар бөлек, мемле­кет­тік театрлар бөлек өмір сүреді. Олар бір-бірімен араласпайды, бір-бірінің спек­такліне бармайды. Біз қазір соны бұзу үшін әрекет етіп жатырмыз. Жұртшылық Ғ.Мүсірепов театры мен М.Әуезов театрынан бөлек жеке театрларды біле бермейді. Өйткені оларды қолдау жоқ, олардың өз көрермені бар. Біз қазір соларды араластыру мақсатында бір-бірінің сахнасында ойнатып жатырмыз.

P.S.

Айта кетейік, Форум аясында Президент Жарлығымен бекітілген 50-ге жуық мәдениет саласының қызметкеріне «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы салтанатты түрде табысталды. Аталған марапат салаға бар саналы ғұмырын арнаған нағыз мәдениет майталмандарына берілді. Форум ары қарай министрліктің Алматы қаласы әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырған ашық аспан астындағы тұңғыш кітап жәрмеңкесімен жалғасты. 

 

2018 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы