• Cұхбаттар
  • 09 Маусым, 2022

Раиса ҮМБЕТБАЕВА: ӘР ОТБАСЫ ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮРДІ ҰСТАНСА ДЕЙМІН

Қазақ баспасөзінің жанашыры, жас ұрпақтың бойына халқымыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрпын сіңіруде талмай еңбек етіп жүрген педагог-зейнеткер, «Бұрымды қыз», «Кітап оқу», «Бесік жыры» сайыстарының ұйымдастырушысы Раиса Үмбетбаевамен арадағы шағын сұхбатта ұлттық құндылықтарға қатысты көп нәрсе айтылды.

– Бүгінде бұрымды қыз көрсек, мойнымызды бұрып қарайтындай дәрежеге жеттік. Біздің бала кезімізде «бұрымдылар байқауы» жиі өтетін. Көлеңкеде қалып бара жатқан байқауға жан бітіріп, қолға алған екенсіз. Байқаудың идеясы, ерекшелігі неде?

– «Бұрымды қыз» байқауы – қазақ қызының ибалығын, инабаттылығын дәріптейтін, ұлттық құндылықтарға негізделген байқау. Қазір қоғамдық көлікте, асханада шашын жайып жіберетін қаракөздер көбейді. Қазақта шаш киелі саналады. Ас үйде басына орамал тақса, ол тазалықтың, ұқыптылықтың белгісі. Шашты жинап-тараудың да өзіндік әдіс-тәсілі бар. Әжелеріміз «Шашыңды жерге тастама, құс ұясын салады, өртеп жібер» деп отыратын. Тарағанда жерге түскен шашты жинап, отқа салатынбыз. Қазір заман басқа. Қоғамдық көлікке мінсең, үсті-басыңа шаш жабысып шығады. Асханада тамағыңа шаш түседі. Мұндай жағдайға талай мәрте куә болдым. Ойлана келе, «қолдан келгенше тәрбиелеуге міндеттіміз» деген оймен «Бұрымды қыз» байқауын өткізуді қолға алдым. Ойымды іске асыру үшін Қазақ ұлттық Қыздар педагогикалық университетінің басшыларымен кездесіп, олар мәжіліс залын тегін берді. Пандемиядан кейін көп адам жинауға болмайтынын ескертіп, ЖОО студенттеріне ғана рұқсат етті. Бүкіл Қазақстанды қамту мүмкін болмады, Алматы қаласындағы 28 жоғары оқу орнының 55 студенті қатысты. Еңбегім ақталды. «Ақ ана» рухани-сауықтыру орталығының басшысы Зейникамал Байжанова демеушілік жасады. Талдықорғаннан еліміздегі ең шашы ұзын, жасы тоқсанға келген  Нұршауан Түстікбаева арнайы келіп, жастарға шаштың күтімі жөнінде ақыл-кеңесін берді. «Қыздың сәні – қос бұрым» кезеңінің шарты бойынша өрілген бұрым­ның ұзындығы белден төмен болуы керек. Бұ­рымның ұзындығына ғана емес, қа­лың­дығына, күтіміне де мән беру керек екен.

«Мен қазақтың қызымын салтын сүйген» кезеңінде қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы туралы сауалға жауап беріп, мақал-мәтелді қаншалықты білетіні сынға түсті. Үш кезең бойынша бақ сынасқан байқауда С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің студенті Диляра Есләмбек (шашының ұзындығы 117 см) бас жүлде алды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті Лаура Сандыбаева (шашының ұзындығы 114 см) мен Қазақ ұлттық Қыздар педагогикалық университетінің студенті Малика Молдажанова (шашының ұзындығы 113 см) бірінші орын иеленді. Қалған жеңімпаздар мен қатысушыларға сый-сияпат көрсетілді.

– Қазақ «Кітап – жан азығы» дейді. Жастайынан кітапты оқыған баланың өресі биік, қиялы ұшқыр болатыны белгілі. Өкінішке қарай, жаһандану заманында телефонға телміретіндердің қатары күн ­сайын артып барады. Бұл тұрғыда сіз кітап оқу сайысын да ұйымдастырып жүрсіз. Мақсат-мүд­десі не? Жастардың қызығушылығы, құл­шы­нысы қандай? Сайысқа қатысу үшін қойы­латын қандай да бір талап-ереже бар ма?

– Ашығын айтайын, бізде «мектеп кітап береді, мектеп оқытады» деген түсінік бар. Мысалы, «Аруна» ­баспасында үш жастан бастап балаларға арналған кітап сериясы бар. «Тәй-тәй» сериясымен ­басталады, «Балақай» сериясы жалғасады, «Сен білесің бе?» толықтырады. Жұмыс ­бабымен мектепті аралағанда балаларды «алдымен осы сериялы кітапты оқыңдар, кейін ­энциклопедия оқисыңдар» деп ­насихаттап, қызығушылықтарын арттырдым. Жас ерекшелігіне байланысты кітапты көріп, «бастауышта кітап оқиды деп ойламаппыз, қызық кітап екен» дескен ата-ана да, мұғалім де кездесті. Насихаты болмаған соң, көрмеген, білмеген. Бір «Әліппенің» өзінің 18-20 түрі бар. Оқулық Әліппе бөлек, ол біреу. Аңдар әліппесі, құстар әліппесі, әдеп әліппесі, экономикалық әліппе, экологиялық әліппе, имандылық әліппесі, әскери әліппе... кете береді, соның барлығын көрсеткенде жұрттың көзі ашылады. Кейде  сарғайып, шаң басып жатқан кітапқа тіл бітсе жылар еді деп жүрегім ауырады. Бізде кітап көп, алатын адам жоқ. Қызығушылық бар, насихат жоқ.

Бірде жас ана «күндіз-түні саудада жүрмін, қызыма әже керек, қызды үйге тастап кетеміз» деп мұңын шақты. Дереу «Маған әже керек» деген кітап бар, соны әкеп берейін бе, қыздарың оқысын» дедім. «Шынымен, сондай кітап бар ма?» деп таңғалды. Кімнің аудармасы екені есімде жоқ, «Маған әже керек» деген кітапты  сатып алдым. Онда 13 жасар қыз әке-шешесі жұмысбасты болып, сырласатын ешкім жоқ, «маған әже керек» деп хабарландыру жазып, төрт әже тауып, олармен сырласады. Қазіргі заманда біздің де өзекті мәселеміз, балаларға ертегі айтатын әже қажет. Әке-шеше жұмыста, қызықтыратын педагог жоқ. Бала кітап оқымайды деп әртүрлі сылтау айтады. Өз тәжірибемнен көріп жүрмін. Басында «мен саған тегін берейінші» деймін. Тегін десең қызығады, одан кейін ұмтылады, ары қарай дамиды.

Жас отбасы болды. «Сіз баламды қызықтырғаннан кейін өзім де оқыдым, өмірі кітап оқымайтын күйеуім де оқыды, отбасымызбен кітап оқып, бір-бірімізге кітап сыйлайтын халге жеттік» деп алғысын айтты. Мұндайда өзіме риза болып,  қаншама адамға рухани қуаныш сыйлап жүрмін деп, үстімнен бір жүк түскендей жеңілдеп қаламын.

Балаға кітап сыйлау, «Кітап оқу» ­сайысын ұйымдастыру о баста 2002 жылдан басталды. Республикалық «Жыл он екі ай» журналын насихаттап, мектеп-мектеп, сынып-сыныпты аралағанда балалардың кітап оқуға ынтасы, білуге құмарлығы, қызығушылығы басым екеніне көзім жетті. Журналды оқуға жеңіл, ішінде мақал-мәтел бар, сабаққа пайдаланамыз деп, жақсы қабылдады. Ауылдағы, елдегі баланың арманы «Алматыны көру, ақын-жазушылармен кездесу» екенін естігенде балалардың арман-қиялын орындағым келді. «Сынып болып журналға жазылып, кітап оқып, мақала жазсаңдар, кездесу ұйымдастырамын» деп уәде берген едім. 

Арада қаншама жыл өтті. 2015 жылы Сапарғали Бегалин атындағы балалар кітапханасында кездесу ұйымдастырып, туған өңірім Қызылорда қаласынан оқушылар Алматыға ата-анасымен, сынып жетекшілерімен бірге келіп, ақын-жазушыларды көріп, сауалын қойып, суретке түсіп, қолтаңба алып, мәз болып, қуанып қайтты. Балалардың қуанғанын көріп, кездесуді жыл сайын өткізу дәстүрге айналды. Қызылорда қаласындағы Әбділдә Тәжібаев атындағы кітапхана, Алматыда А.Чехов атындағы кітапхана, Жазушылар кітапханасы бәрінде де өтті, әр өңірдің озат оқушылары келіп, марқайып, жақсы көңіл күймен тарасты. 

«Балдырған», «Жыл он екі ай», «Бал­бұлақ» журналына жазылған, мақаласы шыққан, талаптанып жүрген оқушылармен де кездесу өткіздік. «Балбұлақ» журналының 20 жылдығына орай (бас редакторы Мағира Қожахметова) «Менің сүйікті кейіпкерім» атты айдар ашылды. Әр облыстан балалар өзінің оқыған кітабынан сүйікті кейіпкерлері туралы жазды.

Қазақта «Жерде бір бала қуанса, көкте мың періште қуанады» деген сөз бар. Мен зейнеткермін, зейнетақымнан балаға кітап алып беріп, қуантып жүргенді дұрыс көремін. Менің түсінігімде, садақаны мешітке беру шарт емес, бала – періште, баланы қуанта білген жақсы. Әр отбасы осы дәстүрді ұстанса деймін. Сонымен қатар қазақ басылымдары мен журналдарына жазылуды жиі қолға алып жүрмін.

–Бауыржан Момышұлының «Біріншіден, бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын, екіншіден, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын, үшіншіден, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын. Өйткені бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын...» дейтіні бар емес пе. Әжелердің арасында «бесік жыры» байқауын ұйымдастырып, көмескіленіп бара жатқан ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртып жүрсіз. Байқаудың мән-маңызы неде?

– Мен әже тәрбиесінде өстім. Бала – біздің болашағымыз. Елдің ертеңгі тірегі. Алайда бүгінгі бала ұлттық тәрбиені бойына сіңіріп өсіп жатыр ма? Кешегі ата-әженің жастарға айтар үлгісі мен ғибраты мол еді. Сол ата-әже институтынан неге қол үзіп қалдық? Кешегі даналық көрегендігі бүгінгі әжелерді ойсыз қалдырмауы керек. Осыған орай, 1 маусым – балалар күні әжелер арасында «Бесік жыры» байқауы өтті. Байқаудың мақсаты – отбасылық үлгі-өнегені, бала тәрбиесіне жауапкершілікті насихаттау, тәрбиенің жайын түзеуге септігін тигізу.

Байқау жоғары деңгейде өтті. Әжеле­ріміз де бір серпіліп қалды. Белсенділік танытты. Алматы қаласы мен Алматы облысынан 50-80 жас аралығындағы әжелер қатысты. Қазылар алқасының шешімімен достық жеңіп, «Мейірімді әже», «Қазыналы әже», «Күміс көмей әже», «Көркем әже», «Шебер әже» және т.б. аталымдармен марапатталды. Медеу ауданы әкімінің орынбасары Айдос Нұрлыбаев Алғыс хат ­тапсырды. Заманауи «Mediterra» медициналық орталығына тегін жолдама берілді. Жалпы, менің ұғымымда, сайысқа қатысқан әжеге қаржы беріп, қамзол кигізгеннен гөрі медициналық орталықтарға жолдама беріп, шипажайға жеңілдік жасаған жөн. Мен де алпыстың алтауына қарап отырмын ғой, бізге тынығып, демалып, емделу керек.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Бағдагүл БАЛАУБАЕВА

1106 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №10

10 Наурыз, 2022

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы