• Тарих
  • 16 Маусым, 2022

МЫҢ БОЯУЛЫ МАҢҒЫСТАУ

Қарагөз Сімәділ
«Ana tili»

Бір қараған адам бұл өлкеден мың былай тұрыпты, екі-үш бояудан артық түс көрмейміз-ау деп күмән келтіруі мүмкін. Бұл өлкенің табиғаты мен қойнына бүккен сырына үңіле қараған сайын мың қатпарлы реңкке боя­лып жатқан сансыз түстер мен бояулардың үндестігін байқайтыныңыз анық. Әр тасы байырғы мұхит табанындағы інжу-маржанның түсін құбылтқан, әр құмы күнге шағылысқан түрлі бояуымен көз қарықтырған, теңіз беті көк пен жасылдың тамаша реңктерін үстеген Маңғыстаудың әкімшілік орталығы Ақтауға түскенде күн қатты ыстық та емес, тым салқын да емес, жанға жайлы-ақ болып тұр екен... 

«КӘРІ КАСПИЙ ҚАРАКӨК КӨЗІН АШТЫ»

Ұстазымыз, марқұм Зейнолла Қабдолов осынау бір жолдарды көп қайталайтын еді: «Кәрі ­Кас­пий қаракөк көзін ашты...»

Қаракөк көзді Каспий қазір де кәрі жанарымен жағалауына келген-кеткенге көз тастайды. Толқынын толқын қуалап өзінше бір әңгіме айтады, теңіз құсы шулап әнін салады, теңіз балығы тулап... деуге сөзіміз өтірік болып қалар, алайда тулаған балық көрмесек те, жар басында қармағын салып отырған бірталай жанды кезіктірдік.

Таң мен кеште теңіз жағасы жанға толы, демалушылар қарасы да көп көрінді. Осындайда жергілікті жердің мың бояу­лы аңызына құлақ түресің. Байырғыдан жеткен әңгіменің бірі былай деп сыр шертеді:

Баяғының бағзы бір заманында Хакім атаның Мұхаммед қожа, Әскер қожа, Құббы қожа (ел оны Сұлтан үпі атап кеткен) атты үш ұлы болыпты деп басталады әңгіменің бір желісі. Содан әке балаларын бір жиынға шақырса барлығы дереу жинала қойып, кенже ұл Сұлтан үпі бірнеше күннен кейін әке дәргейіне жетіпті. Содан сүйікті ұлына әкесі ренжіген көрінеді. Сұлтан үпі шалғайдағы теңізде болғанын, жолы болмай айдын бетінде адасқан балықшыларға көмектескенін айтады...

Міне, әлгі әңгіменің жеткізушісіне сенсек, сол заманнан бері теңізде апатқа ұшырағандарға теңіз иесі Сұлтан үпі көмекке келеді екен. Сұлтан үпінің жерас­ты мешіті қазір де сақталыпты. Сарытас шығанағына жақын, Сұлтан үпі аталатын сайдың жоғары жағындағы жерасты мешітін мемлекет 1993 жылы қорғауға алыпты. Одан әрі деректерді сөйлетсек: Дала мешітінде дөңгелене қоршалған қорған тас бар. Осы дөңгелек ішінде болған жолаушы жылдың кез келген мезгілінде өзін қауіпсіз сезінеді. Бұл жердегі зират үстіне ұзын ағаш сырық орнатылған, аңызға сенсек әулиелер ғажайып жасау үшін оған көтеріліп тұратын болған...

Сену де, сенбеу де өз еркіңізде. Алайда осы сапарда аяғымыз жетпеген Сұлтан үпі туралы аңыз әңгімені мысалға алған себебіміз: теңіз иесі туралы түрлі әңгімелерді бұрын да құлағымыз шалған. Тіпті бертінде адам қолынан жасалған Қапшағайдағы балықшылардан да теңіз иесі туралы сөз естіп едік. «Балықты тым қомағайланып, ысырап қылып көп аулап кеткен балықшыны жазалағысы келген теңіз иесі оның қайығын толқынмен итеріп, адастырып әкетеді» деп еді сонда балықшының бірі тым сенімді түрде. Балық аулап көрген жоқпыз, қалай болғанда да әр заттың, әр тіршілік иесінің сұрауы бар. Ол сұрауды адам саналы түрде түсінбесе тылсым араласып, тәубесіне келтіретін болар...

Жасана түскен Ақтауда көп аялдамай, келесі күнгі таңда негізгі бағытымыз – Пір Бекет басына тәу етуге аттандық. Жолай әйгілі Қарақия тұсынан өтетініміз белгілі. Ең терең нүктесі оңтүстік бөлігінде, дүниежүзілік мұхит деңгейінен 132 м төмен орналасқан ол әлемдегі ең терең ойпаттардың бірі Қарақия түбінің осы жерін Батыр деп аталатын үлкен сор басқан. Ал сор жердің тылсым құпиясы да, жаңбыр көп жауған жылы айнадай жалтырап көз қарықтыратын сыры да мол...

МАҢҒЫСТАУДА – ПІР БЕКЕТ

Жолбасшымыз – «ZHUSAN TRAVEL» қызметкері Берік Дәуенов. Күйеу тамға дейінгі ұзын жолда талай аңыз бен жергілікті жер атауларын ерінбей-жалықпай таныс­тырып өтті. Пандемиядан соң отандық туризмге қызығушылар саны артқан. Шетелге шыққанша өзіміздің керемет табиғат аясында да демалуға болатынын айқын түсінгендердің қарасы көбейген. Алайда экомәдениет керек-ақ. Берік Дәуенов туристердің айналаға бөтелке, тамақ қалдығын тастап кете беретініне қынжылатынын да айтып қалды. «Өзіміз көре қалсақ, жинай кетеміз. Алайда туристердің соңынан жүріп отыру мүмкін емес. Олардың қоқысын теру қорықшылардың да негізгі міндеті ме еді? Әркімде табиғатқа деген жанашырлық, экотәрбие қалыптасса көп дүние өздігінен-ақ түзелер еді», – дейді ол.

Сансыз мұнай бұрғылау техникалары ырғалып тұрған Жаңаөзеннен өтіп бара жатып Мұнай иесі туралы ел аузындағы аңыз еске түспесі бар ма? Мұнайда да ие бар ма? Біздің түсінігімізде мұнай иесі – халық қой. Алайда халық тәубесіне келтіре алмағанды Мұнай иесі жазалауы да мүмкін деген сенімнен туған жақсы бір әңгіме осы Мұнай иесіне қатысты да айтылады. Ол туралы бұрынырақта жазғандықтан, осы жолы ол әңгімені қайталап жатпадық.

Хош, 5 миллион жыл бұрын көне Тетис мұхитының табаны болған бұл жердің келбеті өзге, шынымен басқа ғаламшарда жүргендей әсер қалдырады. Толқын жұмсақ әктасты шайып, одан кейін жел мен күн жер бедеріне алуан түрлі форма бергендіктен, мұндағы жар мен төбешіктің әрқайсысы түрлі кейіпке, түске, бояуға малынып, көз баурайды. Маңғыстаудың аңыз-әңгімелері ғана емес, даласының да мың бояулы екеніне көзің шын жете түседі. Бұл бір ғажап өлке. Бұрын мен бүгіннің арасын жалғаған, сен болмағанға дейін болған, дүние тұрғанша тұратын ерекше орын.

Ал Бекет атаға барар жолдың өз тәртібі мен жөні бар екен. Осылайша, ең алдымен, Күйеу тамға тоқтадық. Одан әрі ­Шопан атаға аялдап, оқылған құран аятына алақан жайдық.

Шопан ата аңызын көпшілік білер. Сонда да арнайы ниет етіп барып, тілек тілеп қайтқан соң ол аңызды қайталап айта жүрген де дұрыс-ау. ­Сонымен Шопан Ата Қожа Ахмет Ясауидің шәкірті екен. Бір күні Ясауи шәкірттерін дін тарату үшін жан-жаққа жібермек болады да, садақ тартқызады. Шарт бойынша кімнің жебесі қайда түседі, сонда орнығып, дін насихаттауы керек екен. Шопан ата жебесі Маңғыстаудың даласына жетіпті деседі үлкендер тарқатқан әңгімеде.

Бұл жерде Шопан атаның мәңгілік мекенінен бөлек, бірнеше жерасты тамдары бар. Олар заманында медресе, мешіт болыпты. Осы күні Шопан атаның шәкірттері, жақындары мәңгіге тыныстаған, тыныштық ұйыған мекенге айналған. Жаныңа жайлы күй сыйлайтын бұл маңға талай адам келіп, талай адам кеткен. Талай жан жүрегінде сақтап келген тілегін айтқан, мұңын шаққан, Жаратқаннан бала сұраған, пана сұраған. Сондықтан болар, түрлі тілек, жақсы ниет ұйыған мекеннің қасиетін бірден сезесің.

Сәл жоғарырақта Шопан атаның қайын атасы жатыр екен. Білетіндердің айтуынша, осы маңда бірнеше қылует те болыпты. Қысқасы, дәл осы маңнан байырғының ізі айқын байқалады. Айналадағы бейіт әр дәуірден хабар береді. Тіпті кейбірі көне түркі дәуіріне жетелейтіндей. Енді бірі «иек астындағы» жылдары жерленгендердің хабарын айтады. Сандықтас, бесіктас, сағанатас… Бертінге дейін (қазір рұқсат жоқ екен) осында жерленген марқұмдардың қабірі арасында кім жоқ дейсіз? Бай да, батыр да, бағлан да, жырау да жатыр осы маңда.

Абайдың Оспан басына қойғызған құлпытасындағы жазу есте ғой: «Байлық, балуандық, мырзалық пен өзге де асыл дүние бір басына бақ болып қонған. Дүние бұлардан да өтіп кетті...» Сол дүние кімнің басынан өтпеді дейсіз? Иә, ежелгі заманалардан қазіргіге дейін жалғасқан, басынан дүние көшкенде әр заманның адамы еді дегізбей, бәрінің мәңгілік мекенін бір жерден бұйырған, фәниге аттанған әр кезең адамының соңғы тұрағына айналған жер болуымен де біраз құпияны бүгіп тұр ма екен?

Айтқандай, Шопан ата басында тұт ағашы өсіп тұр. Тұт әртүрлі жағдайда 200-500 жыл тіршілік етеді екен, тіпті Иерихонда өсіп тұрғанына 2000 жыл болған әйгілі тұт ағашы бар дейді түрлі ақпарат көздері.

Енді ойлап қараңыз, қанша ғасыр куәгері бұл тұтқа қаншама адам саялады? Біреулер оның жемісін де жеп көрді ме екен?

Иә, бұл маңдағы мазарлар да көне ­заманнан бертінге дейінгі уақыт аралығында мидай араласып жатыр. Түрлі құлпытасқа қарап көне мен қазіргінің мәңгілік мекеніне айналған жердің тылсымын шын сезінсем дейсің.

Пандемиядағыдай емес, мұнда тірілер қарасы да көбейіпті…

Арғы мен бергі тыншыған қалың қауым арасында Шопан ата құдығы тұр. Суы тұзды, бәлкім ащы. Дертке дауа болған су деседі...

Оғландының тұсына сәл кідіріп, одан әрі Бекет ата мешітіне бұрылдық. Айтқандай, жергілікті жұрт Ата дейді екен. «Қайда барасың?» «Атаға барамын» десе, аты-жөнін түгендеп жатпай Бекет атаны айтып тұрғанын түсіне қояды.

Халық жазушысы Әбіш Кекілбай­ұлынан асырып айта алмас­пыз: «Ол (­Бекет ата) – көзінің тірісінде қиянатқа жол бермес Әділдіктің, күпірлікке жол бермес Адалдықтың, қараулыққа жол бермес Шапағаттылықтың, қатыгездікке жол бермес Мейірімділіктің, арсыздыққа жол бермес Парасаттылықтың асқан үлгісін танытқан, елінің жел жақтағы панасы, ық жақтағы саясы бола білген азамат, жаудан елді арашалаған Батыр, дауда әділетті арашалаған Қази, озбырлықтан обал мен сауапты арашалаған Пірәдар, Әлсізге Медет, Күштіге Айбар, Зарыққанға Жебеу, Тарыққанға Демеу, Асқанға Тосқан, Сасқанға Сая, Ұрпаққа Ұстаз, Ұлысқа Ұран, Ел Иесі, Жер Киесі»…

Мұнда да кісі қарасы көп. Өте көп. Әркім жүрегіне өз тілегін орап келген. Әркім жүрегіне өзгенің де тілегін орай келген. Құран аятынан соң ұзақтау күбірлеп, Аллаға жалбарынып, қасиетті мекенде тілек тілеп отырып қалғандардың арман-мақсаты орындалса екен дейсің... Өткен-кеткен ел-жұрт тілегін тілеп болған соң аңыз-әңгіме желісінде айтылатын қос бұлақтың бірінен жанарын шайып, екіншісінен дәм татады. Мұндайда жұрт қамқор, кішіпейіл. Біреуіне екіншісі су әперіп, жөнін айтып, жол сілтейді. Әрбір белгіні жақсылыққа жориды...

Бір нәрсе анық, адам бұл мекенге жақсылық іздеп келеді, жақсылық тілеп келеді, жақсылық сұрап келеді. Адамдар арылғысы келетін мекенде бұдан кейін де адам қарасы көбеймесе азаймас деп ойладық...

Қайтар жолда Бозжыраға соқпай кету айып-дүр. Басқа ешбір жерде жоқ бұл мекеннің түсі – аппақ. Дұрысы ақ түстің бірнеше реңкі көз қуантады. Аппақ жазық дала төсінде аспанға шаншыла ұмтылған алып шыңдар дәл осы маңдағы сұлулықтың түрі әркелкі болатынын дәлелдеп тұрғандай. Шындығында біздің көзге сұлулық дегеніміз жасыл желек, жайқалған гүл болып елестейтіні бар ғой. Мұнда оның бірі жоқ. Есесіне сұлулықтың ерекше көрінісі тұнған өлке.

Иә, Бозжыра ақ түстің бірнеше реңкінен ғажайып ландшафт құрған Үстірт жазығы шыңдарының бір бөлігі ғана. Берік Дәуенов Бозжыраға апаратын жолдың бірнешеу екенін айтады. Біз көпшілік секілді үстіңгі жолмен шықтық. Бұл оңай жол. Көкке шаншылған, үш жағынан табиғат өзі қоршап қойған шыңның дәл төбесінен тоқтайсың. Одан әрі аппақ түске малынған сай, құз, тау-мұнара, тау-қамалға көзің тойғанша қарағын. Б.Дәуенов Бозжыраға бастайтын орта және төменгі жолдың да бар екенін айтады. Қай жолмен жүрсек те, табиғаттың осындай аппақ маржаны бар өлкеде өмір сүру біздің маңдайымызға жазылған екен. Ендеше, оның келер ұрпаққа да дін аман жетуі біздің жауапкершілігімізде. Осы маңға тоқтаған кейбір жолаушының аракідік от жағатын әрекетіне Б.Дәуенов наразылығын да айтып қалды. «Шоқ қарайтқан орын ағару үшін бірнеше жыл, бәлкім, ғасыр керек болады ғой. Сондықтан Бозжыраны сақтау бұл маңға келген саяхатшылардан қатаң экотәртіпті ұстануын қажет етеді», – дейді ол.

СЫРЫ КӨП ДАЛА

Геолог, академик Қаныш Сәтбаев бірде осынау түбекті ұшақпен айналып ұшқанда, оның құм пердесімен жабылған әйел кескініне ұқсайтынын байқап, өлкені «ұйқыдағы ару» деп атаған екен. Бала күнімізде Әбіш Кекілбаевтың «Ұйқыдағы арудың оянуы» кітабын оқып, көзіміз көрмеген, ол кезде аяғымыз жетпеген осы маңға іңкәр болып өстік.

Қайтар жолда осы өлкеге қайыра соғып, саяхаттау үшін жолбасшымыз Берік Дәуеновке бірнеше сұрақ қойдық. «Бұл маңда әлі адам аяғы жете қоймаған қандай жер бар?» деген сауалға Берік мырза былай дейді: «Адам бара қоймаған жер деуге келмес. Саяхатшылар көп бара бермейтін жерлерді атап өтейін. Оның алғашқысы Шерқала», – дейді ол.

Жолбасшымыздың айтуынша, Шерқала белгілі бір биіктіктен қарағанда ертегідегі дәу-көшпелілер тұрғызған алып киіз үйге ұқсайды. Мұндағы аңыз жүлгесі де батырлықты, жерді жаулап алу мен қорғап қалудың тақырыбына қатысты. Ал ғылым тілімен айтсақ, Шерқала – тау­лы Қаратау маңы жазықтықтарын теңіз түбінен құрлыққа көтеру кезеңінде пайда болған ерекше кескіндердің үлкен тау шоқысы.

Берік Дәуенов Шерқаланы Маңғыстау­дың жеті кереметінің бірі екенін айтады. Оның айтуынша, Айрақты да саяхат­шылардың таңдайын қақтырары сөзсіз. Айрақты таулары ертегідегі қамалдарға ұқсайды. Жауын көп жауғанда жұпар иісті кішкентай қызғалдақ қаулап өседі екен. Айрақты тауының баурайы маңында зерттеушілер «Дала симфониясы» деп атаған ақбор жынысты тастардағы  суреттерді көруге болады.

Одан бөлек, саяхатшыларға ерекше қызық болар «Қызыл қала» деген ескі қала жұрты бар екен. «Тарихы тереңде жатқан бұл жұртты әлі дұрыс зерттеген ешкім жоқ. Қара қауақ дейтін көне қала жұрты да көп көзінен тысқары жатыр. Сол жерде Таңбалы сай бар. Ол маңға адамды көп апара бермейміз. Себебі сай ішінде ескі руна жазуы бар. Оны саяхатшылар білмей бүлдіріп тастауы мүмкін. Қызыл түсті борымен көз жауын алатын Қызылкүп те сая­хатшылар қуана көретін жер», – дейді ол.

Жолай көрген Жабайұшқан аңызын Берік Дәуеновтен естідік: «Ертеректе осы маңдағы бір шыңға бүркіт ұя салады екен. Оны Жабай деген аңшы біліп жүреді. Бүркіттің ұясынан бір балапан алу ниетімен, тау басынан келіп, жалғыз баласының беліне арқан байлап, ұяға түсіреді. Сол уақытта арқан тауға қажалып, үзіледі. Жалғыз ұлым жарқабақтан құлап өлді деп есі кеткен Жабай аңшы тірлікті тұл қылып, атының көзін таңып, шауып кеп, әлгі құздан ұшқан екен. Арада біраз уақыт өткенде үйіне орала қоймаған ­Жабай аңшы мен баласын іздеп ауылдастары жолға шығады. Бүркіт балапанын алуға кеткенін білетіндер осы маңға келіп іздеу салса, үзілген арқан төмен сусығанда бір түйіні тас жарығына кептеліп, бала жерге жетпей салбырап тұр екен. Тірі қалған баланы алып үйге қайтқан ауылдастары осы маңды «Жабайұшқан» атап кетіпті...»

Біз бармаған, бірақ жолбасшымыз айтып берген мекеннің бірі – Шақпақ ата туралы аңыздардың бір нұсқасы мынадай: «Бірде Шақпақ ата бір ауыл жанынан өтіп бара жатып, күйеуі әйелін ұрып жатқанына еріксіз куәгер болады. Шақпақ ата сорлы әйелдің сөзін сөйлеп, құтқарып алады. Алғыс орнына әйел Шақпақ атаға еріп жүреді. Олар тоқтаған тіршіліксіз жерде жер астынан қайнар бұлақ көздері ашылып, жауын жауа бастаған екен. Содан бері адамдар сол жерге өз қайғы-қасіретіне ем табу үшін үмітіне ат артып келеді-мыс»...

Тағы бір аңыз жаугершілік заманынан сыр шертеді: «Бірде осы бір жерді шегірткедей қаптаған қалың қол басады. Сонда шарасы қалмаған жергілікті жұрт көкке қолын жайып, көмек сұрайды. Кенеттен жасын түсіп, күн күркіреп, жауын селдетеді. Сонда әлгі дұшпан қолы бір-ақ сәтте тас болып қатып қалған деседі». Міне, Маңғыстаудағы ерекше тастар – шар тәрізді тастар алқабы осылай пайда болған-мыс. Бекет атаға барар жолдың бойында саяхатшылар қызықсын деп сол тастардың бірнешеуін әкеліп қойған екен, бұл да туризмді насихаттаудың бір жолы болса керек.

Иә, біз қалаған, бірақ таппаған дүниелер туралы да айта кетейік. Мәселен, кез келген сая­хатшы жолай сатып алатын, естелік үшін өзгеге сый қылып тартатын магнитка, кәдесый, кітапша жоқтың қасы. Әлде біздің көзге түспеді. Қалай болғанда да, саяхатшылар тоқтаған маңда осындай дүниелер тұрса, көзі түскендер ала кетер еді дейміз. Бұл сұрақты да Берік Дәуеновке қойып едік: «Қазір, өкінішке қарай, бізде туризм саласымен түбегейлі айналысып бастағандар өте сирек, жоққа жақын деуге болады. Кейбір кәсіпкерлер теңіз жағасынан үй салғанды жақсы көреді. Үй салу да үлкен іс қой. Алайда елге саяхатшылар көптеп келіп жатыр. Олар қайта айналып соғуы үшін барымызды көрсетіп, қызықтырсақ дейміз. Дұрыс айтасыз, бізде магнитка, кітапша, кәдесыйлар аздау. Өзім жол көрсетіп, саяхатқа алып жүргендер де естелікке сыйлық ала кетсек деп сұрайды. Оны табу қиын. Бірақ менің жолым сая­хат бағыттарымен алып жүру. «Түрлі кәдесыйлар, магниткалар, кітапшалар шығарамыз, саяхатшыларыңызға соны ұсынсаңыздар» дегендерді әлі өз басым кездестірмедім. Жолай шұбат сұрайтындар да бар. Саяхатшыларға өтірік айтқандай болмайын деп, Жаңаөзеннен әуелі өзім дәмін татып жүріп, шұбаты шәрбат бір адамды таптым. Жолаушылардың көңіл қошы болып жатса, өздері қалап, сұраса сол үйге апарамын. Туризм бір бағытты ғана іс емес. Ол жан-жақты болуды талап етеді», – дейді ол.

Биыл былтырғыдан бір айырмашылығы бұл өлкеге жауын жауған. Жер былтырғы жұттан айыққандай көрінді. Былтыр осы маңды аралағанда әбден жүдеп-жадаған малды көріп жүрек ауырып еді. Биыл жылқы да, түйе де қоңдылау секілді. Жердің райы да жасарып, көгеріп қалыпты. Әр маңда қақ суы жарқырай көрінеді. Алдыңғы екі тақырыпшада Су иесі мен Мұнай иесі туралы айттық қой. Сөзіміздің қорытындысында Жер иесі туралы бірер ауыз сөз жазсақ деп едік. Жердің иесіне айналған жергілікті жұрттың арзу-арманы көп. Табиғаты қатаң өлкеде тіршілік ету мен осы өлкенің бары мен жоғын саралап, сараптап отыру үлкен жауапкершілік. Сол жауапкершілік жүгін көтерген әрбір азаматтың тыныш, бейбіт, жемқорлықтан ада елде өмір сүруге қақы бар.

 

2363 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы