• Тарих
  • 23 Маусым, 2022

ЕСЕТ БАТЫР ҚАЙ ЖЫЛЫ ТУҒАН?

Еліміздің тарихында ерлігімен өшпес із қалдырған тарихи тұлғалардың бірі – батыр, әрі би Есет Көтібарұлы. Батырдың өмірі, ол басқарған ұлт-азаттық көтеріліс туралы біраз еңбек, зерттеу бар. Дегенмен, өкінішке қарай, сол еңбектерде Есет батыр Көтібарұлының туған жылы туралы әртүрлі пікір айтылып, нақты дәлелдейтін ­дерек әлі де келтірілген жоқ. 

Мысалы, «Алаш» тарихи-зерттеу орталығы, «Қазақ ру-тайпаларының тарихы», Қаракесек бірлестігі (Әлім, Кете, Шөмекей). Т. 13-2 кітап, Алматы 2010. Осы кітаптың Есет Көтібарұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліске арналған VIII тарауының 2-бөлімінің «Есет Көтібарұлының шығу тегі» 286-287 беттерінде: «Ал Есет батырдың туған жылын нақты көрсететін дереккөз әлі табыла қойған жоқ. В.Шахматовтың 1946 жылы шыққан мақаласында Есет Көтібарұлы 1807 жылы дүниеге келген деп көрсетілген. Алайда зерттеуші батырдың туған жылы дәл осы деп айтатындай айғақ келтірмейді. Осы дата кейін жарық көрген Қазақ Совет және Қазақ Ұлттық энциклопедияларына негіз болады. Соңғы 20 жыл көлемінде ұлттық тұлғаларымыздың тарихын зерттеумен айналысып жүрген З.Байдосұлы жоғарыда келтірілген датамен келіспей, батырдың туған жылын 1803 жыл деп негіздейді. Зерттеуші бұл пікірін: «Әрине, архивтік құжаттарда, оның жеке ісінде Есеттің туған жылын айғақтай айтпайды. Қазақ туған жыл, туған күн деген мерзімді белгілеп, ол жайлы құжат жасамаған. Әркім өз жасын «бір мүшел», «екі мүшел» т.б. мүшелдей отырып анықтаған. Оның үстіне 1858 жылдың қарашасында шыққан әлгі «...Художественный листоктағы» «Би Есет Көтібаров» деген мақала батырдың көзі тірісінің кезінде жазылған бірден-бір мақала. Егер ол қате болса, сол замандағы қазақ елінің, соның ішінде Есет Көтібарұлы бастаған қозғалыс барысында жазған А.Добрасмыслов, Л.Мейер т.б. өз пікірлерін ұсынған болар еді. Оған қосымша әйгілі «Айман-Шолпан» жырында Есеттің 7 жасар балалық шағы анықталды. Осы жырдың негізі болған екі ел арасындағы тартыс 1809–1810 жылдар арасында болған. Олай болса, Есет Көтібаровтың туған жылы 1803 жыл деп болжам айтудың негізі бар сықылды», – деп топшылайды. Көріп отырғанымыздай, зерттеуші З.Байдосұлы да өзінің бұл пікірін болжам ретінде бағалайды. Сондықтан да қаралып отырған мәселеге қатысты айтарымыз, Есет Көтібарұлының туған жылы әлі нақты белгіленбеген, біздің қолымызда оны анық көрсететіндей дерек жоқ. Жоғарыдағы айтылған пікірлерді саралай келе, біз батырдың туған жылы 1800-1810 жылдар арасы болуы керек деп қана жорамалдаймыз», – дейді зерттеушілер. Бұл пікірдің дұрыстығын төмендегі авторлардың еңбектерінен де байқауға болады.

Айта кетейік, өңірімізде шыққан «Ақтөбе энциклопедиясы» және «Шалқар энциклопедиясы» басылымдарында Есет батырдың туған жылын 1803 жыл деп көрсетеді.

Зерттеуші А.И.Добросмысловтың (1854–1915) «Тургайская область, Исторический очерк» деген еңбегі 1902 жылы жарық көрген, бертінде қайтадан басылып шыққан еңбектің 522-бетінде: «Есет Көтібаров (1807 – соңы 1883) – батыр, Кіші жүздің Шекті руының биі, 1983 жылы жағалбайлылар өлтірген Көтібар батырдың ұлы...) деп өз пікірін ұсынады. Біздің ойымызша, В.Шахматов А.И.Добросмысловтың осы дерегіне сүйеніп, Есет батырдың туған жылы 1807 жыл деп көрсетіп отыр.

 Ғалымдар Д.Әбенов, С.Мұхтаров «Ұлт-азаттық көтеріліс көсемдері» атты еңбегінің 16-17 беттерінде: «...Осы жерде Есет Көтібарұлының да туған жылына байланысты анықтай кететін жайт бар, соңғы кездегі ­зерттеулерде батырдың туған жылы 1803 жыл делініп жүр. Бұл деректі алғаш айтушы ғалым З.Байдосов өз тұжырымын 1858 жылы Санкт-Петербургтен шығатын «Русский художественный листокта» жарық көрген белгісіз автордың «Би Исет Кутибаров» мақаласындағы батыр туралы: «...55 жаста, еңсегей бойлы...» деген мәліметпен негіздейді. Алайда бұл жерде белгісіз автордың «55 жаста» деп емес, «55 жастар шамасында» деп нақты емес болжам айтып тұрғаны ескерілуі керек. Себебі Есет Көтібарұлының туған жылы туралы жазған белгілі ғалым В.Ф.Шахматовтың 1946 жылғы «Есет Көтібаров» атты арнаулы мақаласында, «Қазақ Кеңес энциклопедиясында» батырдың туған жылы 1807 жылы деп берілген. Есет Көтібарұлы басшылық еткен ұлт-азаттық қозғалысы «Жем бойында» атты тарихи романына арқау еткен ақсақал жазушы Ғалым Ахмедов те осы деректі қолдайды. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, белгілі ғалым, зерттеуші Жұманазар Асанов соңғы деректің құндылығын Есет Көтібарұлының қос немересі, атағы бүкіл Қазақстанға жайылған азаматтар – әйгілі сәулетші Төлеу Бәсенов пен көрнекті өндіріс ұйымдастырушысы Нәби Жақсыбаевтардың көзі тірісінде жарияланғандығымен байланыстырып, құлаққа кіретін пікір айтады. Ал ел аузындағы ескі әңгімелерге құлақ түрсек, олар да Есет пен Қарағұлдың құрдастығына байланысты ғажап хикаяттарды алға тартады. Бұл ­туралы ел пікірі «Ақтөбе» газетінде жарық көрген «Халық жадындағы Қарағұл батыр» атты көлемді мақалада баяндалған. Сондықтан бұл жерде тасқа жазылған жазуынан гөрі керемет дамыған жады, ауыз әдебиеті арқылы ғасырлар қойнауынан тарихын келер ұрпаққа табыстаған халқымыздың осы ерекшелігін ескере отырып, Есет Көтібарұлының туған жылы 1807 жыл деген деректі қолдайтынымызды айтамыз. Қарағұл 1806 жылы туған болса, бұл екеуінің құрдастығын қазақтың арадағы бір жасты бөлмейтіндігіне сайған жөн», – деп тұжырым жасайды авторлар.

Есет Көтібарұлының бет-бейнесін бір жылдай ізденіп, зерттеп, портретін салған Ж.Асарбаевтың, Айшуақ орта мектебінде бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі болды, «Есеттің суреті болған ба?» «Ақтөбе» газеті 1993 жылы 13 ақпан күні шыққан мақаласында: «Екіншісі – 1859 жылы қазақ депутацияның құрамында, Санкт-Петербургқа барған сапарында, он адам болып түскен суреті. Сол отырған он адамның рет санымен (сол жақтан) үшіншісін «Би Есет Көтібаров» деп көрсеткен. Бұл суретті «Всемирная иллюстрация» журналы алғаш рет жарияласа, оның фотокөшірмесін архивтен түсіріп алып, «Қазақстан әйелдері» журналына жариялаған да З.Байдосов болатын.

Ол көшірме сурет қазір менде. Сол суреттің негізінде Есеттің бет-бейнесінің бірнеше нұсқасын жасағанмын. Бірақ өз жұмысыма өзім қанағаттанбадым. Себебі бұл бет-бейнеден мен елестеткен Есетті көре алмадым. Фотокөшірмеге жүгінсек, сол кезде, яғни 1859 жылы Есет 56 жаста болуы керек десек, бұл адамға 40-45 жастан артық бере алмайсыз. Мүмкін түпнұсқада (архивтегі суретте) бір қателік кетпеді ме екен деген де күдік жоқ емес», – дейді. Көріп отырсыздар, жоғарыдағы пікірлердің барлығы да Есет батырдың 1803 жылы туды дегенге күмәнмен қарап сенімсіздік білдіріп отыр.

Ал енді Есет батырдың туған ­жылын растайтын айғақты дереккөз мына ­басылымда табылды. Еліміздегі «Мәдени мұра» аясында қолымызға тиген «XVI-XX ғасырлардағы орыс деректеріндегі Қазақстан т­арихы. VIII том, 2 бөлім. Орданың ең құрметті, беделді мүшелері туралы» (Алматы, «Дайк-Пресс 2006.) еңбегінің 199-200 беттерінде: «1852 ж., 15 сәуір, Орынбор қазақтарының Орта бөлігінің билеушісі, коллегия хатшысы К.Ф.Груздьтың Орынбор шекара комиссиясының төрағасы М.В.Ладыженскийге жасаған баяндамасы.

№1

Қосымша. Орданың Орта бөлігінің ең құрметті және беделді ордалықтардың тізімі.

1. Көтібаров Есет, батыр, би, Көтібар батыр мен бидің ұлы, 43 жаста. Бойы ұзын, сымбатты, қызылшырайлы... көзі кішкентай, сұрша, кірпігі сирек біткен, сақал-мұрт қойған. Оған қарап оны ордалықтардан ылғи ерекшелеп тұратын қиын істердегі тайсалмас батылдығы мен табандылығынан байқайсыз. Оның ­физиогномиясына қарағанда, бұл ең мейірімді, ең ынсапты адам деп айтуға болады... Жеке мөрін пайдаланады. Көшпелілер мекені: жайлауы – Шет-Ырғыз, Ор өзендерінің бойын­да және Ембі мен Тау өзендерінің жоғарғы жағы; қыстауы – ...Доңызтау. Үш әйелі, он ұлы, алты қызы бар. Жағдайы өте жақсы. Табиғи ­интеллект және қабілеттілік дәрежесі өте жақсы, лайықты білім, шешуші мінезге ие. Орданың құрметіне ие болған батыр атағын алып, ол тек өз бөлімшелеріне ғана емес, шекті руына ықпалын жүргізеді...» деп таңбаланған. Құжатта Есет батырмен бірге тізімде 16 адамның өмірінен қысқаша мәлімет берілген, бұл деректердің құндылығын мойындаған жөн. Солардың ішінде батырдың белгілі туыс жақындары да бар. Оны оқырман жоғарыда мысалға алған кітаптан тауып, танысуына ­болады.

Осы дерек «Алаш» тарихи-зерттеу орталығы, 13 том, 2-кітап, Қаракесек бірлестігі (Әлім, Кете, Шөмекей) 496-бетінде де берілген.

Есет батыр туралы тағы бір дерек «Қазақстан Республикасының Мәдениет комитеті. Арал-Каспий тарихы мен мәдениеті» (Мақалалар жинағы, 1-шығарылым. Алматы, «Құс жолы», 2001 жыл.) еңбегінің 155-бетінде көрсетіледі: Есет батырдың айырықша болмысы замандастарының да назарын аударған. Мысалы, фон Шульц еңбегінен мынадай үзінді келтірелік: «...Бұл жерде (Мұғалжар мен Шалқар көлінің арасында – С.А.) бізге бір кездері қырғыз даласының тарихында маңызды рөл атқарған адам келді, ол шекті болатын. Батыр Есет Қөтібаров, дала Шәмілі сынды тұлға, 1838–1858 жылдар аралығында 20 жылдық күрестен кейін ғана біздің билікке бағынды. Бұл 70-ке таяған, ақылды, жігерлі, қайратты, тау тұлғалы қария. Ол маған 60 верстен, қазіргі көшпенділер қонысы болған Қауылжұр алқабынан келді. ­Далада сөз жатпайды: Орынборда сөз сөйлемей жатып-ақ одан хабардар болып, ол жаққа осы мекенді басып өтетінімді білген... Әрине, ол бүкіл даланы жетік біледі, бізді жолдың қауіпсіз екеніне сендірді. Мен одан көптеген пайдалы ақпарат алдым, сондықтан мен бұл кездесуге өте қуаныштымын...»

Байқап қарасаңыз, фон-Шульц Есет Көтібарұлының жасын шамамен 70 жаста дейді. Жобалап айтса да, дәл айтқан. Себебі бұл кездесу 1880 жылы шілде айының ортасында болған еді.

Қорыта айтқанда, біріншіден, Груздь 1852 жылы ел аралап, Кіші жүздің Орта бөлігін жайлайтын ­ру-тайпалардың игі жақсыларын арнайы іздеп барып, танысып, олар ­туралы мәлімет жазып алған, солардың ішінде Есет Көтібарұлымен кездесіп, орысша білетін тілмаш қазақтар арқылы өз ­аузынан 43 ­жаста деп жазып алған. Олай ­болса, бұған дейінгі біз айтып жүрген Есет батырдың 1803 жылы немесе 1807 жылы туғаны болжам, жорамал болып келеді. Есет батырдың 1809 жылы туғандығы анықталып отыр. Бұл бұлтартпастай тарихи дерек көз.

Екіншіден, Есет Көтібарұлы 1852 жылы 43 жаста болса, 1809 жылы туғаны туралы тарихи дерекпен дәлелденген ақпаратты бір жүйеге келтіретін уақыты келді.

Аманғали МҰХАМБЕТУЛИН

АҚТӨБЕ

365 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №10

10 Наурыз, 2022

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы