• Руханият
  • 23 Маусым, 2022

«КЕҢЕСШІЛ ЕЛ КЕМДІК КӨРМЕЙДІ»

ҚР Президенті жанынан құрылған Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы облыс мәртебесін қайта алған Ұлытау өңірінде өтті. Ұлттық құрылтайдың қазіргі құрамында Мәжіліс ­депутаттары мен ҚХА мүшелерінен, азаматтық қоғам мен ­саяси партия өкілдерінен, сарапшылар мен өңірлердегі қоғамдық кеңес мүшелерінен, кәсіпкерлерден жасақталған 117 адам бар. Құрылтайда елдің сөзін сөйлеген бірқатар мәселелер талқыланды. Мәселен, ақын Светқали Нұржан Торғай облысының аманатын айтты: «Елдің бір өтінішін айта кеткім келіп отыр. Ұлтымыздың ұстазы, ұлы көсеміміз Ахмет Байтұрсынұлының туғанына биыл 150 жыл толып отыр. Торғай елінің азаматтары маған аманат жүктеді. «Сен жеткізші, бұл жалғыз Торғай емес, бүкіл қазақ елінің арман-тілегі ғой. Ахмет бәріміздің төбеміздегі алтын шырағымыз ғой. Анау туған топырағы Сарытүбекті бір қамқорлыққа алып, ­назарын салса екен. Сол жерге жол тартылса екен, ата қорымы құрметтелсе екен, қыстауының орны ертеңгі тойына дейін бір қалыпқа келсе екен» деп жатыр», – деді ол. Құрылтайда айтылған пікірлердің бір парасын оқырман назарына ықшамдап ұсынамыз. 

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ:

КЕЛЕСІ БАСҚОСУДЫ КИЕЛІ 
ТҮРКІСТАНДА ӨТКІЗУДІ ҰСЫНАМЫН

Қазақ құрылтайларының бәрі ел дамуына зор өзгеріс әкелген. «Кеңесшіл ел кемдік көрмейді» деген нақыл сөз содан қалса керек. Біз бабалар жолын ұстанып, Құрылтай шақыру дәстүрін жаңғырттық. Елдігімізді нығайтып, бірлігімізді бекемдейік деп, бүгін бас қосып отырмыз. Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысын Ұлытауда өткізуге ұйғарым жасалды. Ұлық ұлыстың бастауында тұрған Жошы хан кесенесінің іргесіне ақ шатыр орнаттық. Мұның зор символдық мәні бар. Елдің бірлігі, ұлттың тұтастығы дегеніміз – осы.

Құрылтайға келер алдында тұтас елдің атынан ұлы Жошы ханның рухына Құран бағыштап, құрбан шалдым. Жаңа Қазақстанды құру жолындағы тарихи қадамның киелі жерден басталуы – жақсы ырым. Бәріміз бабалардың аруағы қолдап, ісіміз оңынан болсын деп тілейміз. 

...Ұлттық құрылтайдың ­Ұлы­тауда басталғаны дұрыс болды. Киелі өлкеміз Жаңа Қазақстанды құру жолындағы бірліктің ­символына айналды.

Осы орайда, мен тағы бір маңызды бастама көтергім келеді. Бұл жерде барлық рулардың таңбасы тасқа жазылған. Сол арқылы ­бабаларымыз ұлт бірлігін көрсеткен. Қаныш Сәтбаев «Еліміздің ­Ту тіккен жері – Таңбалы тас» деген. Өкінішке қарай, қастерлі жазулар кейін әбден бүлінді. Ел азаматтары Ұлытауға ескерткіш қойып, тастағы таңбаларды жаңғыртты. Бірақ бұл жеткіліксіз деп ойлаймын.

Мұнда қазақтың бірлігін әйгілейтін сәулетті нысан тұруы керек. Әулиетаудың етегінде Мемлекеттік рәміздер алаңын ­ашуды тапсырамын. Қасиетті өңірде көк байрағымыз асқақтап тұруға тиіс. Сол арқылы ұрпақтар сабақтастығы жалғасып жатқанын көрсетеміз. ­Тамыры терең мемлекеттігіміздің жаңа дәуірі басталғанын білдіреміз...

 

БІРІНШІ.

Жалпыұлттық бірлікті нығайту

Біз демократия дәстүрі жетілген, мықты азаматтық қоғам құрамыз. Бұл – стратегиялық бағытымыз. Осы бағдарды берік ұстануымыз керек. Соңғы үш жылда бұл салада біраз нәтижеге жеттік. Билік пен халық арасында мазмұнды диалог орнаттық. Бұған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі зор септігін тигізгенін атап өткім келеді. Сол арқылы бірқатар озық идеялар ұсынылды. Митингілер туралы демократиялық заң шықты. Партиялық сайлау тізіміне әйелдер мен жастар үшін отыз пайыздық квота енгізілді. Қоғамдық кеңестердің жұмысы жандана түсті. Саяси жаңғыру бағ­дарламасы арқылы оң бастамалар лайықты жалғасын табары сөзсіз.

ЕКІНШІ.

Реформалардың  мән-маңызын халыққа түсіндіру

Ең бастысы, біздің бағдарымызды халықтың басым көпшілігі қолдап отыр. Азаматтарымыз елімізде түбегейлі өзгеріс болатынына сенеді. Дегенмен референдум табысты өтті екен деп, босаңсуға болмайды. Нағыз жұмыс енді басталды.

 

ҮШІНШІ.

Жаңа технологиялар арқылы

халықты ауқымды  реформаларға қатыстыру

Құрылтай – белгілі бір адамдар ғана бас қосатын жер емес. Ол, шын мәнінде, жалпыұлттық жиынға айналуы керек. Бұл – өте маңызды міндет.

Жаңа цифрлық технология­ның мүмкіндігін кеңінен пайдалануымыз қажет. Сонда мемлекет пен халықтың қарым-қатынасы барынша тиімді болмақ.

Qurultay деген арнайы мобильді қосымша әзірлеуді ұсынамын. Сол арқылы халық елді жаңғырту туралы ой-пікірін онлайн режимде айта алады.

...Тағы бір маңызды жұмыс – бұл тарихи әділдік орнату. Бір кездері ұмытылып кеткен ұлт перзенттерінің есімін қайта жаңғыртуымыз керек. Ел тағдырын айқындаған тарихи оқиғаларға лайықты баға берген жөн. Соңғы екі жылда бұл бағытта көптеген жұмыс атқарылды. Ұлтымыздың көрнекті тұлғаларының есімі ардақталды. Тарихи даталар қалпына келтірілді. Осылайша, еліміздің шынайы шежіресі жазылып жатыр.

Былтыр еліміздің академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазу туралы тапсырма бердім. Қазір Қазақстан тарихының көп томдығы әзірленіп жатыр. Белгілі ғалымдарымыз жұмылып, осы маңызды іске атсалысуда. Мен өзім де бұл жұмысқа үлесімді қосамын. Оны келесі жылдың ортасында түбе­гейлі аяқтау керек. Дегенмен мәселе уақытта емес, сапада. Тарихымыз жүйелі, шынайы, ең бастысы, тәуелсіз елдің көзқарасымен жазылуы керек.

...Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек.

...Мемлекеттік рәміздерімізге, ана тілімізге деген құрмет әрқашан жоғары болуға тиіс. Қазақ тіліне қатысты алаңдаушылық елдегі жағдайды дұрыс түсінбегеннен туындап отыр. Шын мәнінде, бұрынғы ахуал мен қазіргі кезеңді мүлде салыстыруға келмейді. Мемлекеттік тілдің тұғыры күн өткен сайын нығайып келеді. Оған қоса, әлемнің басты ақпарат құралдары қазақша шығып жатыр.

Жақында әйгілі «APPLE» компаниясы қазақ тілін iOS-тың тілдер жүйесіне қосты. Әлемнің 40 тілін­де тарайтын «NICKEL ODEОN» ­телеарнасы қазақша көрсетіле ­бас­тады. Жастардың бастамасымен «NATIONAL GEOGRAPHIC» журналы 6 жылдан бері ана тілімізде жарық көруде. Осындай көптеген жағымды жаңалықтар бар. Бірақ, бұл жеткілікті емес. Сондықтан қатты алаңдауға негіз жоқ деп ойлаймын. Десек те, осы саладағы жұмысымызды даңғаза жасамай, табандылықпен жүргізуіміз қажет.

Қазақ мемлекеті аман тұрғанда, қазақ тілі жасай береді. Бұған ешқандай күмән болмауы керек. Біздің елде ұлтына, тіліне бола ешбір азаматтың құқы шектелмеуге тиіс... Ғылым, оқу-ағарту жүйесінде маңызды өзгерістер, тіпті ауқымды реформалар керек. Қазақ тілі ғы­лым­ның, техниканың, бизнестің тілі болуына үлес қосайық.

Тілге байланысты тағы бір маңызды мәселе. Бұл – латын әліпбиіне көшу туралы. Кейбір қоғам өкілдері біз әлі күнге дейін кириллицадан арыла алмай жатырмыз деп алаңдаушылық білдіруде. Бірақ, ең алдымен, бұл лингвистикалық тұрғыдан өте күрделі мәселе. Осыны жақсы түсінген жөн.

...Содан кейін ғана латын әліп­биіне ауысу жөнінде айтуға ­болады. Асығыстыққа жол бермеуіміз ­керек. Тіпті көшедегі билбордтар мен министрліктердің атауына қарасақ та жеткілікті. Тіліміз бұрмаланып кетті. Ашығын айту керек, бұл қазақ тілінің табиғатына жат, тіпті тілімізді мазақ қылу сияқты көрінеді. Мұндай үстірт жасалған тіл реформасының қажеті жоқ.

Бізге нақты реформа керек. Тіл – ұлттың жаны. Оған немқұрайлы қарауға мүлде болмайды. Сондықтан біз тіліміздің мәртебесін арттыратын графиканы ғана қабылдаймыз.

...Қазақ даласында ел тағдыры шешілген тарихи орындар аз емес. Ұлытаудан бөлек, Ордабасы, Мәртөбе, Күлтөбе сияқты қастерлі жерлеріміз бар. Келесі басқосуды киелі Түркістанда өткізуді ұсынамын. Құрылтайдың әр аймақта өтуі сол өңірдің дамуына серпін береді. Оның мүшелері әр жолы бір өңірдің тыныс-тіршілігімен танысады.  

Мен халқымыздың жасампаздық рухына кәміл сенемін.

Жаңа Қазақстанды бәріміз бірге өркендетейік!

Қазақ елінің мәртебесі биіктей берсін!

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Президент сөзінің соңында даңқты ақын Мұхтар Шахановқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беру туралы Жарлыққа қол қойғанын айтып, еліміздің ең жоғары марапатын ақынға ұлт ұясы – Ұлытаудың төрінде тапсырды.

Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ, Ұлытау облысының әкімі:

ҚАЗІРГІ ҚҰРЫЛТАЙ ПРЕЗИДЕНТТІҢ КЕҢЕСІ ІСПЕТТІ

– Ұлттық құрылтайдың Ұлытауда өтуінің символи­калық мағынасы қандай?

– Ұлттық құрылтай өтетін орын есебінде Ұлы­тауға таңдау түсуі кездейсоқ жағдай емес деп ойлаймын. Қазақ мемлекеттілігі Жетісу жерінде құрылғанымен, қазақ хандығы үшін Ұлытаудың орны ерекше. Себебі бұл мекен ұлы хандардың ұлы ордасына айналған жер. Ұлы хандар туын тіккен, ұлы ордалардың алқалы жиыны өткен өңір.

Құрылтайға қатысушылар былтыр ғана ашылған Жошы хан мемлекеттік тарихи-мәдени кешенінде бас қосты. Бұл да мемлекетшілдіктің үлкен символы ­болар деп сенемін. Жаңа Қазақстанның жаңа құндылықтары осындай қасиетті жерде аталып өтуінде үлкен мән бар деп ойлаймын.

– Құрылтайға өзіңіз бастан-аяқ қатыс­тыңыз. Онда қозғалған мәселелер Парламентте, Үкіметте айтылып, қозғалатын тақы­рып­тардан несімен ерекшеленеді?

– Парламент те, Үкімет те – мемлекеттік органдар. Ұлттық құрылтай – қоғамдық орган. Өзекті мәселелер әр Құрылтайда кезең-кезеңімен көтерілетін болар. Бірінші Құрылтайда да халық арасында талқыға түсіп жүрген бірқатар маңызды тақырып қозғалды. Бір ғана мысал айтайын, негізгі мейрамымыз – егемендік мерекесін 25 қазанға ауыстыру да жиі көтерілетін мәселе-тұғын.

Жалпы Құрылтай мүшелері президенттің қоғамдық кеңесшілері іспетті. Олар қоғамдағы өзекті мәселелерді ел ішінде жүріп Президентке тікелей жеткізіп отырады. Айта алмаса жазбаша түрде ұсынысын береді. Әрбір облыста міндетті түрде Құрылтай өкілдері болады. Облыстардағы қоғамдық кеңестер міндетті түрде өз мүшелерін Құрылтайға жібереді. Бірінші құрылтайға жаңа құрылған үш облыс: Ұлытау, Абай, Жетісу облыстары мүшесін ұсынуға үлгермей қалды, себебі облыстық қоғамдық кеңесті енді құрып жатырмыз.

Тағы бір түсінгенім, бұл қатып қалған мүшелік емес, белгілі бір уақытта Құрыл­тай құрамы алмасып тұрады. Кейінгі бас­қо­суларда осы Құрылтай мүшелерінің әрқайсысы Президенттің өзіне тікелей сұрақ қоюға, елдің талап-тілегін айтуға мүмкіндік алады.

– Бұл Құрылтайды бұрнағы қазақ Құрыл­тайларының жалғасы деуге бола ма? Неге?

– Құрылтай – қазақтың қасиетті ұғымы. Ел тағдырындағы шешуші кезеңдерде Құрылтай шақырып, тұлғаларды жинап, ақылдасатын. Бұл Құрылтай сол дәстүрдің жаңғыруы. Қазіргі Құрылтай Президенттің кеңесі іспетті. Құрылтай бұрынғы және қазіргі дәстүр алмастығы, Президентпен бетпе-бет кездесіп отырып, ел өкілдерінің пікірін айтуы, ел мәселесін қозғауы, қандай тақырыптарды да ел болып алқалап шешуі.

– Өзіңіз Құрылтайға бастан-аяқ қатыс­тыңыз. Кімдердің пікірі ұнады?

– Ешкімді бөле-жарғым келмейді. Әрқайсының да пікірі маңызды. Асқар Жұмаділдаев, Әлихан Бәйменов, Светқали Нұржандардың пікірі көптің көңілінен шықты деп ойлаймын. Үш-төрт адам өздері сөз сұрап сөйледі. Олардың да көтерген тақырыбы маңызды.

Бұл алғашқы отырыс қой. Әлі де осы мінберді пайдалана отырып биліктің алдында өзекті мәселелер көтеріледі деп сенеміз.

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ, ҰҒА академигі:

ҰЛЫТАУ ЖОЛЫ

«Ұлттық құрылтай қандай жолды нұсқады және алғашқы жиыны несімен есте қалады?» деген сұраққа жауапты 4-5 дәйекке сүйеніп айта аламыз:

Дәстүрлі иманды жол. Жаңа Қазақстан елдіктің жаңашыл белесін мемлекеттілігіміздің бастауында тұрған хандардың рухына тағзым етуден бастады. Бұл жол тарихқа, дәстүрге адалдықты, жаңа ұрпақтың бойында Ұлы даладағы кемі 5 мың жылдық жасампаздық, мемлекетшілдік тарихымыздың игі әсері буырқанып жатуды талап етеді. Бұл бүгін парасатпен, білім-білікпен, жаңа технологиялармен толысады.

Құндылықтарды халыққа жақын ету жолы. Егемендік пен тәуелсіздік ұлықталатын Республика күні – 25 қазан, азаттық жолында шәйіт кеткен қаһармандарға Тағзым күні – 16 желтоқсан болып айқындалғаны да жақсылықтың нышаны. Біз елдік және мемлекеттік құндылықтарға келгенде асып та, тасып та кетпеуіміз қажет. Мәселен, ұлттың мың тұлғасына мың ескерткіш тұрғызу міндет те емес, мүмкін де емес. Бірақ мың тұлға б­арын айқындайтындай бір ескерткіш ­немесе айшықты кешен тұрғызуға ақыл, талғам қажет. Еліміздегі әрбір мейрам, меже, тіпті ұжым басқосуы да ұлтқа, жұртқа қызмет етуі абзал.

Еңбектің қадір-қасиетін ұғыну жолы. Еңбекқорлық – құндылыққа, ұлт сипатының асыл қасиетіне айналу қажеттілігі қадап айтылды. Мұның да халық үні, халық мүддесі дей аламыз. Бүгінгі қала да, дала да, мектеп те, мола да, көше де, аула да еңбек қолын, шын жанашыр адамды күтіп тұр. Бізге аға буын еңбектің не екенін, табан ақы, маңдай тердің пайдасын көрсетіп кетті. Ал біз соны балаларымызға, немерелерімізге көрсетіп жүрміз бе? Мәселен, былтыр Маңғыстау малы қуаңшылықтан оматылып жатқанда, өлеңді өңірлердің сай-саласында пішен орылмай, қалалар аумағында қол техникасымен шабылған шөп қоқысқа лақтырылды. Бәріміз былғары затты жақсы көреміз, баршамыз табиғи өнімнен киім кигіміз келеді. Бірақ сіз бен біздің ауылда жүн-жұрқа шашылып жатыр, тері-терсекке ит те жоламайды... Әрине, «әрекетке – берекет», қимылдаған жан еңбектің көзін табады.

Әділдікті түйсіну мен өмір салтына айналдыру жолы. Бұның Ұлытауда, ұлттың төрт тарапын басын қосқан тарихи орында айтылуының саламағы да, жөні де ерекше. Қоғамның, елдің әділдігі сөзінде емес, ісінде болуы шарт. Әлбетте, әділдікті өмір салтына айналдыру отбасыдан, мектептен басталып, Отанның үлгісімен, халықтың турашыл қағидатымен өрістейді, дамытылады. Әділ ниет, әділ жұмыс, әділ тоқтам, әділ шешім, әділ әрекет, әділ пәтуа, әділ байланыс, әділ баға, әділ ынталандыру т.б. – әділ жүйені құрайды. Біз, бәріміз – болмысымызбен, тағдырымызбен, ұстанамымызбен соның бөлшегіміз. Өзіміздің де, өзгенің де, жалпы еліміздің де қандай болмағы – осы әділдік айнасында тұр.

Ғылым-білімді өзектендіру мен қуаттандыру жолы. Қазақ тілін ғылым, техника, бизнес тіліне айналдыру сөз болды. Ана тілімізді IOS тілдер жүйесіне қосқан «Apple» компаниясы секілді әлемдік ынта-ықыластың мәні пысықталды. Шүкір, нарық заманында көп нәрсені тұтынушының саны шешеді. Естеріңізде ме, осы компьютер көбейе бастаған 2000 жылдардың басында «қазақ қарпі» мәселесі – бас ауруымыз болатын. Дискке жазған мақаламыздың жанына қаріп файлын қосымша тіркейтінбіз. Қытай бизнесмендеріне рақмет, кейін компьютер ішіне қазақ қарпі енгізіліп шығатын болды. Осы жерде демографияның пайдасына тағы бір мысал айтқымыз келеді. АҚШ-та көлік жүргізу үшін рұқсат құжатын алу емтиханын өзбек тілінде тапсыруға болады. Өйткені, ең басты талап – сол елдің заңдылықтарын, тәртібін білу. Ал тіл – коммуникация. Бұл елде өзекеңдер көбейген соң, осы амалға барған. Біз «АҚШ-та қазақ көбейсін!» демейміз, айтпағымыз – мәселені нарықтың реттей алатындығы. Осы тұрғыдан келгенде, қазір университеттердің қазақ бөлімінде оқитындардың саны 70 пайызға жуықтаса, оларды мемлекеттік тілдегі оқулықпен қамтамасыз етуді Қазақстан нарығы неге шеше алмай жатыр? Дерек үшін айтайық, түрлі мамандықтарды қазақ тіліндегі оқулықтармен қамтамасыз ету – 10-12 пайыз шамасында ғана екен... Құрылтайда осыған дейін аударылған гуманитарлық бағыттағы әлемдік 100 оқулық жобасы секілді, жаратылыстану-техника саласынан да классикалық оқулықтарды тәржімелеу мәселесі көтерілді. Бұл – бір. Екінші, ойлана қарасақ, елімізде қазақ тілінде оқулық жазғандарды ынталандырудың қаншама жолы бар. Мәселен, бұл (оқулық жазу) доцент, профессор атағын алудың тікелей өлшеміне енгізілсе (яғни Скопус мақаласының орнына), елеулі нәтиже берер еді.

Ұлытау жолы – елдіктің жолы, парасаттың биігі. Халқымыз «Жол мұраты – жету» деп бекер айтпайды. Әлемдік, өңірлік сын-қатерлер күрделенген тұста Қазақстанды оразды елдердің қатарына апаратын жол ашық, іс-әрекет берекелі болғай!

 

Асқар ЖҰМАДІЛДАЕВ,

физика-математика ғылымдарының докторы,

Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор:

– Мен үшін Жаңа Қазақстан деген ұғым үш нәрседен тұрады. Бірінші, сөз бен істің жақындығы. Екінші – әділеттілік. Үшінші – жалпы ұмтылыс. Осы үшеуі орындалса, төбедегі келеді. «Жаңа Қазақстан құрамыз» деген ұғым дұрыс. Бірақ, менің пікірімше, «Жаңа Қазақстан» деген сөз «Ескі Қазақстанды» терістету деген сөз емес. «Ескі Қазақстанда» жаңа нәрселер де көп болған. Соның жақсысын алып, оған жаңа сипат беріп, халықтың игілігіне жұмсай білейік.

Әлихан БӘЙМЕНОВ,

Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитетінің төрағасы:

– Жаһандану сынағына төтеп беру үшін біз жаңа технологияларды игерумен қатар, ұлттық озық дәстүрлерімізді сақтап, әлемге қазақтың көзімен, ұлттық мүдде тұрғысынан да қарауға қол жеткізуіміз қажет. Сондықтан қазақ тілінде және қазақ туралы заманауи формада ақпарат, білім, әдебиет көздерін қалыптастыру маңызды. Осы орайда, құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, қазақ тарихындағы ұлы тұлғалардың образын пайдаланатын компьютерлік ойындарға және комикстерге халықаралық бәйге жариялауды ұсынамын. Қазақ «Сөз – көмек, тіл – құрал» дейді. Көмек көлемді, құрал заманауи болуы үшін қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтумен қатар, сөздік қорды жүйелі жаңғырту қажет.

...«Хабар» және «Қазақстан» телеарналарын қоғамдық телекорпорация­ларға айналдыру қажет деп ойлаймын. Қоғамдық құндылықтар үшін бәсекелестікте отандық контент сапасымен қатар, ақпараттық қауіпсіздік те маңызды. Біз бейбіт саясат мемлекетіміз. Пандемия денсаулықтың, ал қасіретті қаңтар мен Украинадағы соғыс бейбітшіліктің қадірін терең түсіндірді. Сол себепті Конституциямызға сәйкес, қай елден таратылса да, соғыс пен жауыздықты, ұлт пен мемлекетаралық өшпенділікті дәріптейтін телехабарларға Қазақстан аймағында тыйым салынуы қажет деп есептеймін. Қазір ұлттық дәстүрдің жаңғыруымен қатар жастардың ата дінімізге бетбұрысы байқалады. Осыған орай ұлы бабаларымыз әл-Фараби мен Қожа Ахмет Ясауи, Абай мен Шәкәрім дәстүр, дін, ғылым мен еңбек арасындағы үйлесімді табу жолын аманаттап кеткенін ескеріп, Жаңа Қазақстанда осы үлгіні заманауи тәсілдермен жүзеге асырған жөн деп санаймын.

Ал тарихтағы ақтаңдақтар санадағы ақтаңдақтарға айналатынын ескере келе, өткен жүйелер мен оқиғаларды әділ бағалау маңызды. Осы ретте тиісті мемлекеттік комиссия Алаш қозғалысына саяси баға берсе, қоғамдық сана бір серпіліп қалар еді. Ең бастысы, бәрінен де қастерлі тәуелсіздік, мемлекет тұстастығы, ел бірлігі, жер иелігі, мемлекеттік тіл тағдырына келгенде барлығымыз бірігіп, ортақ құндылықтарымызды қорғауға тиіспіз. Осы сауапты да жауапты істе Ұлттық құрылтайға баянды табыс тілеймін.

406 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №10

10 Наурыз, 2022

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы