• Мәдениет
  • 14 Шілде, 2022

Өнер қонған шаңырақ

Сахна саңлағы, әнші Отаркүл Оразбайқызы Үкісары әжесінің бауырында ­еркелеп өсіп, бала күнінен «кішкентай жұлдыз» атанды. Уақыт өткен сайын Отаркүлдің ­таудай талабы ұшталып, есімі аудан көлемінде таныла бастады. Сол кездері оның орындауындағы «Алатау», «Қыз қуу», «Менің Қазақстаным» секілді туындылары көпшіліктің көңілінен шықты.

Жасөспірім шағында спортқа да қатты қызықты. Әсіресе волейбол, баскетболдан өткізілетін түрлі деңгейдегі жарыстарға үзбей қатысты. Ал жүгіруден алдына жан салмады. Түрлі фестивальдерде халықтың назарын ерте аударғандықтан әнсүйер қауым Отаркүл Мұқатова болашақта сахна шебері атанарына күмән келтірмеді.

Ол кезде қазақтың жігіттері мен қыздары сонау Алматыда оқуды армандайтыны ешкімнен де жасырын емес-ті. Себебі ару шаһар нағыз мәдениет пен өнердің орталығы-тын. О.Мұқатова да үй ішінің келісімімен бұрынғы ару астанаға аттанды. Бұл 1971 жылдың жаз айы еді. Табиғаты талайды тамсандырған таңғажайып қала Торғайдың қабілетті қызын жатсынған жоқ.

Құжатын қазіргі Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжіне тапсырды. Кең байтақ еліміздің барлық өңірлерінен келген құрбыларымен бірге сынақтан сүрінбей өтті. Мінезі ашық-жарқын, жайдары Отаркүл қатар құрбы­ларымен тез тіл табысып кетті. Ұстаздан да жолы әбден болды. Оған вокалдан профессор Хадиша Садықова дәріс берді. Сабаққа айрықша ден қойып, тәлімгерінің айтқанын мүлтіксіз орындайтын  болашақ әншіге тәлімгерінің де ықыласы ауды. Сол арадағы ізгі қарым-қатынас, шеберлік сыныптары оқу орнының дипломын алғанша жалғасты.

Зейінді бойжеткеннің жасыл желекті шаһар мен мәдениет ордаларынан алған тәлімі мен түйгені де мол. Өйткені бұлар театрлардағы күнделікті болып жатқан тағылымды қойылымдардан, үлкен концерт залдарында өтетін кештер мен кездесулерден қалмайтын.

О.Оразбайқызы эстрадалық-цирк колледжін тәмамдаған соң бұрынғы Целиноград облыстық филармониясына әнші болып қабылданды. Осы өнер ұжымындағы «Армандастар» ансамблінің бір мүшесі ретінде түрлі деңгейдегі концерттік бағдарламаларға белсене қатысып, келешегінен үлкен үміт күттіретін дарынды әнші екенін анық байқатты.

Сонау 1970 жылы Торғай облысы ашылғанда, партия комитетінің идеология жөніндегі хатшылығына ұлтымыздың біртуар перзенті Өзбекәлі Жәнібеков бекітіледі. Ол мұнда лауазымды қызметке кірісісімен руханият мәселесіне айрықша назар аударған еді. Өңірдегі дарынды жандардың жолын ашып, олардың жұртшылық алдында жарқырап көрінуіне барын салды. Сол уақытта мұражайлармен қатар, 1974 жылы «Шертер» фольклорлық-этнографиялық ансамбльдің құрылуына тікелей ұйытқы болды. Оған біраз тәжірибе жинақтап, үлкен сахнаның қыр-сырына қаныққан О.Мұқатова да арнайы шақырылады.

Кіл талантты, қазақтың атадан балаға мирас болып келе жатқан әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін жетік білетін жастардан тұратын өнер ұжымы қысқа мерзім ішінде қарымдарын танытты. Репертуарларын тың туындылармен толықтырып, шеберліктерін тынбай шыңдаумен болды. Ұлтымыздың абырой-беделін көтеріп, мәдениетімізді өзге мемлекеттерге де мойындатты.

Ансамбльдегі жігіттер мен қыздар Үндістан, Иран, Корея, Польша, ­Жапония және басқа да бірқатар елдерге сапар шегіп, көрермендерін тәнті етті. Ансамбль мүшелері киген ұлттық киімдері мен орындаушылық қырлары олардың ерекше ықыласын тудырды. Солардың арасында Отаркүл  Оразбайқызы дараланып тұратын.

Қай салада да кәсібіне адалдық ­танытып, алға ұмтылған маман көздеген биігіне көтерілетіні ақиқат. Әніне сәні келіскен О.Оразбайқызы 1983 жылы Мәскеу қаласында ұйымдастырылған Бүкілдүниежүзілік жастар мен студенттердің ХII фестивалінде лауреат атанып, туған жеріне үлкен қуанышпен оралды. Әншінің өмірінде репертуар маңызды орын алады. Шырқалатын туындының мәтіні мен әуезі үйлесімін тапса, тыңдармандардың жүрегін жауламай қоймайды. Сондықтан жыл ­сайын жаңалыққа жаны құштар өнерпаз өзінің талғамына сай шығармаларды таңдап, ақын және композиторлармен тікелей байланыста жүреді.

Отаркүл Оразбайқызы Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов, Бақытжан Байқадамовпен қатар Торғай топырағынан түлеп ұшқан Болат Хамзин, Бақытжан Сәуекенов сынды композиторлардың шығармаларын жүрекпен орындайды. Мысалы, оның халық көп сұрайтын туындыларының бірі – ­Болат Хамзиннің «Торғай қызы». Гастрольге шыққан кездерінде шалқар шабытқа жетелейтін туындыны орындатпай сахнадан жібермейді. Бұл ғажайып әннің сөзін жазған қазақтың талантты ақыны, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Серік Тұрғынбекұлы. Сазгер Бақытжан Сәуекенов әншінің дауыс диапазонын, кәсіби деңгейін жоғары бағалайды. Әнші қыз сазгердің «Торғайым – алтын бесігім» деген шығарманы әуелете шырқайды.

Отаркүл Мұқатова 2001 жылы Арқалық шаһарындағы жасөспірімдер театрына басшы болып келді. Өнер ұжымындағы актерлерді ортақ мақсатқа жұмылдырып, талғампаз көрерменге лайықты спектакль­дерді ұсынуға көп көңіл бөлді.

Жоғарыда айтып өткен «Шертер» фольклорлық-этнографиялық ансамблінде ғұмырлық серігін де жолықтырды. Жары Сайлаубек Ордабаев та республикалық байқауларда талай рет топ жарған табиғи дарын-ды. Сонау бір жылдары оған Мемлекеттік сыйлықтың иегері, айтулы ақын Ғафу Қайырбеков пен Қазақстанның халық әртісі, көрнекті өнер майталманы Кәукен Кенжетаев ақ баталарын бергені көпшіліктің есінде. С.Ордабаевтың репертуарындағы Теміржан Базарбаевтың «Ауылым», Қалибек Деріпсалдиннің «Айлы түнде» және басқа да сазгерлердің әсем әндерін тыңдарман ерекше ықыласпен тыңдайтын.

Оразалы ЖАҚСАНОВ

1227 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы