• Cұхбаттар
  • 14 Шілде, 2022

ТҰЛҒАЛАР: ТӘРБИЕ, ТАҒЫЛЫМ, ТӘЖІРИБЕ

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанболат Аупбаев «Ана тілі» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбайдың сұрақтарына жауап береді.

– Тәрбие. Тағылым. Тәжірибе. Бұл ұғымдар­дардың мәні зор, мағынасы кең екені бәрімізге жақсы мәлім. Сондықтан, ағасы, бүгінгі әңгімемізде біз соның бір ғана қырын алып қарас­тырсақ дейміз. Ол аталмыш сөздердің өзіміздің журналистикаға, оның атақты өкілдерінің өмірдегі көргендері мен түйгендеріне қарап ой толғау. Сөйтіп, солардан пікір өрбіте отырып, тәлім боларлық тәжірибелерді баспасөзіміздің бүгінгі буынының есіне салу.

– Дұрыс. Олай болса әңгімеміздің әлқиссасын тәрбие сөзінен бастайық. Бұл ұғым, біздің пайымдауымызша, жеке тұлғаның адамдық бейнесін қалыптас­тырып, оны өмірге бейімдеу үшін жүргі­зілетін игі әрекет, тәртіп пен мінез-құлық дағдысы дегенге саятын сияқты. Ол табиғи, кітаби және заманауи тәрбие ­болып бөлінеді. Бұлардың алдыңғы екеуі елге белгілі. Оларға көп тоқталып, түсініктеме беріп жатудың қажеті жоқ. Дегенмен қысқа ғана сөз етер болсақ, бұл жас кездегі ата-ана, отбасы, балабақшадан алған тәлім мен одан кейінгі мектеп, университет қабырғаларында оқыған жылдардағы ұстаздар ұлағаты, оқытушылар лекцияларынан үйренген үлгі-өнеге негіздері деген сөз ғой. Ал заманауи тәрбиеге келсек, былай. Адам қанша жерден: «Мен мектеп, институт бітіріп, ақыл-ойым толысқан азаматпын. Қалтамда дипломым бар жоғары білімді маманмын» дегенімен күнделікті өмірден, өзі еңбек ететін ортадан үйренбей, тәрбие алмай тұрмайды. Міне, сондағы үлгі-өнегелікке бастар кейбір жәйттер сенің бойыңдағы өзің бұрын байқамаған кем-кетіктерді түзетеді. Жеке басыңдағы өзге де жетімсіздіктерді жоюға жәрдемдеседі. Бұл жөнінде өз өмірімнен төмендегідей мысал келтірейін.

Мәдениеттанушы ғалым М. Әуезовпен әңгіме. 
Алматы. Орталық кітапхана. 2005 ж.

...1974 жылдың көктемі еді. «Лениншіл жас» газетіне жаңадан жұмысқа орналасқан кезім. Көкбазардың қарсы бетіндегі тоғыз қабатты Баспасөз үйінде сол жылдары қазақтың кіл мықты марғасқалары қызмет істейтін. Атап айтсақ: Құрманбек ­Са­ғын­дықов, Төлеубай Ыдырысов, Балғабек Қыдырбекұлы, Мұзафар Әлім­баев, Тұманбай Молдағалиев, Сейдахмет Бердіқұлов, ­Фариза Оңғарсынова, Қалдарбек ­Найманбаев... Бәрі-бәрі де осындағы газет-журнал басшылары еді. Міне, былайғы жұрт «кіші Жазушылар одағы» деп атап кеткен аталмыш ғимаратқа жоғарыдағы ағаларымызбен бірге кіріп, бірге шығып жүрдік. Сонда осы кісілердің сұсы баса ма, жоқ әлде мысы баса ма, білмеймін, әйтеуір өз басым: оларды көргенде сәлемдесуден тайсақтап, қор­ғалақтап, ыңғайсыз күйге түсетінмін де қалатынмын. Тумысынан бұйығы, тұйық боп басылып өскен ауыл балаларының көбіне тән осындай кісікиік мінезімнен арылтқысы келді-ау деймін, бас редакторымыз Сейдахмет Бердіқұлов апталық лездемеде: «Бізде Мұзағаң, Мұзафар Әлімбаев сияқты үлкен ақындарымыздың өзін көзге ілмей өте шығатын жігіттер пайда болыпты. Бұл жарамайды. Амандасуға да кісі ұяла ма екен? Ондай жасықтықты қойыңдар», – деп, бұдан былай кім-кімнің де болсын бойынан мұндай әбестіктің қайталанбауын ескертті.

Әңгіменің өзім туралы болып отырғанын ішім сезген мен жиналыс үстінде де, одан кейін де не істерімді білмей қатты қысылдым. Ақыры жасырынып жүріп жан сақтай алмасымды білдім де Сейдахмет ағаға кірдім. Сөйтіп, бұл кемшіліктің бөтен ойдан тумағанын түсіндіре бастап едім: «Осы сөзіңді маған емес, Мұзағаңа барып айт. Ол кісі алыста емес қой. Мына біздің төбемізде отыр», – деді. Осылай деген бас редактор: «Келген соң маған хабарлас», – деді қысқа ғана.

Содан «Балдырған» журналы орналасқан тоғызыншы қабатқа барайын. Бас редактор болып жұмыс істейтін Мұзағаңа кірейін. Ол кісіге өз тарапымнан бір кемшіліктің кеткенін, мұның бөтен ой, бөгде пиғылдан емес, тырнақалды туындымды жаңа жазып жүрген жас тілші менің есімдері елге танымал таланттармен тереземді тең ұстап сөйлесіп, сәлемдесуге әлі ерте, дәрежем оған жеткен жоқ-ау деп именуден барып туған ағаттық екенін тілімнің жеткенінше түсіндіріп ­айтайын. Мұны естіген Мұзағаң ішек-сілесі қатқанша күліп, мәз-мейрам болсын кеп.

– Дәл осындай жағдай ертеректе менің басымнан да өткен, қарағым, – деді ол кісі. – Оқасы жоқ. Өмірде бәрі де болады. – Сөйтті де: – Жүр, бойың үйренсін. Сені ақын-жазушы ағаларыңмен таныстырайын. Есіңде ұста, ұстазым Мұқан Иманжановтан алған тәрбием бұл, – деп көрші бөлмедегі өзінің жауапты хатшысы Тұманбай Молдағалиевке ертіп апарды. Одан соң «Білім және еңбек» журналының бас ­редакторы Қалдарбек Найманбаевтың кабинетіне кіріп, танысу рәсімін ­жасаттырды. Қайтып келе жатқанымызда «Қазақстан коммунисінің» бөлім меңгерушісі Төлеубай Ыдырысов кездесе қалсын. Жолбасшым ә дегеннен-ақ «Лениншіл жастың» жаңа қызметкері екенімді айтып, ол кісімен де қол алыстырып жіберді.

Мұзағаңның алдынан осылай өтіп, түсіністікке қол жеткізген соң Сейдахмет ағаға келіп бар жағдайды айтпаймын ба. Сонда ол кісі: «Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында Рудзутак деген керемет басшы болыпты, – деп бастады әңгімесін. – Міне, сол қайраткердің оқу бітіріп, халық шаруашылығы саласына қызметке келген қыз-жігіттерге айтар ­мынадай дана сөзі бар екен. Ол: «Кез келген ­зауыт, фабрика немесе артель мен шахтаға жұмысқа қабылданған маман үшін мұнда жаңа, жас адам деген ұғым жоқ. Сондықтан кім-кім де өз еңбек жолын бастаған мекемелерінде түске дейін ғана жаңа қызметкер, ал түстен кейін кәдуілгі толыққанды негізгі кадр деп есептеледі. Өйткені уақыт бізден соны талап етіп отыр», – деген қағида. «Мұны саған айтып отырғаным, – деді жоғарыдағы жәйтті баяндағаннан соң Сейдахмет аға, – сен өзің тарихы, дәстүрі бар «Лениншіл жас» атты газетке қабылдандың ғой. Міне, осыдан бастап коллектив, төңірегіңдегі ел өзіңе жас, жаңа деп қарамайды. Жұрт сені республикалық үлкен басылымның қызметкері, өкілі деп біледі. Сондықтан үлкенді-кішілі нәрсенің бәріне сергек қарап, газет атына лайық бола білуің керек. Мұнда ұсақ-түйек деген болмайды. Мәселен, үлкендерге сәлем беріп, алдарынан кесіп өтпеу. Барынша ілтипат көрсетіп, ізеттілік таныту. Бұл енді айтып жатуды қажет етпейтін ақиқат. Осыны ұмытпа!».

Содан бастап мен тәрбиенің өз бойымдағы жетіспеген бір кемістігін анық байқап, оны түзетуге ерекше күш салғаным бар. Ол «Сәлем – сөздің анасы» деген халық нақылын бойыма терең сіңіру арқылы жүзеге асқан еді. Соның арқасында кейін өзім де өзгелерге: «Амандасуға да кісі ұяла ма екен? Сәлем беру үлкендерге деген құрмет, ілтипат. Бұл сенің ат жалын тартып мініп, азамат қатарына қосылғаныңның белгісі», – деп ақыл айтатын болдым.

– Қалай ойлайсыз, біздің пайымдауы­мызша бойыңыздағы мұндай «әттеген-айлардан» арылу онша қиынға түспеген шығар. Жоқ әлде, бұл үдерістің одан басқа да қиын жақтары бар ма екен?

– Иә. Бар болып шықты. Оны халқымыздың сөздік қорындағы «көп екен көргеніңнен көрмегенің» немесе «бәрін де жүре келе білесің» деген ұғымдар дәлелдегендей. Оған: «Адам өмір бойы үйренумен өтеді» атты тұжырымды қоссақ, тұлғалардан алар тәрбие мәселесі сенің ес біліп, етек жапқаныңның өзінде саған біразға дейін  ілесіп келеді екен. Бұған өз өмірімде кездескен мына мысал дәлел.

1981 жылғы шілдеде республикамызда үлкен бір дата атап өтілетін болды. Ол Қазақстанда жасақталған атақты 8-гвардиялық дивизияның құрылғанына 40 жыл толуы еді. Соған байланысты «Лениншіл жас» газеті атынан мен халық батыры Бауыржан Момышұлынан  сұхбат алуға бардым. Қарияның қашаннан бергі қиын мінезі бар емес пе? Міне, соған сай басталған аумалы-төкпелі әңгіме біраздан соң қалыпты жағдайға түсті де сұхбаттасуымыз жаймашуақ күйде өтіп жатты. Бірақ соның өзінде ол кісі ара-тұра маған қатқылдау тіл қатып қалып отырды. Сөйтсем менің, менің ғана емес сол кездегі замандастарымның бойындағы мінәйі бір мінездерге байланысты ширығып, шамданғаны екен ғой жарықтықтың. Оны кетерде маған: «Тоқта!» – деп отырғызып қойып өзі айтты. «Менің, – деді ақсақал, – сендерге көп ұрсатыным бар. Оны орынсыз қыжырлыққа санамаңдар, қарақтарым. Бұл тиісуге қара таппағандықтан емес. Халқымызда: «Ата – балаға сыншы» деген сөз бар. Ұрыссам – бойларыңдағы мінді көріп қалып ұрсамын. Көрген кемшілікке көз жұмып қарау – қасиетімде жоқ нәрсе. Өмірде жалтақ болмаңдар. Біреудің аузына қарап, соның айтқанына көніп, айдауында жүруді ізеттілік осы екен деп жаңсақ түсінбеңдер. Үлкеннің айтқанын екі етпеу, сөзге тоқтау – сыйластықтың, әдептіліктің әліппесі екені рас. Бірақ тек сонымен шектеліп қалушылық жас адамға пайда бермейді. Оған қосымша өзіңнің кісілігің, жол білер азаматтығың болуы керек. Әйтпесе біреудің айтқанына көніп, айдауына жүру немесе «барып кел, алып кел» дегеннің адамы ретіндегі қолбала болу жасқаншақтыққа, кіріптарлыққа ұшыратады. Сендер бейқұт, жақсы ­заманда уызға жарып туған ұрпақсыңдар. Сондықтан батыл болыңдар. Бастарыңды тік ұстап, еркін жүріңдер. Жүректеріңде жігер, жанарларыңда от ойнап тұрсын. Понятно, тебе!».

«Ойпырмай... – дегенмін сонда редакцияға қайтып келе жатып. – Отызға иек артып қалсақ та он сан олқылықтарымыз бар болып шықты-ау, мына шалдың алдында. Біз өзі қашан адам боламыз осы?..».

Сөздің тоқетері, біз, міне, өстіп өстік. Өстіп ержеттік. Өстіп өмір сүрдік. Өстіп ғұмыр кешіп келеміз. Өйткені: «Сырт көз – сыншы». Қанша жерден «көре-көре көсем боласың» дегенімізбен, «адам боп келіп өмірге, адам боп жүру көп қиын» екен.

– Енді тағылым туралы сөз қозғасақ. Бұл жөнінде журналистикадағы аға ұрпақ өкілдері бойынан нені байқап, нендей жәйттерді білдім деп ойлайсыз?

– Тағылым – кең ұғымға ие сөз. Ғылымда ол бұрынғы және қазіргі ұлттық тәжірибелердің жиынтық қоры деп сипатталады. Оның негізгі мағынасын қарапайым тілмен айтар болсақ, бұл: тәлім мен үлгі-өнеге және ғибраттық уағыз деген сөз. Дана Абай өзінің сүйікті ұлы Әбдірахманның қазасына шығарған өлеңінде: «Ел ішіне сау келсең, Тағылым айтпас ер ме едің? Жол көрсетіп сонда өлсең, Арманым бар дер ме едім» деп бекер айтты дейсің бе? Немесе ақын Қалижан Бекхожин толғауларының біріндегі: «Ақылын ағалардың тағылым тұттық, Ар-ұят ұялаған кеудемізге» деген сөйлем жолдарын алайық. Осы арқылы автор үлкендерді тыңдап, олардан ғибрат алдық деп тұрған жоқ па?

Бұл айтып отырғанымыз тағылым ұғымының жалпақ жұртқа белгілі бір жағы. Ал оны екінші қырынан алып қарасақ... Иә, заман, уақыт талабына байланысты сараласақ... Ол өмірде мынадай жағдайға да байланысты қолданылып жүр. Бұл өзің опық жеген бір нәрседен оны енді қайталамайтындай сабақ алу. Байқамай басқан қате қадамыңнан қорытынды жасауға тырысу. Сөйтіп, өзіңнің басыңнан өткен қиын оқиға зардабынан өзгелерді сақтандыру. Айтып отырған пікірімізді: «Өткеннен – тағылым» деп ескерткен халық сөзі дәлелдеп тұрған жоқ па? Мысал керек болса, айтайық.

ХХ ғасырдағы орыс әдебиеті әлемінде Леонид Мартынов деген арлы ақын болды. Біреу білер, біреу иә білмес, өзіміздің Олжекең, Олжас Сүлейменовтің талантын тұңғыш таныған адам еді ол. Сөйтіп, өндірдей жас қазақ жігітінің тырнақалды туындысын өзінің жүрекжарды алғысөзімен «Литературная газетаға» жариялатқан, міне, осы кісі-тін. Сол ғажайып жан 1958 жылы ойда-жоқта опық жеді. Ол Мәскеу жазушыларының жалпы жиналысындағы жарыссөзде партия функционерлерінің қысымымен атақты «Доктор Живаго» кітабының авторы Пастернакты айыптауға үн қосуы еді. Иә, ақын бишігештердің желкелеуімен сөйлеуін сөйледі-ау. Бірақ орнына келіп отырғанда не болғанын білмеді. Себебі тумысынан бекзат, бұған дейін әдебиет әлемінен басқа ештеңені білмеген және 1937-1948 жылдардағы саяси айғай-шуға араласпаған оған жоғарыдағы жағдай құдды бір қылмыс сияқты болып көрінді. Сөйтіп, мінбедегі әрекеті ақынға өзі білетін әріптес қаламгердің ту сыртынан оқ атқаны секілді жағымсыз әсер қалдырып, жандүниесін түршіктірді. ­Содан бастап ол әдеби ортадан алыстады. Жазған небір ғажап өлеңдерін 10 жыл бойы газет-журналдарға бермеді. Өз арын өзі осылай жазғырған ақын тек 1969 жылы ғана Мәскеудегі әдебиетшілер қауымы алдына бір рет шықты. Ол оның «45-ші параллель» кітабының қолжазбасын ЦДЛ-дағы жанашыр достарына көрсетіп, политехникалық музей ғимаратында өтіп жатқан бір шығармашылық кешке жолай соққан сәті еді. Залда көрермен ретінде отырған ақынды байқап қалған кеш жүргізушісі оны құрметпен сахнаға шақырды. «Өлең оқыңыз. Иә, өлең... Ел сізден осыны күтіп отыр», – деді. Сонда Леонид Николаевич мына өлең жолдарына ерік берген еді. «Какие вам стихи прочесть? Могу прочесть стихи про честь, Могу прочесть и про бесчестье – Любые вам могу прочесть я, Могу любые прокричать, Продекламировать вам грозно. Вот только жалко, что в печать, Они попадут все же поздно».

Көріп отырған шығарсыздар, құрметті оқырман. Мұнда ашыну бар. Сезген боларсыздар, бұл жыр жолдарында түңілу мен торығу да білінеді. Байқамауларыңыз мүмкін емес, онда сондай-ақ наза мен нала, өкініш те жеткілікті. Түсініп-түйсіне білсек, ақынның айтқандарының бәрі ащы мағынадағы ақыл, сабақ, кеңес. Ескерту мен сақтандыру. Ғибрат. Ал бұл тағылым емей, немене?!.

Осы арада: «Бізде, яғни өзімізде жоғарыдағыдай мысалдар болған жоқ па? Аға ұрпақ өкілдері өміріндегі ондай опынып, өкінген жағдай кездессе, мұны кейінгі буынның одан сабақ алуы үшін неге бүгін сөз етіп айтпасқа?» ­деген сауал туындауы мүмкін. Иә, дұрыс. Түсінеміз. Себебі кезінде орын алған қиын да күрделі әрі қиғаш үдерістердің салдарын бағамдауға өзге емес, өзіміздің табиғи түйсік-танымымыз негізінде түсініп, білсек деген ой ғой. Айтайық.

Ұмытпасам, 2009 жылдың көктемі ­болуы керек. Менің қолыма мемлекет және қоғам қайраткері Кәкімжан Қазыбаевтың қойын дәптеріндегі шағын жазба келіп тиді. Оны жіберген Кәкеңнің аяулы жары Орынша апа Қарабалина мен жиені ­Бекен Нұрахметов еді. Бұрын еш жерде жарияланбаған орыс тіліндегі мәтінді оқығанымда, көз алдым бұлдырап, не болғанымды білмей кеттім. «Апырай, – дедім ішімнен күбірлеп, – қылқандай жас кезінде республикалық «Лениншіл жас» газетінде жауапты хатшы қызметін абыроймен атқарғанын былай қойғанда, кейін ҚазТАГ атты алып ақпарат агенттігінің ­директоры, Орталық Комитеттің идеология жөніндегі хатшысы, одан саяси-теориялық «Қазақстан коммунисі» журналының бас редакторы лауазымындағы  ағамыздың өмірден баз кешетіндей таусыла сөйлеп, түңілуіне не себеп болды екен? Ол кезде біз бұл кісімен бір редакцияда жұмыс істедік қой. Сонда қатар жүріп, басшымыздың жанайқайға толы ішкі күйзелісін қалай сезбегенбіз?». Блокнот парағындағы бір беттік орысша мәтін астында «1987 г. 12.09» деген белгі тұр. Ал жазбаны үстірт қарап, бейжай оқу тіптен мүмкін емес. Өйткені онда Мәскеудің Алматыдағы Желтоқсан оқиғасынан кейін қазақ халқын қаралаған қаулысына байланысты шыңғырған шындық шырқырап тұр. Онда былай делінген:

«Я долго был приговорен силами тихой машины давления к молчанию. Сегодня у меня душевный взрыв, Я не могу молчать, когда задевается честь и совесть моего ­народа.

Я был бойцом идеологии, был ­идеологом от мозга до костей. Я был готов ­пожертвовать собой ради коммунистического идеала. Одно постановление по нашей республике, так называемое по патриотическому и интернациональному воспитанию, перевернуло все в моей душе. Когда целый мой народ назван националистом, при том на глазах всей страны, я потерял всякую веру к окружающим, к верхам, которые мною руководили ­долгие годы, к самому себе. Вот что сделал ­непродуманный, невзвешанный документ со мной и не только со мной.

Сегодня на нас давит тот же самый ­документ, оглядываемся, боимся. ­Берет верх страх, а не разум. Этот страх ­бросает то в одну, то в другую крайность. Под ­давлением этого страха уничтожаем ­лучшую силу, лучших людей. По крайней мере душим.

Сегодня душится мой язык. Умрет язык, умрет народ. Казахский язык в ­реанимационном состоянии. Если дед не понимает внука, если отец обьясняется с детьми на ломанном русском языке, можно считать это нормальным с  точки зрения ленинской национальной  ­политики. Большинство Казахов не знают родной язык.

При таком положении нужен такой Закон, нужен прежде всего для оживления со смертельного положения самого казахского языка. 

Я предпочитаю культ личности, чем культ болтовни. К.Казыбаев. 12.09.1987 г.»

Міне, бұл бір кездегі бас идеологтың өз қоғамы туралы айтқан өкінішті сөзі. Өмір бойғы еңбегінің желге ұшқаны жөніндегі пұшайман пікірі. Бұдан: «Идеалдарға адал болдық. «Аға ұлтқа» құрметпен қарадық. Бақытты болашақ бар дегенге сендік. Өкінішке қарай, біз өмір сүріп, қызмет еткен мемлекетіміздің саясаты іс жүзінде олай болмай шықты. Әсіресе ұлт мәселесінде. Соның салдарынан кеңестік кезеңдегі үлкен-кішіміздің бәрі дерлік алданған ұрпақ болдық. Сендер, кейінгі буын, біз сияқты бос ұранға бой алдырмаңдар», – деген ойды аңғарғандаймыз. Және: «Әсіреқызыл үгіт-насихатқа бас-көз жоқ беріліп кетпеңдер. Билікке қызмет етудің өз өлшемі бар екен. Оған кейін барып қана көз жеткіздік. Одан жасар қорытынды: тиісті шектен, қалыпты жағдайдан асып кетпеңдер», – деп ескерткендей. Иә, бұл ишара билік пен саясатқа көзсіз сену қасірет деген сөздер ғой. Осыны байқап, бағамдағанда теолог ғалым Айнұр Әбдірәсілқызының 2011 жылдың 28 қазанындағы «Егемен Қазақстанға» берген сұхбаты еске түседі. Тілшімен арадағы әңгімесінде ол ғ.с.Мұхаммед пайғамбардың Құрандағы өте бір сирек сөзін келтіреді. Онда: «Ештеңеге де.., тіпті дінге де тым беріліп кетпеңдер», – деп жазылған екен. Осы ғақлияның өзі көп жайды аңғартып тұрған жоқ па? «Өткеннен – ғибрат», – деген, міне, осы.

– Жарайды. Жақсы. Ал тәжірибе ше? Иә, тәжірибе. Қазақ журналистикасының көрнекті өкілдерінен қалған озық әдіс... Орнықты жұмыс үлгілері... Бұл жөнінде не айтар едіңіз?

– Тәжірибе дегеніміз белгілі бір мамандық иесінің жаңа істі қолға алып, жүзеге асырған, кейін оның жалқыдан жалпының игілігіне айналған жұмыс дағдысы емес пе. Мұның тамаша бір үлгісін «Лениншіл жас» газетінде жұмыс істеп жүргенде көріп, оны ұмытпай есте сақтап қалғаным бар. 1976 жыл еді. Партияның ХХV съезі алға қойған міндет – сапа бесжылдығында елде өте шұғыл деп айтарлық ұйымдастыру жұмысы қолға алынды. Ол жер-жердегі ұжымдардың бәрінде бұрыннан бар социалистік жарыстың жаңа формасы табылсын. Қолға алынып, өрістетілсін деген пәрмен еді. Әділіне келсек, мұнымен өндіріс, ауыл шаруашылығы салалары, солардағы цех, бригада, ферма, шахта секілді өнім өндіретін ұжымдар, ғылым, білім орындарындағы жаңалық ашу үшін еңбектеніп жатқан зерттеу орталықтары мен лабораториялар айналысуы тиіс-тін. Ал күніне бір газет, айына жалғыз журнал шығаратын жұмыс көлемі белгілі творчестволық мекемелер социалистік жарысты қалай, қайтіп қолға алмақ? Ұзақ уақыт бойғы пікір алмасудан кейін жастар газетінің редакциялық алқасы төмендегідей ұйғарымға келді. Ол мұндағы 10 бөлімнің әрқайсысына өздерінің жеке күш, идея, жоспарларымен араға екі жеті сала отырып бір оқылатын  сапалы да әдемі нөмір шығаруға қол жеткізуді жүктеу. Осы арқылы редакциядағы қоғамдық ұйымдар өкілдерінен құрылған комиссия өзара бәсекеге түскен олардың жарыс қорытындыларын тоқсан сайын шығарып,  бағалап отыру.

Бұл шараның тиімділігі мынада дер едік. Ол қызметкерлердің еркін ойлап, қимылдауына жол ашу. Газетке тың идея­лар алып келіп, бөлімдерге жаңа авторларды тарту. Осы арқылы тілші, бөлім меңгерушілерін орындаушылық психологиядан арылту. Сөйтіп, олардың белгілі бір деңгейде деп айтарлық дербестігіне қол жеткізу. Содан аталмыш бастама 1976 жылдың көктемінен бастап жүріп кеп берді дейсіз. Нәтижесі газет басшылығы күткеннен де жоғары болып шықты. Оған дәлел: «бір бөлім – бір газет нөмірі» атты осы идеяны құптап, еліміздің түпкір-түпкірінен келген мыңға жуық оқырман хаттары. Бұған мысал: бір жылдан кейін Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің оны озат әдіс, озық іс деп бағалап, өзінің орыс тіліндегі органы «Ленинская смена» газетінің жұмыс үдерісіне де енгізуге ұйғарым жасауы. Және тағы бір атап айтарлық жай, осы «жаңа социалистік жарыс формасының» сөз етіліп отырған жастар басылымдарында айына екі реттен жарық көріп, 1985 жылға дейін өмір сүргенінде.

Халқымызда: «Өнегелі іс – өміршең» деген сөз бар. Өз басым осы ұғымның растығына 2000 жылы көзім толық жетті деп ойлаймын. Бұл жоғарғыдағы жәйттен 24 жыл өткеннен кейін «Егемен Қазақстан» газетінің қабырғасында болған оқиға еді. Аға басылымның Астанаға жаңадан көшіп келген кезі.  Жұмыс қауырт, іс көп. Редакциядағы қай жиналыс, лездеме, басқосулардың бәрі қызу пікірталаспен өтеді. Соның бірінде, бірінде емес бірнешеуінде: «Газетті ресмилік құрсауынан арылтып, қайтсек елге жақындатамыз? Қалай оқылымды етеміз?» деген мәселе ұзақ әңгіме тақырыбына айналып жүрді. Қорытынды сәт жақындағанда бас редактордың орынбасары ретінде пікір айту кезегі маған келген. Сонда: «70-80-жылдары «Лениншіл жаста» әр бөлім ойланып-толғанып сөз күшімен екі жеті сайын қызғылықты әрі мазмұнды бір нөмір шығаратын. Біз де сол дәстүр негізінде айына 16 беттік бір нөмірдің 1-2-ші беттерінен басқасына ресми дүниелерді араластырмай, тек қызықты мақала, тың туынды, танымдық кроссворд, әдемі фотоэтюд және көкейкесті тақырыпты көтеретін проблемалық материалдармен шығарып отырсақ, оқырмандар көңілін дөп басар едік» деген ой білдіргенім әлі есімде. Сол жерде бұл бастама бірден қолдау тапты. Бас редактор Ержұман Смайыл ағамыз оған «етжеңді» деп ат қойып бергені де бар. Ол: «Жақсы дүниелер көп сиятын етек-жеңі мол нөмір болсын» деген тілек еді. Содан бастап газеттің осы саны елдің асыға күтетін жансерігіне айналды. Кейін жұртшылық тарапынан: «Егеменнің» «етжеңді» нөмірін жиірек шығарсаңыздар» деген өтініш те айтыла бастады. Осыны ескеріп біз 2014 жылдың сәуірінен 2016 жылдың қарашасына дейін айына екі реттен шығарған да кездеріміз болды.

– Мархабат! Сөзіңіз аузыңызда. Осы жерде... иә, тағы бір тосын сауалға ­жауап бере кетсеңіз. Ол журналистикадағы аға буын өкілдерінің кездейсоқ оқиғадан ­туындап, соған байланысты өздері қызмет етіп жүрген газеттеріне қажет боп тұрған мақалаға қатысты қосымша дерек жинауда өзі мүлде ойламаған қадамға баруы. Осыған өмірлік мысал келтіре отырып жауап бере аласыз ба?

– 1979 жылы ақпанда Мәскеуден Алматыға атақты журналист Борис ­Полевой келді. Мақсаты – сол кездегі Қазақстан астанасында өтетін Тың игерудің 25 жылдығына арналған салтанатты жиналысқа қатысу. Дүбірлі іс-шарадан бір күн бұрын қонақ «Полигафист» мәдениет үйіне келді. Баспасөз өкілдерімен емен-жарқын әңгіме-дүкен құрды. Сондағы айтылған бір оқиға әлі есімде. Бұл 1954 жылы болыпты. АҚШ-тағы Кеңес елі делегациясының 20 күндік сапары енді басталғанда, осы топ құрамында жүрген Борис Николаевич елшілік қызметкерлерінен төмендегідей қызық хабарды естиді. Ол КСРО жұрты сүйіп оқитын «Бөгелек» кітабының авторы Этель Лилиан Войничтің Нью-Йоркте тұратыны еді. Иә, Кеңес Одағының оқырманы ол кезде романтикалық-патриоттық рухтағы бұл шығарманы өте жақсы білетін. Ал көрермен болса, аталмыш туынды негізінде түсірілген киноны асқан сүйіспеншілікпен көретін. Бірақ ХІХ ғасырда өмірге келген автор жұрт жадында жоқ еді. Себебі уақыт алшақтығына байланысты Этель Лилиан Войнич ХХ ғасырдың алғашқы жартысына дейін жетпеген, өмірден әлдеқашан өтіп кеткен жан деп есептелген. ­Содан не керек, Борис Николаевич бір кездері аты белгілі адам болғанымен, кейін мүлде ұмытылған осы жұмбақ жанға баруға бел байлайды. Сөйтеді де елшілік аудармашысын ертіп алып, өзі іздеген «Бөгелек» авторының пәтеріне келгенде, бұларды жасы 91-ге жақындаған қарт әжей қарсы алады. Қонақтардың аман-саулық сұрасқаннан кейінгі айтқан сөздеріне таңғалып, қатты толқиды. Ол бұл кейуана кітабының патшалық Ресей заманындағы 1898, ал КСРО уақытындағы 1928 жылдан бастап миллиондаған данамен жарық көріп келе жатқаны жөніндегі жағымды жаңалық еді. Үй иесі күтушісі екеуі тар пәтерде жұпыны ғана тұратын болып шықты. Өзі туралы қойылған сұраққа өте сараң жауап береді. Тек Кеңес Одағы оқырманына рақмет айтумен болады. Сөйтіп отырып ұзақ уақыт үнсіз қалады. «Бұл шаршағандықтың белгісі. Қарт кісіні енді мазаламаңыздар», – деген күтуші әйелдің сөзінен соң қонақтар оған КСРО-да авторлық құқық туралы заң бар екенін, соны негізге алып, кітап қаламақысын жіберуге ықпал ететіндері туралы жақсы хабар айтады да кері қайтады.

Елшілікке келген соң Борис Николаевич жоғарыдағы жағдайды Мәскеуге телефон соғып айтпай ма? Ондағы «Правда» газеті бұған жанып түседі. Өйткені оларға бұл нағыз сенсация еді. Сондықтан редакциядағы әріптестері  қаламгерді бірден 400 жолдық үлкен мақала жаз деп бас-көз жоқ қинасын келіп. «Бір апта ішінде тез жібер. Нөмірге саламыз» деп есін шығарсын. Қолдағы дерек мардымсыз. Там-тұм мәлімет. Тіпті жоқ десе де болғандай. Не істеу керек? Осы жерде кәсіби журналиске бір ой келіп, елшілік басшыларына қолқа салады. Нәтижесінде АҚШ-тың Конгрестер кітапханасынан Этель Лилиан Войнич жөнінде жалғыз анықтамалық кітап табылады. Өкінішке қарай, ол ағылшын тіліндегі дүние екен. Сондықтан шет тілінен мақұрым қаламгер не істеген дейсіз ғой. Елшіліктің бір қызметкерімен келісіп, оның жұмыс уақытының аяқталуын күтіп отырады да әр кеш сайын екі сағатқа әлгі шығарманы оқытады. Оқыған адам журналиске кітаптағы дүниенің бәрін емес, мақалаға керек-ау деген дерек, мәліметтерді ғана жинақтап, аударып беріп отырады. Өстіп олар үш күн жұмыс істейді. Соның арқасында Борис Николаевич көп фактіге қанығады. Сөйтсе Этель Лилиан ­Войнич тумысынан революцияшыл рухтағы адам екен. ХІХ ғасырдың 80-жылдарында Солтүстік ­Ирландиядан келген бойжеткен Ресейде екі жыл тұрып, патшалық ­самодержавиеге қарсы шыққан халықшыл Степняк-Кравчинскийдің ұйымымен байланыста болады. Кейін Италияға барып, ­Джузеппе ­Гарибальди секілді бостандықсүйгіш жандар туралы шығармаға материалдар жинастырады. Осы жерде халық кекшілі Артур ­Ревардес өміріне қызығып, соның негізінде «Бөгелек» романы туады. Кейін «Джон Раймонд», «Үзілген үміт» секілді шығармалар жазған Ұлыбритания азаматшасы 1931 жылы АҚШ-қа қоныс аударыпты. Міне, ағылшын тіліндегі кітаптан осы және одан басқа фактілерге елшіліктің аудармашы қызметкері арқылы қол жеткізген қаламгер «Правда» газеті берген тапсырманы орындауға отырады да оны айтылған мерзімде Мәскеуге жөнелтіп «уһ» дейді.

Мұны мен не үшін айтып отырмын? Борис Полевой айтқан осы өмірлік мысалдың содан 16 жылдан кейін маған көмекке келгені бар. Қалай дейсіздер ғой. 1995 жылдың шілдесі-тін. Республика Министрлер Кабинетінің жауапты қызметкері Сауытбек Абдрахманов «Халық кеңесі» газетіне телефон соғып, маған мынадай қызық дерек айтты. Ол Абайдың 150 жылдық тойы қарсаңындағы Қазақстан мәдениетінің күндерін өткізу үшін ҚХР астанасы Бейжіңге барғанда, сол ел армиясының әскери формасын киген қазақ генералын көріпті. Өкінішке қарай, хабар иесі сол күндердегі жоспарланып қойылған ресми, мәдени шаралардың көптігінен әлгі кісімен арнайы кездесіп, әңгімелесе алмапты.

– Бізбен бірге  екі телеоператор ­барып еді. Генералмен, міне, солар кездесуі мүмкін. Газетке қажет болып тұр деп сұрасаңдар, көрген-білгендерін айтып беретін шығар, – деді Сәукең сөзінің соңында.

Хо-о-ш, сонымен әлгі телеоператорларды іздейік. Бірақ сырттай көргенімен олар да жолықпаған, жүздеспеген болып шықты. Не істеу керек? Бұл қиындықтан байырғы журналист Ғалым Тыныбаев аға құтқарды. Ол кісі біз іздеп, сұрастырып жүрген қазақ генаралы туралы Үрімші қаласында деректі кітап шыққанын, егер қажет болып жатса, оны сол жақта тұратын інісі Жамбыл арқылы алдырып бере алатынын айтты. Ақыры солай болды да.  Арада ай жарым уақыт өткенде еларалық «Шалқар» газетінің Шыңжаңдағы меншікті тілшісі жіберген кітабы біздің алдымызда жатты.

Қараймыз, туынды қазақ тілінде болғанымен, ол араб қарпімен басылып шығыпты. Тағы да қиындық... Өйткені біздің білетініміз кириллица мен ­латын әріптері. Қайтпек керек? Осылай тығырыққа тіреліп отырғанда, ойымызға журналист Борис Полевойдың басынан кешкен оқиға түспесі бар ма? Қуанып кеттім. «Солай істеу керек. Иә, нақ ­солай...» деп күбірледім ішімнен. Сөйттім де секретариаттағы макет сызушы Дәулетбек Байтұрсынұлын шақырдым. Бұл жігіт тәуелсіздік таңы атқаннан кейін Қытайдан Қазақстанға ат басын тіреген қандасымыз еді. Қолдау көрсетіп, «Халық кеңесі» газетіне жұмысқа алғанбыз. Қытайша жақсы біледі. Араб әрпіндегі дүниелерді оқуға да өте жүйрік. Жағдайды айтып едім: «Абыржымаңыз. Көмектесемін», – деді. Содан екеуміз кешке редакцияда қалдық та келісілген жұмысқа кірістік. Дәулетбек заулатып оқиды. Ал мен тыңдаймын. Кітап беттеріндегі назар аударарлық ­деректер болса, қойын дәптеріме түсіріп ала қоямын. Сөйтіп отырып 3-4 күнде шет жұрттағы әріптесіміз Асылхан Бегенұлы деген автордың «Шыңжаң» баспасынан араб қарпінде шыққан «Хасен генерал» атты деректі кітабымен толық танысып шықтық-ау! Сөз етіліп отырған туындыдағы мәліметтер... Деректер... Қазір оларды тәптіштеп айтпай-ақ қояйын. Өйткені бұл фактілердің нәтижесі 1995 жылдың 31 желтоқсанындағы «Халық кеңесі» газетінде жарық көрген «Қытайдағы қазақ генералы» мақаласы еді.

Жасыратыны жоқ, кейде мәселенің мынадай да болатыны бар. Ол тәжірибе, оның түрлері дегенде үлкен жақтарын насихаттауға ұмтылатынымыз. Кәсіби маман, менің пайымдауымша, тәжірибе тақырыбында үлкен-кіші мысал деген болмайды. Ойда-жоқта туып, қиын кезде өмірге келген жағымды жәйттің бәрі тәжірибе. Тіпті елеусіз болса да. Оларды білетін адамның міндеті соларды төл журналистикамыздың кейінгі буынына жеткізе, түсіндіре білуде. Соның бір мысалы жоғарыдағы жәйттер дер едім.

– Осы сұхбаттағы өзіміз сөз еткен тәрбие, тағылым, тәжірибе ұғымдарына үлгі мен өнегенің де қатысы бар ғой. Әңгімеміздің аяғында осыларға да тоқтала  кетсеңіз. Мұндағы айтайын дегеніміз: «Бұлар кезінде журналистикадағы аға ұрпақ бойынан қандай көрініс тауып еді?  Ол қасиеттерден нені есте ұстап, нені қажетке жаратуға болады? – деген ой.

– «Лениншіл жаста» Бағдат Момбеков деген қария болды. Ол кісі редакцияда ретушер еді. Бұл газетке қажет деген фотосуреттердің кем-кетігін жөндеп, оларға «косметикалық» тұрғыдағы әрлендіру жұмысын жүргізетін мамандық-тын. Бір күні, міне, сол Бағдат ақсақалды іздеп, облыстық «Жетісу» газетінде қызмет атқаратын Жолдасхан ­Бозымбеков ағайдың келгені есімде. Бәрімізбен амандасқаннан кейін: «Әлгі журналды әкелдіңіз бе, Бәке?» болды ол кісінің алғашқы сұрағы қарияға. Ақсақал: «Иә», – деп басын изеді. Сөйтті де Жөкеңді бөлмесіне алып кетті. Аз-кем уақыттан соң келген адамын ертіп қайта шыққан қария онымен қоштасты да:  «Тыңдаңдар. Сендерге бұл үлгі болсын», – деп тосын әңгіменің тиегін ағытты.

Сөйтсек жаңағы Жолдасхан аға ертеректе осы жастар газетінде жұмыс істеген екен. 1959 жылғы күздің бір күнінде жоғары жақтан: «Қазақ КСР-ның ­Семей өңіріндегі кеңес-қытай шекарасында «Достық» теміржол торабы ашылады. Соған қатысты салтанатты шара ­газеттерде кеңінен көрсетілсін» деген пәрмен келеді. Сол бұйрықты негізге алған республикалық басылым басшылары өз редакцияларынан Ақтоғайға журналистер тобын аттандырмай ма? Олар мұнда ұшып-жығылып жетсе: «Өтетін іс-шараға  одақтық ТАСС, «Правда» және «Известия» басылымдарының өкілдері мен «Огонек» журналының тілшісі ғана жіберіледі, – дейді аупарткомдағы ұйымдастыру комиссиясының төрағасы. – Қажетті мәліметтерді солардағы жарыққа шыққан материалдардан алып, мақала жасаңыздар.  Бізге берілген соңғы нұсқау осындай. Сондықтан кері қайтыңыздар».

Мына хабарды естіген КазТАГ пен «Социалистік Қазақстан», ­«Казахстанская правда» газеттерінің журналистері бастықтарымен телефон арқылы бір-бір сөйлесіп алып, Алматыға бет алады. Бірақ «Лениншіл жастың» тілшісі Жолдасхан Бозымбеков әлденеге үміттенген күймен Ақтоғай вокзалы перронында жүріп алады. Үміттенгені, осы жерден шекарадағы бейтарап аймаққа арлы-берлі өтіп жатқан «товарняк» жүк пойыздары еді. Үшінші жолдағы кезек күтіп тұрған мосқал ­машинисттен сыр тартып сұрап көрсе: «Іс-шара өтетін бейтарап аймақты тексеріп жатқан ешкім жоқ. Тойға деп үй тіккен, қызыл ту көтерген екі ел делегациялары ән шырқап, би билеуде» – дейді мұртын ширатып қойып. «Онда мені ала кетсеңіз қайтеді. Ол қызықтан құр қалмайын. Мә, ақша! Керек болса алыңыз», – деп жабыса кетеді Жөкең редакцияның іссапарға берген қаржысының бір бөлігін жаңа танысының қалтасына тықпалап. «Жарайды», – дейді машинист. Сөйтеді де ағамызды құрылыс материалдары тиелген көп вагонның біріне жасырады. Іле пойыз қозғалып, жылдамдығын үдетеді. Сол кезде азынаған жел мен қара суықтан дірілдеген Жөкеңде ес қалмайды. Ақыры бақылау бекетінен асып барып тоқтаған «товарняктан» аяқ-қолы сіресіп, жерге әзер түседі. Төңірегіне қараса, дүркіреген той... Екі елдің өнерпаздары думандатқан концерт... Арғы жақ пен бергі беттің еңбек озаттары пікір алмасқан  ашық алаңдағы мәслихат... Осыларды көріп, көп адамнан сұхбат алған «Лениншіл жастың» тілшісі үгіт-насихат орталығы – қызыл отауға бұрылмай ма? Сонда ол бұл жерден «Достық» теміржолы бекетінің неше түрлі суреттері басылған  «Огонек» журналының қосымшасы болып шығатын орыс тіліндегі «Китай» атты үлкен пішімдегі журналдың үйіліп жатқанын көреді. «Тойға келгендерге тегін таратылуда. Ала беріңіз», – дейді кітапханашы қыз. Оның біреуін қолтығына қысқан ол екінші жолдағы жүрейін деп тұрған жүк пойызына жүгіріп, платформаға жабыса кетеді. Тағы да жел. Өн бойыңнан өтер қара суық... Өстіп отырып Ақтоғайға жетеді. Вокзалдың бір бұрышындағы буфеттің қара шайына жылына отырып, газетке керек репортажды жазуды бастайды. Одан оны Алматыға баратын жолаушылар ­пойызы вагонында жалғастырады. Таңертең қалаға келіп түскенде, материал дайын еді. Редакцияға жетіп, мақаланы, фотосуреттік репродукцияға қажет ­«Китай» журналын жауапты хатшыға табыс ете бергенде, еденге құлап түседі. Ауруханада екі ай жатқанда білгені жүк пойызындағы қалыптан тыс суық температурадан қос өкпесі қатты қабынған екен. Жолдасхан ағамыз, міне, өстіп газет тапсырмасын жанкештілікпен орындайды. Бірақ өзі аурушаң болып қалады.

– Мен «Достық» бекетіндегі редакцияға әкелген орыс тіліндегі «Китай» журналын (ол уақытта «Огонек» редакциясы жанынан КСРО-мен дос елдер арасынан жалғыз «Китай» басылымы емес, «Болгария», «Куба», «Вьетнам» журналдары қоса шығып тұратын – ред.) 1959 жылдан 1975 жылға дейін сақтап едім, – деген болатын Бағдат ақсақал сөзінің соңында. – Өткен жолғы бір кездесуде оны оған айтқанмын. Қажет болса ал дегенмін. Соған келгені ғой.

Бағдат қарияның мына сөзінен кейін біз Жолдасхан ағаға құрметпен қарайтын болдық. Ол кісіні басқа қырынан танып, жоғарыдағы батыл әрекетін үлгі тұтып жүрдік. «Жөкең осылай істегенде, біз неге оны жасай алмаймыз? Жасаймыз!» деп ­талай рет алға ұмтылдық та. Соның негізіндегі нәтижелер жаман болған жоқ. Мұны аға буын өкілінің үлгісі емес деп кім айтады. Айтпайды. Мойындайды. Білгендер сондай қадамдар жасауға ұмтылады.

Ал, енді өнеге ұғымына қатысты тә­жірибеге келер болсақ, оған тө­мен­дегі өмірлік мысалмен жауап берейін. 60-70-80-жылдардағы жазушы­ларымыздың арасында мынадай теріс тенденция болды. Ол тырнақалды ­туындысы газет-журналдарда жаңа жарияланған жас талап иелерінен бастап қабырғалы қаламгерлерімізге дейін журналист қауымының жазған дүниелеріне менсінбей қарауы еді. Айтатындары: «қасаң тілдің адамдары», «газеттік жұтаң сөздер иесі», «көркемдік дәрежесі жетімсіз туындылардың авторы» деген астамшыл пиғылдар-тын. Сол себепті баспасөздегі аға, орта буын өкілдерінің жазған көркем очерктері, деректі дүниелері еленбеді. Жазушылар одағының жылдық әдеби қорытынды жиындарында аталмады.

Бірақ енді мына  парадоксқа ­қа­­раңыз. Жоғарыдағы айтылған 60-70-80-жылдардағы «әдебиетке жауап­ты біз» дейтін сол жазушылар өз шығарма­ла­ры­мен ғана айналысып, жеке творчествосын күйттеп кетті де руханият әлемінің алтын бұлағы – шетел әдебиетінің озық туындыларын тәржімелеуді, сөйтіп ол жауһарларды кейінгі жас ұрпаққа таныстыру атты асыл парызды ұмытып кетті. Сөйтіп, олар сонау 50-жылдардың соңындағы, мәселен, Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік», қырғыздың халық эпосы «Манас» секілді асыл үлгілерді ұжымдаса аударған аға қаламгерлеріміздің жақсы дәстүрін ұмытты.

Міне, сол уақыттағы осы олқылықтың орнын кімдер толтырып, қалпына келтірді дейсіздер ғой. Журналистер! Иә.., иә, әдебиетшілердің баяғы өздері көзге ілмей: «сөздік қоры жұтаң», «газеттің қасаң тілімен қатып қалған» деп күстәналаған публицистер. Дәлел керек пе? Мархабат! Мінекиіңіз... Лев Толстойдың «Қажымұрат», Александр Бектің ­«Волокалам тас жолы» туындыларын аталған төлтумалардан да артық етіп тәржімелеген кім дейсіз ғой. Қарт журналист Құрманбек Сағындықов. Атақты Дюма әкейдің «Үш ноян» мен Александр Гриннің «Алқызыл желкендер» шығармаларын ше? Публицист Әбілмәжін Жұмабаев. Енді Фенимор Купердің «Могиканның соңғы тұяғы» хикаятына келейік. Оны аударған өмірін газетке, тек газетке арнаған баспасөз өкілі ­Тельман Жанұзақов. Ал Рувим Фраерманның оқырманға кеңінен танымал «Түз тағысы Динго», Михаил Булгаковтың «Ақ гвардия» еңбектерін кім қазақша сөйлетті деп ойлайсыздар. Журналистика жампозы Сарбас Ақтаев. Сөз ретіне қарай Эрнест Хемингуейді айта кетелік. Оның «Климанджаро қары» мен «Қош бол, майдан!» шығармалары ше? Бұларды ана тілімізге тәржімелеген байырғы газет қызметкері Құрманғазы Қараманұлы. Ал атақты латынамерикандық қаламгер Габриэль Гарсиа Маркестің «Жүз жыл жалғыздық» романы ше? Оны аударған баспасөзіміздің бір деген білікті өкілі Кеңес Юсупов. Сөз соңында Василий Шукшиннің «Өзімнен сұрар болсам» әңгімелер жинағын да айталық. Мұны ана тілімізде сөйлеткен кәнігі журналист Мәткәрім Әкімжанов. Валентин Распутиннің «Өмір сүр де ұмытпа» повестер жинағын да сөз етейік. Бұл озық әдебиет үлгісін тәржімелеген кәсіби журналист Әбдеш Қалмырзаев-тын.

Жә, айта берсек мысал көп. Міне, әлем әдебиетінің осындай қазыналарын «біз ­жазушымыз» деп үзеңгісі үзіліп түсердей боп шіренетін прозашылар емес, өздері «бұлар тілді білмейді» деп кемсіткен журналистер аударған болатын. Және аударғанда қандай?! Иә, біздің аға әріптестеріміздің тәржімелеген сол дүниелеріне зер салып көрсеңіз ешқандай «қасаң тіл», «жаттанды сөз тіркестерін» байқамайсыз. Жорғаның жүрісіндей тайпалып тұр. Сөзбен салынған суреттер, аудармадағы сәтті баламалар, бәрі-бәрі ризашылық сезімін тудырады. Бір қызығы, 70-80-жылдардағы баспасөз өкілдерін менсінбей жүрген сол ақсақал-қарасақал жазушыларымыздың көбі 90-жылдардан бері қарай өздерінің қалай мақала жазып кеткендерін байқамай да қалды. Бұл енді басқа әңгіме. Ал журналистиканың қай буыны болса да өздерінің бұрынғы кәсібін ауыстырған жоқ. Өнеге дегеніміз біле білсек, міне, осылар ғой деп ойлаймын.

6020 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы