• Тарих
  • 28 Шілде, 2022

ЭТИМОЛОГИЯДАҒЫ «АҚТАҢДАҚТАР»: БОЛЖАМДАР МЕН ЖОРАМАЛДАР

Байқаған жанға шеркеш руының да қазақтың басқа ірі рулары сияқты қазақ халқының ұлт болып қалыптасуында рөлі зор. 
Әрине, бұл жайт ғылыми ортаға таңсық дүние емес. Мәселен, Г.Е.Грумм-Гржимайло мынадай деректерге назар аударған: «Алшын ішіндегі шеркеш пен беріш сияқты түпкілікті рулар әу бастан қазақ деп аталған; шеркештерді көршілес тайпалар қазірге дейін қазақтар деп атайды...» (Ақселеу Сейдімбек. Қазақтың ауызша тарихы: Зерттеу. – Астана: Фолиант, 2008. 75-б.).

Жақында ұзақ жылдардан бері өзінің ата-бабасы тарихын аса зор сүйіспеншілікпен індете зерттеп жүрген әуесқой тарихшы, Ақжайық өңіріне белгілі азамат Нұрлыбек Шайдуллаұлы Брмановтың баспадан шыққан «Большой путь славного народа» атты тарихи-танымдық зерттеуі қолымызға тиді. Еңбек өте көлемді, 15 тарау, 424 беттен тұрады.

Оқырманға түсінікті болу үшін мына нәрсенің басын бірден ашып кетуіміз керек. Кіші жүз, соның ішінде он екі ата Байұлының белді де беделді руларының бірі саналатын шеркеш тарихына қатысты тарихи деректерді жылдар бойы жүйелеп, оған барынша ынта қойып, мұқият зер салып жүрген қаламгер бірте-бірте өзінің зерттеу нысанының аясын кеңейтіп, әлі күнге дейін ғалымдар мен оқымыстылар ортақ тұжырымға келе қоймаған Отан тарихы ғылымының арналы бір саласы – этимологиядағы кейбір «ақтаңдақ» мәселелерге «ауыз салған».

Тарқатып айтқанда, «шеркеш», «қазақ», «алшын», «түрік» этнонимдеріне ерекше тоқталып, соларға арналған тарихи зерттеулер мен ғылыми айналымдағы әдебиеттерге иек артып, оларды керегінше елеп-екшеп, зерттеудің мақсат-міндетіне сай еңбектерден үзінділер келтірген және оларға сілтемелер берген. Сайып келгенде, автор бай тарихи деректемелік қорды сын тезінен өткізіп, оларды тиянақты саралап, нәтижесінде өзінің жаңа жорамалы мен байыпты болжамын көпшілікке ұсынған.

Кітап авторының туған жері мен ата-баба тарихына деген ыстық ықыласы мен зор ­махаббатын мына сөздерінен-ақ анық аңғаруға болады: «Мен өзім қазақ халқының Алшын тайпасының Шеркеш руының ұрпағымын. Менің қанымда ерте заманда Еділ мен Жайықтың, Сыр мен Әмударияның, Турфан мен Алтайдың, Қара теңіздің айналасындағы Алазон деп аталған Алшындардың, Қап тауы мен Дон, Днепр, Ертіс айналасын мекендеген ежелгі тайпалардың үлесі бар екені сөзсіз».

Енді осылардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталайық:

Бірінші. «Қазақ» этнонимі қайдан шықты?» деген өзекті мәселеде ғылыми ортада мойындалған тиянақты тұжырым жоқ екені тарихшы қауымға етене таныс. Сан алуан көзқарас бар.

Зерттеушілер арасында «Қазақ» атауы 1245 жылы жарияланған қыпшақ-араб сөздігінде таңбаланып, оның мағынасымен берілгені белгілі. Осы мәселені 1894 жылы зерттеген голландық неміс ғалымы Хоутсманың әлдебір нүктеден қателесіп, яғни басында оны «қаңғыбас», «кезбе» деп қате аударғанына мамандар назар аударған. Кейін мұны қайта зерделеген ғалымдар «қазақ» сөзінің мағынасын «әл-муәррат» деп, яғни «үлкен үйден еншісін алып шыққан, отау көтерген» деген түсінік беретінін анықтаған. Автор АҚШ-тың Иельск университетінің тарихшысы Н.И.Ульяновтың өткен ғасырда шыққан «Происхождение украинского сепаратизма» кітабына арқа сүйеп, қазақ деген сөзді «табушы» (добытчик) деген қорытындыға келеді.

Нұрлыбек Шайдуллаұлы ойын одан ары былай жалғастырады: «Қазақ деген сөз екі буыннан тұрады: «Қаз» және «Ақ». «Қаз» – қазу (копать). Не үшін қазады, бірдеңе табу үшін (судың көзі ме, не болмаса басқа дүние ме?!).

«Қаз» (копай) – «Табу» – ­(добывать) ­синонимдер, дыбысталуы әртүрлі болғанымен, мағынасы бір-біріне жақын сөздер. Қазушы мен табушы бір мағыналы сөздер. «Ақ» (чистый, белый) – сөзінің синонимі «Нағыз» (истина).Қазақ – сөзі жалпы айтқанда «Нағыз Табушы» болады, орысша «истинный добытчик». Осылай қорытынды жасаған автор оның жоғарыда біз айтқан қыпшақ-араб сөздігімен де еш қайшылығы жоқ екеніне назар аударады.

Екінші. Автор «Шеркеш» атауының сырына үңіледі. Зерттеуші арғы ата-бабаларынан яки әлімсақтан бермен қарай ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан даланың ­ауызша тарихнамасына иек артып, «шеркеш» деген атау «жеркез» деген сөзден шыққан деп батыл тұжырым жасайды. Ізденушінің пайымынша, ауызекі тілде қайта-қайта айтыла бергендіктен «жеркез» сөзі «шеркешке» айналып шыға келіпті.

Осындайда автор жасаған түйін ғылыми тұрғыда қаншалықты негізді деген заңды сұрақ туындайды? Мұның қисынын Нұрлыбек мырза мынадан іздейді: ғасырлар бойы ата кәсібі көшпелі мал шаруашылығы болған халықтың, әрине, соның ішінде шеркештердің де жер кезбеске амалы жоқ-ты. Өйткені «Үйің жанға толсын, қораң малға толсын» деген қазақтың тұрмыс-тіршілігі көшіп-қонып, мал-жанға жайлы қоныс һәм жер кезумен тікелей байланысты.

Зерттеуші осылай сөз төркінін жіктеп, оған тереңдей еніп, мәселені талдай келе оқырман күтпеген түйін жасауға дейін барады: «Жеркезуші кім бола алады, ол тек нағыз табушы болуы мүмкін. Нағыз табушы аянбай, шаршамай жерді кезе алады.

Сонымен, «шеркеш» – «қазақ» бола алады. «Қазақ» нағыз «шеркеш» бола алады. Сол себептен жоғарыда айтылған ортаазиялықтардың, еуропалықтардың, орыстардың «қазақ», «шеркеш» синонимдер деуі өте дұрыс айтылған сөз». Мұндай тұжырымға Нұрлыбек Шайдуллаұлының жайдан-жай келе салмағандығын байқауға болады. Олай дейтін себебіміз, ол өз ойын сан алуан ғалымдардың көзқарастарын былай қойғанда, ерте заманнан келе жатқан халық ауыз әдебиетінің үлгілерімен дәйектеуді де ұмытпайды:

«Шеркештің Жайығы емес, Жайқысымыз,

Қылыштың түзуі емес, қайқысымыз,

Алашқа қазақ атын таратқан біз,

Келіспес дұшпандармен айтысымыз» (Брманов Н.Ш. Көрсетілген еңбек. 402-бет).

Байқаған жанға шеркеш руының да қазақтың басқа ірі рулары сияқты қазақ халқының ұлт болып қалыптасуында рөлі зор.

 Әрине, бұл жайт ғылыми ортаға таңсық дүние емес. Мәселен, Г.Е.Грумм-Гржимайло мынадай деректерге назар аударған: «Алшын ішіндегі шеркеш пен беріш сияқты түпкілікті рулар әу бастан қазақ деп аталған; шеркештерді көршілес тайпалар қазірге дейін қазақтар деп атайды...» (Ақселеу Сейдімбек. Қазақтың ауызша тарихы: Зерттеу. – Астана: Фолиант, 2008. 75-б.).

 Үшінші. Зерттеушінің келесі нысанаға алған негізгі атауларының бірі – «алшын». Ғаламтордағы Уикипедия мәліметінде: «Алшын – қазақ халқының құрамындағы ірі ұлыс, Кіші жүздегі Әлімұлы, Байұлы және Жетіру тайпалық бірлестіктерінің жиынтық атауы. Оның этимологиясы, түп мағынасы жөнінде отандық және шетелдік ғалымдар әр алуан, бір-біріне қайшы пікірлер айтып келеді» деп жазылған.

 Нұрлыбек Шайдуллаұлының пайымынша, «Алшын деген сөз екі буыннан тұрады. Ал – қолыңа ал, Шың – жоғарғы, жоғарыға қолыңды жеткіз. Жалпы айтқанда, Алшын – ойлаған мақсатына жет, жоғарғы билікті қолыңа ал деген тікелей тапсырыс».

 Әрине, біз бұл жерде автордың айтып отырғаны айдай ақиқат деуден аулақпыз. Тек жалғыз мен емес, басқа да тарихшы-әріптестерімнің осылай айтары сөзсіз. Бұл – тек бар болғаны ізденушінің өзіндік гипотезасы ғана. Соған қарамастан біз зерттеушінің осындай ой-тұжырымдары қаншалықты қисынға келетініне барлау жасауға міндеттіміз. Осы орайда төмендегі деректер өте назар аударарлық деп есептеймін.

 БҚО энциклопедиясы авторларының айтуынша, Алшын ұлысы қазақ халқының тарихында жауынгерлігімен даңқы шыққан. Халық аузындағы «...Кіші жүзді найза бер де, жауға қой» деген тәмсіл алшынның тарихи-этно-мәдени, геосаяси сипатын, ментальдық болмысын аңғартады. Қазақ елінің бірлігіне, жерінің тұтастығына қауіп бұлты төнген шақта Әбілқайыр баһадүр қазақ әскерінің бас қолбасшысы сайланып, Жалаңтөс ­батыр қол бастап келгені белгілі. «Сөз атасы» Майқы би:

«Бектен туған Алшынды,

Біз үшін қанға малшын-ды,

Іргеңе жауың келгенде,

Сілтейтін найза қамшыңды» дейді.

Атақты ақын-жырау Сүйінбай Аронұлы:

«...Алшын ата баласы – Сұлтансиық,

Бақсиық, Хан қызы екен анасы,

Қаннан кеуіп көрген жоқ,

Найзасының сағасы,

12 ата Байұлы,

7 аталы Жетіру,

Әлім менен Шөмекей,

Халқымның еді жағасы» деп толғаған.

Біздің бұл ұзақ үзіндіні сілтемеге келтіріп отыруымыздың мәні бар. Шындығына келгенде, Кіші жүз территориялық-әкімшілік бірлестігінің ерлік, жауынгерлік, батырлық дәстүрі ғасырлық тәжірибеде сан мәрте сыналған және мұны мұқым қазақ баласы мойындаған. Сайып келгенде, оның яки алшынның, автор атап көрсеткендей, көшпелі жауынгерлік қоғамда жоғарғы билікке ықпалы болғанын жоққа шығару қиын. Осы пайымға иек артсақ, Нұрлыбек Шайдуллаұлының «алшын» атауы жөнінде жасаған зерттеушілік жорамалында белгілі бір дәрежеде қисын бар екенін мойындауымыз керек.

Төртінші. Біз пікір білдіріп отырған еңбектегі автор назар аударған тағы бір түйткілді мәселе – «түрік» терминінің этимологиясы. Тарихи ақиқат үшін айтуға тиістіміз, бұл тақырып – осыған дейін талай ғұламаның назарын аударса да, әлі күнге дейін шешімін таппаған күрделі мәселе.

 Сан алуан көзқарас пен пікірлер бар. Басқасын айтпағанда, көне түркі тарихының білгірі Лев Гумилевтей сұңғыла ғалымның өзі көтерілген мәселеге қомақты тарихи еңбек арнаған. Айталық, осындай титандардың еңбектерін саралай келе, автор мынадай тұжырым жасайды: «Б.з. 551 жылы Бумын бастаған түріктер жужандарды тас-талқан етіп жеңеді. Олар өздерінен саны жағынан әлдеқайда көп оғыздарды, ұйғырларды, татарларды бағындырады. Міне, осыдан кейін «түрік» атауы пайда болады. Тегі бір, тілі бір тайпалардың басын біріктіру мақсатында біз түбіміз бір атадан тараған – төркіндерміз ғой деп тұжырған. Сол себептен алшындардың ішінен төркіндер деген сөз пайда болып, болашақта қысқаша түріктер деп аталып кетеді. Ол жөнінде орыстың түркологы А.Н.Кононов жақсы жазған: «... это был политический термин, означавший членов семьи степной аристократии, составляющий господствующий род племени Алшина и лишь затем стал названием всех племен, подчиненных тюркскому кагану».

 Ойымызды түйіндесек, ғылым үнемі жаңарып әрі жаңғырып отыратын үдеріс. Жаңа тарихи деректердің табылуы кейде бұрыннан қалыптасқан стереотиптерді жоққа шығарып жатады. Сондықтан кім-кімнің де ғылымда таласы болуы заңды.

 Осы ретпен келгенде, Нұрлыбек ­Брмановтың іргелі ізденісі өз оқырманын ­тауып, зерттеулердің қатарын толықтыратынына еш күмәніміз жоқ.

 

Жаңабек ЖАҚСЫҒАЛИЕВ,

 М.Өтемісов атындағы БҚУ-дың доценті,

  тарих ғылымының кандидаты,

          облыстық мәслихаттың депутаты

1938 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы