• Руханият
  • 04 Тамыз, 2022

САДАҚ АТА АЛАМЫЗ БА?

Дәстүрлі садақ ату өнері ел аумағында спорт түрі ретінде танылды. Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің бірыңғай ­комиссиясы тиісті бұйрық шығарды. Федерация ретінде тіркелгеніне көп болмаған ұлттық спорттың аяқ алысы қандай? Ұлттық құраманың қандай жетістіктері бар? Халық арасында қызығушылық қаншалықты? Осы және өзге сауалға жауап алу үшін Дәстүрлі садақ ату федерациясының вице-президенті Диас Ахметов пен ұлттық құрама мүшесі Айым Тілепбергенмен тілдескен едік.

«ҚАЗАҚТЫҢ РУХЫН ОЯТАТЫН СПОРТ»

Ақжолтай жаңалықтан сәл бұрын Нұр-Сұлтан қаласындағы «Қазанат» ат спорты клубында тұңғыш  рет дәстүрлі садақ ату алаңы ашылған еді. Дәстүрлі садақ ату алаңы ат спортына қызығатын қауымның өтініші бойынша, дәстүрлі садақ ату федерациясының, спорт клубының демеуімен ашылған.

«Болашақта бұл жер дәстүрлі садақ ату спортын жаңғыртып, бойымызда ұйықтап жатқан қазақ батырының рухын ­оятатын жерге айналады деп сенеміз», – деді Диас ­Ахметов. ­Айтуынша, дәстүрлі садақ атудың классикалық садақ атудан басты айырмашылығы – ұлттық кодтың сақталуында.

«Классикалық садақ ату спорты олимпиада бағдарламасына енген. Онда басты қару ретінде темірден жасалған, нысананы көздеуге болатын классикалық садақ қолданылады. Ал дәстүрлі садақ ату спорты – ­ата-бабамыздан қалған өнер. Осы спорттың арқасында қазақтың ұлттық киімі, садақ, оқ жасау өнері де жаңғырып келеді», – дейді Диас.

Диас Ахметов өзі үш жылдан бері дәстүрлі садақ ату спортымен айналысып келеді. Көптеген республикалық жарыстардың жеңімпазы болып, халықаралық сайыстарда да ел намысын қорғап жүр. Айтуынша, ел арасында ұлттық спортқа деген қызығушылық күн санап өсіп келеді. Қазір өзі қаладағы шағын үйірмелерде дәстүрлі садақ ату спорты бойынша 100-ге жуық шәкірт тәрбиелеп жүр.

 

«ҚЫЗЫҒЫП КЕЛІП, ҚҰРАМАДАН БІР-АҚ ШЫҚТЫМ»

Садақ ату спортына қызығып келіп, ұлттық құрамаға кірген спортшылардың бірі – Айым Тілепберген. 37 жаста, Нұр-Сұлтан қаласында туып-өскен. Археология-этнология саласының маманы.

«Тарихқа, мәдениетімізге, салт-дәстүрімізге қызығушылығым бұрыннан бар. 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен олимпиада ­ойындарында спортшыларымыздың қалай садақ атқанын көріп, қызығып кеттім. Бірден классикалық садақ ату үйірмесіне жазылдым. Аптасына бір рет, хобби түрінде барып тұратынмын. 2019 жылы желтоқсан айында дәстүрлі садақ атудан республикалық үлкен турнир өтті. Сол кезде федерацияның қазіргі вице-президенті Диас Ахметовпен таныстым», – дейді Айым Тілепберген.

Содан бастап Айым дәстүрлі садақ ату спортына ат басын бұрған. Тіпті ұлттық құрама сапына өтіп, жақында Ыстамбұл қаласына Х Фетих кубогы халықаралық жарысына барып келген. Бұл жарыс 1453 жылы 29 мамырда Мехмет екінші сұлтанның сол кездегі Константинополді ­жаулап алу құрметіне жыл сайын ұйымдастырылып тұрады. Биыл 32 мемлекеттен 500-ден астам спортшы қатысқан. Қазақ спортшылары топ жара алмаса да, үздіктердің қатарынан табыла білген.

«Тәй-тәй басқан спорт түрі үшін бұл да жетістік. Мысалы, Түркия, Ресей, Қырғызстан сияқты елдерде дәстүрлі садақ ату спорты бұрыннан бері қолға алынған. Соған қарамастан, олар біздің спортшылардың өнеріне таңдай қақты. Болашағының жарқын болатынына сенім білдірді», – дейді Айым.

Айымның айтуынша, дәстүрлі садақ ату спортында әр халық өзінің дәстүрлі садағын пайдаланады. Оның ұзындығы, салмағы да әртүрлі.

«Мысалы, ағылшындарда 2 метрлік садақ бар. Оны жерге тіреп тұрып атады. Бізде көбі түріктердің қысқа садағын жақсы тартады. Себебі ол 120 см ғана, шетелге шыққанда жүк ретінде алып жүруге де қолайлы. Ал қазақ садағы 130 см-ден ұзындау», – дейді Айым.

Спортшының айтуынша, садақ атудың өзі – ғылым. Желдің жылдам-дығы, ауа райы, садақ пен оқтың салмағы бәрі физиканың заңдылықтарына бағынады.

«Фетих кубогінде қашықтыққа ату жарысы бар. Алдағы жылдары соған да қатысып көргіміз келеді. Онда оқты қаншалықты алысқа жеткізе алатының сыналады. Оның өзінің садағы мен оғы болады. Мысалы, мен өзімнің 60 метрлік қашықтыққа қолданып жүрген 37 фунттық садағыммен оған қатыса алмаймын. Себебі оның оғын көп ­дегенде 200-250 метрге жеткізе аламын. Ал ол жердегі ең төмен көрсеткіштердің өзі 400 метрден асады. Оған өте ауыр, салмағы шамамен 90 фунт болатын садақтар, ауырлау оқтар, физикалық дайындық керек», – дейді Айым.

 

«ҰЛТТЫҚ СПОРТҚА ҚАРЖЫЛАЙ ҚОЛДАУ ҚАЖЕТ»

Айым спортшылар қаржылан-дырудың болмауынан халықаралық жарыстардың кейбіреуіне қатыса алмай қалатынын айтады.  Себебі кәсіби садақтардың құны 120-150 мың теңгеден жоғары тұрады. Оның сыртында оғы, оқ сауыты бар. Садақ пен оқты Түркия, Қырғызстан,                             Ресей, Венгрия, Украинадан алдырады, Қазақстанда да жасатуға болады екен.

«Бүгінгі күнге дейін өзіміз осы ­федерацияны құрып, жұмыс істеп келе жатырмыз. Осыдан біраз бұрын Ұлттық спорт ассоциациясының аккредитация­сын алдық. Енді осыдан бастап жақсы қаржыландыру болады деп ойлаймыз», – дейді Айым.

Диас пен Айым ұлттық құндылық-тарды бойына сіңірген, ұлттық спортқа қызығатын қауым барда федерацияның жұмысы жандана беретінін айтады.

Әсел МҰРАТБЕКҚЫЗЫ

 

1091 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы