• Тіл
  • 11 Тамыз, 2022

ҚАЗАҚША МӘЗІР: ТҰТЫНУШЫ ҚҰҚЫҒЫ ҚАЛАЙ ҚОРҒАЛЫП ЖҮР?

Құрбым екеуміз түскі ас ішуге кіргенбіз. Ас мәзірі, бүкіл ақпарат өзге тілде. Қазақ тіліндегі ас мәзірі жоқ екен. Оның себебін сұрағанда даяшы: «Біздің негізгі клиенттеріміз орыстілділер, сондықтан бізде қазақша меню жоқ», – деді. Ұрыс-керіс шығармай, сабырмен ескертіп кеттім. Келесі аптаның жұмасында тағы бір кіріп шығармын.

* * *
Дәмді түрік асханасы болғаны үшін жиі барамын, осыған дейін қазақша мәзір ұсынғанын көрмеппін. Тапсырыс бермек болып сайтына кірсем, орысша және ағылшынша нұсқалары тұр, қазақшасы жоқ... Өз жұртының тілінде қызмет көрсетпегені ұят болыпты.

* * *
Қазақша ас мәзірін сұрағанда әкімші маған: «Бұл жер ұнамаса басқа жаққа барыңыз. Қазақша меню жоқ, болмайды да! Орыс тілі бізге жеткілікті. Орыс тілі – халықаралық тіл! Ол қазақ тілімен бірдей қолданылады», – деді. Ал көрші үстелде отырған қазақ келіншек: «Қазақшаның не керегі бар? Орысша болса болды емес пе? Бізге бәрібір»,  – деп әкімшіні жақтады... Бұған дейін де ол кафеде даяшыларға қазақша ас мәзірі жөнінде ескертіп кеткенмін. 

* * *
Бұл – әлеуметтік желі қолданушыларының түрлі кафе-мейрамханаларға барғанда жазған пікірінен үзінділер. Соңғы уақытта желіде осы тектес жазбалар көбейіп келеді. Бұл қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап ететін тұтынушылар көбейіп келе жатқанын білдірсе ­керек. Осыған орай ­Алматы әкімдігінің Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы қаладағы барлық қоғамдық тамақтану орындарына ас мәзірінің қазақша ­болуы міндеттелген ескерту жіберді.
Бұл ретте, не ас мәзірінің бөлек қазақша нұсқасы болуы керек, не ортақ ас мәзірінде тағам атаулары мен сипаттамалары қазақ және орыс тілінде жазылуы қажет. Қазақ тіліндегі жазба бірінші тұруға тиіс.
Елордада да жағдай мәз емес. Бірқатар қоғамдық тамақтану орнында қызмет көрсету тілі мен ас мәзірлері орыс тілінде жазылып жүр. Бұл мәселе қалай шешіліп жатыр? Кафе-мейрамханалардағы қазақ тілінің қолдану аясы, жай-күйі қандай? Жалпы мұндай жағдайға қандай да бір бақылау жүргізіле ме? Осы және өзге де сауалдармен Нұр-Сұлтан қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркепке хабарласқан едік. 

«БАСҚАРМА КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ЗАҢ ТАЛАПТАРЫН ТЕК ТҮСІНДІРУ ІСІМЕН ШЕКТЕЛІП ЖҮР»

Басқарма басшысы астанадағы кафе-ресторандардағы қазақ тілінің қолдану аясы, жай-күйіне бір жақты жауап беру қиын екенін айтады.

«Көрнекі ақпаратты, ас мәзірін тек орыс немесе ағылшын тілінде жазып қойған дәмханалар аз емес. Осы олқылықты түзету мақсатында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен ортақ меморандумға қол қойып, аталған мекеме өкілдерімен бірге дәмханаларда, олардың басшыларымен тұрақты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз. Біздің заңдағы көңіл толмайтын мәселе оның орындалуын қадағалау жағы көбінесе қарастырылмай келеді», – дейді Сәкен Есіркеп.

Басқарма басшысы мәселенің шешімін таппауына шара қолдану механизмінің болмауы себеп екенін айтады.

«Біз заң бәріне ортақ, оны орындау міндет дейміз. Бірақ заңды орындамаған жағдайда шара қолдану жағы қиын болса, ол заңның орындалуы да әлсіз болады. Мәселе шара қолдану механизмінің болмауынан деуге болады. 2018 жылдан бері Кәсіпкерлік кодексіндегі кәсіпкерге айыппұл салатын себептер тізімінен олардың тіл нормаларын бұзу фактісі алып тасталды. Яғни шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мақсатында олардың қызметіне кері әсер ететін факторлар тізімі жасалып, оларды барынша азайтып келеді. Осыған орай, Басқарма кәсіпкерлерге заң талаптарын тек түсіндіру ісімен шектелуде», – деп түсіндірді басқарма басшысы.

Сәкен Есіркептің айтуынша, кафе-мейрамханаларда ас мәзірін қазақ тілінде жазу талабы тек Алматы қаласында ғана емес, тұтас ел көлемінде қойылған. Мемлекет басшысы 2021 жылғы 29 желтоқсанда қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат және діни қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң аясында еліміздегі бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілген.

«Дәмхана, мейрамханалардың ас мәзірінің тілі мемлекеттік тілде жазылуға тиіс деген талап осы өзгерістер аясында қабылданды. Негізі бұл заң тек ас мәзіріне ғана емес, тілдің қолданысына қатысты өзге де біраз саланы қамтиды. Заң күшіне енген сәттен кейін Нұр-Сұлтан қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, ірі сауда орталықтары, дәмхана-мейрамханалар, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің басшыларымен арнайы кездесулер ұйымдастырып, заңға енгізілген соңғы өзгерістер талаптары түсіндірілді», – дейді ол.

Сонымен бірге жүйелі түрде кәсіпкерлерге Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының атынан ресми түсіндіру хаттары, заң талаптары жазылған парақшалар, бейнероликтер таратылып жатыр екен. Басқарма басшысы біраз кәсіп иесінің ас мәзірін заң талаптарына сәйкес жазуға уақыт сұрап отырғанын, кейбірінің өзгертіп қойғанын айтады. Десе де, кәсіпкерлерді мәжбүрлеуге атқарушы органдарда құзырет жоқ-мыс.

«Қазір кәсіпкерлерді тексеруге арнайы мониторинг жарияланған. Осыған байланысты оларды мәжбүрлеп ас мәзірін ауыстыруға жергілікті атқарушы органдарда құзырет жоқ. Ол тек бізге ғана емес, өзге өңірлерге де қатысты. Біз бұған қарамастан тұрақты түрде көшелерді, кәсіпкерлік нысандарын аралап, оларға заң талаптарын түсіндіріп, көптеген заңсыз жарнама, көрнекі ақпарат нысандарын қалпына келтіріп келеміз», – дейді басқарма басшысы.

Мысалы, биыл жыл басынан бері Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қызметкерлері қала бойынша 2000-нан аса нысанға барып, кәсіп иелеріне заң талаптарын түсіндірген. 600-ден аса заңсыз көрнекі ақпарат, жарнама мәтіні алып тасталып, қызмет көрсету тілі бойынша нақты ұсыныстар айтылған. Сонымен қатар мемлекеттік тілді білмейтін қызметкерлерге тегін интенсивті курс ашылған.

«Жалпы азаматтарымыздың арасында мемлекеттік тілде ас мәзірін, қызмет алу құқықтарын сұраушылар саны артып келеді. Сұраныс болған жерде ұсыныс та болады. Осындай белсенді азаматтардың көбейгені қызмет көрсету саласында мемлекеттік тілдің ықпалын да біртіндеп жақсарта береді деп сенеміз», – дейді Сәкен Есіркеп.

Сондай-ақ қаладағы түрлі нысандардың атауы, кейбірінің ақпараттық парағы мен ас мәзірі латын әліпбиінің түрлі нұсқасында жазылып жүр. Басқарма басшысынан осы мәселенің де жай-күйін, біріздендіру жұмыстары туралы сұрадық.

«Қазіргі таңда қазақ тілі әліпбиін латын қарпіне көшіру бойынша қызу дайындық жүргізіліп жатыр. Әліпбидің бірнеше нұсқасы халықтың, ғалымдардың талқысына салынды да. Президентіміз «Латын графикасындағы әліпбиге көшу мәселесінде асығыстық танытуға болмайды. Тыңғылықты, тексерілген ұстаным талап етіледі. Жан-жақты сараптау және жаңа әліпбидің барлық аспектілерін әзірлеу қажет. Латын әліпбиінің ұсынылған үш нұсқасы да жетілдірілмеген болып шықты. Сондықтан бұл проблемада шынайы ғылыми әдіс керек және жеңілдетуге болмайды» деп әліпбиді қайта пысықтау жөнінде тапсырма берді. Сондықтан дәмхана, мейрамханаларға ас мәзірін, көрнекі ақпаратын латын әліпбиінде жазу жөнінде талап жоқ. Дегенмен кәсіпкерлердің өзі латын әліпбиін ұнатқандықтан, түрлі бренд аттарын латын әліпбиінде жазуды құп көргендіктен латын әліпбиінде жазылған маңдайша атаулары және тағы басқалары аз емес. Егер атауы анайы, көзге қораш көрінбесе әзірге бұл жазуларды кириллицаға қайта ауыстырыңыз деген талап қоймаймыз. Латынның соңғы нұсқасы бекітілгеннен кейін түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз», – деп түсіндірді басқарма басшысы.

 

ЗАҢ НЕ ДЕЙДІ?

Осы орайда «Дәмхана, мейрамханаларда клиент қазақша мәзір талап етуге құқылы ма? Тамақтану нысаны иелері мәзір, қызмет көрсету тілін қазақшаландыруға қаншалықты міндетті?» деген сауал туындайды.

Заңгер Ғабдул-Ғани Әбутәліптің түсіндіруінше, ҚР «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» Заңының 24-бабының 1-тармағына сәйкес, ­тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) ­туралы, сондай-ақ сатушы ­(дайындаушы, орындаушы) туралы «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес келетін қазақ және орыс тілдеріндегі ақпаратты беруге міндетті.

«Демек, кез келген көрсетілетін қызмет түрі тұтынушыға қазақ және орыс тілдерінде бірдей ақпарат ретінде берілуі тиіс. Осы тармақты ескере отырып, клиент қазақша мәзірді дәмхана, мейрамханаларда талап ете алады деп айта аламыз. Оған қоса, ҚР «Тіл туралы» Заңының 21-бабында «Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, хабарландырулар, жарнама, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, ас мәзірлері, нұсқағыштар және басқа да көрнекi ақпарат мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде және (немесе) басқа тiлдерде де ­орналастырылады» деп көрсетілген. Дәл осы бапта бұлтартпасыз қазақ тілінің мәзірлерде, хабарландыруларда, жарнамада, ­прейскуранттарда, баға көрсеткiштерiнде, нұсқағыштарда және басқа да көрнекi ақпаратта міндетті түрде қолданылуы тиіс екені анық жазылған», – дейді заңгер.

 

ҚАНДАЙ ЖАУАПКЕРШІЛІК ҚАРАСТЫРЫЛҒАН?

Ғабдул-Ғани Әбутәліп заң бұзған азаматтарға әкімшілік шара қолданылатынын айтады.

«ҚР Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы Кодексінің 75-бабының 3 және 4-тармақтары бойынша, ­деректемелер мен көрнекi ақпаратты орналастыру жөнiндегi талаптарды бұзу ескерту жасауға әкеп соғады, ал әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бір жыл ішінде сол әрекет қайталанған болса, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – бес, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – он, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне жиырма бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады», – дейді заңгер.

 

НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

2020 жылы Қазақстанда қазақтілді тұтынушының құқығын қорғайтын «Qazaqsha Jaz – Қазақша жаз» қозғалысы пайда болды. Белсенділерден құрылған топ түрлі дәмхана, мейрамханалар мен дүкендердің, компаниялардың әлеуметтік желідегі парақшаларына хат жазып, пікір қалдырып, сыпайы түрде қазақша ақпарат сұрайды. Олардың бірнеше ережесі бар: тек заң аясында әрекет етеді, сыпайы сөйлейді және балағат сөз қолданбайды. Ешқашан ешқандай жағдайда еш жерде ешкіммен тіл мәселесі бойынша ұрысуға болмайды. Тек заң аясында, мәдениетті түрде және ең маңыздысы, тұрақты түрде қазақшаны сұрай беру қажет» дейді белсенділер.

Айта кетейік, осы қозғалыстың түрткі болуымен Каспи банктің мобильді қосымшасы қазақ тіліндегі нұсқасын іске қосқан еді. Сондай-ақ «Qazaqsha Jaz – Қазақша жаз» Telegram қосымшасының бета нұсқасын қазақ тіліне аударумен айналысқан.

Қозғалысқа қазақ тілінде сөйлейтін және қазақша ақпарат алуды қалайтын кез келген адам қосыла алады. Белсенділер өздерінің бұл әрекетін «тербеу» деп атайды. Яғни қазақ тілін талап ету арқылы тіл мәселесіне селқос қараушыларға ой салып, тербеу. Сонымен қатар қозғалыс өкілдері желідегі парақшасында қазақша қызмет көрсетуді талап етіп жүретін адамдарға арнап шағын нұсқаулық жасап қойған.

«Құрметті тербеушілер, қалай ойлайсыз, мейрамхана, дәмханаларда неге қазақша мәзір көп байқалмайды? Иә, дұрыс ойладыңыз, өйткені қазақша мәзірді көбі сұрамайды. Бірақ сіздің сұрау құқығыңыз бар, өйткені тұтынушысыз. Және сіз бұл салада қазақ тілінің қолданысын арттыра аласыз. Ол үшін арнайы сізге дайындап қойған нұсқаулығымызды оқып шығыңыз» деп жазылған нұсқаулықта.

 

QAZAQSHA JAZ НҰСҚАУЛЫҒЫ

1.      Тұтынушы ретінде барған кез келген жерден қазақша мәзір/ақпар сұрап жүріңіз. Қалай сұрау керек? Сыпайы әрі мәдениетті түрде, дауыс көтермей. Бұл да өте маңызды. Даяшы қазақша мәзір жоқ екенін айтса, мейрамхана әкімшісіне өтінішіңізді жеткізе салуын сұрайсыз.

2.      Сол дәмханаға әр келгенде даяшымен әңгімені мәзір туралы сұрақтан бастаңыз және даяшымен қоштасқан кезде де «Сау болыңыз, келесі жолы қазақша мәзір күтемін» деп жымиып кете бересіз. Үш рет сұрағаннан кейін дәмханадан еш нақты әрекет болмаса, әкімшіге тікелей жолығуыңызға болады.

3.      Бірінші рет сұрағаннан кейін бірден 2Gis деген қосымша арқылы мекемені тауып ап, «Тамағы дәмді, әсіресе креветкі қосылған палауы ұнады, тек қазақша мәзірі болмағаны өкінішті. Келесіде бұл мәселе түзеледі деп үміттенемін» деген сияқты сыпайы пікір жазып, мекемеге өзіңіз қалаған бағаңызды қойып кетесіз.

4.      Бұның бәрінен қандай нәтиже шығады? Осыны оқыған әрбіреуіміз 1 жыл бойы он шақты рет дәмханаға барамыз делік. Кейбіреуінің сүйікті дәмханасы болады – бұл жағдайда бәрі жеңілдей түседі, сіз онда тұрақты тербеуші боласыз және нәтижеге жылдамырақ жетесіз.

Кейбіреуі әртүрлі дәмханаға ­барады, мысалы, жылына 10 рет 10 түрлі жерге баруы мүмкін. Бұл да жақсы – өйткені қамту аймағыңыз ұлғаяды – шағын дәмханадан ­бастап фешенебіл қонақүй жанындағы мейрамханаға дейін бір рет болсын тербеп, қызметкерлерге ой салып кетесіз.

Әсел МҰРАТБЕКҚЫЗЫ

 

2451 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7240

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6219

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3960

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3350

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3308

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3277

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3005

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2994

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы