• Тұлға
  • 01 Қыркүйек, 2022

ҒАНИ ЕСІМІ ҰЛЫҚТАЛУ КЕРЕК

Қамшының сабындай қысқа ғұмырында кісіге жақсылық жасауды өмірінің мәніне айналдыра білген Ғ.Мұратбаевтың ұстанымы осы заманның жастарына да үлгі-өнеге боларлықтай. Өткен ғасырдың 20 жылдарында Тәшкен көшелерін аралап, бұрыш-бұрышта жүрген қазақтың жетім балаларын жинап, оқытып тәрбиелеген азаматтығы – Ғанидың бойындағы ізгі қасиеттің бір қыры ғана еді.
Сол жетім балалардың ішінен қазақтың қаншама асыл азаматы өсіп шығып, ұлтымыздың өнеріне, ғылымына және басқа салаларына олжа салғанын тізбелесек, нақты санын айта алмас едік. Өйткені оны есептеген ешкім болған жоқ. Негізі, жетімді жұбату, жығылғанды демеу – халқымыздың қанында о бастан бар нәрсе. 

Қандағы, сүйектегі асыл мінез қандай идеологиялық кезеңде де құндылығын жоғалтпайды, тасты жарып шыққан қайнар бұлақ секілді ұлтқа қызмет ете береді. Ғанидың да құйрықты жұлдыздай жарқ еткен сәулелі ғұмырына бойындағы тектілік пен ұшқан ұясынан алған тәлім-тәрбиесінің әсері тимей қалған жоқ. Көнекөздерден жеткен мәліметтерге қарағанда, болашақ жастар жетекшісінің Қазалыдағы мектепте білім алуын өз әкесі марқұм Мұратбай аманаттап кетсе керек. Сол аманатты анасы Балқия орындапты. Сонымен бірге Сырдың даңқты шайыры Ерімбет Көлдейбекұлының да қолдау көрсеткені жөнінде деректер бар. Біздің халық ықылым заманнан ұрпағын сөз өнерімен тәрбиелеп келгені мәлім. Еліміздің шығысында Абайдың, Шәкәрімнің, батыста Махамбеттің, Шернияздың, Әубәкірдің, Мұраттың, Қашағанның сөзін кие тұтып, ұрпақ санасына сіңіруге тырысқан. Осылай әр өңір өздерінің киелі ақындарының, билерінің сөздері мен әруақты батырларының ерліктерін ұрпақтарына үлгі еткен. Ал Қазалы, Арал маңы мен шалғайдағы Дәуқара өңірі адамдықтың нағыз үлгісі ретінде Жанқожа батырды пір тұтқан, әрі Қасиетті Құранның түпкі мәнін қазақи түсінігімізге сәйкестендіре жырлаған Ерімбет толғауларындағы терең ой-пікірлерге жүгінген. Әсіресе «Қалыңбас» болысының еңбектеген баласынан, еңкейген кәрісіне дейін Ерімбет толғауларынан нәр алып өскен. Ғанидың әкесі осы «Қалыңбасты» ұзақ жыл басқарған атақты Мұратбай ­болыс. Турашылдығынан Мұратбай да, оның ­туысы Орысбай да жергілікті билік өкілдері тарапынан қудаланған адамдар. Ол – басқа әңгіме. Біздің айтпағымыз, Мұратбайдың Қазалы уезінің халқына шарапаты тиген әділ әрі іскер азамат болғандығы.

Ол кісі шалғайдағы Дәуқара елінің қазақтарымен туыстық және экономикалық байланысты нығайтып, арадағы алыс-берісті, сауданы жақсы жолға қоя білген. Дәуқара – жартылай көшпелі, жартылай отырықшы, егіншілігі мен мал шаруашылығы қатар дамыған өңір еді. Кеңес өкіметі елді күштеп колхоздастырғанға дейін Қазалы мен Дәуқара арасы қазіргідей бос жатқан жоқ, мыңғыртып мал айдаған бай ауылдарға толы біртұтас өлке іспетті болатын. Мұратбай Дәуқараның беделді кісілері Таяубай, Жәуке билермен дос болған. Ол кісілер төңірегіндегі елді еңбекке баулып, кең егістік алқаптарына дәнді дақылдар мен қауын-қарбыз ектірген. Олардың егістік алқабының орны әлі күнге дейін «Бидайкөл» деп аталады. Мұратбай сол өңірден малға айырбастап бидай алғызып, өз елін астықпен қамтамасыз етудің оңтайлы шешімін тапқан, қазіргі тілмен айтқанда, істің көзін білетін іскер басшы. Дәуқара қазақтарының ХVІІ ғасырдың соңы мен ХVІІІ ғасырдың басында көрші қарақалпақ ауылдарынан тәтті, әрі ірі қауынның тұқымын қыздың қалыңмалындай қымбатқа сатып алғаны туралы жазба деректер кездеседі. Қазақтың көрнекті ақыны Ж.Молдағалиев «Байқоңыр баспалдақтары» атты поэмасында Исақұл қарт туралы:

 Қазыдай әр тілімі қауыны – нән,

 Қадімгі Қарасақал ауылынан, – деп жырлапты. Осы өлең жолдарын оқи отырып, бір кезде аталарымыз қыз қалыңмалындай қымбатқа сатып алған қауын тұқымы уақыт өте келе Сыр бойы халқының да ырыздығына айналғанына іштей сүйсінесің. Дұрыс қабылданған шешімнің түбінде жемісін беретініне көзің жетеді. Бәрі де экономикалық байланыстың табиғи жолмен жүргізілгенінің арқасы. Кезінде Ғ.Мұратбаев Хорезм республикасының Еңбек Қызыл Ту орденімен мара­патталған. Неліктен? Астарын Қазалы уезі мен Дәуқара, Хорезм аймақтары арасындағы туыстық байланыстан іздеу керек. Тіпті қазір өзгеріп кетпесе, осыдан 20 жыл бұрын Хорезм облысында Ғ.Мұратбаев атындағы қазақ орта мектебі де болды.

 Мұратбай атамыздың заманында тонның ішкі бауындай араласып жатқан екі өңірдің арасындағы табиғи қарым-қатынас қайта жалғасын тапса ғой, шіркін! Барлық ырыс пен ынтымақтың ­бастауында табиғи үйлесім тұр ғой. Үйлесім қақпасы қайта ашылса, дамудың табиғи тетігінің бірі іске қосылар еді-ау!..

Ел қамын жеген ақжүректілік Ғаниға, әуелі ата-анасынан, сосын ұлттық тәрбиемізден дарыды деуге негіз бар. Ғ.Мұратбаев коммунистік идеологияның ұлттық тәрбиемізге, дінімізге үйлесетін тұстарына ғана (жетім-жесірге қарасу, сауапты іспен айналысу) қызмет еткен қайраткер.

Ардагер ұстаз Үргенішбай Қуат ағамыз «Сыр бойы» газетінде жарияланған мақаласында Ғани туралы мынадай дерек келтіреді: «Ел ағасы Алданазар бастаған Аралдың игі жақсылары Сексеуіл станциясында Мәскеуге аттанып бара жатқан Ғанидың вагонына барып жолығыпты. Оң сапар тілеп, «Сырт жерде жүрсіз ғой, қажетіңізге жаратарсыз» деп бағалы сыяпат ұсынған көрінеді. Сонда Ғани олардың бұл құрметіне рақмет айтып, мұндай сыйды жетім балалар үйіне аудару жөн екенін сыпайылап жеткізген көрінеді». Ал 1920 жылы бір жолдасына жазған хатында: «Ғылымсыз, оқусыз ешнәрсе болмайды екен. Биыл қаратабан кедей жастардан 500 баланы оқу орындарына орналастырсам деп жүрмін» депті. Жетім балаларға деген қамқорлығын кейбір зерттеушілер Ғанидың ата-анадан жастай жетім қалғанымен байланыс­тырады. Бұл дұрыс та шығар, алайда бала кезінен әлем әдебиетінен мол хабары бар зерек жас ел ішіндегі қазыналы қариялардан да өнеге алмауы мүмкін емес. Ол заманның шалдары бүкіл әулетті, ауылды қисса-жырмен, аталы сөзбен тәрбиелегені белгілі. Әсіресе Сүлеймен Бақырғанидың «Бақырған» кітабындағы қиссалар арқылы ұрпақ санасын ізгілікке тәрбиелеген. Сопы Аллаярдың, Ерімбеттің сөздері афоризмге айналып, Арал маңына таралып кеткен. «Бақырған» кітабындағы қиссалардың бірінде пайғамбарымыздың нан сұрап тұрған жетім балаға бір түйе бергендігі айтылады. Осындай жетімге деген мейірімді оятатын әңгімелерді майын тамызып айтатын қариялар өткен ғасырдың аяғына дейін ел арасында кездесетін еді. Біздің де Ғ.Мұратбаевты коммунистік идеологияның ұлттық тәрбиемізге, дінімізге үйлесетін тұстарына ғана қызмет еткен тұлға деуіміздің мәні осында... Негізі, түп-тамырыңмен жұлып әкететін сұрапыл дауылдарға қасқайып қарсы тұрмай, иіліңкіреп, ығына жығылған сыңай танытып ұлтыңды сақтап қалған да жөн. Мұндай түсінік осы заман үшін де маңызды. Жоғарыдағы қауын тұқымын қыз қалыңындай қымбатқа сатып алған бабалар ісінен (біреулер үшін күлкілі де шығар) не түсінуге болады? Біріншіден, ешкім бізге жеп отырған нанын, кәсібін, ғылымын жайдан-жай бере салмайды екен, оны меңгеру үшін үлкен тәуекел, тіпті жанкештілік қажет екен.

Екіншіден, Ғанидың да сұңғыла ­бабалары сияқты білім-ғылымның дәнін ұрпақ санасына үлкен жанкештілікпен егіп кеткенін аңғарамыз. Ғани – ізгілікке қызмет еткен тұлға. Ол – текті атаның ұрпағы. Оның айналасын, шыққан тегін әлі де зерттеу қажет. Атақты Ізбасқан ­балуан мен Махамбет балуан осы әулеттен шықан. Ол-басқа әңгіменің арқауы. Біздің айтпағымыз, ақжүректіліктің, елжандылықтың асқан үлгісін көрсеткен Ғани есімі ұлықталу керек. Оның өмірі, игі істері мектеп бағдарламасына қайта еніп жатса, бүгінгі жастарымызға да үлгі болар еді. Ізгілікке қызмет еткен тұлғалар қастерленуі тиіс.

Мақсат  ӘЛСЕЙІТОВ,

Алматы облысы,

Қарасай ауданы,

Б.Момышұлы атындағы

орта мектептің қазақ тілі мен

әдебиеті пәні мұғалімі

1248 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5813

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5481

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3219

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2605

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2566

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2545

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2278

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2260

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы